- Әдебиет
- 06 Қазан, 2011
Қам көңілге өмірдің мәні – бұлдыр
Талант тағдыры
Кеңседегі кербездер, сенсің күйлі,
Биік, терең, қалыңсың, кеңсің мейлі!..
Құр тарбиған бұтақтар гүлдеп алып,
Тасадағы тамырын менсінбейді.
Таң мен кештің сапында қаздидыңдар,
Тиын-тірлік әнімен азды милар...
Бабы келген тұлпардың шапқанындай,
Көп ізденген шын талант аз қимылдар!
Ақын айтса, естиді жырды керең,
Дауламас ел ешқандай құнды менен.
Жаңсақ ұғым, жалаң ой, жасанды сөз,
«Шығармашыл тұлғалар – жынды» деген.
Болмысымыз – мөлдіреп тұну ғана,
Таласпадық еш биік тұғырға да.
Бұқараның аузымен айтқан сырлар –
Өзіміздің бір мысқал ғұмырнама.
Көрсеткенмен шамалап түсін игі,
Жанымызды жалпы жұрт түсінбейді.
Өрендерін өздері өкпелетіп,
«Өнерлінің міндеті – ішу» дейді.
Тұрар ылғи шығатын төрі суып,
Таланттардың қашанда өңі сынық.
Туыс, жолдас, отбасы бар болғанмен,
Жалғыздықпен келеміз өмір сүріп.
Ұмытылар мәрелер шаппай жеткен,
Жүйріктерді шабандар сатпай, неткен?!.
Ұлын халық іздейді өлгеннен соң,
Тірісінде өз-өзін таппай кеткен.
Туған жерім
Ұстаз еттің өзің шыңды,
Аласармас шын биікпін.
Бойлатпайтын өзімшілді,
Өзеніңдей тұңғиықпын.
Жазығыңнан кеңдік алған,
Тарылмайды пейілім де.
Нуларыңдай мендік арман,
Сағымыңдай күйім мүлде.
Сарғайған көп сағынышым,
Селеуіңдей нөкер кілең.
Мөлдір шықтай арым үшін,
Дауылыңдай көтерілем!
Күнді тартқан терістікке,
Ақ таңыңдай түрім, міне!
Қиял шәкірт кеңістікке,
Ғұмыр шәкірт іңіріңе.
Табиғатың сондай еді,
Сондай еді, туған жерім.
Жат бауырдай болмай енді,
Жетуге серт, буған белім!
Анаға құрмет
Сездірсе әмірін қыз, зәбірін ұл,
Қам көңілге өмірдің мәні – бұлдыр.
«Асыл жанды ардақтау – парыз» десең,
Алдымен өз анаңның қадірін біл!
Жыласа, жан-жүрегі жараланар,
Жалғанда батпан-батпан нала қалар.
Мұң-зары іркіліп қос жанарына,
Күрсінбесін деп тіле, бар аналар!
Зер салып көр, мойныңды бір рет бұр да!
Өн бойында тірліктен тірнек тұр ма?..
Анаңа теңіздейін қарызың көп,
Тамшыдай жақсылықты міндет қылма!
Наурыз
Ұлы күнде тауып мезгіл бір ретін,
Атқарғандай қасиетті міндетін.
Жаратылыс нұрын бөліп Жаратқан,
Жылына бір теңелген сәт Күн мен Түн.
Жан байытып жұрттың жылы лебізі,
Ізгі жолда сайрап жатты ел ізі.
Орындадық нақыштарын Наурыздың,
Салт-дәстүрге бай ұлтпыз ғой, негізі.
Аққа тиіп ағайынның ауызы,
Артты бір күн Наурызкөже маңызы.
Бойындағы нәрін берген аямай,
Табиғаттың адамға жоқ қарызы!
Асыл жандар қысқы сүрден ас қамдар,
Бел алады берекелі бастаулар.
Жақсылықтар жиынтығы әз-Наурыз,
Жамандықты өткен жылға тастаңдар!
Күн-ернімен аспан жерді сүйеді,
Кемсеңдейді бұлт-сақалды иегі...
Жанды-жансыз құбылысты қамтыған,
Мерекелік ұғым түгел киелі!
Еркеғали Бейсенов,
Еуразия университетінің түлегі, журналист
Астана

3350 рет
көрсетілді0
пікір