- Әдебиет
- 06 Қазан, 2011
Бұлақты көрсең, көзін аш...
Жайқалып өссін бір емен
Ақындығыма келтірме шүбә, бауырым,
Ақ бата берді аталар, алаш қауымым.
Туған халқыма, туған тіліме, жеріме,
Арнадым әр кез жырымның тұнық, тәуірін.
«Балаға қайдан дарыған» деме бұл өлең,
Атам мен анам Алладан сұрап тілеген.
Маңдайға біткен жалғызы едім жарлының,
Кеспеші жолын, жайқалып өссін бір емен.
Қандағы әдет қайтейін, аға, кінәлап,
Жайым жоқ сені жек көріп әрі сынамақ.
Қазақтың, аға, қазақтан басқа жауы жоқ,
Жақсыны көрсе, жығады жарға қуалап.
Талант та, бақ та қонады жанға қалаған,
Бұлақты көрсең көзін аш, тартпай жағадан.
Күндестік пенен қызғаныш құрсын жалғанда,
Өнер ме, сірә, біріңді-бірің талаған.
Алауыз болсақ, адамдық кетсе, алыстап,
Қалайша біздер өсеміз алға қарыштап,
Өледі бәрі, өлмейтін өнер, ғылымды,
Келер ұрпаққа кетейік сыймен табыстап!
Сүйінші
Бүгін той, бүгін думан қазағыма,
Жүзін тосып сан тарих азабына.
Тәуелсіздік таңына жеткен елдің,
Нұр толып, шуақ кірді ажарына.
Нұрсұлтаны қайтадан таққа мініп,
Ақ түйенің қарыны ақтарылып.
Жатыр бүгін ұлтымның бағы тасып,
Әр жүректе қаулайды жаққан үміт.
Менің сәби көңілім қардай таза,
Болжаған-ау бұл күнді танбай жаза.
Хабары жоқ, сайлаудың қарасы жоқ,
Нұр-атама жыр арнап қарашада.
Періште-тілек жазып, шын тіледім,
Тәңірге жеткен екен бұл тілегім.
Нұр-атам жеңіп шықты нұрлы жолың,
Қуанып жатыр бүгін жұртың- елің.
Өр рухымен қорғасын баба Жамбыл,
Шашуын жырдан шашсын бала Жамбыл.
Адастырмас аспанда айдай болсын,
Нұрлы жолың Нұр-атам сара-даңғыл.
Бұл менің жыр шашуым алып жеткен,
Қазақ, шіркін қағілез халық неткен?
Нұрсұлтанын қайтадан хан көтеріп,
Болашағын күмәнсіз, жарық еткен.
Жағынуды білмеймін, жасқануды,
Білем бірақ шын биік, асқарымды.
Нұр-атама арнаймын әлі талай,
Өлең-жырмен өрілген дастанымды.
Бүгін – той, бүгін – думан, жиылсын ел,
Көркем далам, көк көйлек киінсін жер.
Нұр-атам жеңіп шықты, жеңіс мықты,
Қазағым, сүйінші бер, сүйінші бер!
Бәрі жұмбақ
Қай бағытта жазайын, кімді тыңдап,
Ақыл айтқыш көбейді жүздеп, мыңдап.
Көздегені бәрінің өз пайдасы,
Шын жанашыр бар ма екен, бәрі – жұмбақ?
Бәрі – жұмбақ, қарасам айналама,
Ойым кетер шашырап айдалаға.
Тірілерден тиетін шарапат жоқ,
Өзіңе сен, шабытты қайра, бала!
Деген бір үн сыбырлап құлағыма,
Жауап беріп жатады сұрағыма.
Ол да – жұмбақ, мен үшін бәрі, тылсым,
Таза рух па, тәңірдің сынағы ма?
Мен білмедім, білермін сырын әлі,
Бәлкім, солай әр ақын шынығады.
Өмір деген майданның ортасында,
Кімнің дос, кімнің жауын ұғынады.
Періште, пенделіктен ада көңіл,
Алданғыш, алып-ұшқан бала көңіл.
Ақиқат, адамдықты аңсап жүріп,
Қорқамын болады-ау деп жара көңіл.
Жұмбақ қой мынау әлем мың түрленген,
Өсекті өсиет қып күңкілдеген.
Өлексе өтіріктің балын жалап,
У жеп жүр шындықты айтып іркілмеген.
Бос кеуде бөспелердің заманы бұл,
Тойымсыз толмайтұғын араны бір.
Жоқшылық жомарт жанның қолын байлап,
Жасаған ананы – күң, баланы – құл!
Жұмбақ қой, қайсын айтып қиналайын,
Ұлтымнан қазағымнан айналайын.
Сендерге тәңір өзі тірек болсын,
Жасымай жүр, ағайын, жайна дәйім!
Жамбыл Дүйсенов,
Бауыржан Момышұлы атындағы
№131 мектеп-лицейдің оқушысы. Қалалық мүшәйралардың жүлдегері
Алматы

3599 рет
көрсетілді0
пікір