• Қоғам
  • 07 Наурыз, 2009

«Қарға адамдар» - 2

«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай қарай зытам... Зытып келе жатқаным — қашып келем, артыма қарай беретінім — қорқып келемін». Бұл қашып келе жатқан Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдатындағы» Қайрош емес. Қарға адам. Дұрысы — Қарға адамдар. Қантамырдай сілемденген бұйрат-бұйрат жоталардың арасындағы жиырмаға жуық отбасы жылы ұясын қимаса да аттанып кетуіне тура келді. «Неге? Кімнен қашам? Санақшылардың несін алдым?» деген секілді қарапайым сұрақтарға да жауап іздеген жоқ. Кету керек болды. Кетті. Қуғыншылардың жете алмасын біледі. Сонда да ентіге басып жүгіріп барады. Біреу емес, бес алтау... Ар жақ қапталда және бірнешесі... Жоңғарлардың қандықол сарбаздары тұтқиылдан түйрете шабуылдағанда қараусыз тастап кететін қазақ ауылындай жұпыны қоқысқала біз жеткенде жетімсіреп қалыпты. Кіріспе Бұл әңгіменің шет жағасын өткен жолы (газетіміздің №7 (948) санынан) оқыдыңыздар, білем. Айдалада орын тепкен күнәсіз мекен... Оның қоқыстан ырызғысын теліп жеген еңбекқор тұрғындары... Өзі құралпылас балалармен бірге мектепке бара алмаған Жасур... Сол бір қаланың іргесіндегі сапардан кейін бір сәтке де көз алдымнан КамАЗ-дар төккен қоқысқа таласқан халық кетпей тұрып алды. Сырттан қараған пендеге «өлексеге қаумалаған қарғалардай» көрінетін тағдырлы шерменделердің күндеріне алаңдайтын оқырмандар аз емес екен. Әлсін-әлсін телефон шалып жайдың мәнін терең түсінгілері келетінін айтып жатты. Тіпті, «Алматы» телеарнасы атқа қонып, қалалық полигонның батпағын езіпті. Бірақ, біз жазған бірде-бір адаммен кездесе алмай, біз көрген қоқысқаланы таппай кетіпті-мыс. Сол «Қарға адамдар» атты мақаладағы «санаққа енбейтін — қоқысқала» деген жалғыз сөз аудандық санақшылардың да сауырынан сипап өтсе керек. «Алматы» арнасының журналистерімен олар да осы мекенге келіп, «саф-таза» ауасымен тыныстап қайтыпты. Санаққа санататын адам ілікпепті. Қайдасың, қоқысқала? «Өйтіпті, бүйтіпті» деген осындай әңгімелер тым көбейіп бара жатқан соң, біз де атты ертедік. Тағы да сол белуардан келетін батпақты белшелете басып, қоқысқалаға төтелей тарттық. Қызық. Өткен аптада ғана беймарал тіршіліктің шылауында шыланып жатқан ауылға бомба түскендей. Тұрақтар қирап жатыр. Өрлеу жерді ойып орналасқан жертөлелер «кеше ғана адам мекен етті» деуге келмейтіндей өзгерген. Санамызда «көшіріп жіберіпті» деген ой жүгіріп өтті. Сонда да, сенбей тағы бір жотаны артқа тастадық. Иә, қызығы осы жерде екен. Ауыл көзге көрінбейтін басқа жерге қоныс аударып үлгеріпті. Лашықтардың мұржасынан түтін будақтап жатыр. Бәрі орнында. Мана ғана «қарға адамдар ұшып кетті» деген сөз өтірік болып шыққанына қуанып, дереу Қарасай ауданының санақшыларына хабарламақ болып кері қайттық. Есіктің алдында «фотоапарат сындырғыш» (өткен сапарымызда «түсірген суреттерді өшірмесең апаратыңды сындырам» деп күш көрсететін) «ала шапан» күтіп алды. Үйреншікті сөзімізді сүзістіріп өте бардық. Барлық санақшылар Қарасайлықтардай... Рас. Мадақтауға тілім шорқақтау болса да айтайын. Барлық санақшылар Қарасайлықтардай болса, қазақ даласында санаққа енбеген тірі жәндік қалмайтын еді. Жұмыстарына бекем. Күштері бойында. «Лай балшықтың емес, өртенген оттың ортасында кеудесінде жаны бар адам болса, қағазымызға тізіп аламыз» дегендей қарқынмен жұмыс істеп жатыр екен. «Сендер қоқысқаланы жазып неге әуре болдыңдар. Онсыз да адырнамыздағы оғымыз оларды ілмей кетуі мүмкін емес еді» дегендей сыңайдағы санақшылар да жоқ емес. Жол бастар серкесі — мен. Былш. Былш. Батпақты бұл жолы екеу емес, он шақты адам кешіп келеміз. Көктемнің лебі еседі. Лай балшықтың иі қанып жатыр. Аудандық статистика бөлімінің бастығы — Ардақ Мұратқызы, (жұмысына деген жауапкершілігі мықты маман екені көрініп тұр) хатшы — Амангүл Қалиева, санақшы — Әлия Өмірзақова, Гүлбаршын Ахметжанова, Таңат Маматеков келеді. Қаскелең қаласының учаскелік полиция қызметкері — аға лентейнат Жұлдыз Босшығұлов бар. Қырағы жігіттің қызметіне деген адалдығы анық аңғарылады. Қоқысқаланы көргісі келген жүргізушіміз Мадияр Кегенбаев та жолсеріктікке жарап келеді. Фототілші — Ғылымбек Әділханұлының апараты шарт-шұрт түсіріп жатыр. Ауылдың төбесі көрінді. Қашқындар «Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай қарай зытам... Зытып келе жатқаным — қашып келем, артыма қарай беретінім — қорқып келемін». Бұл қашып келе жатқан Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдатындағы» Қайрош емес. Қарға адам. Дұрысы — Қарға адамдар. Біз келе жатқанда қантамырдай сілемденген бұйрат-бұйрат жоталардың арасындағы жиырмаға жуық отбасы жылы ұясын қимаса да аттанып кетуіне тура келді. «Неге? Кімнен қашам? Санақшылардың несін алдым?» деген секілді қарапайым сұрақтарға да жауап іздеген жоқ. Кету керек болды. Кетті. Қуғыншылардың жете алмасын біледі. Сонда да ентіге жүгіріп барады. Біреу емес, бес алтау... Ар жақ қапталда және бірнешесі... Жоңғарлардың қандықол сарбаздары тұтқиылдан түйрете шабуылдағанда қараусыз тастап кететін қазақ ауылындай жұпыны қоқысқала біз жеткенде жетімсіреп қалыпты. Келе жатқанымыз алдын-ала хабарланған сияқты. Қуғыншылар Бұл жолы да артымыздан қуғын түсті. Екі адам. Бірі — ардың-гүрдің. Осы бір мекеннің мәселесін көтергеніміз үшін саусағымен өңменімізді шұқып жібергісі келіп тұр. Екіншісі — бұған дейін талай азаматпен істес болған «сақа-маман». — Стратегиялық нысанға әкіреңдеп кіре беретін кімсіңдер. Бұл әрбірден соң, полигонның аумағы. Рұқсатсыз кіруге болмайды. Ал, мыналардың тұрып жатқан жерлері ол аумаққа кірмейді. Ақыры келгіш екенсіңдер, ар жақтан айналып келіңдер. Мұндай жай бізде ғана емес Италияда (керемет айттым деп ойласа керек) бар. Бұл жерде ешкім тұрмайды. Мықты болсаң, біреуінің «фамильясын» көрсетші. Газетке жазғыш болсаң, бізбен неге ақылдаспайсың? Жоқ әлде өзіңді ақылды көрсеткің келеді ме? — Аты жөніңіз кім? — Шатағың қанша? Осында кіргенің үшін қамап тастаймын. Мен сенің наныңа кірісіп жатқан жоқпын. Сен де мұндағылардың нанына кіріспе. Бізбен дәл осылай «мәйпездеп мәдениетті» сөйлескен «Жасыл ел» ЖШС-нің директоры Асқар Бердесов деген азамат екен. Бұл полигонға қандай қатысы бары белгісіз. Белгілісі — Қаскелең қалалық санаққа ықпал ету комиссиясының мүшесі. Біріншіден, алғаш келген күні кіреберістен «стратегиялық аймаққа рұқсатсыз кіруге болмайды» деген ескертпе қағаз оқыған жоқпыз. Екіншіден, «шлагбаумнан» көлікпен өткен кезде «қайда барасың?» деген ешкім болған жоқ. Үшіншіден, стратегиялық аумақта бөтелке теріп жүрген «қарға адамдар» еркін жүруге рұқсат етіліп, бізге келгенде заң өз күшіне ене ме? Тіпті, бұл ағамыз осындағы жанның біреуінің тегін анықтау менің құзыретімде емес екенін ұмытты. Мен кімнің нанына ортақтастым? Осы кісінің бе, әлде «қарға адамдардың» ба? Мектепке бармайтын баланың жайына кім жауапты? Аудан. Осы жерде аяқасты (құдай оның бетін әрі қылсын) үлкен қылмыс істеле қалды? Кім іздестіреді? Ауданның сақшылары. Бір адамның басы ауырмай ма, балтыры сыздамай ма? Оған тағы да жауаптылар болуы керек қой. «Ауруын жасырған өледінің» кері. Әйтпесе, асқан ақылдылықпен «Осында кіргенің үшін қамап тастаймын» («Стратегиялық аумаққа кіргенің үшін» дегені) демес еді. Сөз сайыс Әңгіменің көрігі қыза түсті. — Бізге құжаттардың қажеті не? Адамдардың аты-жөні болса жетеді, — деп килікті Таңат атты санақшы. — Асқар аға, өз бастарыңызға проблема жазып жатырсыздар. Тұрғындарды санап кету керек еді. Бұл Нсредин Әбдрайымұлының тапсырмасы, (Аудандық санаққа ықпал ету комиссиясының төрағасы) — деді Ардақ Мұратқызы. — Мұның бәрі санаққа алынды. Сіздер ауданның санақшыларысыздар. Бұл қаланың аумағында орналасқан жер, — деді қуғынмен келген Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Сері Лепесов. — Біз қаланы да бақылаймыз... Қашқындар бұл кезде қай қырды асып кеткені беймәлім-ді. Аты-жөні тұрмақ, бір адаммен тілдесе алмадық. Жертөлелер қаңырап бос тұр. Біреуі дастарқанның бетін жаба салып кетіпті. Енді бірінде баланың киім-кешегі шашылып жатыр. «Бұлар жуық маңда кетпесе жаурамасын» деп баланың киімін іздесе керек. Біздің көкейімізде «олар санаққа алынған болса неге қашады?» деген сауал қалды. Бәрі заңды болса, отырмай ма, қасқайып... Санақшының құқы «Санақтан бірде-бір жан тыс қалмауы керек. Бірақ, санақшылар берген ақпараттың құпиялығы сақталады. Оны сізге көрсетуге тиісті емеспіз». Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары «сақа-маман» Сері Лепесовтің сөзі. «Біз бұл жердегі тұрғындарды санаққа кіргіздік. Егер күмәніңіз болса, журналистік зерттеу жүргізіңіз. Мемлекеттік қызметкерлер халықтың жауы емес қой. Әр адам үшін басымызбен жауап береміз». Бұл да әкімнің орынбасарының сөзі. Біз күнде естіп жүрген санақшының құқы жөніндегі лекцияны тағы да қадағалап тыңдауға тура келді. Түйін сөз Қош. Олар — қолқаны қапқан жағымсыз иістен жиіркенбейді. Олар — санақ кезінде стратегиялық аумақ тұрмақ, жер астында кіріп кетсеңіз де, тауып алып санатқа алады. Олар — ауданның игі жақсылары. Санақ кезінде он шақты ұлыңыз бен моншақты қызыңызды тізімге тізбектеу үшін барын салады. Тоғыз жолдың торабынан жырақта жатқан қоқысқала біздің басымызды дәл осы мақаладағыдай тоғыстырды. Қашқындар қашты. Біз қудық. Әсілінде, қылмыскерлер ғана қашушы еді. «Аш пәледен қаш пәле». Жо-жоқ, біз мұнда пәле іздеп келмеп едік. «Бәлелі жерге басыңды тықсаң, шашың қалады». Осы бір мекеннің барлығын жасырып баққан «өте-мөте ақылды» Асқар Бердесов бастаған ауданның атқа мінерлері санақ біткеннен соң да, осында келіп, балалар тағдырына алаңдауы керек. Әйтпесе, «шашы қалып» жүрер... Бұған не дейсіздер, бір қазақтың тағдырын күллі ұлттың қасіретті деп білетін ағайындар? Қанат ӘБІЛҚАЙЫР hair-han@mail.ru 8 705 133 25 25

4248 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы