• Әдебиет
  • 06 Қазан, 2011

Ақиқаттың ерттеп міндім жорғасын

МЕН КІММІН? Мен кіммін? Қандай өмір сүргенім? Досым қайсы, дұшпан қайсы Білмедім... Тамшы суға зар боп жүрген гүл едім, Көз жасымның тамшысымен гүлдедім. Мен кіммін? Қайда менің тұрағым? Таусылмады бұл өмірге сұрағым. Теңіз менің мекеніме айналып, Сөз-толқыны жетелейді жыр-ағын. Мен кіммін? Қайда менің сыбағам? Бақыт қайда, Жаратқаннан сұраған? Құр сүлдері бейшара бір ақынмын, Жетім сөзден өгей өлең құраған. Мен кіммін? Қандай таққа иемін? Қайғы отына қақталамын, күйемін. Қолаң шашты жыр-инеге сабақтап, Мұң-матадан кебін тігіп киемін. Мен кіммін? Ұлық емен дара дер. О, жамағат, маған әділ баға бер! Жылап-сықтап, мүсіркеуден не пайда? Жұтқан кезде мылқау табыт, қара жер!!! Қорымдар көшеді... Қорымдар жылайды... Жауған жаңбыр жасыменен жарысып, Сөйлемейді қалған жағы қарысып. Көрмейді де ешнәрсені, көрсоқыр, Жатыр, міне, өз-өздері алысып. Бар сенері иманында, жоқ қайғы, Жолаушыдай жылтыр іздеп жорытпайды. Тіршіліктен сезбесе де, бір тыныс, Аруағымен айбынды олар, қорықпайды. Қорымдар көшеді... Көшкендігі ол да – заңды құбылыс, Аспанда да, жерде де бар бұрылыс. Тасқа айналған тасқабірлер біледі, Қасиетін топырақтың бір уыс. Көрші болып кәрі менен жас мұнда, Мекені бұл дұшпан, дос пен қастың да. Бақылайды шулы дүние шуылын, Құлақ түріп қара жердің астында. Қорымдар құлайды... Тұрғызатын тек оларды дұға – бақ, Қайта тұрар Құран барда құлап ап. Қараңғыдан қара өмірге қарайды, Табытының бұрышынан сығалап. Күзетеді қара жерді күн-түні, Ұмытқандар сайран салу, күлкіні. Жолаушылар бетін сипап еске алар, Біз төмпешік болған кезде бір күні. Қорымдар да күрсінеді... дір етіп, Жұлдыздарды жанына алып түнетіп. Өз қорымын қазып келер бар адам, Дүниеге түскен кезде шыр етіп. Зар жылаймыз көріп заман зәбірін, Тәубемізге келтіреді сабыр үн. Қорым болып қол бұлғармын мен де ертең, Қадіріме айналғанда қабірім... Зарла, қобыз... Зарла, қобыз! Тыңда, тағдыр тас керең, Жоқтау барда айтылмасын басқа өлең, Шындық айтсаң шімірікпей тұрады, Көрігінен жұрдай болған қасқа рең. Зарла, қобыз! Құймайды ешкім қорғасын, Қазақ мұңы қорғасыннан зор басым. Жалғандықтың жабысына жармаспай, Ақиқаттың ерттеп міндім жорғасын. Зарла, қобыз! Татсын талай зәһарды, Бойға жиып ыза мен кек, қаһарды. Тәубесіне келтіргейсің, имансыз, Қорқыты жоқ қорқынышты шаһарды. Зарла, қобыз,! Күңіренген күй тұнсын, Бізді баққа жетелейтін сиқырсың. Кер заманнан кесір көріп, бұл күні, Жұрт күлердей сайқымазақ сиқым шын. Зарла, қобыз! Керең қоғам естісін, Қасіретпен күнің батар кешкісін. Ақиқаттың ауылында ас болса, Топқа қосам бес күнімнің бестісін. Зарла, қобыз! Жақсылыққа жол аш та, Қамсыз күнді қалайды шын Алаш та. Зарлы үнің – адыраспан ең асыл, Қайғыны қу, елді мұңнан аласта! Зарла, қобыз! Қорқытыңды жоқтатпай, Абыз жырын мәңгі жалға тоқтатпай. Қазағымды құбылаға қаратшы, Тағдырыма тарту жасап тоқпақтай... Зарла, қобыз!!! Салтанат ЖҮСІПОВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. 2007 жылы Астана қаласында өткізілген М.Мақатаев атындағы І рес­публикалық ақындар байқауының І-орын иегері. 2010 жылы Астана қаласында өткізілген халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Қызылорда

3683 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы