• Тұлға
  • 06 Қазан, 2011

Бәйтерек

Қай қоғамда да елді тура жолға бастап, нақты бағыт берген, ойы терең, сөзі көсем, қимылы бекем азаматтар болған. Оларды жұрт діңі берік бәйтерекке теңеген. Сондай ағаларымыздың бірі – Ақтөбе қаласының тұрғыны, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген зейнеткер Сматолла Молдашұлы Беркімбаев. Біз ағамыз туралы әңгімелерді бозбала шағымызда естідік. Ақтөбе облысы аумағының бестен бірін алып жатқан сексен екі жылдық тарихы бар Байғанин ауданын Сматолла Молдашұлы аттай он жеті жылдан астам уақыт бойы басқарды. Бұл кісіні мен алғаш 1977 жылдың қыркүйек айын­да аудан орталығы Қарауылкелдіде жыр сүлейі Нұрпейіс Байғанинге орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуына орай облыстық ақындар айтысы өткізілген кезде көрдім. Сол кездесуде алғаш көргеннен-ақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сматолла Беркімбаевтың болмыс-бітімі айрықша әсер қалдырып еді. Сымбатты жігіт ағасы, жүріс-тұрысы орнықты, айналасындағылар не істеу керектігін емеурінінен түсіне қояды. Ал 1984 жылдың 30 желтоқсанында бұған дейін облыстық партия комитеті жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болып қызмет атқарған С.Беркімбаев Шалқар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар аудандары бойынша меншікті тілшісі қызметіндегі маған енді Смекеңмен жиірек араласу мүмкіндігі туды. Ағамыздың өзін-өзі ұстау мәдениеті, қай мәселеге де сергек қарап, байсалды шешім шығаратыны, жұмыста орын алған олқылықтарды астарлы сөзбен ұғындыра қоятыны сүйсінерлік. Сматолла Молдашұлының тағы бір қасиеті өзгелер сынды алдын ала «олай қыламын, былай етемін» деген семіз сөзбен уәде бермейтін. Смекең – табанды, алған бағы­тынан қайтпайтын адам. Алғашқы дәлел, институтты бітірген соң жол­дамамен Шымкентке – «Казсовхозкаракуль» тресіне келеді. Дәулетжан Жангисин екеуіне Жамбыл облысының жаңадан ұйым­дастырылған «Шу» және «Мойынқұм» кеңшарларында жұмыс істеуге бұйрық беріледі. Жолшыбай экспедиторлардан аталған екі шаруашылықтың қыстан жұтап шыққанын, ауыл тірлігінде берекет жоқтығын естиді. Мұны естіген соң трест директоры Тучинге қайта кіреді. Нәтиже болмайды, енді Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің қабылдауында болады. Хатшы трест басшысының сөзін қостайды. Смекең де, Дәулет­жан да тауы шағылмай Алматыда – республикалық кеңшарлар министрлігінің мал шаруашылығы жөніндегі Бас басқармасына келеді. Бастық Шәпет Қоспанов министрдің кадр жөніндегі орынбасары Салинге апарады. Осындай табандылықпен мәселе шешіліп, Беркімбаев – Ақтөбе облысына, Жангисин Қостанайға жолдама алады. Смекең облыстық кеңшарлар тресі директорының бұйрығымен Новоресей ауданындағы «Қопа» кеңшарына бас зоотехник болып тағайындалады. Осы қызметті абыройлы атқарып жүріп, көп ұзамай кеңшар директорлығына жоғарылатылады. «Қопа» кеңшары үздік көрсеткіштерімен ауданда, облыста ауызға ілігеді. Жас директордың еңбегі еленіп, Новоресей аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынылады. Ал бұдан кейін Байғанин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болады. Осылайша азамат өмірінің жарқын парақтары ашылады. Таяуда Байғанин өңірінде тұрған Ерғазы есімді зейнет демалысына шыққан азаматтан мынадай бір жылы сөз естідім: «Шіркін, Смекең мықты басшы болды ғой. Өзі аралаған ауылдарда кішкентай сәбидің есіміне дейін жатқа білетін. Он сегіз жылдай бірінші хатшы болғанда бір адамға қиянат жасамағанының өзі кісілік қой...». Міне, қарапайым еңбек адамы осылай дейді. Сірә, халықтың бағасынан артық лебіз болмаса керек... С.Беркімбаев Байғанин өңірінде он сегіз жылдай бірінші басшы болып қызмет атқарған тұста аудан үш рет – Республикалық, төрт рет Бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы атанып, Ауыспалы қызыл туларға ие болды. Тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысымен Байғанин ауданы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет тақтасына жазылды. Мұндай табыстар Сматолла Молдашұлының жұмысты үйлестіре білуі, адам­дарды ортақ мүддеге жұмыл­дыруы нәтижесінде келді. Байға­ниннің үлкен-кіші жамағаты ұйымшылдықты, темірдей тәртіпті күнделікті тірлігіне өзек етті. Өңірдің жүздеген адамдарының омырауын орден-медальдар, құрметті атақтар ажарлай түсті. С.Беркімбаев Қазақстан Компартия­сының съездеріне делегат болып қатысты. Тоғызыншы сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды. Ленин, «Октябрь революциясы», екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс медальдарымен марапатталды. Хромтау, Байғанин және Темір аудандарының «Құрметті азаматы» атанды, Қазақстан Республикасына айрықша еңбек сіңіргені үшін өмірлік дербес зейнетақы тағайындалды. Бұл да бір еңбегінің жемісін көргендік болар. Осындай абзал азаматтың ойына кіреуке түсірер жайт – Кеңес Одағының басшылығына М.С.Горбачев келіп, қайта құру айқайы өрістеп тұрған шақта үсті-үстіне жазылған авторы белгісіз арыз-шағымдар қорытындысымен 1986 жылы қараша айында Ақтөбе облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде Беркімбаевтың жеке мәселесі қаралып, партия мүшелігінен шығару туралы шешімнің қабылдануы. Бірақ Сматолла Молдашұлы осындай ауыр шақта табандылығын, азаматтық кесек бейнесін көрсете білді. Смекеңнің басына іс түскенде кешегі араласып жүрген азаматтардың ішінде сырт айналып кеткендер де болды. Бірақ ол өзін ширақ ұстады, ешкімнің сыртынан ғайбат сөз айтқан жоқ, жекелеген адамдардың жоғары жақ тоқпағына еріксіз көнбістік танытқанын да түсінді. Үш жарым жылға созылған сүргін жүріске облыстық партия комитетінің жаңадан сайланған бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Евгений Михайлович Золотарев нүкте қойды. Оның басшылығымен 1990 жылы 19 шілдеде өткізілген обком бюросының мәжілісі Сматолла Беркімбаевтың партия мүшелігін қайтадан қалпына келтіру туралы қаулы қабылдады. Қазір Сматолла Молдашұлы Ақтөбе қаласында тұрады. Күнделікті басылымдардан, теледидардан егемен елдің тыныс-тіршілігіне зейін қойып отырады. «Қазақ» деп соққан жүрегі өз халқының, Елбасының сәтті қадамдарына сүйсініп, шын көңілден қостап отырады, салиқалы отырыстарда парасатты ой-пікірін айтады. Уақытында «аға, әлі де қызмет істей берсеңіз» деген інілері де болды. Жылы лебізге алғыс айтып, бас тартты. «Ендігі кезек – жастардікі, біздің міндет – сұраса ақыл нұсқап, бата беру», – дейді ол. Ғұмырлық қосағы, Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, «Күміс алқа» белгісінің иегері Күміс екеуі иманды ұл, инабатты қыз тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде саясы мол бәйтерекке айналған абыз ақсақал 80-нің сеңгіріне шығып, ұл-қызының, немерелерінің, туған-туыс, қала берді ауыл-аймағының ортасында ақылгөй һәм қазыналы қартқа айналып отыр. Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ АҚТӨБЕ

3930 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы