• Мәдениет
  • 19 Наурыз, 2009

Қазақ мюзиклі: ұлттық па, батыстық па?

Мюзикл. Осы бір өнер түрі қазақтың ұлттық болмысымен біте қайнасып кете ала ма? Бұл сауал кімді болмасын мазалары хақ. Өйткені, соңғы жылдарда бір бойына музыка, драма, хореография, оперетта, опера, акробатика элементтері сиып кететін мюзикл өнері қазақ даласына да келіп жетті. Мюзикл жанрына алғашқы қадамды Болат Атабаев жасады. Ол 2005 жылы Орта Азияда тұңғыш болып, «Ақсарай» атты мюзикл театрын ашты. Түп-тамырын шығыстан алғанымен, батыста қанатын кең жайған бұл өнер өз тартымдылығымен талайлардың жүрегін жаулай алады. Өзге елдерде бір жағынан рухани идеология құралы ретінде танылған осы бір жаңа өнерді ұлттық құндылықтарымызбен айшықтап алмасақ, бармақ тістеп қалуымыз ықтимал. Ол үшін мюзикл жанрының табиғаты қазақ халқының салт-санасына сәйкес келуі керек. Мюзикл абыройын ұлттық нақыш арттырады Мюзикл жанры алғаш рет 1866 жылы Нью-Йоркте қойылды. Ол — «Black Сrook» атты мюзикл еді. Ал, Бродвейлік мюзикл бұл жанрды бүкіл әлемге әйгілі қылды. Бірақ, ұзақ жылдар бойы театр өнерінің бір жанры ретінде қабылданған жоқ. Әлі күнге мойындамайтындар кездеседі. Мюзиклде қоюшы режиссермен қоса балетмейстер, вокалдан сабақ беретін педагог, хорегораф бірігіп жұмыс істейді. Бұл жанрды опереттаның бір түрі деп есептейтіндер де бар. Мәселен Бродвейлік мюзиклдің: «Моя прекрасная леди», «Скрипач на крыше», «Отверженные», «Кошки», «Звуки музыки» т.б., ал француз мюзиклдерінен айтсақ, «Нотр Дам де Пари», «Ромео и Джульетта», «Маленький принц», «Али –Баба», «Дон Жуан» т.б. қойылымдар әлемге танылды. Ал Ресейдің «Норд-Осты»– бұл ғаламдық деңгейдегі орыстың ең бірініш мюзиклі. «12 стульев», «Орфей и Эвридика», «Юнона и Авось» туындылары көптеген елдерді мойындатты. Мұның бәрін тізбелеп отыруымыздың себебі, ұлттық құндылықтарды насихаттау барысында бұл өнерді пайдалануға болатынын айтқымыз келеді. Бұл орайда біз өзгенің «қаңсығын» емес қазақтың рухын, болмысын, салт-дәстүрін насихаттайтын ұлттық дүниені жасауға тиіспіз. Батыстың көшірмесін жасағаннан абырой келмейді. Рас, қазаққа алғаш мюзикл алып келуші Болат Атабаев ұлттық құндылықтарды, бөрік, қамшы, шапан тәрізді сыртқы келбетпен емес, ішкі жан-дүниемізбен көрсетуге тырысты. Бұл жөнінде Болат Атабаевпен сөйлескенде: ««Еңлік-Кебек» пьесасын қоюға дайындық жүріп жатқанда, М. Әуезов «Қашан тымақ пен қамшыдан құтылар екенсіңдер» деп есіктен шығып кетіпті. Ондағы жазушының айтпағы – сыртқы көрініспен, яғни киіммен емес, қазақылықты ішкі жан дүниеңмен көрсетуді айтқан шығар деп ойлаймын. «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан-Сара» секілді ұлттық дүниені сахнада мұражайға айналдырмауымыз керек», – деді. Осы бағытта жұмысын бастаған «Ақсарай» мюзикл театры қазір «Мысықтар патшалығы» мюзиклына музыка жазып жатыр. Сонымен қатар театр ұжымы алдағы уақытта Б. Қораевтың «Я твоя – Антислава», түрік авторы Тунджер Джлодженглудің «Қар көшкіні» атты драмалық спектакльін халыққа ұсынбақ. «Я твоя – Антислава» пьесасы– психологиялық драма. Бұл жанр Қазақстанда дамымаған. Психодрама–психотерапияның бір түрі. Ал Батыста бұл ежелден келе жатқан жанр. Психодрамада адамды сөзбен емдейді. Мәселен Батыста мұндай спектакльдерге жұрт әдейі барады екен. Яғни ондағы әртіс жаны ауру адамды сөзбен емдейтін функцияны атқарады. Сонымен қатар Б. Атабаев бұдан басқа да туындыларды дайындап жатыр. Мюзикл және ұлттық өнер Кейінгі жылдары бізге мюзикл жанры келгенімен, ол ел арасында толықтай танылып, сіңісіп үлгерген жоқ. Бұған дейін бізде музыкалық спектакльдер болды. Операның өзі музыкалық спектакльдің бір түрі. Ал мюзиклдің ерекшелігі — мұнда әртіс әнші, музыкант, биші, спортшы болуы тиіс. Көрер көзге жеңіл көрінгенімен, әртіске өте қиын. Мюзиклдің бойында музыка, драма, хореография, оперетта, опера, акробатиканың элементтері бар. Әртүрлі жанрдың бір жанрда бірігуі оның тартымдылығын арттырады. Мюзикл– қойылымдық жанр (кейде музыкалық комедия деп аталады). Мюзиклге арналып жазылған пьесаны қоюшы режиссер сахнаға шығарады. Жалпы мюзиклды театрдағы коммерциялық жанрдың түрі деп те айтуға болады. Драмалық спектакльде әртістің ойыны мен сөзіне және сюжетіне басты назар аударылса, ал мюзиклде–музыка, ән, биге көп көңіл бөлінеді. Десек те, қазаққа мюзикл жат емес. Өйткені, бізде бір басында бірнеше өнері бар сал-серілер аз болмаған. Бір жағынан мюзикл өнері сол бір сал-серілердің ұрпақтарын жаңа бір қырынан танытуы мүмкін. Жаңа жанр hәм жердегі Жамбыл Ал енді «Қазақстанда мюзикл жанры қалай дамып жатыр?» деген сауалға келсек... Қыз Жібек пен Төлегеннің трагедиялық махаббаты қазақ халқының танымал аңыздарының бірі. Оған көптеген режиссерлердің назары түсіп, еліміздің әртүрлі сахналарында бірнеше рет қойылды. «Қыз Жібек» операсы да талай жылдан бері Абай атындағы опера және балет театрының сахнасынан әлі күнге түскен жоқ. Кезінде М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қоюшы режиссер қызметін атқарған Болат Атабаев та осы тақырыптан тысқары кетпей, өзіндік түсінігіндегі «Қыз Жібек» мюзиклін дайындап, халыққа ұсынды. Осы театрдың көркемдік жетекшісі Б.Атабаев елудегі Қыз Жібек пен алпыстағы Төлегенді сахнадан көргісі келмепті. Сол себепті, өзіндік қабылдауындағы туындыны халыққа ұсынған. Біздің ойымызша, ол қойған «Қыз Жібек» мүлдем басқа, шынайы болып шықты. Жібек, Төлеген мен Бекежан арасындағы драмалық қатынасты жас көрермен өз қатар-құрбысының жай-күйі тәрізді қабылдады. Осы спектакльдегі әйгілі ән-жырды өз дауыстарының нақышына келтіре орындаған әртістер қазіргі заманның ырғағымен би де биледі. Хор, балет пен әртістік өнері үйлескен спектакльде экрандық бейнекөрініс тәрізді жаңа әдіс тәсілі де қолданылды. Жазық дала, аспан, өзен тәрізді табиғат көріністері арнайы монитор арқылы көрсетілді. Дегенмен де бұл жаңа Қыз Жібекті әркім әртүрлі қабылдады. Көпшіліктің пікірі екіге бөлінді. Бұл жөнінде Б. Атабаев: «Жалпы дағдарыс ұғымы тек экономика саласына ғана қатысты емес. Менің театрда еңбек еткеніме 30 жылдан асты. Осы уақыттың ішінде өнердегі дағдарыс дегенді естіп келемін. Дағдарыс тек сахнада болмайды. Ол тұтынушының көкірегінде, ойында да болады. Мәселен, Алматыдағы Достық көшесінің бойында Жамбыл ескерткіші бар. Ол басқа ескерткіштер тәрізді тұғырда орнатылмаған. Жамбыл жерде отыр. Осы ескерткішті алғаш қойғанда жұрт «Басқаларын тұғырға, Жамбылды жерге отырғызып қойғаны қалай?» деп жағаларын ұстады. Міне бұл рухани дағдарыстың көрінісі. Өзіңіз ойлаңызшы, неге Жамбыл тек тұғырда тұруы керек? Ол өзеннің жағасында отыруы, тіпті менімен бірге отыруы мүмкін емес пе? Мұның себебін біздің санамызда Кеңес үкіметі кезінде біржақты қалыптасқан көзқарастан іздеу керек. Өнер адамдары келіп, осы қатып қалған түсінікті бұзуы қажет. Менің спектаклімді бәрі қабылдап, не болмаса бәрі сынап жатса, ол жақсылықтың нышаны емес. Көрерменнің екіге бөлінуі мен үшін үлкен жетістік. Жалпы сынды мін деп түсінбеу керек. Пушкиннің «Критика – это поиск достойнство» деген сөзі бар. Менің қойылымымды көріп, менің заңдылығымды түсіңдің бе? Ендеше осы заңдылықпен ғана сынауға тиіссің. Біздегі сыншы комедияны көріп отырып, трагедия заңымен сынамақшы болады. Яғни, сыншыларымыздың кәсіби деңгейі төмен»,– дейді. Сөз жоқ, осы сөздер арқылы Б. Атабаев өзіндік ойы бар екендігін, тың шешімдерге баруға қорықпайтындығын әрі тақырыпқа терең бойлай алатындығын көрсетті. Ұлттық құндылық қай деңгейде насихатталады «Қыз Жібек» алғаш сахнаға қойылғанда көрермендер залға лық толды. Осы спектакльмен театр ұжымы Қазақстанның барлық қалаларын аралады. Тбилиси мен Ашхабадқа да гастрольдық сапарларға барып қайтты. Бұл мюзиклдің ерекшелігі– жаңашыл көзқарастағы жас әртістер ойнады. Егер де біз Қыз Жібекті байдың қызы ретінде білсек, Б. Атабаевтың «Қыз Жібегінде» ол қарапайым қыздың бірі. Кезінде ««Қыз Жібектің» бұрымы, үкісі қайда?» деген сын-пікірлер де айтылды. Себебі, біздің санамызда Қыз Жібек байлыққа малынып, әдемі болып үлбіреп отырған байдың қызы бейнесінде қалыптасқан. Ал Б.Атабаев «Қыз Жібекті» осы қалыптан шығаруды мақсат етті. Әрі сол мақсатына жетті. Режиссер өзіндік көзқарасымен жаңа «Қыз Жібекті» халыққа ұсынды. Мысалы, кезінде осы жөнінде марқұм Райымбек Сейітметов былай деген еді: «Шығарманы сахнаға дайындағанда режиссердің алдына қойған мақсаты болады. Сол мақсатқа кім қалай жетеді, ол шеберлігіне, қабылдау ерекшелігіне байланысты. Әртіс жасандылыққа ұрынды ма, режиссер уақытында оны түзей алмады ма, онда спектаклдің құлағаны. Құрғақ, жүрекке жетпейтін ойынмен көрерменді еліктіре алмайсың. Тыңнан жол іздейтін Б. Атабаевтан күткеніміз көп еді. Ерекше сендім. Өрескел ештеңесі жоқ. Жаңа қойылған «Қыз Жібек» маған қатты ұнады». Иә, бұл мюзикл қазіргі заманға сәйкес жаңаша тыныспен қойылғандықтан әрі өрімдей жас әртістер ойнағандықтан да өзгеше болып шықты деп айтсақ артық болмас. Мюзикл театры қалай жасақталды Б.Атабаетың труппасында 31 әртіс жұмыс істейді. Олардың жасы 22-23 шамасында. Көпшілігі Б.Атабаевтың өзі тәрбиелеген шәкірттері. Олар Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлектері. Ал бірқатары Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория мен хореография училищесін бітірген жастар. Б.Атабаев: «Жүргенов атындағы Өнер академиясының музыкалық-драма бөлімінде сабақ бердім. Онда балалар акробатикамен шұғылданған жоқ. Мен 2005 жылдан бастап өзімнің шәкірттерімді хореограф, хормейстерді арнайы шақырып, мюзикл театрына баули бастадым. 2007 жылы сол балалар оқуын бітіріп шықты. Қазір олар менің театрымның әртістері. Әрине олар әлі де мюзикл театрының әртістері деген деңгейге жеткен жоқ. Музыкалық-драма бөлімін бітірген балалардың даусы, драма әртісі ретінде қабілеті болады. Менде басқа факультеттен ауысып келген бір әртісім болды. Вокалдан сабақ беретін педагог «оның даусы жоқ» деп өре түрегелді. Мен «даусы жоқ болса шығарыңдар» деп тапсырма бердім. Ақырында даусын шығардық. Мұны айтып отырған себебім, еңбектенсең нәтиже шығады. Ең бастысы тәртіп болу керек. Хор мен би ұжымдық өнер саласы болғандықтан адамды тәртіпке баулиды. Олар бір-біріне көңіл аударып, тыңдауы қажет. Бір-бірін түсінетін, бір-бірінің қас-қабағына қарайтын, зейін салатын мамандар жұмыс істеуі керек. Менде хореография училищесін бітірген балалар да бар. Олар театрға келгеннен бері вокалмен шұғылданып, дауыстарын ашты, енді драмадан сабақ алып жатыр. Консерваторияны бітірген екі балам бар. Олар вокалды жақсы меңгерген. Мен оларды әдейі жұмысқа алып отырмын. Себебі басқа әртістер осы екі әншіміздің ән салғанына қарап, талпынады, өзгеруге тырысады. Бірақ маған ұнамайтыны, консерваторияда табиғи әдемі дауысты жасанды дауысқа айналдырады. Келген әртістердің табиғи негізін іздеймін. Әрине 31 әртіс мюзикл театры үшін аз. Алайда сол әртістердің барлығы әмбебеп болса, яғни кәсіби деңгейде ән салып, билеп, әртіс ретінде ойнап, акробатикамен шұғылданса, онда олардан мюзикл театрын жасауға болады»,– дейді. Мюзикл театры болу үшін өзінің шарты бар. Кем дегенде 5 бірінші сопрано, 5 екініші сопрано, 10 тенор, 5 баритон, 5 бас дауысты әртістер, ең аз дегенде 12 биші болуы қажет (6 қыз бала, 6 жігіт). Әрі олар әртістік шеберлікті игеруі тиіс. Мұның бәріне әзірше Б. Атабаев әртістерінің ресурсы жетпей отыр. Бірақ та оның труппасының ерекшелігі, ол арнайы жеке биші, әнші, драма әртістерін ұстап отырған жоқ. Қазақтың қалтасы мюзиклді көтере ме? Әрине, бір істі қолға алғанда алдымен қаржы қажет болады. Б.Атабаевтың идеясын, бар мүмкіндігін жарыққа шығару үшін қомақты ақша да керек. Демеушілік көрсетіп отырған қалталы азаматтар ұлттық дүниеге қалай қарайды? Алғашында жас театрға «Пантеро» атты жарық, дыбыс аппараттарын сатумен айналысатын фирманың директоры Дәурен Жұмағалиев демеушілік көрсетті. Яғни сол кездегі әлі студент әртістердің жалақысын төлеп, жағдайын жасады. Қазір ол Республика сарайының директоры. Кейін «Қыз Жібек» мюзиклі сахнаға шыққан соң, «Тұран Әлем Банк» басшылығының назары түсіп, «Орта Азиядағы тұңғыш мюзикл театрына меценат болайық» деп ұсыныс білдірді. Соның арқасында театр осы уақытқа дейін жұмысын тоқтатқан жоқ. Театрдың бүкіл шығынын мойнына алып, әртістер, хореограф, вокалдан сабақ беретін педагогтер, балетмейстер, концертмейстердің жалақысын ай сайын төлеп отырды. Онымен қоса театрдың тігін цехын қаржыландырып келді. Тек осы жылдың қаңтарынан бастап белгілі бір жағдайларға байланысты театрды қаржыландыру уақытша тоқтатылыпты. Ал Б.Атабаетың мақсаты – театрды сақтап қалу. Қандай іс болмасын соңы қаржыға тіреледі. Қазақ мюзиклінің ертеңін де ақша шешеді. Оның ұлттық нақышқа ие болуы да сол қаржыны беретін атымтай жомартқа байланысты. Бағытымыз батысқа бұрылып кетпесін Біз әңгіме еткен мюзикл жанры ертеректе шығыста пайда болыпты. Үнділер мен қытайларда ежелден ән, би, сөз, қимыл-әрекет, акробатика элементтері арқылы ақпарат алмасу болған. Бірақ жүйелі түрде мюзикл Батыста дамыды. Бізге опера, балет тәрізді мюзиклдің түбі келетіні айқын. Оған қазақтың өнері дайын болуы керек. Себебі бізге Ресейдің, Батыстың көшірмесі қажет емес. Ендеше бұл жанрды біз ұлттық негізге сәйкестендіріп жасай аламыз ба? Үндістан Болливудты құра отырып, өзінің үнді фильмдерін бүкіл әлемге әйгілі етті. Олар өздерінің салт-дәстүрін, ұлттық бояуын сақтай отырып, кино индустриясын әлемдік масштабта дамытты. Осы бір тәжірибеден өткен тәсілді неге бізде қолданбасқа? Осы жөнінде Б. Атабаевтың пікірін білген едік. Режиссер өз театрында «Чикаго», «Мулен Руж» тәрізді белгілі мюзиклдерді қоюды мақсат етпейтіндігін айтып өтті. Оның ойынша, бұл Батыстың тақырыбы, Батыстың мюзиклы. Шындығына келгенде, біз бұл туындыларды олардан артық қоя алмаймыз. Сол себепті де Б. Атабаев өз театрында қазақтың шығармаларынан мюзикл жасауды мақсат етеді. Түйін сөз: Қазір театр қаржылай қиындыққа қарамастан, «Ер Тарғын» мюзиклін дайындап жатыр. Сонымен қатар келешекте «Алдар көсе» мюзиклін қоюды жоспарлап отыр. Әзірше «Алдар көсенің» музыкасы ғана дайын. Мұнан біздің елде мюзикл жанры дамып жатқанын аңғарамыз. Қай бағытта. Батыстық, әлде... Ал оның дүмпуін алдағы уақытта көре жатармыз... Тақырыпқа орай Біздің мюзикл музыкалық қойылымнан аса алмайды? Әубәкір Рахымов, режиссер Әрбір өнер ізденістің арқасында дамиды. Біздің театрларда бұған дейін музыкалық спектакльдер (музыкалық драма, музыкалық комедия) қойылып келген-ді. Енді міне, батыстан келген мюзикл жанрында да спектакль қоюға ұмтылыс жасап жатырмыз. Біздің әртістер мен режиссерлер ол жанрдың қиындығына қарамай меңгере алатынына сенемін. Алайда мюзикл жанрына лайықты бір спектакль қоюдың өзіне қомақты қаржы керек. Яғни декорация, әртістерге костюм, техника қажет. Мысалы, Америкада Бродвейде 1 мюзикл қою үшін 200 миллионнан аса доллар бөлінеді екен. Ондай қаржы болса, бүкіл армандаған дүниені жасауға болады. Біріншіден, бізде ондай қаражат жоқ. Сол себепті біздің қазір қойып жүрген мюзиклдеріміз музыкалық спектакль деңгейінен асқан жоқ. Болат Атабаевтың таза, кәсіби тұрғыда қойылған «Қыз Жібек» мюзиклін көрдім. Бірақ та оны мюзикл жанрының талабына толығымен жауап береді деп айту қиын. Себебі мюзикл болған соң сахна соған лайықты безендірілу керек. Костюмдер де мюзиклге арналып тігілгені жөн. «Қыз-Жібекте» декорация тек ғана шүберекпен жасалған. Қолдың қысқалы күнделікті қарабайыр дүниелердің ар жақ бер жағындағы қойылымды дүниеге әкелді. Әрине бұл Болаттың кінәсі емес. Десек те, «мюзикл» деп айдарлаған соң, оған қатты мән берілу керек. Яғни әрбір би, көріністің өзі жоғары деңгейде қойылғаны жөн. Сонымен қатар, мюзиклге арнайы шығарма жазылу керек. Мысалы «Қыз-Жібек» музыкалық спектакльге арналып жазылған. Мұны музыкалық спектакльден мюзиклге ауыстыру үшін музыкасын толығымен өңдеп жазу керек еді. «Қыз-Жібек» операсының музыкасы симфониялық оркестрмен жазылған. Оны инструментальды музыкамен жазып, өңдеу қажет. Екіншіден, драматургиялық пьесаның өзін қайта өңдеп, мюзиклге лайықты ету керек. Оған Болат Атабаев театрының мүмкіндігі жоқ. Ол үшін орасан қаражат және білікті мамандар керек. Тағы бір айтып кететін нәрсе, мюзиклде операдағыдай талап қойылмау керек. Операға қарағанда мұнда орындалатын ариялар жеңілдеу болуы тиіс. «Ақсарай» театры «Қыз Жібек» мюзиклінде бұрыннан келе жатқан Брусиловскийдің халық музыкасын алып, қолданды. Бұған да кінә арта алмаймыз. Осындай жайда отырып, біздегі мюзикл музыкалық қойылымнан аса ала ма? Белгісіз. Десек те, өзіміздің төл мюзиклімізді жасауға талпынатын кез келді. Осы қалай? Тұңғышбай Жаманқұлов, режиссер Мюзикл әркімнің тісі бата бермейтін, әртістердің шеберлігін, режиссердің суреткерлік шеберлігінің мықтылығын көрсететін жанр. Бір жағынан қазақ халқының табиғатына келеді. Себебі қазақ халқына өнердің бәрі жат емес. Қазақ әнші, биші халық. Қосылып ән айту да бізде бұрыннан бар. Қазіргі терминмен оны хор деп атайды. Мюзикл– көптеген өнердің басын қосқан синтезді жанр. Жалпы бұл жанр әрбір халықтың өнерінің, өркениеттілігінің биіктігін көрсетеді. Басқа ұлттарда бұл жанр өте жоғары дәрежеде дамыған. Мен Германияға барғанда бір мюзиклді көріп, керемет әсер алдым. Онда акробатика, фокус, би, балет, музыка, ән, сөз барлығы тоғысқан. Ғаламат үлкен оқиға. Режиссердің қиялының шарықтау шегі бар. Соның бәрі бізге біртіндеп келеді деп ойлаймын. Алғашқы қадамын Болат Атабаев жасады. Болаттың «Қыз Жібек» мюзиклін классикаға басқаша көзбен қарау, классикаға еркін келу деп түсінемін. Баяғы канондарға табынып қалмай, ескі рамкалардан шыға отырып, суреткерлік қиялды шарықтатып көрсеткен. Қабылдауға болады. Консерваторлар қабылдамауы да мүмкін. Классикалық тұрғыдағы опера театрындағы «Қыз Жібекті» де қабылдаймын. Екеуі екі бөлек талғамның, екі бөлек режиссерлік шешімнің ісі. Б.Атабаев ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып, Қыз-Жібекке қарапайым бүрмелі көйлек, камзол кигізіп қойған, Қыз-Жібектің психологиясын бүгінгі жастардың психологиясына жақындатуға тырысқан. Тек жарқ-жұрқ еткен музейлік нәрселер мүлде жоқ. Себебі ол Қыз-Жібектің ішкі жан дүниесін көрсетуді мақсат тұтқан. Ол мақсатына жетті. Біз осылай қазақ екенімізді сырға, алқа, киіммен емес, ішкі тәрбие, жан дүниемізбен көрсетуіміз керек. Мира Майшығұлова

5848 рет

көрсетілді

194

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы