• Қоғам
  • 19 Наурыз, 2009

Сіз білесіз бе?

Әлемде 6 мыңнан астам тіл болса, солардың ішіндегі 600 тілге ғана жойылу қаупі төнбейді екен (2700 – негізгі тіл, 4000-ға жуығы – сол тілдердің диалектісі). Кейбір болжамдар бойынша XXI ғасырдың аяғына таман үркердей топ – негізгі тілдер ғана қалып, қалғандары жойылып кетпек. Бірде-бір адам сөйлемейтін тіл өлген тіл болып саналады. 1990 жылдардың ортасында Камерун деген елдің Адамавия өлкесінде мынадай оқиға болды. Оны Англияның қатер төнген тілдер қорының мүшесі Брюс Кондель былай әңгімелейді. Оның айтуынша, 1995 жылы қарашаның 5-і күні Момбила ауданында касаба тілінде сөйлейтін ең соңғы Богон есімді азамат дүниеден өткен. Қарашаның 4-і күні касаба тілі тірі болса, қарашаның 5-і күні ол тіл өлді. Қатер төнген тілдер қорының Англияның Единбург қаласында өткен II конференциясында (1998 жыл) лингвист Оле Стив Андерсен 1992 жылы қарашаның 8-інде Батыс Кавказдағы обух тілінде сөйлеген ең соңғы адам Тефлик Есенщ дүние салғанда, обух тілі де бірге өлгенін айтады. Тілші обух тілін жазып алуға 2-ақ сағат үлгермей қалыпты. Себебі, ол сол ауылға жеткенде Тефлик екі сағат бұрын дүниеден өтіп кеткен екен. Сонымен сіз өз тіліңіздің ең соңғы өкілі, яғни сөйлеушісі болсаңыз, онда тіліңіз өлді деп есептей беріңіз. … 1980 жылғы есеп бойынша, тірі тілдердің саны 6000 мен 7000-ның аралығында. 1992 жылы шыққан халықаралық лингвистикалық энциклопедияның мәліметіне сенсек, 6300 тірі тіл бар деп жазылған. Әлемде 100 миллионнан астам сөйлеушісі бар 8 ірі тіл бар. Олар – қытай, испан, ағылшын, бенгал, хинди, португал, орыс, жапон тілдері. Осы 8 тілде 2 миллиард 400 миллион адам сөйлейді. Алайда осы 8 тілдің қатарына 12 тілді қосып, 20 тілді «ірі тіл» деп атаса, сол 20 тілде бүгінде 3 миллиард 200 миллион адам сөйлейді екен. Яғни, жер бетіндегі халықтың жартысынан көбі. Бүгінде жер бетіндегі «тірі тілдердің» 4 пайызында әлем халықтарының 96 пайызы сөйлейді екен. Сөйлеушілері 10000-нан аспайтын тілдердің саны 6000 болса, оның жартысының 1000-нан аспайтын ғана сөйлеушісі бар. Мәселен, 500 тілдің әрқайсысының небәрі 100 адамнан, 1500 тілдің сөйлеушісі 1000 адамнан аз. Сөйлеушісі 10000-ға жетпейтін тілдер – 3340. 20000 сөйлеушісі ғана қалған тілдерді қатер төнген тілдер деп атасақ, дәл қазір әлемнің 4000 тіліне тікелей қара бұлт үйіріліп тұр. Соның ішіндегі 51 тілде тек бір-бір адам ғана сөйлейді. Оның 28-і – Австралияда, 8-і – Америкада, үшеуі – Оңтүстік Америкада, үшеуі – Африкада, алтауы – Азияда, үшеуі Тынық мұхит аралдарында екен. Лингвист Майкл Краустың пікірінше, адамзат тілінің 90%-ы өледі. Әлемде 600 тіл қалады. Ал осы ғасырда тілдердің 50%-ы ғана қалмақ. 3000 тіл өмір сүруін жалғастырады. Оның айтуынша, 100 жылда 1200 ай болса, әр айда 2 тіл өледі екен. Ойлаудың өзі қорқынышты. Әлемдегі тілдердің даму процесін қадағалап отыратын Халықаралық тілдер институты үстіміздегі ғасырда дүние жүзіндегі тілдердің 90 пайызы бақилық болады деп болжам жасапты. Деректерінде дүниежүзі бойынша бүгінде 6 мың тілдің тағдыры қалт-құлт етіп тұрса, жыл сайын 10 тілдің өлі тілге айналуы дәстүрге ұласыпты. Жағрафиялық жағдайына байланысты жіктеп айтатын болсақ, Еуропаның өзінде 123 тілдің 9-ына құрып кету қаупі төнсе, 26-сы шалажансар, 38-і мешел күйде. Оңтүстік Азияда 700 тілдің 40-ы ғана аман-сау қалу мүмкіндігіне ие. Ал Солтүстік Шығыс Азияда 47 тілдің тек 6-ы орыс тілінің қыспағына төтеп берер халде болса, 20-сы жаназасын күтіп отыр. Қалған 21-і айықпас дерт үстінде. Интернеттен дайындаған Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

3583 рет

көрсетілді

52

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы