• Тіл
  • 19 Наурыз, 2009

Қазақ санасында реформа болмай, тіл түзелмейді

Арба да сынбайды, өгіз де өлмейді Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы № 127 Жарлығы және Елбасының осы жылы 24 қазанда Астана қаласында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен кейін мемлекеттік тілге мойын бұрылды, көзқарас өзгерді. Іле-шала Үкіметтің арнайы отырысы болып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесіне орай жұмыс тобы құрылды. Президенттің жоғарыда аталған Жарлығымен биыл Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігі, Үкімет Кеңсесі және Парламент бас болып, барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдары іс қағаздарын толық мемлекеттік тілге көшіруі тиіс. Дегенмен... Қайда барсаң да мемлекеттік тілге қарсы азаматтар Тіл туралы заңнамаларды көзге ілмей, алдымыздан Ата заңымыздағы 7-баптың (мұнда да оның 1-тармағын аттап өтіп) 2-тармағын («Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады») жалаңдатып шыға келеді. Мұндай дәлелден соң ештеңе дей алмайсың. Бұл нені көрсетеді? «Суға кеткен, тал қармайды» демекші, орыс тілінің жалынан айырылмай, қайткенде де мемлекеттік тілдің аяғына тұсау болу ма? Мұндай қарсылық қайдан келіп жатыр? Неге? Сұрақ көп, жауап жоқ. Ал ретін тапса орыс тілінің ұзақ уақыт «билікті» қолдан шығармауына мүдделі топ қазақ тілінің жеке-дара «шабуына» қарсылығын тоқтатар емес Арнайы Жарлық бар, «Тіл туралы» Заң бар, жұмыс неге жүрмейді. Сонда не істемек керек? Меніңше, жұртты екі жарып, тайталастырмай, осы 2-тармаққа «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» «қажет болған жағдайда» деген сөз тіркесін қосып, бәріне нүкте қою керек. Біз үшін шын мәнінде шет тілі болуға тиіс орыс тілінің көкжиегін тарылтпайды, қайта қажет болған қандай да бір жағдайда да мемлекеттік тілмен қатар қолданып отыруға мүмкіндік береді. Ал керісінше «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тармақ бажайлап қараған адамға орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл секілді үлкен мәртебе беріп, қазақ тілінің мүмкіндігін шектеп тұр. Мемлекеттік тіл қандай жағдай болса да, өзге тілден оқ бойы озық тұруы керек. Бұл жерде тағы да бір қосарымыз, «Ресми түрде» деген сөз тіркесін біздің журналист ағайындардың өзі «ресми» деп жазып, ушықтырып жүр. «Ресми түрде» деген «ресми» дегенді білдірмейді. Олай болғанда оның мәртебесі мемлекеттік тілдің нақ өзі болып шығады. Осыны ұғатын кез жетті. Сонда Қазақстан Республикасы Конституциясы 7-бабының 2-тармағы былай болып шығады: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қажет болған жағдайда, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Бұл – ешкімнің құқын шектемейді. Қазақ тілінің жоғарыдағы қаулыда көрсетілген мемлекеттік мәртебесін бекітіп, қажет кезде орыс тілінің де қолданылып отыратынын айқындай түседі. Бір ғасырға жуық етегімізден кіріп, санамызды түгел жаулап алған орыс тілі ешқашан жапа шекпейді. Әлі талай жыл жағамыздан алып, жағаласумен болады. Ендеше орыстілді ағайындарға әл-әзір қорқа қоятын ешқандай қауіп жоқ. Есесіне осыған дейін тілінен айырылудың аз-ақ алдында қалып, еңсесі басылған қазақ халқы тілін барлық салада толық қолдану құқына ие болады. Мемлекеттік органдар мен ұйым басшылары іс қағаздарын қазақшаға көшіре бастауына байланысты құжаттардың мемлекеттік тілде немесе өзге тілде дайындалса, қазақ тіліне аударылып екі тілде келуін талап етіп, бір-бірімен хат алмаса бастады. Бұл үдеріс мұнымен шектелмейді, қаншама қағазды мансұқ етіп, осы тұрғыда бір-бірімен хат жазыса береді. Сондықтан мұндай түсінбестіктерді болдырмау үшін «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 9-бабын («Мемлекеттік болған жағдайда, мүмкіндігінше, басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін») «Мемлекеттік органдардың актілері және басқа да құжаттары мемлекетік тілде әзірленіп, қабылданады, ал орыс тілінде әзірленген жағдайда, міндетті түрде қазақ тіліне аударылып, екі тілде қабылданады» деп өзгерту де ешкімнің құқын бұзбайды. Басқа түктің де қажеті жоқ. Осы екі өзгеріс қазақ тілінің тағдырына түбегейлі бетбұрыс жасайтын болады. Тек оның орындалуын жіті бақылап отыру керек. Ол үшін ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің Тіл комитетіне тіл заңнамаларының орындалуын бақылау және бұл заңнама талаптары орындалмаған жағдайда кінәлілерді жауапқа тарту құқығы берілуі тиіс. «Ов», «евтен» қашан құтыламыз? айта-айта жауыр болса да тақырыпты дәл осылай қою керек сияқты Ата-тек, аты-жөн дегенде өткен-кеткеннің бәрі еске түседі. Бұрын жазылғандарды қайта қарайсың. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген секілді. Айтып, жазып жатқанмен қолдау, осы бағыттағы жаңа, жағымды қадамдар байқалмайды. Әзірбайжан парламентінің депутаты, оппозизиялық Азаматтық партиясының көсемі Сабир Рүстемханлы орысша фамилияларға қарсы пікірін ортаға салып, ол үшін арнайы заң қабылдауды ұсынған. Ол «Тәуелсіз мемлекеттің бір белгісі – адамдардың ата-тегінің дұрыс жазылуы» дейді. Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» осы төңіректе бірнеше мақала жазылды. Үн қатқан ешкім көрінбеді. Тіпт, тіл десе, ұлттық мүдде десе, шекесі қызатын қайраткерлеріміз де, депутаттарымыз да тырс демеді. Халқымыздың ұлттық мүддесін жалаулатып шыр-пыры шығып жүретін Мұхтар аға Шахановтың өзі «ов»-тан әлі арыла қойған жоқ. Елім деп еңіреп жүргендердің 90 пайызы «ов», «ев», «ин»-нен құтыла алмай отыр. Аты-жөні анау болса, олардың шыр-пырын кім қолдайды, оларға кім сенеді?! Олардың бұл мәселені кейінге қалдырып жүруіне не себеп? Меніңше, бірінші, көбісінің банктерде есеп-шоттары бар. Диплом, куәліктері «ов», «ев», «ин»-мен толтырылған. Бала-шағалары, жан-жарлары да осы ыңғайда. Бір құжатты ауыстырса, мың құжат ауыстырылуы керек. Қиын ба, қиын. Тіпті ауыр. Бір қарағанда, түбіне үңілмегенге ғана. 1996 жылғы 2 сәуірде Қазастан Республикасы Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шықты. Бұл Жарлықта «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады» деген. Анық та нақты айтылған. Осы кезде көптеген азамат өз аты-жөндерін дұрыстап алды (солардың қатарында біз де бармыз). Ал бұдан да көпшілігі төлқұжат ауыстыратын мекемелерде кедергілерге кезікті: тууы туралы куәліктің «төркінін» іздеттірді, аты-жөнінің бастапқы жазылуына орай қиындықтар туғызды. Өз аты-жөнін өзгертуден «қашып құтылуға» дейін апарған жәйттер кездесті. Тіпті аталған Жарлықтың «Республика Үкіметі өзінің құқықтық нормативтік актілерін және республиканың орталық атқарушы органдарының актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтіруді қамтамасыз етсін» деген 5-тармағы орындалмады. Жарлық бар, ал оны сәйкестендіретін, өмірге енгізуді реттейтін нормативтік құқықтық акті жоқ. Парадокс. «Қазақстан Республкасындағы Тіл туралы» Заңының (1997 жылғы 11 шілде) 20-бабында «Кісі есімін, әкесінің есімін және тегін ресми құжаттарда жазу Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес келуге тиіс» дегенмен, оны реттейтін арнайы заң мен нормативтік құқықтық акті болмаған соң, әркім өз аты-жөнін қалай болса солай жазуда. «Қате қазақтар» (Нұртөре Жүсіп) қаптап кетті (Жанчуаков Садвакас Жубатчанулы, Глимова (Ғылымова болар) Анелия Каиймкызы – мұны қазақша жазылмағандықтан, балталап та өзгерте алмайсың. Оған «улы», «кызы» дегендерді қосып, қазақшаладым деу бос әуре). Фамилиясының соңына «тегі» («тегі» дегенді «фамилияның» баламасы ретінде алып жүрсек, бұл «Армантегі» «Арманфамилиясы» болып шығады ғой), «әулеті» дегенді жалғаушылар көбейді. Осыны ретке келтіретін кез жетті. Қалай? Ол үшін Елбасымыздың жоғарыда аталған Жарлығы 5-тармағының талаптарын орындау керек. Қазір аты-жөн жазудың екі классикалық үлгісі бар. Біріншісі – Шерхан Мұртаза. Бұл – ешқандай комментарийді қажет етпейді. Екіншісі – Бауыржан Момышұлы. Ал олардың толық үлгісі – Марат Саматұлы Есенаман. Үшеуі де бүгінгі күннің сынына төтеп бере алады. Үшеуі де қазақтықты жоққа шығара алмайды. Бұл жерде «тегі қайсы, аты қайсы, шатастырып алмайсыз ба?» дейтіндер де бар. Карл Маркс, Фридрих Энгельс дейтін немістер, Вальтер Скотт, Чарльз Диккенс, Маргарет Тэтчер дейтін ағылшындар, Марк Твен, Джек Лондон дейтін американдар неге шатастырмайды? Әлемдік үлгіде алдымен аты, сосын тегі жазылатынын біз неге білмейміз? Неге орыстық үлгіге жабысып қалдық, айырылсақ біз танымал болудан қалатын секілдіміз. Осы жалтақтықтан арылу керек. Ал, шындығына келгенде, орыстарда да тура осындай үлгі бар. Мысалы, Лев және Алексей Толстой, Николай Гоголь, Павел Глоба. Дүниежүзілік нормаларда да аты бірінші, тегі екінші жазылмай ма. Біз қай норманы таңдап алдық? Түсініксіз. Тағы бір проблема – есеп шоттар мен ресми құжаттарда. Оның да шешімін табу қиын емес. Екінің бірі заңгер, соның ішінде біліктілері де бар шығар. Тиісті орындардан «ов», «ев», «ин»-ді алып тастағанда оны не үшін, қандай құжатқа сүйеніп алып тастағанын айғақтайтын анықтама қоса беріледі. Ол қандай операцияларда да сенің бұрынғы «Пәленшеев Пәленше Пәленшеевич» екеніңді айғақтап, бұлтартпайтын темірқазық секілді құжатың болмақ. Тіпті онсыз да аты-жөнін қазақшалағандарға бөгет жасалып жатыр дегенді естімеппіз. Бұл орайда Парламент Мәжілісінің депутаты Құрманғали Уәлидің «Айқын» газетінің (21.03.08) тілшісімен болған сұхбатынан үзінді келтіргенді жөн көріп отырмыз: – Аты-жөніңізді өзгертуіңіз құжаттардың шатасуына әкеп соқпады ма? – Жоқ. Ондай проблема болмайды да. 15 жылға таяу уақыт аудан әкімі қызметін атқардым, дегенмен әкім ретінде ешқандай да кедергіге тап болмадым. Алдыма келіп жүрген халық та «өзгертілген атымызға байланысты проблема туындады» деп ешқашан да шағымданған емес. Мүмкін, қалада ондай-мұндай жайттар кездесетін шығар, ал бірақ кезінде екі бірдей ауданның әкімі қызметін атқарсам да, мұндай керітартпалықтармен кездескен емеспін, – дейді ол. Құрекең айтқан жай менің де басымда бар. Ол кісі секілді әкім-қара емес, халықтың қарапайым өкілі болсам да «ев»-тен құтылған оншақты жыл көлемінде мен де ешқандай кедергіге кездескен жоқпын. Орысшасы өршіген Астанада тұрсам да. Бұдан артық қандай тұжырым, қандай айғақ керек?! Президенттің аталған Жарлығын реттейтін нормативтік құқықтық акті осындай қуатты құжат болмақ. Сонда ғана жұрт жаппай аты-жөнін қазақшалай алады. Ал аты-жөнімізді қазақшаламай, қазақ бола алмайсыз. Ол – айдай анық ақиқат. «Бұл қай елдің командасы?» Дәл осындай айдармен, тура осындай тақырыппен осыдан үш-төрт жыл бұрын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» мақала жазған едік. Ешкім елеңдеген де, ешкімді елеңдеткен де жоқ. Таяуда «Астана ақшамындағы» (30.09.08) «Астана» тағы да ұтылды» деген футбол туралы шағын есепті оқи отырып, сол мақала еріксіз еске түсті. Түсінікті болу үшін сол үш-төрт жыл бұрын жазылған мақаладан үзінді келтіре кетейік: «Осыдан жарты жыл бұрын «Егемен Қазастанда» (09.04.04) жарияланған «Шаңыраққа қарасақ қайтеді?!» атты мақалада біз айтқалы отырған ойдың бір шеті көрініс тауыпты. Ойды ой тудырады деген, ілгеріректе «Екібастұз қаласы», «Екібастұз командасы» деп жазып жүруші едік. Қазір «Экибастузец» немесе «Екибастузец» деп атайтын да, («Егемен Қазақстан», «Күтпеген нәтижелер, жерге қараған жанкүйерлер», 09.04.04) жазатын да болдық. Жалпы, атау қай тілде жазылса да, сыртқы өзгеріске түспеуші еді ғой. Мысалға алсақ, ағылшынша атауларды тек сол тілде ғана емес, латын қарпімен, ешқандай қатесіз қазақ, орыс басылымдарында жазып жүрміз ғой. Бұл біздің кемшілігіміз бе? Жоқ, керісінше, жетістігіміз, сауаттылығымыз, өзгелерден біліміміздің жоғары тұрғандығы. Ал біз «Жеңісті» – «Женис», «Есілді» – «Есиль» («Ишим» демегеніне шүкір), «Ертісті» – «Иртиш» деп негізгі мағынасынан ғана емес, сыртқы пішіні бойынша да бірнеше өзгеріске түсіріп, (әрине, орыс басылымдарында) шімірікпейтін халге түстік. Бұларды қойшы, ең сорақысы, «Алма-Ата» командасының атауы. Мұны қалай түсінуге болады? Жалпы, осы атау қайдан шықты? «Алматы» десе, түсінеміз. Ол – Қазақстандағы ең ірі, ең әсем қала. «Алма-Ата» – оның Кеңес өкіметі кезіндегі орысша атауы. Құдайға шүкір, Президентіміздің арнайы Жарлығымен («Қазақстан Республикасының астанасы туралы», 1995 жылғы 15 қыркүйек) орысша атауының өзі Алматы деп өзгертілді. Бірақ бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, шетелдік (негізінен, Ресей) басылымдарындағы «Алма-Ата» атауы енді Алматы қаласының футбол командасына қойлыпты. Бұл – елдің заңын мойындамау, оның талаптарына бағынбау деген сөз емес пе. Яғни оның суын ішіп, дағарасына отыру ғой. Бұған жол бергеніміз заңға қайшы болмайды ма?!.» Мақала бұдан көлемділеу еді, ықшамдап беруді жөн көрдік. Содан бері түк те өзгерген жоқ. «Айқын» газетінің 2007 жылғы 26 маусымдағы санындағы «Көшбасшы екінші рет сүрінді» деген мақалада: «Жақында ғана «Алма-Ата» клубының кеңесшісі болған Арно Пайперс елордада былтыр өзі Қазақстан чемпионы қылған «Астана» клубының тақырға отырғызып кетті...», «Бұл турда бір-ақ ойын тең аяқталып, Екібастұзда жергілікті «Екібастузец» пен «Есіл-Богатырь» ұпай бөлісті» деп жазылыпты. Тек бұл ғана емес, «Айқын» газеті әлі де «Алматы» командасын «Алма-Ата» деп жазып жүр. Жоғарыда аталған «Астана ақшамындағы» (30.09.08) «Астана тағы да ұтылды» деген шағын хабарда да «Алма-Ата» – «Қайрат» – 1:0» деп жазыпты. Қазақ басылымдарының көбінде осылай жазылады. Орыс газертерін ауызға алмай-ақ қояйық. Байқасаңыздар, бұл төрт жыл ішінде ешқандай өзгеріс бола қоймаған. «Баяғы жартас – бір жартас...» Өзіміздің төл атауларымыз бен төл сөздерімізді өз тілімізде неге жаза алмай жүрміз? Алматы неге «Алма-Ата» болуға тиіс? Бұған түбінде біреу жауап беру керек қой! Кім? Бір қуанарлығы осы «Алма-Ата» клубы тарап кетті. Енді бұл атау газет-журналдарға шықпайтын, біздің көңіл күйімізді бұзбайтын болды. Оған да шүкір. Атаулар, көбінесе, қазақша бір бөлек, орысша бір бөлек жазылатын тек Қазақстан екен. Қазақша, орысша жазылу ерекшеліктерін (Ақтау – Актау, Қызылорда – Кызылорда, Талдықорған – Талдыкорган) былай қойғанда: жоғарыда аталып өткен Есіл – Ишим, Ертіс – Иртиштен басқа Тобыл – Тобол, Қарағанды – Караганда, Орал – Уральск, Өскемен – Устькаменогорск, т.т. Мұндайды қай елден көрдіңіз? Көрші Қырғыз елі, Өзбекстанда бар шығар, бірақ дәл осындай сорақы емес. Бұларды былай қойып, қазіргі футбол командаларының «Иле-Саулет», «Актобе-Жас», «Аксу», «Булат-АМТ», «Айжарық», «Ақжайық», «Карасай сарбаздары» деп орысша жазылған атауларын қазақ транскрипциясымен жазуды қолға алу керек. Жанкүйерлеріміздің басым бөлігі балалар мен жастар. Олар сүйікті командаларының атауларын жаттап өседі. Қазақ тілінде жаттаса, сол күйі есте қалады. Бұл – тілді үйретудің де бір оңтайлы тетігі. Өз елімізде отырып, өзге елдің атау сөздерін сол тілде (қарпі мүлде бөлек болса да) жазамыз да, өз атауларымызға келгенде сырғақтай жөнелеміз. Бұлай ел болам деу бос сөз. Ондай жағдайда мемлекеттік тілді кім сыйлайды, қазақ тілін қалай өркендетеміз? Тіл төңірегінде ойланатын, ойласатын мәселе көп. Оларды шешетін, шешкенде де ұлттық тұрғыдан шешетін кез келді. Келер ұрпақты екіұдай ойда қалдырмас үшін. Оларды шатастырмас үшін. Қазақ «о»-ны «о», «а»-ны «а» дейді Осы мәселе айта-айта жауыр болды. Сонда да орыстілді арналар «Олжасты» «Алжас», «Оспанды» «Аспан», «Орманды» «Арман» деп келеке қылуын қоятын емес. Алайда оған құлақ үйреніп, мән беруді қойғалы қашан. Тыңдайтын құлақ болмаса, айта-айта ауыз да шаршайды екен. Бұларды қойыңызшы. Мына қызықты қараңыз: таяуда бір телеарнадан «Казый-Карпеш – Баян слу» деп аузы қисаймай әңгіме соғып тұрған жүргізушіні көргенде бұған шыдау мүмкін емес екеніне көзім жетті. Ликбез керек, бұдан әрі төзу қиын. Қазақтың аттары мен атауларының бетін бұзып, көзін шығарып жатса, орыстілді журналистер, жүргізушілер арасындағы сауатсыздықты жою шараларын қолға алу керек. Оларға қазақ тіліндегі «о» әрпі сөздің басында, ортасында, тіпті соңында (қазақтің тіл заңдылығында «о» сөздің соңында келмейді) келгеннің өзінде ешқашан «а» деп оқылмайды. Қазақтың аты-жөнін бұзып жазу да осы қазақтың тіл заңын білмеуден келіп туады. Әрине орыстың өз транскрипциясы бар. Бірақ соншама адам танымастай етіп өзгертіп жіберетіндей басымызға не күн туды. Тасболат ақсақалдың немересін өзбектер «Ташбулатов» деп әдейі өзгертіп жазады. Ұлттық мүдде үшін. Орыс тілділерге не күн туды? Олардың жанын ауыртатын қандай мүдде? Біздің «ұ», «ү» әріптеріміз «у» болып, «ө» әрпіміз «о», «ғ» «г», «қ» «к», «і» «и» болып жазылса, түсінікті. Ал «Болатты» «Булат – Була», «Өмірбекті» «Омирбек» деп те емес, «Умирбек», «Өтегенді» «Утиген» деп жазатындай себеп бар ма? «Бұларға сол да болады, оларға бәрібір» деп біздің немқұрайдылығымызды пайдалана ма? Жылда «Егемен Қазақстандағы» оқу гранттарын жеңіп алған ұл-қыздарымыздың аты-жөндеріне мұқият қараңыздаршы, бұдан да сорақыларын көресіздер! Тіпті өз аты-жөндерін осындай бұзып жазылған түрін жанына жақын тартатын ағайындар пайда болды. «Менің фамилиям Өтегенов емес, Утяганов, сенбесеңіз паспортыма қараңыз, оны түзетуге қақыңыз жоқ» дегендер де кездесіп жатыр. Заң тұрғысында олардікі дұрыс. Төлқұжатты сауатты адам толтырмаған соң солай болады. Күнде теледидардан, радиодан қақсап айтып жатса, газет-журналдарда бадырайтып жазып жатса, құлаққа сіңеді, құлаққа сіңсе, санада қалыптасады, көз көре берсе, үйрене береді, ол да миға барып қонақтайды. Біз осылай мәңгүрттеніп келеміз ғой. Бүгінде ресми түрде бүкіл мемлекеттік органдар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде. Мұндайда сан мен сапа қатар жүру керек. Бұл – құжат жаза отырып, оның сапасына да назар аудару керек деген сөз. Істі қалай бастасаң, ол солай жалғасады. Бізге ликбез керек деп отырғанымыз сол. Кешеге дейін орысша білмейтінді сауатсыз – «неграмотный» деп келдік емес пе? Елбасының мына сөзі бұл тұжырымның 360 градусқа өзгергенін көрсетпей ме: «... Орысша оқымаса, нан сұрап жей алмайды» деп баламызды өзге тілге ауыздандырып баққан өзіміз емес пе? Енді, керісінше, қазақ тілін білмесе, несібесінен қағылуы ғажап емес». Қазақша сауат ашуды тек орыстілділер арасында ғана емес, кезінде уызына жарымай қалған қазақтілді азаматтар арасында да жүргізу керек. Ол үшін Үкімет арнайы бағдарлама қабылдап, қазақстандықтар арасында сауатсыздықпен жүйелі күрес ашуды қолға алуы тиіс деп ойлаймын. Әйтпесе біз жаргонмен сөйлейтін елге айналып кетуіміз ғажап емес. Дүрәлі Дүйсебай, журналист АСТАНА

3785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы