- Әдебиет
- 06 Қазан, 2011
Қандас бауырлар
Құлағына тосып тұрған қалта телефоны қолынан сусып, жерге түсіп кетті. Біреу тас төбесінен қос қолдап қойып қалғандай, мең-зең болып, сол орнында сілейіп тұрып қалыпты. Кенет құлағы шулап ала жөнелсін. «Әкеңнің халі ауыр... Инфаркт... Қалалық ауруханаға түсті...» деп үзік-үзік жеткен суық хабардан тұла бойы қалтырап кетті. «Қалай? Қалайша? Әкешім!» Ауруханаға қарай құстай ұшып келе жатып, өз-өзіне қайталап, дамылсыз қойған сауалына еш жауап таба алар емес.
Әсем ес білгелі неге екенін қайдам, әкесіне үйір, жанындай жақсы көреді. Кішкентай кезінде жұмыстан келе жатқанын көрсе болды, солай қарай құлдыраңдап жүгіре жөнелетін. Әкесі де бұны көргенде екі қолын кең жайып, қарсы ұмтылар еді. Кең әрі ыстық құшаққа күмп берген Әсем үшін одан артық бақыт жоқтай көрінетін. Бар мейірін төккен әкесі болса, сол сәтте-ақ жерден тік көтеріп әкетеді. Әуеге атады. Бұның шырқау көкке жеткені сонша, «әне-міне жерге топ етіп, құлап түсем бе» деп үрейі ұшады. Бірақ, әкесінің қарулы қолы көкке қалай атса, солай оп-оңай-ақ қағып алатын. Сонан соң мойнына мінгізіп алып, үйге қарай желе жортқаны қызық.
Бұл енді сәби шақтан есте қалған үзік-үзік тәтті көріністер ғой. Есейе келе әкеге деген сүйіспеншілік ұлғая түспесе, сірә, кеміген жоқ. Сонда байқағаны – барлық мейірімді әкеден сезеді екен. Әкесі бұл үшін білім қазынасы секілді, не сұраса да ұғынықты етіп, тәптіштеп түсіндіреді. Ерінбейді, «қойшы, айналайын, шаршап отырмын» деп, сұрағын жерге тастаған кезі жоқ. Қайта бұл үнсіз қалса, өзі әңгіме бастап, үйіріп әкетеді. Әрі қай әңгімесі де қызық. Адамды қай жағынан да өзіне тартып тұрады. Бір жылылық есіп тұрады. Тіпті жоғарғы сыныпқа жетіп, бойжете бастағанда сырласына да айнала бастағандай еді-ау!
Ал анасы... Анасын да жақсы көреді, анасы да бұны жақсы көреді. Мейір-шуағын төгеді. Алайда дәл әкесіндей емес сияқты. Мінезі бар, қытымырлау. Әсіресе әкесімен емін-еркін емес. Араларында бір бөгесін бар сияқты. Шешіліп әңгімелескен кезін көрмепті. Екеуі ерлі-зайыпты болып қонаққа да бірге бармайды. Әкесінің Әсемді кішкентай кезінен бастап апармаған жері жоқ. Цирк, театр, мұражай... Бәріне қыдыртқан. Демалыс саябағы тіпті де таңсық емес. Алайда, неге екенін қайдам, осы демалыс орындарының барлығына әкесі екеуі ғана барады. «Егер мамам үшеуіміз қыдырсақ, тіпті көңілдірек болар еді-ау» деп ойлап қояды Әсем. Осы ойын дереу әкесіне айтса: «Мамаңның жұмысы қиын, шаршап жүр ғой. Демалсын, мазаламай-ақ қоялық», – деп жауап береді. Әкесі Әсемді жанындай жақсы көретіні сияқты, мамасын да жақсы көреді. Оны Әсем әкесінің бұларға деген қарым-қатынасынан, сөйлеген сөзінен аңғарады. Әсемді еркелеткені сияқты, Әсемнің анасы – Гүлімді де балаша еркелетіп сөйлейді. Атын атамай «Әсемнің мамасы» деп тұрады. Алайда анасы әкесінің еркелеткен сөзін көтере алмай, «қойшы, осы, мені бала көремісің, алдай салатын» деп ашуланып қалады. Еркелеткенді былай қойып, тіпті жай сөйлегеннің өзіне қабақ шытып отырады. Байқап отырса, анасы әкесіне бір мәрте болса да, жылы қабақ танытқанын көрмепті. «Мамам папамды жақсы көрмейді екен ғой» деген қортындыға келді бір күні Әсем. Осы ой басына келгені сол екен, жүрегі мұздап сала берді. Бірнеше күн бойы өзіне-өзі келе алмай, біртүрлі болып жүрді. «Жақсы көрмейтін адаммен қалай бірге тұрған» деп те ойлап қалды. Содан соң «қой, папамдай иі жұмсақ, жайдары адамды жақсы көрмеу мүмкін емес, мамам да жақсы көреді, тек мінезі қытымыр, қатал, жұмыстан шаршап жүргендіктен де сөйтетін шығар» деген ойға табан тіреді. Өзін-өзі осылай жұбатты. Әсем ғана емес, оның әкесін көрші-көлем, ағайын-туыс, тамыр-таныс тегіс ұнатады. Тіпті бір күні мектепте бірге оқыған құрбысы Шолпан өз әкесінің Әсемнің әкесіндей емес, арақ ішіп қоятынын, арақ ішсе, үйінің берекесін алатынын айтып, мұң шаққаны бар. Содан бері Шолпанды көрсе аяп, әкесін іштей мақтан тұтып тұрады.
Қазір Әсем университетте студент. Болашақ заңгер. Заңгер мамандығын таңдауға да кеңес берген әкесі болатын. Университетке студент болып қабылданғанда бірінші боп қуанған – әкесі. Әрине, мамасы да қуанды, бірақ әкесінің қуанышы бәрібір ерекше еді. Кейде осының бәрін ой елегінен өткізіп, болашағы туралы тәтті қиялға ерік беретін. Білікті маман болып, жақсы қызметке тұратынын, ұнатқан адамына қосылып, отбасылы болатынын іштей ойлап қояды. Әкесі де, анасы да араларындағы жалғыз перзентінің азамат боп өсіп-жетілгеніне разы болатынын ойлағанда өзі де бақыт құшағына бөленеді. Сөйтіп жүргенде... Әкесінің ойламаған жерден жүрегі ауырып, ауыр халде ауруханаға жеткізілгені жайлы хабар Әсемге төбесінен жай түскендей әсер етті. Көзінен парлап жас шығып кетті. Аурухананы бетке алып, жаны ышқынып жүгіріп келе жатқаны мынау. Санасын бір ғана сұрақ түйреп келеді. «Қалай? Қалайша бұлай болды?»
Қалалық аурухананың қабылдау бөлмесіне де жүгіре басып жетті-ау. Әкесінің аты-жөнін айтты, қайда түскенін, қалай болып жатқанын сұрады.
– Айдарбеков Мұратбекті операцияға алып кетті. Мына жерде отырып күтесің, – деді медбике дәліздегі орындықты нұсқап. Орындықтың бірінде бозбала отыр екен. Ауруханаға оның да жақын адамы түскен сыңайлы. Бұның келіп жанына отырып жатқанын аңғарар емес, жүзін төмен салып, айқастыра ұстаған білегіне маңдайын тіреп бүкшиіп отыр. Бейтаныс бозбаланың бұл қалпына назар аударуға Әсемнің мұршасы қайда, бар есіл-дерті – әкесінің операциядан тірі шығуы. «Әкем, әкешім, тірі шықшы әйтеуір» деп тілейді. Осы тілегін іштей сан қайталап отыр еді, қасына тізе бүккен бозбаланың әлдене деп күбірлегенін құлағы шалып қалды. Бұл еріксіз құлағын тосып еді, іштей айтқан тілегін сол қалпында ол да қайталап отыр. «Әкем, әкешім, тірі шықшы әйтеуір» дейді айна-қатесіз. Әуелі «қылжақтап отырған жоқ па осы» деп көз тоқтатып қарап еді, жо-оқ, әзіл-қалжыңды ойлайтын ол емес, жаңағы қалпын бұзбай, мұңайып отыр. Аурухана ішінде, операция бөлмесі алдында не қылған қылжақ?! «Байғұс, бұның да әкесі ауруханаға түскен болып тұр-ау» деп ойлады да, өз мұңымен болып кетті.
Енді екеуі де әкелерінің операциядан аман шығуын тілеп, үнсіз қалған. Уақыт деген тістесіп қалғандай өтіп болар емес. «Операция қашан аяқталар екен, әкеміздің халі қашан белгілі болар екен» деп екеуі отыр тықыршып. Ақыры бұлардың төзімін тауысып барып, операция бөлмесінен дәрігерлер шықты. Сол-ақ екен бұл екеуі орындарынан қатар ұшып тұрып, операциядан шаршап шыққан дәрігерлердің алдына кесе-көлденең тұра қалды.
– Операция қалай өтті? – деді бозбала ышқынып.
– Әкемнің халі қалай? – деді Әсем жылап жіберердей болып.
– Операция жақсы өтті. Бірақ кесіп ештеңе айта алмаймыз. Қазір наркозда жатыр, бірер сағаттан соң белгілі болады, – деді де, хирург алға оза берді. Сол орнында сілейіп тұрып қалған екеуі, бір-біріне сонда ғана мән бере қарасты.
– Сен кім туралы сұрап тұрсың? – деді Әсем.
– Сенің атың Әсем бе? – Бозбала жауап берудің орнына қарсы сұрақ қойды.
– Иә, Әсем, оны қайдан білесің?
– Папам айтып еді... Иә, ол – менің де папам, сенің де папаң... Екеуміздің де папамыз.
– Кімді айтасың? – деді Әсем жұлып алғандай.
– Менің папамның аты – Мұратбек, фамилиясы – Айдарбеков. Ол – сенің де папаң, – деді бозбала кінәлі жандай төменшіктеп.
Әсем үшін мынау тіпті де тосын жаңалық еді. Үш ұйықтаса түсіне кірмеген жай. Бұл – неткен жұмбақ өмір. Дүниедегі ең жақсы көретін адамның да өзінен жасырған құпиясы болғаны ма? «Әкем мына баласына бәрін айтқанда маған түк айтпай келгені не қылғаны? Жұдырықтай жүрегіне екі әйелді қалай сыйдырған? Бізді жақсы көріп жүргені бекер боп шыққаны ма?»
Үсті-үстіне құйылып келген сұрақтан есеңгіреп қалған Әсем бір қараса, әлгі бозбаланы да, аурухананы да артқа тастап, аялдамаға жетіп қалыпты. Көзінде жас. Енді ол ауыр халде жатқан әкесіне деген аяушылық жасы емес, екі әйел алып, екі үйдің арасында жүрген адамға деген қызғаныштан, ызадан ыршып шыққан жас еді. Тіпті әкесін жек көре бастағандай. Анасының әкесі айтқан әзілді көтере қоймайтынының себебін енді түсінгендей. «Мән-жайды мамамнан толық сұрап білуім керек» деп ойлады. Ал мамасы болса басқа қалада іссапарда жүр еді. Мұратбектің инфаркт алып ауруханаға түскенін, ауруханада оған операция жасалғанын Әсемнен естіген. Гүлім көп кідірместен, ұшақпен ұшып келді де, бірден ауруханаға аттанды. Мұратбек есін жия қоймапты. Наркоздың енді тарай бастаған кезі екен.
Гүлім қызы екеуі кешкі асты үнсіз ішті. Әсем сөзді неден бастауды білмей тосыла берген.
– Мама, әкемнің бізден басқа отбасы бар екен ғой, – деп қойып қалды. – Бұл туралы білетін бе едіңіз?
Анасы Әсемге біруақ барлай қарап үнсіз отырды да:
– Қызым, – деді. – Біз саған бұл құпиямызды айтпай келіп едік. Ақыры біліпсің...
– Біле тұра қалай бірге тұрдыңыз? – деді Әсем сөздің соңын күтпей. – Әлде кешірдіңіз бе?
– Кешіруге тырыстым, бірақ қолымнан келмеді.
– Сонда, папамның бізді жақсы көргені өтірік болғаны ма?
– Жоқ, өтірік емес, папаң сені шын жақсы көреді, – деді де мамасы орнынан тұрып кетті. Бұл оның «әңгіме бітті» дегені шығар.
Әсем сол түні ұйықтай алмай, ойланумен болды. Көзі жасына ерік берді. Әкесін жамандыққа қиғысы жоқ. Анасының одан ажырап, бөлек үйде тұрғанын да қаламайды. Тек сонша жыл екі отбасының ортасында жүрсе де, өзіне ол туралы ештеңе білдірмегеніне ренжулі. Енді бір сәт әлгі бозбала туралы ойлады. Көз алдына елестетті. Одан өзін көретін сияқты, көзі де, мұрны да өзіне ұқсап тұр. «Сонда ол менің інім болып шықты-ау» деп ойлады. Сол-ақ екен жүрегі елжіреп, жақсы көріп кетті. Әкесін де кешіретінін сезінді.
Ертеңінде ертелетіп ауруханаға барды. Бозбала – інісі де жетіпті. Екеуі палатаға бір мезетте, қатар кірді. Әкесі ес жиыпты. Ерні дірілдеп, жарасын ауырсынып жатса да, қос перзентін көргенде көзі күлімдеп сала берді. Бір жағынан, ыңғайсызданып, ұялып жатқаны сезілді.
– Қызым, бұл сенің інің, Айберген ғой, – деді жай сөйлеп. Дауысында діріл бар.
Әкесінің көзіне жас үйірілді.
– Әке, тез жазылып кетіңіз, біз інім Айберген екеуміз күнде келіп тұрамыз, – деді Әсем інісін құшағына алып тұрып, – тез жазылыңызшы!
– Жандарым менің! – деді әкесі. – Сендер бауырсыңдар. Тек тату болыңдар!
Мақсат Рсалин

7123 рет
көрсетілді1
пікір