• Тұлға
  • 06 Қазан, 2011

Мұнайлы Маңғыстау

«...Маңғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығанда бір рет болып көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған. Осы бір қасиетті жерде көптеген әйгілі адамдар, әулиелер жаны тыныштық тапқан. Лайым олардың рухы сіздерді қоршап-қорғап жүрсін, сіздерді қолдап жүрсін, бақытты өмір жолына бағдар берсін...» Нұрсұлтан Назарбаев Қайта түлеген облыс Қазіргі кезде экономикасы дамып, халқының әл-ауқаты өсіп келе жатқан облыстың бірі – Маңғыстау облысы. Кезінде Қазақстанға Колбин бірінші басшы болып келгеннен кейін облыстық мәртебесінен айырылып, құлдырай бастаған Маңғыстау өлкесінің бағының қайта жанғаны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты десек, артық айтқандық емес. Маңғыстау облысын қайта құру жөнінде өлкенің 41000 тұрғыны қолын қойған арызды алып, сол кездегі Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізу үшін Ленин орденінің иегері, еңбек ардагері Ерғали Төлесінов пен өлкедегі партияның басшылық қызметтерінде ұзақ жыл еңбек еткен азамат Киікбай Рзаханов Алматыға аттанды. Олар Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болып, өлке тұрғындарының мұңын жеткізді. Әрине, кезінде көзжұмбайлыққа салын­бай, өлкенің облыс атағына сәйкес келетінін зерделеу қажет еді. Көп кешіктірмей Нұрсұлтан Назарбаев бұрын таратылған Маң­ғышлақ, Торғай облыс­тарын қалпына келтіру мәселелерін зерттейтін комиссия құру жөнінде шешім қабылдады. Осы комиссия «Маңғыстау өз алдына дербес облыс бола алмайды, өйткені өз табысы өзіне жетпейді» деген бұрынғы дүдәмал пікірді өзгертті. Мәселенің мәнісін зерттей келгенде, облыстың өнеркәсібінен түскен табыс республиканы айналып өтіп, Мәскеуге барып құйылады екен. Шындығында, Маңғыстау өңірі республикада Қарағанды мен Оңтүстік Қазақстаннан кейінгі орындарға лайық болып шықты. 1990 жылғы 17 тамызында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы орта­лығы Шевченко (Ақтау) қаласы болатын Маңғыстау облысын қайта құру жөнінде қаулы қабылдады. Міне, содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Маңғыстау өңірі мәдени, рухани және экономикалық тұрғыда қарыштап дамып келеді. Бірінші шегініс немесе киелі өлкеге тағзым... Маңғыстау – еліміздегі киелі жердің бірі. Көлік жолымен жүйткіп келе жатып, оңға бұ­рылсаңыз да, солға бұрылсаңыз да жол бойын­да әлдебір тұсқа бағыт-бағдар нұсқап «бәлен әулие, түген әулие» деп тұрған қалақшаны көресіз. Жол серігіңіз осы өңірдің азаматы болса, тіпті жақсы, онда зерікпейсіз, әлгі қалақшалар тұрған өңірдің, әлгі әулиелердің кім болғанын айтып болғанша межелі жеріңізге жетіп келесіз де, аңызға толы әңгіменің бітпей қалғанына қынжылып қала бересіз. Иә, бұл өңір «360 әулиелі Маңғыстау» деп тегіннен-тегін айтылмаған. Ұшақпен де, пойыз­бен де күндіз-түні толассыз келіп жатқан жолаушылардың белгілі тобының сапары – елді мекен­дерден қашық, Үстірт шыңдарының етегіне орналасқан, осы елдің пірі – Бекет ата мүрдесі жатқан жерасты мешітіне бағытталған. Қазір Ақтау қаласының қақ ортасында гүлзарға оранып, халыққа қызмет етіп тұрған облыстық Бекет ата мешітінің құрылысы басталғанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев оны өзінің назарында ұстап, мешіт пайдалануға берілгеннен кейін арнайы келіп, дұға оқып, қасиетті Құран кітабын сыйға тартқан еді. Маңғыстауға алғаш аяқ басушылар Ақтау әуежайынан түсіп, көлікке отырғаннан-ақ оның табиғи, мәдени ескерткіштері жайлы мә­лі­меттер­­­ді ала алады. Ол үшін әуежайдан Ақтауға келер жол бойында самсап тұрған жасанды «ғажаптарды» – «Маңғыстаудың жеті кереметі композиция­сын» тамашаласа да жеткілікті-ақ. Бұл кереметтерді жасаған шеберлер – Қайыржан Шәкірат, Айтжан Серікқалиев, Рахымжан Нұрмағанбетов, Қуаныш Шынтеміров деген он саусағынан өнері тамған жергілікті жігіттер, ал идея авторы – облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Әлгі кереметтер – Маңғыстау эмблемасының, Шер­қала тауының, таудан тасқа секірген арқар­лардың, терең шыңыраудың әйкелінен шөлін қандырып тұрған боталы аруананың, айды­нында итбалығы мен аққулары жүзген Кас­пийдің, алып зеңбіректің оқтары тәрізді ша­шылып қалған шар тастардың, төзімділігімен дүниені таңғалдырған адай жылқысының мүсін-ескерткіштері көзіқарақты кім-кімді де тамсан­дырмай қоймайды. Әйтеуір мұнда келген адам­ның ерекше әсер алып, бұл өлкеге таңданып кетері сөзсіз. Индустриалды – инновациялық даму бағытында Елбасының Үкімет пен облыстар алдына қойған экономиканың жыл сайынғы жеті пайыздық өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау Маңғыстау облысында да басты міндет болып табылады. Осы орайда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын – «Индустриалды-инновация», «Инвестор. Өнімділік», «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы», «Тұрғын үй-коммунальдық шаруа­шылығын жаңғырту», «Ақбұлақ» ауыз­су бағдарламалары жүзеге асуда. Аталған бағдарламалар өңірдегі экономиканың жалпы тұрақтылығын, дағдарыстан кейінгі өсу деңгейінің көрсеткіштерін айғақтайды және Елбасы тапсырмасының орындалуының кепілі болмақ. Оның айқын дәлелі – 2010 жылғы рес­публикалық рейтинг қорытындысымен Маңғыстау облысы еліміздегі 16 өңірдің ішінде әлеу­меттік-экономикалық даму қарқыны бойын­­ша бірінші орынға шықты. Әрине, табыс еш­қашан да өздігінен келмейді. Ол үшін ерен еңбек керек. Облыс өнеркәсіпшілері өндіріс көлемінің өсу қарқынын төмендетпеуге күш салуда. 2011 жылдың 8 айында-ақ осы секторда өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда артып отыр. Мұндай қарқынның химия, металлургия, машина жасау салаларында болуы қуанарлық іс. Аймақта ірі және ұсақ мұнай-газ кен орын­дарымен қатар көмірдің, барит рудасының, битум құмдағының, фосфориттің, минералды тұздың, құрылыстық тастың және т.б. пайдалы қазбаның қомақты қорлары бар. Осы минералды-шикізат ресурстарын игеру қолға алынуда. Каспий аймағы әлемдік көмірсутегін өндіретін ірі орталықтардың және экономи­калық, саяси маңыздарға ие геосаяси жүйе­лердің бірі болып саналады. Бұл жерде мұнай-газ өндіру мен оларды тасымалдау ғана маңыз­ды рөл атқарып қоймайды, сонымен бірге ашылмақ ірі өнеркәсіптік, сервистік, өңдеу өн­дірістерінің де өркендеу мүмкіндігі аса мол. Осындай мүмкіндіктер ескеріліп, облыста «Жер-Теңіз-Аспан» мегажобасы жасақталған. Ол аймақтың оңтайландырылған жоғары технологиялық экономикасын және әлемдік қатынастарға негізделген үйлесімді интеграциясын қамтамасыз етеді. Жоба экономиканың барлық негізгі бағыттарын өркендетуді қамтиды, сонымен қатар бірінші кезекте отын-энергетикалық сектордың керек-жарағын, яғни инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудан бастап, ғы­лыми-техникалық жаңалықтарды қолдауларды ұсыну мен қажет өндірістерді, оның ішінде Каспий теңізіндегі теңіз-мұнай операцияларының жаға­лау инфрақұрылымдарын қолдап, жабдықтау­ды қамтамасыз етуге дейін бағытталған. Жағалау құрылымында «Баутино» мен «Құрық» айлақтарының алатын орны зор. Қазіргі кезде «Баутино» – жұмыс істеп тұрған айлақ, оның аумағында «Аджип» ККО, «Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ-ты қолдайтын базалар орналасқан. Ал «Құрық» – өркендеу үстіндегі айлақ. Сондықтан да облыстық әкімдік оның қалыптасуына үнемі баса назар аударып отырады. «Құрық» айлағы мен оның жұмысшы поселкесінің инженерлік және әлеуметтік инфражүйелері толық масштабта жұмыс істеуге дайын. Олардың жұмыстары бюджет қаражатымен жасалған. Облыстық әкімдіктің бастамасымен ҚР Мұнай және газ министрлігінде жағалау инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспарын жаңартуда басымдық танытатын нысандар құрылысын жүргізуді анықтайтын арнайы жұмысшы тобы құрылған. Каспий өңірінде әлемдік энергоресурс­тарды тасымалдаудың көпфункционалды энергетикалық кластер жүйесі жасақталды. Осыған орай мегажобаға сай өндірістік саланы сервистік қызметпен және ғылыми-техникалық орталықпен қолдайтын «Каспий энергетикалық хабын» құру жоспарланған. «Каспий энергетикалық хабы» – еліміздің энергетикалық секторын одан әрі дамытатын, барлық оффшорлық операцияларды басқаратын және жоғары деңгейдегі мамандар даярлайтын сервистік-технологиялық орталық (энергетикалық қалашық) ретінде құрылмақ. «Өзен – Түрікменстан мемлекеттік шека­ра­сы» теміржолы құрылысының бітуі­нің тек өңір үшін емес тәуелсіз еліміз үшін үлкен стратегиялық маңызы зор. Осы жол Қазақстанды Қытай, Кеден одағындағы әріптестеріміз – Ресей, Беларусь мемлекеттерімен бірге Парсы шығанағына және Иранның теңіз айлақтары арқылы халықаралық нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік тудырады. Сарапшылардың пікіріне сенсек, бұл транзиттен түсетін пайда болашақта еліміздің мұнай-газ саласының кірістерінен де асып түседі екен. Өңірімізде екінші арнайы экономикалық аймақ – «Каспий» арнайы экономикалық айма­ғын құру бойынша да жұмыстар басталды. «Өзен –Түрікменстан» теміржол желісінің «Бола­шақ» стансасы, ондағы Шекара маңайлық ынтымақ­тас­тық орталығы, сонымен бірге «Кендірлі» ку­рорт­тық демалыс орны да осы арнайы эконо­микалық аймақтың құрамдас бөліктері болмақ. Еліміздің Индустрияландыру картасына өңірден 21 жоба енгізілген. Олар кезегімен жүзеге асырылуда. Мәселен, 2010 жылы оның 9-ы пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылғы 4 шілдеде өткен Елбасы жобаларының тұсаукесер аясында Түпқараған ауданында «Казахстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС «Теңіз металл құрылғыларын шығаратын өнеркәсіп кешені құрылысы» жобасының 1-кезеңі іске қосылды. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін жалпы сметалық құны 75 миллиард теңге болатын және 2 мың адамдық жұмыс орнын қамтитын тағы 9 өндіріс іске қосылады. Аймақ экономикасына 178 миллиард тең­генің инвестициясы тартылған. Оның көлемі бойын­ша облыс тұрғындарының жан басына шаққанда республиканың орташа көрсеткішінен 2,4 есеге артық (облыста – 2263 долл., ҚР-да – 947,6 долл). 261 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде жеке тұрғын үйлер құрылысы 35 пайызға өсті. Каспий теңізі қазақстандық секто­ры­ның даму әлеуеті жоғары. Каспий қай­раңын барлап, одан мұнай-газ өндіру жөнін­дегі кең ауқымды жоба басталып кетті. Маңғыстау облысының акваториалдық бөлігінің геологиялық ресурсы іздестіру барлау, оның ішінде сейсмикалық жүргізілген жұмыстардың бағалау қорытындылары бойынша: Бозашы аймағы мезозой кешенінің теңіз бөлігінде 3-тен 5 миллиард тоннаға дейін; Оңтүстік Маңғыстау аймағы мезозой кешенінің теңіз бөлігінде 1-ден 2 миллиард тоннаға дейін көмірсутек қоры бар. Сонымен бірге Маңғыстау облысының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін минералды шикізатын кешенді дамытудың тұжырымдамасы да жасақталған. Жақын мезгіл­дегі энергияға деген қажеттілікті жабу мәселесі «МАЭК-Қазатампром» ЖШС базасында қуаты 200-250 мВт болып, 2012 жылы пайдалануға берілетін булы газ қондырғысы құрылысын салу арқылы шешілмек. Өндірілетін энергоресустарды әлемдік нарық­қа шығару мәселесіне келер болсақ, бүгін­гі таңда оларды тасымалдау құбырларымен және халықаралық «Ақтау» теңіз сауда айла­ғы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге Маңғыстау облысының энергетикалық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ететін минералды шикіза­тын кешенді дамытудың тұжырымдамасы жасақталған. Маңғыстау облысының минералды-шикізат кешенінің дамыту тұжырымдамасы газды ішкі тұтынуды оңтайландыра отырып, жаңа газ кен орындарын ашуды қарастыруды көздейді. Күні бүгін Маңғыстау облысында 2008-2012 жыл­дарға арналған газ саласын дамыту бағдар­ламасы бар. Онда қазіргі таңда газ өндіріп тұр­ған «Өзен», «Қарамандыбас», «Оңтүстік Жетібай», «Теңге», «Батыс Теңге», «Тасболат», «Ақтас», «Қаламқас», т.б. кен орындарының газ өнім­дерін төмендетпеу, сонымен бірге әртүрлі себеп­термен консервацияда тұрған газ кен орында­рын іске қосу, кезінде кен орны мәртебесін алма­ған алаңдарды қайта зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Маңғыстау облысының құрлықтағы бөлігінде бірінші кезекте консервациядан алынып, өндірісі жарақтандырылып, тәжірибелік-өндірістік пайдалануға тапсыруға болатын кен орындары қатарына «Тамды», «Оңтүстік Аламұрын», «Мақат», «Жарты», «Пионер», «Қансу», «Оңтүстік Қаратұрын» («Бозашы») кен орындарын жатқызуға болады. Облысымызда газдың пайдалануға болатын жалпы ресурсы 210 миллиард текше метрді құрайды. Жыл сайын 3-3,5 миллиард текше метр газ пайдаланғанның өзінде бұл қор 60 жылдан астам мезгілге жетеді. Бүгінгі таңда пайдалы қазбалардың бұрынғы анықталған қорларының күннен-күнге аза­йып келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан да алдағы басты мәселе қазіргі заманның технология жетістіктерін қолда­натын, әлемдік өнеркә­сіп­ті дамыту үдерістеріне және халықаралық стандартқа сай геологиялық-барлау жұмыста­рын жүргізу қолға алынбақ. Екінші шегініс немесе Қолтыққа қоныстанғандар Қаланың бүгінгі орналасқан жері бұрын «Қолтық» деп аталған. Онда Ералиев атындағы кол­хоздан қалған 4-5 қана үй болатын. 1957 жылы Қолтыққа су іздейтін гидрогеологтардың «Коль­цовская – 45» партиясы келіп, осы күнгі үш шағынауданның орнына шатырларын тігеді. Пар­тияға алғаш жұмысқа орналасқан жергілікті қа­зақтар қатарында Төлесін мен Төлеубай Рахов, Бердіхан Беков, Бәшей Кел­дібаев, Төлек Қырымқұлов және тағы басқалардың отбасылары болады. Бұлар болашақ Ақтау қала­сының алғашқы тұрғындары еді. Ақтау қаласының қазіргі бірінші шағын­ауданының тұ­сындағы теңізге сұ­ғы­нып жатқан шом­бал тұмсықтан «Ақтау» теңіз айлағына дейінгі доғаша иілген ойыс жиекті «Қолтық» деп атаған. Бұл жердің суы таяз, желі баяу, ықтасын, балықшылар үшін аса қолайлы жер болған. Теңіз бетінде толқынға тап болған талай балықшылардың қайықтары осы мүйіске ығып келіп, аман қалады екен. 1959 жылы КСРО Орта машина жасау министрлігіне қарайтын Прикаспий кен байыту комбинатының құрылысы бастап, салына бастайды. Комбинатпен бірге оның қосалқы кәсіпорындары – жөндеу-механика және маши­на жасау, күкірт қышқылы, химиялық-гидро­металлургия, азот-тук зауыттары, энергокомбинат, Прикаспий құрылыс басқармасы дүниеге келді. Олармен бірге құрылысшылар поселкесі салынды.Сол жылы ресми Ақтау (Гурьев-20) аталған поселкеде 14 мың адам тұрды. Ақтау поселкесі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1963 жылғы 10 желтоқсандағы Жарлығымен Ақтау қаласы атанды. Еңбекшілер депутаттары Ақтау қалалық кеңесі құрамына поселкелік кеңестері құрылған Ералиев, Жетібай, Өзен қала типті поселкелер енді. Жарты жылдан кейін 1964 жылдың 1 шілдесінде осы өңірде 1850-1857 жылдары айдауда болған украин халқының ұлы ақыны Т.Г.Шевченконың туғанына 150 жыл толу құрметіне қаланың аты Шевченко болып өзгертілді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында ірі мұнай мен газ кен орындарының ашылуына орай Маңғыстау өлкесінің даму қарқыны артып, қаланың ауқымы өсті. Қала түбектегі пайдалы қазбаларды игерудің тірек пунктіне, яғни мұнайшылардың астанасына айналды. Маңғыстау байлығын тездетіп игеру мақ­сатында Шевченко қаласында 1963 жыл­дың со­ңын­да дүниеге келген «Мангышлакнефть» өндіріс­тік бірлестігі 1965 жылы «Казахстан­нефть» бірлестігі болып қайта құрылып, оған Республика­лық мұнай мен газ өнеркәсібі минис­трлігінің мәртебесі берілді. Оған Маңғыстаудағы және «Ембімұнай» комбинатына қарайтын барлық кәсіпшіліктер бағындырылды. Бірлестікке бастық болып министр құқығымен Сафи Өтебаев тағайындалды. Ол рес­публика үкіметінің мүшесі болды. Ал 70-жылдардың ортасында Шевченко қаласы жергілікті шикізат – уранды пайдаланып дүние жүзінде жылдам нейтронды атом реакторымен электр энергиясын және теңіз суын тұшытып ауыз су өндіретін, оны пайдаланатын тұңғыш қала ретінде белгілі болды. Халықаралық Архитекторлар одағы қаланың жобасын жасаған авторлар ұжымына күрделі табиғат жағдайында кешенді қала ансамблін жасағандары үшін Патрик Аберкромби атындағы сыйлығын берді. Алтын медальмен марапатталды. 1991 жылы қалаға бұрынғы өз атауы Ақтау есімі қайтарылды. Ақтау – мұнайшылар қаласы Ақтау қаласының тарихында 2002 жылдың шілдесінде есте қаларлық ерен оқиға болды. Теңіз жағасындағы әсем қалада алғаш рет бес мемлекеттің басшылары – Н.Назарбаев, В.Путин, А.Ақаев, И.Каримов, Э.Рахмонов бас қосып, Орта Азия мемлекеттерінің өзара саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін достастық жағдайда шешуге мүмкіндік берді. Бұл тарихи оқиға Маңғыстау аймағы мен Ақтау қаласының халықаралық ауқымдағы беделін бұрынғыдан да жоғарылатты. Мұнайшылар қаласы атанған Ақтау, әсіресе соңғы жылдардың ішінде адам танымастай өзгерді. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев өзі алғаш облысқа әкім болып тағайындалған 2006 жылғы бір жиында «Ақтау әлемдегі ең көрікті қалалардың бірі болады» деген еді. Содан бері арада өткен бес жыл Маңғыстау үшін өрлеу мен өркендеу жылдары болды. Ақтау сәулеті дәулетіне сай, Каспий теңізінің жағалауындағы сымбатты шаһардың біріне айналды. Алматыдан демалысқа келген, әуелде осы Ақтауда тұрған туыстың: «Қалаға таңданып келемін, бұрынғы Ақтау емес, көшелері тап-таза, гүлзарлармен көмкерілген, биік әрі еңселі ғимараттар көптеп салынған» дегені бар. Мұндай сөзді Ақтауға келген әр қонақтан естуге болады. Облыс халқы соңғы бес жылда бір жарым есеге өсті. 2006 жылы облыста 375 мың адам тұрса, бүгін оның саны 521 мың адамға жетті. Бұл – елімізде өсу қарқыны бойынша Астанадан кейінгі екінші көрсеткіш. Маңғыстау облысы рес­публикада өнеркәсіп өндірісі үлесінің 16,5 пайызын құрайды. Бес жылда бірнеше зауыттар іске қосылды. Олардың ішінде – Кеме жөндеу зауыты, Темір балқыту зауыты, Металл құрылғыларын жасау зауыты, Шыны-пластикалық құбырлар зауыты, Жоғары қысымды сыйымдылықтар зауыты және т.б. бар. Облыста мұнай-газ секторының тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алуда «қазақстандық мазмұнның» үлесі бүгінде – 63,4 пайыз. Бұрғылау ерітінділерін шығаруға арналып салынған зауыт теңіздегі кен орындарының отандық өнімдерді пайдалануына қол жеткізеді. Ал кеме жасайтын зауыт жылына 60 кемені жөндеп шығарады. «Бейнеу» ұн тарту кешені мен құрама жем зауыты жергілікті тұтынушылар үшін айына 3,5 мың тонна ұн мен 1,5 мың тонна жем өндіре алады. Облысқа бес жылда 1,6 трл. теңгенің инвестициясы тартылды. Иран, Әзірбайжан мемлекеттерінің елшіліктері ашылды. Мұнайлы ауданының құрылуы, оның орталығы Батыр кентінің құрылысының басталуы, Ақтау әуежайы, «Өзен-Түрікменстан шекарасы» теміржолы, «Ақтау теңіз айлағы» арнайы экономикалық аймағы, «Құрық» теңіз айлағы мен оның жұмысшылар поселкесінің пайдалануға берілуі, «Ақтау сити» заманауи қаласы, «Бейнеу-Ақтау» тас жолы, Каспий технологиялық университеті, «Кендірлі» туристік кластері, Каспий энергетикалық хабі, энергетика және ауызсумен қамту жобаларының жүзеге асырылып жатуы – Маңғыстау өлкесінің ерекше өркендеуінің ғажайып көріністері. Бұдан бес жыл бұрын қабылданған «Жер –Теңіз –Аспан» инвестициялық мегажобасы өзінің жасампаздығын осылай дәлелдеуде. Бекет атаның 260 жылдығы, Иса-Досан бастаған азаттық қозғалысының 140 жылдығы, суырыпсалма ақын Қашағанның 170 жылдығы мерекеленді. Бекет атаға апаратын «Ата жолы» автомагистралы төселсе, Форт-Шевченко қаласында Иса-Досан батырларға арналып еңселі ескерткіш қойылды. Бұған Жалау Мыңбаевқа, Қашаған ақынға орнатылған ескерткіштерді, Н.Жантөринге, Т.Әшімбаевқа, Ш.Есеновке, С.Мұқашевқа арналған бюсттерді қосуға болады. Жақында ғана Ақтау қаласы күндеріне арналған мерекелік шаралар аясында Ынтымақ алаңында қазақ күйінің құдіреті – Құрманғазыға ескерткіш орнатылды. Баспадан Адай көтерілісі жайлы екі томдық кітап шығарылды. Жинаққа кезінде құпия болған көптеген мұрағаттық құжаттар енгізілген. Бес жылда атажұрты – Маңғыстауға жа­қын және алыс шетелдерден 40 мың адам көшіп келді. Маңғыстау еліміздегі адамдардың өмір сүруіне қолайлы аймақтардың бірі болып отыр. Астанада жыл сайын «Маңғыстау күн­дері», «Маңғыстау жұлдыздары» фестивальдері өткізіліп, онда өлкеміздің таланттары өз өнерлерін астаналықтарға паш етіп қайтады. Жергілікті ақын-жазушылар Сайын Назарбек, Айтуар Өтегенов, Ғалым Әріп, Бектұр Төлеуғалиев, Әбілқайыр Спан, Мырзатай Болат, Рақат Қосбармақов, Анар Шамшадинова, Әзірбайжан Қонарбаев, Мырзағали Іңірбаев, Сабыр Адай, Бақтыбай Жайлау, Светқали Нұржан, Бірғали Бәйекев және т.б. зиялы қауым өкілдері бірнеше жеке жинақтарын шығарып, тартымды шығармаларымен оқырмандар ықыласына бөленіп келеді. Қазақстанда соңғы кезде анықталған жеті кереметтің екеуі – Шерқала тауы мен Оғыландыдағы Бекет ата жер­асты мешіті Маңғыстау жерінде. Ақтау қаласы «Ақтау сити» аталатын серігі дүниеге келгенде бұрынғыдан да ажарлана түспек. Оның «Аққу» аталатын шағынауданы­ның құрылысы осы жылдың тамызында басталды. Қала құрылысын алғашқы кезде Біріккен Араб Әмірліктерінің құрылысшылары бастамақ болған еді, бірақ кейбір дағдарыстарға байланысты арабтар кейінгі кезекте, яғни қаланың екінші, үшінші ша­ғын­аудандарын салуға атсалыспаққа ниет біл­дірген. Құрылыстың қазіргі операторы «Каспий ӘКК ҰҚ» 2011 жылы біраз қаржыны игермек. Ақтау қаласы тұрғындарының ауызсуға тұшытылған теңіз суын пайдаланып отырғаны белгілі. Алдағы мезгілде тұрғындар табиғи тұщы судың өзін пайдаланатын болады. Ол «Қиғаш – Ақтау» су құбырының құрылыс жобасының іске асырылуы арқылы жүзеге аспақ. Құрылыс пайдалануға берілген кезде бүкіл Маңғыстау өңірі Еділдің сапалы суын ішеді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзінің халық алдындағы есепті баяндамасында бұл жоба жөнінде: «Ерекше айтар жайт – бұл жобаның іске асуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей қолдау көрсетіп отыр. Ата-бабаларымыздың арман-үмітін іске асырудағы қамқорлығы үшін маңғыстаулықтар Елбасына дән риза» деген еді. Маңғыстаулықтар өз алдарына аса ауқымды да өршіл мақсаттар қоюдан жасқанбайды әрі осы мақсаттарға нақты нәтижелермен қол жеткізе біледі десек, артық айтқандық емес. Айтуар Өтегенов, Бектұр Төлеуғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ақтау

8636 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы