• Тұлға
  • 06 Қазан, 2011

“МЕНІҢ ДЕ ОТАНЫМ БАР, ОЛ – ҚАЗАҚ ТІЛІ”

- Сәке, қазіргі күнде мемлекеттік тіл мәселесі қоғамымыздағы өткір мә­селелердің бірі болып тұр ғой. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай? – Тілдің қадір-қасиеті жайлы айтылған пікірлер сан алуан. Олардың арасында тауып айтылған ұтымды ойлар да көп-ақ. Солардың ішінде маған бәрінен француздың ұлы жазушысы, философы Альбер Камюдің «Менің Отаным – француз тілі» деген пікірі жаныма жақынырақ. Иә, тіл мен Отанның арасына теңдік белгісін қоюға әбден болады, өйткені ана тілі дегеніміз – ұлттың рухы, жаны, сезімі, ақыл-ойы, салт-санасы, дәстүрі, дүниеге көзқарасы. Бір ұлттан екінші ұлтты айырып тұратын ең басты белгі де – осы. Ендеше мен де Камю секілді «иә, менің де Отаным бар, ол – қазақ тілі» деп айтуға толық хақылымын деп ойлаймын. Әрбір азамат, әрбір қазақ, әсіресе екі нәрсені – өзінің ана тілі мен туған жерін көзінің қарашығындай сақтауы керек. Тіл бізге рухани пана болса, жер физикалық жағынан пана болады. Сондықтан тіл мен жер мәселесіне салғырт, бейжай қарау Отан­ды сатумен бірдей деген ойдамын. Ал енді қоғамда талқыланып жатқан «Тіл туралы» заңға өзгерістер енгізу хақындағы әңгімеге келсек, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жөнінде екіұдай пікірлердің болуы – қисынсыз. Біріншіден, Қазақстан Рес­публикасы бір ұлттан тұратын мемлекет, ол – қазақ ұлты. Ал қалғандары – ұлт емес, ұлт өкілдері, диаспоралар. Біздің кейбір орыстілді азаматтарымыз «Қазақстанда 120 ұлт тұрады» деп айтуға, жазуға құмар. Олар үшін біздің елімізде тұрып жатқан бір эвенк, екі чукча, 10 ассириялық, 200 грузин болса, солардың бәрі – бір-бір ұлт. Бұл ешбір ғылыми логикаға сыймайтын жай екені кім-кімге де түсінікті болса керек. Екіншіден, Біріккен ұлттар ұйымының критерийі бойын­ша, егер мемлекеттің жергілікті, автохонды халқы 65 пайыздан асса, ол мемлекет моноұлтты мемлекет саналады. Ал біздің Отанымызда дәл қазіргі күндері қазақтар 66 пайызға жетіп отыр және бұл көрсеткіш жыл өткен сайын көбейе түсуде. Үшіншіден, қазақ халқы саны жағынан қазіргі таңда әлемдегі алты мыңға тарта ұлыс пен ұлттардың ішінде ең үлкен 80 макроұлттың қатарына қосылып отыр (макроұлт деп ғылымда сол тілді тұтынушыларының саны 10 миллионға жектен халықты айтады). Төртіншіден, қазақ тілі – фонетикасы, грамматикасы, синтаксисі жан-жақты зерттелген, ғылым мен өнер тіліне, саясат пен мемлекеттік басқару жүйесінің тіліне айналған, жазба әдебиетінің шығармалары дүниежүзілік классиканың «Алтын қорына» барып қосылған толыққанды өркениеттің тілі. Ал енді егер орыс тілі мен ағылшын тілдерінің мәртебесі хақында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» заңында әйтеуір бірдеңе айтуымыз қажет болса, онда «Қазақстан Республикасының аумағында орыс және ағылшын тілі Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдері ретінде танылады, олар қазақстандық мектептердің 5-сыныбынан бастап міндетті түрде оқытылатын пәндердің тізбесіне енгізіледі» деген арнаулы бап енгізейік. Сонда, меніңше, «құда да тыныш, құдағи да риза» болуға тиіс. Содан соң бір айта кететін жағдай, қазақ тілі қазіргі кезде Қазақстан мемлекетінің аумағында ұлтаралық тіл функциясын да толыққанды атқара бас­тады. Мысалы, айталық, қызылордалық, атыраулық жергілікті орыстар мен кәрістер, шымкенттік өзбектер, жамбылдық дұнғандар мен күрдтер, Алматы облысын мекендейтін ұйғырлар мен әзірбайжандар, түріктер, семейлік татарлар қазақ тілін бір қазақтан кем білмейді, осы тілде емін-еркін сөйлейді, пікір алмасады. Жыл өткен сайын қазақ балабақшалары мен мектептерінде оқитын басқа ұлт балалары санының жүздеп емес, мыңдап артып жатқаны да қазақ тілінің ұлтаралық тілге айналғанының жарқын мысалы бола алады. – Жазушылыққа қалай келіп едіңіз? – Жазушылық деген, менің ойымша, тағдыр болуы керек. Балалық шақта адам баласы өзінің кім болатынын білмейді ғой. Жас кезімде кітапқа құмар болып өстім. Манат дейтін әпкем «Байқожа» дейтін теміржол стансасында кітапханашы болып жұмыс істеді. Үшінші класс оқып жүрген кезімде сол кітапханаға барып жүрдім. Сонда шетел және қазақ жазушыларының шығармалары толып тұратын. Ең алғашқы оқыған шығармаларым әлі күнге дейін есімде. Ол – қазақ, татар, башқұрт, түрікмен халықтарының ертегілері мен жырлары. Одан кейін қазақ тілінде Даниель Дефоның «Робинзон Крузосы», Стивенсонның «Қазына аралы» кітабын, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін оқыдым. Мені жазушылық өнерге бейімдеген тағы бір жағдай отбасымнан алған тәрбиеде жатуы мүмкін. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан Құдай сақтап аман оралған әкем Асылбек пен анам Ләтипа ауылдың қарапайым тұрғындары еді. Екеуі де халықтық өнерге бір табан жақын жандар болатын. Шешем әдемі қоңыр дауысымен қазақтың халық әндерін жүрекке жеткізіп айтатын, ал әкем Батырлар жыры мен қисса-дастандарды, халық термелерін тыңдағанды ұнататын. Сондықтан сол кездегі Сыр елінің Қармақшы, Қазалы өңірлеріне аты кеңінен мәлім Нұғыман, Ержан жыраулар біздің үйдің үйреншікті қонақтары еді. Марқұм Ержан жырау суқараңғы еді, сондықтан о кісіні жұрт кейде «Соқыр жырау» деп те атайтын, ал шешемнің немере ағаларының бірі болып келетін Нұғыман маған нағашы-тын. Олар той-томалақтан соң сүт қатқан үнді шайына қанып алып, ауыл адамдарының алдында түн ортасына дейін жырлайтын. – Соңғы кездері әңгімелеріңіз, повес­теріңіз көрінбей жүр. Осының себебі неде? – Осы кезге дейін мен 30 шақты әңгіме, төрт повесть, төрт пьеса жазған екенмін. Бұның сыртында жүзге тарта ғылыми зерттеу мақалаларым, бір ғылыми монографиям жарық көрді. Пьесаларым М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылып келеді. Енді «соңғы кезде неге әңгіме, повесть жанрынан ауытқып, драматургияға, ғылымға кеттім» дегенге келетін болсам, мен оны әдейі солай істейін деп ойлаған жоқпын. Отыз бестерге келген кезімде драматургияға деген қызығушылығым пайда болды. Лессинг дейтін әйгілі әдебиет­танушы ғалым: «Болмыстың шындығын проза, эпос, баян­дайды. Лирикада болмыстың шындығы сезіледі. Ал драмада болмыстың шындығы жасалады», – дейді. «Мен проза арқылы болмыстың шындығын баяндап көрдім ғой, енді оны драма арқылы жасап көрсем» деген ой келді. Осы әлем маған жақын болып көрінді. Әйтпесе, менде «прозаны тас­тай қойып, драматург бола қалайын» деген мақсат болған жоқ. «Рәбиғаның махаббаты» деп аталатын алғашқы пьесам қазақтың атақты режиссері Райымбек Сейітметовке ұнап, жас режиссер Нұрқанат Жақыпбай Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында қойды. Одан кейін Мұрат Ахманов деген қазіргі талантты режиссерлердің бірі «Бір түннің оқиғасы» дейтін пьесамды «Желтоқсан желі» деген атпен Орал қаласының драма театрында сахналады. Ол әйгілі «Желтоқсан көтерілісіне» байланысты жазылған пьеса болатын. Жалпы, менің осы драматургия саласына келуіме қазақтың үш майталман театр шеберінің ықпалы зор болды. Олар – Әзірбайжан Мәмбетов, Райымбек Сейітметов және М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Есмұқан Обаев ағамыз. Осы кісілер болмаса, мен драматургия саласына келер ме едім, келмес пе едім... – Ғылымға баруыңызға не себеп болды? – Мен жас кезімнен бастап-ақ ғылым­мен айналыстым десем болады. Нұржамал Оралбаева деген ұстазым болды. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Сол кісі маған Орхон-Енисей жазуларын зерттеп, баяндама жасауға тапсырма берді. Сол кісінің жетекшілігімен Орхон-Енисей жазуларын зерттеп, студенттердің республикалық ғылыми конференциясында баяндама жасап, жүлделі орындардың біріне ие болғанмын. Шайхы Кәрібаев деген ұстазымыз болды. Ол кісі маған Шоқан Уәлихановтың шығармашылығына қатысты «Шоқан Уәлиханов – әдебиеттанушы» деген тақырыпта ғылыми баяндама дайындауға тапсырыс берді. Осы тақырып бойынша мен дипломдық жұмыс қорғадым. Студенттердің ғылыми үйірмесінің жетекшісі болдым, яғни менің ғылымға келуім кейіннен пайда болған кездейсоқ оқиға емес болатын. Кейіннен мен көркем шығармашылыққа бет бұрдым да, ғылымнан қол үзіп қалдым. Сонда да менің жүрегімде ғылым әлемі ерекше орын алатынын сезіп жүрдім. Қырық жасымнан кейін мен профессор Нығмет Ғабдуллин, Серік Мақпырұлының ой салуымен қайтадан ғылымға келіп, әуелі кандидаттық, кейіннен докторлық диссертациямды қорғадым. Олардың маған жасаған әкелік, ағалық қамқорлықтарына ризамын және ол кісілерді өмір бойы құрметтеп өтемін. Қазір мен, негізінен, драматургиямен, ғылыммен айналысып жүрмін. Ал прозалық шығармашылығымды қай уақытта жалғастыратыным әзірге бел­гісіз. Егер жазудың сәті түсіп жатса, одан бас тартпас едім. – Ауыз әдебиеті, фольклор жөніндегі көзқарасыңыз қандай? – Қазақ фольклоры – дүниежүзіндегі ең бай, ғажайып фольклорлардың бірі (мысалы, әлем мойындаған орыс әдебиетінде «Игорь жорығы туралы жыр» дейтін бір ғана батырлық дастан болса, бізде ондай батырлар жыры ондап саналады). Біз сол бай мұраларымыздың әлеуетін әлі күнге дейін тиімді пайдалана алмай келеміз. Осы туындылардағы ерлік пен патриоттық, шынайы адамгершіліктің асыл қасиеттерін жас ұрпақтың санасына сіңіре алмай келеміз. Меніңше, қазақ фольклоры біздің бүткіл ұлттық сана-сезіміміздің, тәрбиеміздің алтын бастауы болуға тиіс. Сондықтан қазіргі жеткіншектеріміздің кітапты аз оқитынын ескеріп, енді осы фольклорлық туындыларымыздың аудио және бейне­нұсқаларын жасап, оларды замандық ақпа­рат құралдары арқылы кеңінен насихат­тағанымыз жөн. Фольклор – әсіресе ба­ла­бақша тәрбиеленушілері мен баста­уыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеудің таптырмас құралы. Мысалы, қаншама ертегілеріміз бен Батырлар жыры мультфильмдердің сюжеттеріне сұранып тұр (бұлар сонымен қатар бүл­діршіндеріміздің фантазиясы мен ақыл-ойын дамытуға да өлшеусіз үлес қосқан болар еді). Осы мәселені кешенді түрде зерттеуіміз қажет. Мысалы, ғылымның педагогика деген саласы бойынша маманданып жүрген магистранттарымыз бен докторанттарымыз «Балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларын қазақ фольклоры шығармаларының мысалында тәрбиелеу жолдары мен әдістері» деген тақырыпта диссертациялар қорғаса, аса бір игілікті іс болар еді. Ғылым, бейнелеп айтсақ, ұлттың ақыл-ойы, миы болса, өнер – жүрегі, адамгершілік бастауы. Құсқа қос қанат қандай керек болса, ұлтқа бұл екеуі сондай қажет. Ғылымы мен өнері дамыған ел ғана әлеуметтік өмір мен экономикада белгілі бір жетістіктерге жете алады. – Жазушы қауымның ішінен өзіңіз кімдерді бағалайсыз? – Бағалайтын жазушыларым көп. Барлығының шығармашылығына аса зор құрметпен қараймын. Олардың көбінен тәлім алдым, үйрендім, тәжірибе мектебінен өттім. Аттарын айтып жату қазір міндет емес шығар. – Алдағы шығармашылық жоспа­рыңыз жөнінде не айтар едіңіз? – Оны бір Құдай біледі. Алла тағала мұрсат беріп жатса, әзір онша қартайып тұрмаған секілдіміз, бұйырғанын көрерміз. Жалпы, өзің білесің, шығармашылық жоспарлауға көне бермейтін стихиялы үдеріс қой. – Әңгімеңізге рақмет. Жазушы-драматург, филология ғылымдарының докторы Серік Асылбекұлы: Сұхбаттасқан Дәуіржан Төлебаев

5224 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы