• Әдебиет
  • 06 Қазан, 2011

Өкініш

Айдана Блялова, Қарағанды облысы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті Әңгіме Сол бір күні үй табалдырығын аттамай, көз көрмес жерге қашып кетуім керек пе еді? Сонда мұндай қасіретке ұшырамас па едім... Бәлкім, қазір бар балалармен теңдей болып уайым, қайғысыз өмір сүрер ме едім, кім білсін? Бірақ... ...Қоңырау соғылды. Сабақ аяқталды. Барлығы сабақтың аяқталғанына қуанып, уда-шу. Бірақ менің көңілімде бір қаяу бар, ойым бір тұңғиықта. Үйге қарай аяңдап келемін. Басымда жалғыз-ақ ой. Бір ой қуандырады, бірақ бұл көңілімді екінші бір ой су басқандай қылды. Тәңірден біресе, жалынып-жалбарынып «бәрі жақсы болса екен» деп тілеймін, біресе мені неге сонша жазалайсың, қандай «кінәм бар еді алдыңда» деп жазғырамын. Осылай ойланып-толғанып үйге де жетіп қалыппын. Үй есігін аша беріп ем, жағымсыз иісті сезіп, жүрегім дір ете қалды. «Қашып кетейін бе» деген ой басыма сақ ете түсті. Бірақ бұл ойымнан тез қайтып, үйге кірдім. Бұл көрініс тағы көз алдымда. Ашынғаннан, ашудан, ызадан булығып «мұның барлығы қашан бітеді» деп бүкіл әлемге бар дауысыммен айғайлағым келді. Үйді көз қиығыммен шарлап қарасам, астан-кестең. Асүйде екі-үш әйел тілдері әрбір сөзге әзер келіп, абыр-дабыр сөйлесіп отыр. Ішінде менің анам да бар. Бір-бірін ішімдікпен сыйлап, өздері мәз-мейрам. Анам мені көре салып: – Ойбүй, менің алтын қызым келді, – деп сүйе бастады. – Ғалым мен Айбар қайда? – дедім түрімді суытып. Менің сұрағымды естімеген кейіп танытып: – Жүр, тамағыңды іш, – деді. – Рақмет, ішкім келмейді, – деп үн қаттым. Шын мәнісінде таңнан бері дәм татпағам, бірақ жын суына мас болып, қызарып отырған әйелдердің арасына отырып, тамақ ішуге дәтім бармады. Есік ашылып, ағам Ғалым кіріп келді. Сөзге сараң Ғалым тіс жармай, басқа бөлмеге кіріп кетті. Ләм-мим деп тіс жармаса да, түрінде барлығы жазылып тұр. Мен үйді жинауға кірісіп кеткенмін. Ғалымның келгенін көріп: – А, Ғалым, сен келдің бе? Әкем қайда? Айғаным ше? – деп сұрақтың астына ала бастадым. – Ол жұмыс бабымен Көкшетауға кетті, – деді көңілсіз дауыспен. Әкем үйге үш күнде бір келетін. Себебі жұмысы бір жүкті екінші бір қалаға тасу еді. – Мыналар қашан келді? – деді көзін алартып асүйге қарап. – Білмедім, – деп қысқа жауап қаттым. Біраз уақыттан соң сіңілім Айғаным келді. Еркелеп өскендікі ме, тілі келсе де, сақауланып сөйлейтін. Үшеуіміз жетім балалардай жалтақтап, бір бөлмеде отырмыз. Бәріміздің тілегіміз бір – әкеміз келсе екен деген тілек. Кешқұрым мас болып, өреге тірелген сиырдай әйелдер аяқтарынан әзер тұрып, үйлеріне тарасты. Анам оларды күлімсіреп, мәз болып шығарып салды. Бірақ бізге көзі түскенде түрін суытып алды. – Сендер неге менің достарым келсе, қабақтарыңа қар жауып отырасыңдар? – деп айғайға басты. Достары адал ниетпен келсе, біз де қуанар едік. Бірақ бұл достары тек ішіп-жеуге келетін. Анам бізден түрлі сылтау тауып, ұрсып қана қоймай, қол көтере бастады. Ағам біресе – мені, біресе Айғанымды қорғап, жанұшырып жүр. Ана деген өз балаларын көзінің қарашығындай қорғайтын асыл жан емес пе? Құс та, жан-жануар да өз балапандарын жандарындай қорғайды. Ал қазір ше? Ана өз баласынан жаудың кейіпін көргендей аяусыз жәбірлеуде. «Неге? Не үшін?» – деген жанайқайым мен жылағаным қосылып кетті. Анам ас үйге кеткенде, Ғалым: – Киімдеріңді киіңдер, – деді өзі тез-тез киініп. Біз үйден білдіртпей шығып кеттік. Қақаған қыстың боранды күні еді. Біз түннің бір уағында шығып кетіппіз. Айғаным «тоңдым» деп жылай бастады. Мен Айғанымды өз тоныммен бүркеп, аздап жылытқандай болдым. Ғалым: – Айғаным жылама, қазір Салтанат тәтеміздің үйіне жетеміз, – деді бізді жұбатпақ болып. Салтанат тәтеміздің үйі жердің түбінде болатын. Қыстың аязы бойымнан өтіп кетті. Міне, тәтеміздің үйіне де жеттік. Салтанат тәтеміз – анамның туған апасы. Айғаным тәтемді көре салып, құшақтап, жылай бастады. Тәтем бізді көріп, шошынып: – Жаным, Айғаным жылама. Түн ортасында не істеп жүрсіңдер? – деді. Бірақ іштей барлығын сезіп тұрғандай. Бір кезде Болат аға көрініп: – Кіріңдер, тоңып қалыпты ғой өздері. Салтанат, шай бер, бойлары жылынсын, – деді жылы шыраймен. – Иә, қазір, – деді тәтеміз Айғанымды құшағына алып. Айғаным тәтемнің құшағында тәтті ұйқыға батты. Көз жасымды тыя алмай отырып, тәтеме барлық жайды баяндап бердім. Ғалым ұяттан жер астына кіріп кетуге дайын. Салтанат тәтем тыңдап болған соң: – Уһ, қанша емнің бір пайдасы болмады. Ертең бірге барамыз. Ғалым, Айжан, сен де ұйқыға жатыңдар, – деді көзінің жасын жасырғысы келіп. Түн. Қап-қараңғы. Осы қою қара түнге ай жарығын төгіп тұр. Мен осы бір айлы түнге қарап, ойға баттым. «Біздің осы қараңғы өмірімізде қашан осы ай сияқты жарық нұр шашылады екен» деп жыламсырадым. «Бағанағы әйелдердің балалары да біз сияқты зар жылайтын шығар. Мен сияқты қанша бала көз жасын төкті екен?» деген ойлар ұйқымды қашырды. Таң да ұзақ күттірмей атты. Тәтем: – Айғаным ұйықтай берсін. Бүгін біздің балалармен ойнап, тынықсын. Жүріңдер, – деді. Біраздан соң біздің үйге келдік. Анам үйде жалғыз ұйықтап жатыр екен. Тәтем анамды оятып: – Мынауың не? Еркек емес, әйел заты емеспісің, – деді ашуланып. – Кім ішті екен? Қыздармен кішкене ішкенім рас. Онда тұрған не бар екен? – деп ақтала бастады. – Мен балаларды қуған жоқпын, өздері кетіп қалды, – деді бізге бәрін сілтеп. Анамның бұл мінезін білетін тәтем тек ақыл айтты. Тәтем ұзақ отырмай, жұмысына кетті. Тәтем кетісімен анам одан бетер ашуланып, айғайға бас­ты. Кешегіден кейін әлі айықпаған сияқты. – Сендер неге мені әрдайым масқара қылып жүресіңдер. Менің өлгенімді қалайсыңдар ма? – деп сіркесуына жармасты. Жаным шығып кеткендей болып, қорқып кеттім. – Жоқ, – деп сіркесуын қолынан ала бергенде, көзіме шашылды. Одан кейінгісі есімде жоқ. Көзімді ашсам қара түнек. Қайда көзімді шалсам – қараңғы. «Мені бір қараңғы бөлмеге қамап қойған ғой» деген ой келді. Бірақ неге мен жатырмын, қолыма біреу ине салып қойыпты. – А-а ана, – деп айғайлап жібердім қорыққаннан. – Ботам, не болды? – деп анамның жүгіріп келгені сезілді. – Ана, неге бөлме қараңғы? Мен қайдамын? Ана, жалынамын, бұл бөлмеден күн нұрын төккен жарық бөлмеге апаршы, – деп жалбарындым. – Кешірші, балам, кешіре гөр, – деп анам өксіп жылай бастады. – Мен кінәлімін, кешірші, ботақаным, сені көз жанарыңнан айырған – мен, кешірші. Үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. «Қалай? Мүмкін емес! Мен... Мен... Сонда...» деп ойымды жүйелеп айта алмадым. – Қалайша? Мен енді өмір бойы қара түнектің арасында өмір сүремін. Сонда мен әсем табиғатты, қайнап жатқан мына өмірді көре алмаймын. Көз жанарымнан айырылдым, көзім жансыз, бір жарық сәулені көре алмаймын. Бұл не деген азап? Жоқ, мүмкін емес! Мұндай жағдай менімен болуы мүмкін емес. Жоқ, сенбеймін, мен әлі жаспын ғой. Жоқ! – деп орнымнан тұра беріп едім аяғым шалынып құлап түстім. – Жоқ, мен зағип жан емеспін! – деп айғайлап жібердім. – Балам, кешірші, ендігәрі осы жын суын аузыма алмаспын. Кешірші, балапаным, – деп анам менімен қоса жылады. Содан бері неше жылдың жүзі болды. Бірақ көзім бір жарық сәулені сезеді-ау деген үміт үзілген сын-ды. Сүйіп оқитын шығармаларымды өзім емес, анам оқып береді. Жан жарам әлі күнге дейін жазылған жоқ. Қазір күндіз-түні төрт қабырғаның ішіне қамалған тұтқынмен теңмін. Ал егер көзім көрсе, елдің балалары сияқты оқу орнына түсіп, бір маман иесі болар ма едім. Бірақ анамды жазғырғым келмейді. Онсыз да неше жыл көзі жастан құрғаған емес. Әрбір нәрсені қолыммен ұстап сеземін. Бүгінгі күнім белгісіз, ертеңгі күнім бұлыңғыр. Жүректі қанжылатқан өкінішке толы жалған дүние... Қарағанды

2900 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы