• Қоғам
  • 19 Наурыз, 2009

Рақымы мол Рахметулла

90-шы жылдардың басы болуы керек. Мұғалжар аудандық газетінің сол тұстағы бас редакторы Жолдымұрат Сегізбаев кешқұрым менің қызмет орныма келді. Жанында орта бойлы, жүзі жылы, сүйкімді жігіт бар. Таныстық, сол аудандағы жұмысшыларды жабдықтау мекемесінің бастығы екен. Аты-жөні Рахметулла Мүсіркегенов. Шаруаларын айтты, сол мезгілде Рахаң жаңа қызметке ауысқалы жатса керек, ауылдағы бір жазғыш қолға қалам алып, ол жайлы «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жоғары орындарға сүйкеп жіберген, соның бір данасы біздің облыстық газетке де жеткен. Асықпай тексеріп, анықтадым. Арыз келіп түскені рас екен, тіптен газеттің сол күнгі санында жарияланып барады. Заңдылығында редакция ұжымына ертең әуре-сарсаң болмас үшін мұндай шағым-мақалаларды алдын ала тексерген дұрыс. Ол тұста басшымыз Нұрқайыр Телеуов еді, мәдениеті биік, түсінігі мол адам, жағдайды айттым, тез арада мақаланы алып қалуды ұсындым, мұнымды ол кісі қабыл алды, бірақ автормен сөйлесу, ол кісідегі нақты деректерді айқындайтын құжаттармен танысу маған жүктелді. Сол күннің ертесіне автор да келіп жетті, дұрыс-ақ адам, өкініштісі, қолында мақаладағы фактілермен қабысып жатқан құжаттар болмай шықты, жете түсініскен соң өзі де қысылып қалды. «Аққа құдай жақ» дейді ғой жаңа танысқан азаматымызды сол бір жабысқалы тұрған жалған кірден тез арада тазалап алдық. Расында, Рахметулланың адамдығы мол, қайрымды азамат екенін бүкіл мұғалжарлықтар жарыса айтады. Онымен бала кезден бірге өскен Ақтөбенің танымал азаматтары Сергей Барышев, кезінде қызметтес болған Серік Шаңғұтовтар Рахаң жайлы жылы лебіздерін қашанда бүкпейді. Ақтөбемұнайгаздың сол кездегі бас директоры Сергей Петрович Зиминнің өзі де Рахаң десе ішкен асын жерге қояды, оның адал да ақкөңіл пиғылын өзге ұлттарға өнеге етіп жеткізеді. Рахаң дәл сол бізге жолыққан жылы «Ақтөбемұнайгаз» бірлестігінің жұмысшыларды жабдықтау басқармасына бастық болып бекітілді. Ол уақытта отбасы Қандыағашта тұратын. Бірде жолсапарға шыққанда үйіне де соқтық. Рахаңның кең мінезді, жаны жайдары Дәмеш атты зайыбының қолынан тәтті шәй ішіп, риза болғанбыз. Рахаң мен Дәмеш бірнеше ұл-қыз өсіріп отырған ел сыйлаған жанұя екен. Атышулы 1992 жылғы Кеңқияқ оқиғасынан соң мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын түзеуге келген Рахаң жұмыс жасаудың жаңа формасына көшті, оның мақсаты – мұнайшылардың талап-тілегін орындау, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын көтеруде бүкіл шараларды іске қосу еді. Уақыт өз дегенін жасайды. Бүкіл қазақтың құрметтісі атанған орыс азаматы Сергей Зимин ұзамай қызмет бабымен Мәскеуге ауысты, орнына келген Найф Камалов та көргені көп адам, ешкімнің бетіне бақыра әңгіме айтпайтын, кез-келген маманмен адами тұрғыда түсінісе сөйлесетін тәжрибелі басшы болып шықты. Найф Гатуфұлы кім адал еңбек етсе соны өзіне дос санады. Ол кісі әп дегеннен-ақ Рахметулла Абдоллаұлына аса сыйластықпен қарады, оның үстіне бірін-бірі бұрыннан біледі екен, сонан болар жаңа бас директор Рахаңның қабілетін, іскерлігін, қиын сәтте төте жол табатын тапқырлығын құрметтеді. Осындай бір түсіністікпен орындалған жұмыс Рахаңа ылғи алғыс әкелді, бірлестік бойынша белді жетекшілер қатарында есімі үнемі мақталатын болды. – Өмір өз дегенін жасайды, – дейді Рахаң. – Мен мұнай саласына келіп мұндай абыройға бөленемін деп әсте ойлаған емеспін. Аудандарда қызмет жасаған жылдарда есімде мәңгі жатталып қалған ағалар. – Жағыпар Әміров пен Қуандық Әлішевтерден үлкен өнегелілікті үйрендім. Бұл кісілердің бойларында біз қабылдайтын адами қасиеттер жетіп жататын. Жағыпар ағамен аз жұмыс істесемде ол кісінің көзіміз көріп, құлағымыз естіген көптеген кемелді ақыл-кеңестері әліге дейін жадымда. Комсомолда шыңдалған, партияда өзін аса талантты басшы ретінде таныта білген Жағыпар Әмірұлы аудан басқарған тұста аса байсалды, салмақты, аз сөйлеп көп тыңдайтын жетекші екенін көрсетті. Өмірдегі үлкен ұстазымның бірі Қуандық Зинешұлынан да көп үйрендім, ауданда бірге қызметтес болған мезгілде ол кісінің бойындағы қайсарлықты, батырлықты, батылдықты қабылдадым. Онан беріде Сергей Петровйч Зиминмен иықтаса еңбек еттім, орыс азаматының бойынан ұлтқа бөлмейтін бауырмалдықты көрдім, әділдік үшін жанын пида етуге даяр достықты ұғындым. Одан соң тағдыр мені ұлты татар Найф ағамдай өндірістің білгірімен қызметтес қылды, бұл азаматтың да адам алалағанын еш уақытта білмеппін, ылғи да қамқорлық жасап жүргені. Ақтөбе мұнайына қытайлар билікке келгелі беріде он жылдан астам уақыт өтті. Қазақ мұнайын қытайлар басқарды дегенмен бүкіл өндірісте, инженер-техникалық қызметтерде негізінен өз ұлтымыздың өкілдері еңбек етеді. Алғашқы кезде бас акционердің талаптарын орындау барысында жергілікті жетекшілердің қайсыбіреулері төтеп бере алмай басқа қызметке ауысып жатты. Ал Рахметолла Абдоллаұлы болса өзін нағыз білгір жетекші екенін көрсетті. Нәтижесінде ол бұрынғы басқарма бастығы қызметінен жаңа лауазымға – Бас директордың орынбасарлығына тағайындалды. Оның ойы терең, жаны сезімтал. Қашан көрсеңде бір ғана өндірісті емес, өзіне қатысты саланың мәдениетіне, рухани өркендеуіне жиі көңіл бөледі.Бастапқы жылдарда жекелеген қытайлықтар қазақтың тілін үйренуге ұмтылыс жасап, Рахаңа әдейілеп келіп өтініште айтқан-ды. Ұзамай бас мекен-жайдан қазақ тілі кабинеті жасақталды, арнайы әлеуметтік сала бөлімі өмірге келді,оған жетекшілікке облыстың танымал азаматы Өтеміс Әкімов жетекші болып бекіді. Өзімізді айтпағанда қытайдың кейбір азаматтары ертеңгілік жүздескенде қазақша амандасу дәрежесіне жетті. Бас директордың орынбасары болып жасайтын Пэй есімді қытай азаматы қазақтың тілінде еркін әңгімелесе алатын болды. Бұл дегеніңіз шынында үлкен жетістік еді. Сөз жоқ жоғарыда айтылған игі істердің басы-қасында қашанда Рахметолла Абдоллаұлы болғаны анық. – Рахаңды көптен білемін, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов. Ол ақкөңіл, бауырмал, ұлтжанды азамат. Басқармаға басшылық жасаған тұста мені әдейілеп шақырып алып, «Кеңес аға, ел басқардыңыз, абыройлы адамсыз, маған көмектесіңіз, осындағы ұлттық идеологияға өзіңіз басшылық жасап бәрін де қолға алыңыз», – дегені. Шынымды айтсам, бастапқыда ойландым, әп дегеннен келіскен жоқпын, оған себеп ертең сенімнен шықпай қалсам, ұяттың көкесі сол екенін ұғындым. Екінші рет тағы да айтты, сонымен Рахаңның шын ықыласына түсіністікпен қарап көмекке келдім, шүкір, бәрі де өзі талап еткендей шешімін тапты. Қазақ тілі бөлмесі ашылды, керекті жабдықтар сатып алынды, мекемеде ұлттық дәстүрді көрсететін кейбір көріністер өмірге келді, ұжымдағы еңбек ететіндердің өз тіліміздегі басылымдарды, баспадан шыққан қазақша кітаптарды көптеп оқуына мүмкіндік туды. Бір ғана факт, сол кезде біздің басқармада бірде-бір адам «Ана тілі» газетін жаздырып алмайды екен. Рахаңның тікелей тапсырмасымен сол жылдың өзінде 400 данаға жазылу қамтамасыз етілді. Рахаңды шаруаң болып іздей қалсаң табу, онымен жолығу қиынның қиыны, ылғи да жолсапарда жүргені. Бірде Ресей, бірде Қытай, енді бірде Астана, ең болмағанда «Жаңажолда» жол сапарда дегенді естисің, бәрі де іс мүддесі, мекеменің шаруасы, үлкен бір шараның орындалуы жолындағы талап. Жақсының жақсылығыг айту парыз. Соған орай бірер мысал келтірейік. Бірде өзім сыйлайтын Ораз атты қарт келді. Қабағы қатулы, немересінің қолында шетелге баратын жолдамасы бар, жол қаражаты жоқ екен. Жаңағы ақсақалды жедел Рахаңа жібердім. Сол жерде сұраған қаражатын қолына беріп шаруасын шешіпті. Тағы бірде облыс бойынша мемлекеттік тілден өткен байқаудан бас жүлде алған талантты баланы ертіп ақын досым жағдай айтып келді. Бұл жолы да олардың шаруасына Рахаң көмектесті. Бүгінгі байлардан мұндай мейрімділікті көру тым қиындап бара жатқаны шындық қой. Көздері жұмылғанша тойдымды білмейтін кейбір байсымақтар өзінен басқа өзгені көруге мүлдем жоқ. – Мен аса бай емеспін, табысым шүкір жоғары. Тоқсанға келіп өмірден озған анамның мына бір «шамаң келсе жетім мен жесірге көмектес, қиналғанға қол ұшыңды бер» деген ұлағаты санамда мықтап орныққан. Сондықтан алдыма шын қиналып келгеннің бәріне шама жеткенше көмектесу менің тынысымды кеңейтіп, жан дүниемді жадырататындай әсер етеді. Рахаң ұлттық тілдің үлкен жанашыры, акционерлік қоғамда «Ана тілі газетінің жыл сайын бірнеше мыңдап тұрақты жазылуына игі ықпалын тигізіп отырғанда осы азамат. Биылғы жылы ол ұлт газетіне 2000 данаға жазылуды қамтамасыз етті. – Рахаңның шаруасы сан-алуан, соның бәріне уақыт табады, – дейді өзінің аса сыйлас әріптесі Қандағаш көлік басқармасының бастығы Жұмабек Өтегенов. Жасыратыны жоқ, бұрындары осы салада жұмыстар ақсап жататын, халық ренжіп, тіптен ереуілге шығып, жанайқайлары Астанаға жеткен де мезгіл болған. Осы салаға Рахаң басшылық жасағалы оның бірі жоқ, барлық жерде тыныш, тәртіп орнаған, адамдардың ризашылығы өте жоғары. Мұның өзі Рахаңның міндетіне аса жауаптылықпен қарағанын айғақтайды. Рахаң берекелі отбасының қожасы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып бірнеше немере сүйіп отыр. Ұлы Нағымет те әке жолын қуған мұнайшы, шетелде білім алды, бірнеше тілді меңгерген. – Мен бақытты анамын, – дейді Рахаңның адал жары Дәмеш. Ұлым да, қызым да бар, бәріде құтты орындарына қонды. Рахметолла Абдоллаұлына жақында акционерлік қоғамның жаңа ең ірі саласы – транспорт, байланыс қызметіне басшылық жасау қосымша жүктелді. Бұл да үлкен абырой, оған деген сенім. Еңбек абыройы өз алдына, ал рухани абыройдың мерейі одан әлдеқайда биік, – дейді Рахаң. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілге, мәдениетке, өнерге, әдебиетке жаны ашымайтын бірде қазақ болмауға тиіс. Елбасының осы бағытта айтқан әрбір ұлағатты әңгімесі ең басты қаруымыз болып қала бермек. Рахметолла Мүсіркегенов Ақтөбенің ең танымал азаматтарының бірі. Сол Рахаң бүгін алпыстың биігіне шығып отыр. Асқар таудай болған азаматқа елдің алғыстан басқа айтары жоқ. С.Нұрымбетов, Ақтөбе қаласы.

3635 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы