• Тіл
  • 19 Наурыз, 2009

МЕНІ ТІЛІМДІ ҚОЛДАҒАНЫМ ҮШІН ЖАЗАЛАМАҚ БОЛДЫ

Бекен НҰРАХМЕТОВ, «Семей» кеден бекеті бастығының орынбасары, кеден қызметінің полковнигі: — Бекен Төлеужанұлы, сіз еліміздің кеден қызметі басталғаннан бері осы салада тер төгіп келесіз. Сізді кеден ісінде қолданылатын терминдердің қазақша аудармасы қанағаттандыра ма? — Кеден ісінде қолданылатын терминдердің қазақша аудармасы негізінен алғанда көңілге қонымды деп айтуға болады. Алайда, бұл терминдер әлі күнге дейін толықтай жинақталып, жеке терминологиялық сөздік болып шыққан жоқ, шашыраңқы күйінде қалып отыр. 1997 жылы кеден комитетінде баспасөз хатшысы болып қызмет істеген Дархан Наушабай есімді жігіт алғашқылардың бірі болып терминологиялық сөздік шығарды. Бұған қоса, 2001 жылы сол кездегі Кеден комитетінің төрағасы М.Нүкеновтың, ал 2003 жылы Б.Сапарбаевтың басшылығымен тағы екі шағын терминологиялық сөздік құралы шықты. Алайда бұл екі сөздікте де кеден саласында қолданылатын бүкіл терминдер толық қамтылған жоқ. Егер де кеден саласының жеке терминологиялық сөздігі, кеден кодексіне қазақша комментарий және кеден энциклопедиясы сияқты кітаптар шығару қолға алынатын болса, онда қазақ тіліне жеткілікті мән беріліп жатқан қазіргі таңда баға жетпес туындылардың бірі болатын еді. Кеден саласының терминологиялық сөздігі толыққанды күйінде шығатын болса, онда кәсіпқой кеденшінің мемлекеттік тілін де мықтап қалыптастыруға болады. Олай дейтінім, қазіргі кезде біздің салада көбінесе кәсіпқой кеденшілер орыс тілінде жақсы сөйлейді де, мемлекеттік тілге келгенде мүдіріп қалады. Мен өзім кеден саласында 17 жыл қызмет істеп жүріп, мемлекеттік тілде кеден терминологиясы мәтінімен майын тамыза сөйлейтін қазақ жігіттерін өте аз кездестірдім. Әрине, бәрі қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Егер де қаржылық қолдау болса, арнайы жұмысшы тобын құрып, мықты филологтарды, терминтанушыларды және заңгер ғалымдарды қатыстырып, керемет дүниелер шығаруға болар еді. Терминология деген мәселеге кейбіреулер дұрыс мән бермейді. Тіпті, өзіміздің қазақ азаматтарының аузынан «Кейбір терминдерді қазақшаға аудармай-ақ қойса дұрыс болар еді» деген сөздерді естіп қалып жатамыз. Менің түсінігім бойынша, кейбір халықаралық терминдерден басқа, орыс тіліндегі терминдерді міндетті түрде қазақшаға аудару керек. Олай дейтінім, жақында орыстың дарынды кинорежиссері Станислав Говорухин өзінің «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында: «Жерді қорғау, елді қорғау секілді, тілді қорғау да – ұлттық қауіпсіздіктің басты мәселесі. Қазіргі күні орыс тіліне англицизмдер («Феня», «Френд», «Брифинг» және тағылар) көптеп ене бастады. Біз тілімізді бөгде сөздерден сақтай алмай отырмыз. Демек, біз ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре бастадық» депті. Бүкіл ТМД елдерінде жаппай ресми тіл ретінде қолданылатын орыс тілі жөнінде осындай проблемалар айтылса, онда қазақ тілі жөнінде сөз қозғап та қажеті жоқ. Бұған қоса мен жақында баспасөз бетінен жүрегіңе қанжар болып қадалатын мынандай мәліметтерді оқыдым. Қазақстанда шығатын 2787 басылымның 18 пайызы, яғни 511-і ғана мемлекеттік тілде, ал мемлекеттік тапсырыс орындайтын газет-жорналдардың 25 пайызы ғана қазақ тілінде басылады екен. Сонымен қатар, ертең елімізді көгертеді деп мемлекет қаржысымен шетелдің іргелі оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытқан, өткен жылы елге қайтқан қырықтан астам жас маманның бірде-біреуі ана тілін білмейді екен. Міне, осы тіл білмейтін азаматтар ертең билік басына келсе не болады? Айта берсе, проблемалар аз емес. Қазіргі уақытта Кеден комитеті басшылығы біздің елімізде нағыз кәсіпқой кеденшілер дайындайтын оқу орнын ашу жөнінде айтулы шараларды қолға алып жатыр. Бүкіл құжаттардың барлығын мемлекеттік тілде дайындау үрдісі кең қанат жайып келеді. Сондықтан да алдағы уақыттың еншісінде кеден саласында мемлекеттік тіл ресми тілмен салыстырғанда өзінің жоғары мінберіне көтерілетініне деген сенім бар. — Жалпы, кеден қызметкерлері тіл мәселесіне қалай қарайды? Мемлекеттік тілге кедергі келтіретін кеселдерге кеден тосқауыл қоя ала ма? — Бүгінгі күні кеден қызметкерлері уақыт талабына сай мемлекеттік тілге жете назар аудара бастады. Бұл сөзім дәлелді болу үшін өзім қызмет ететін Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінде атқарылып жатқан мемлекеттік тілге байланысты жұмыстар жөнінде айта кетсем, артық болмас. Кедендік бақылау департаменті өз қызметкерлерін үшінші жыл қатарынан Шығыс Қазақстан облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты «Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік тілді оқыту орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнымен шарт негізінде оқытып келеді. Тыңдаушылар өз деңгейлеріне қарай қарапайым, базалық және тереңдетілген топтарға бөлінген. Департаменттегі мемлекеттік тілдің ахуалын жергілікті тілдерді дамыту басқармасы да, Кедендік бақылау комитеті де қадағалауға алған. Әр тоқсан сайын оларға есеп берулер жіберіліп, соның негізінде рейтингтік баға қойылып отырады. Мысалы, департаментте 2007 жылмен салыстырғанда 2008 жылы мемлекеттік тілде дайындалған құжат саны 20 пайызға арттырылды. Бұған қоса, Шығыс Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің қазақ тілі кабинеті 2007 жылы облыстық «Үлгілі қазақ тілі кабинеті» конкурсында бірінші орын алды. Бұған қоса, департаментте өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік білуге байланысты конкурстар өткізіліп, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар беріліп отырады. Ал енді, «Мемлекеттік тілге кедергі келтіретін кеселдерге тосқауыл қоя ала ма?» деген сұраққа тоқталар болсам, бұл жөнінде айтар проблемалар аз емес. Бұл жерде ең негізгі мәселе ұлттық рух пен ұлттық психологияға келіп тіреледі. Өзі қазақ бола тұра, қазақ тіліне немқұрайлы қарайтын азаматтар кездесіп қалып жатады. Менің жаныма бататын ең ауыр нәрсе мынау. Өмір бойы қазақ жерінде туып-өсіп, қазақ елінің тәуелсіздік алғанына қуана отырып, қазақ тіліне мән бермейтіндерді кездестіргенде зығырданың қайнайды. Еліміз тәуелсіздік алғанына он сегізінші жылға аяқ басты. Өкінішке орай, осы уақыттың ішінде он сегіз ауыз қазақша сөз үйренбеген адамдар да бар. Ал, мемлекеттік тіл дегеніміз бір халықтың ең үлкен баға жетпес байлығы екенін түсінбей жүргендерге қарап, қалай налымайсың? Мысалы, әлемде 6600-ден астам тіл бар екен. Қолданылу аясының тарылуына байланысты күніне бір тіл өліп отыратын көрінеді. Тілдің жоғалуы деген сөз ұлттың әдебиетінің, мәдениетінің, салт-дәстүрінің және ұлт ретіндегі бет-бейнесінің, сондай-ақ бүкіл рухани байлығының жоғалуына әкеліп соқтыратынына мән бермеу рухсыздықтың белгісі деп айтуға болады. Осы орайда өз басымнан өткен мына бір жағдайды айта кетпеске болмайды. Мен «Семей» кеден бекетінің мемлекеттік тілге көшуіне байланысты барлық құжаттарды мемлекеттік тілде дайындау жөнінде өкім шығардым. Қаладағы бүкіл мемлекеттік орган басшыларына кеден бекетінің мемлекеттік тілге көшуіне байланысты сұрау-хаттарды мүмкіндігінше мемлекеттік тілде жібергендері дұрыстығы жөнінде жазбаша хабардар еттік. Бір күні кеден бекетіне сыртқы экономикалық қызметпен айналысушы ұлты қазақ азаматша орыс тілінде хат алып келеді. Сол кезде хатты қабылдап алушы кеңседегі қыз әлгі қазақ азаматшасына: «Біздің кеден бекетіндегі құжаттардың барлығы негізінен мемлекеттік тілде дайындалады. Сондықтан да, мына хатыңызды мемлекеттік тілде жазуға мүмкіндігіңіз бар ма?» деп өтініш білдіреді. Сол кезде әлгі азаматша бұлқан-талқан ашуланып, менің үстімнен прокуратураға арыз жазады. Сол арыздан кейін прокуратурадан келген тексеруші қазақ жігіті өзінің жазған анықтамасында мен туралы: «Кеден бекетінің бастығы міндетін атқарушы Б. Нұрахметов осындай өкім шығаруы арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзып қана қоймай, ұлт араздығын қоздыруы мүмкін» деген сияқты сөздерді жазыпты. Анықтаманы оқып, танысқан кезде ызадан жарылып кете жаздадым. Анықтаманы жазған жігітке: «Егер сен өз тіліңе жаның ашымайтын азамат болсаң, онда ертең өз отаныңды сатасың. Тілім үшін жаным садаға, қолыңнан келгеніңді жасап ал» дедім. Бұл мәселе ушығып барып, ақырында облыстық кедендік бақылау департаментінің тәртіптік кеңесіне дейін жетті. Сәтін салғанда, департамент бастығы, қазақтың тілі мен салт-дәстүрін ерекше құрметтейтін Ұлықбек Жаңабаев менің осындай әрекетіме түсіністікпен қарап, тәртіптік жазалаудан аман алып қалды. Әрине, бұл жерде біздің әрекетіміз Қазақстан Республикасы Президентінің «Заңды және жеке тұлғалардың жүгінулерін қарастыру тәртібі туралы» заңына аз да болса қайшы келетіні рас. Алайда, тіл мәселесіне келгенде ұлттық рух, ұлттық мүдде, ұлттық патриотизм деген қағидаттарды ұмытпағанымыз жөн. Тіл мәселесіне қатысты заңдарға ұлттық мүдде тұрғысынан кішкене басымдық беру керек деп ойлаймын. Егер де тіл мәселесінде өзіміз қазақ бола тұрып, мемлекеттік тілді дамыту барысында патриоттық танытқан азаматтардың үстінен арыз жазып, жазалау шараларына тартатын болсақ, онда тілдің проблемасын шешу үшін талай ғасырлар керек. Бұған қоса, тіл мәселесі жөнінде әңгіме қозғалған кезде, бұл проблема кадр мәселесін де айналып өтпеуі тиіс. Тіл мәселесін өркендету үшін кадрларды жоғарылатқан кезде олардың мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергені жөніндегі мәселені басты назарда ұстау керек. Атап айтсам, Шығыс Қазақстан облыстық департаментіне қарасты кеден бекеттерін басқарып отырған азаматтардың басым көпшілігі қазақ мектебін бітіргендер, іс-қағаздарымен мемлекеттік тілде жақсы жұмыс істей алады. Қазақша сөйлей алатын және бойында қазақтың рухани байлығын сіңіре білген азамат қана өз тіліне жаны ашиды. Сондықтан да, алдағы уақытта кеден саласындағы мемлекеттік тілге байланысты атқарылып жатқан игілікті шаралар өз жемісін береді деп үміттенеміз. — Кеден саласының кәсіби тілі қалыптасып болды ма, жоқ па? Қалыптасып болмаса, қай дәрежеде тұр? — Кеден саласының кәсіби тілі орыс тілінде қалыптасып болды, ал қазақ тілінде толық қалыптаса қоймағанын ашық айтқан жөн. Қазіргі уақытта Президент аппараты жанынан Мемлекеттік тілді қолдау қорының құрылуы мен Үкіметтің «Қазтест» бағдарламасының қабылдануы, тіл туралы құқықтық лингвистикалық әдістемелік базаның жасалуы, коммуникациялық және ономастикалық кеңістіктің жақсара бастауы Елбасы тарапынан жасалып отырған тілге деген үлкен қамқорлық. Мәселе соны жақсылап жүзеге асыру жөніндегі ниетте ғана. — Кеден саласына барғанға дейін «Жас алашта» қызмет істедіңіз. Қазіргі қызметіңізге кәсіби журналистігіңіздің қаншалықты пайдасы тиді? — Кеден саласындағы мансабыма кәсіби журналистік мамандығымның өте көп пайдасы тиді. Олай дейтінім, 1992 жылы «Дружба» кеден бекетіне алғаш қызметке келген кезде аталмыш бекетте қазіргі уақыттағыдай не компьютер, не факс, не ксерокс болған жоқ еді. Кеден бекетінің бар байлығы «Янтарь» атты механикалық мәшеңке ғана болды. Ал, ол мәшеңкемен кеден бекетіндегі сегіз жігіттің бірде-біреуі жұмыс істеу білмейді екен. Бірде, сол мәшеңкемен зуылдатып қағаз басып отырғанымды сол кездегі кеден бекетінің бастығы, бүгінде Ресей кеден қызметінің генерал-майоры Иван Красуленко байқап қалып, қатты қуанды. Себебі, Кеден комитетінен келіп түсіп жататын кейбір нормативтік-құқықтық актілер, бұйрықтар және нұсқаулар бір ғана дана болып келетіндіктен, кеден бекетінің кеңсесінен жоғалып кетіп жататын жағдайлар аз болмайтын. Бастығым бірден маған жоғарыдан түсіп жатқан барлық нормативтік-құқықтық актілерді мәшеңкеге кем дегенде бес данадан басып, біреуін өзіне, ал қалғандарын ауысым басшыларына қол қойғызып беріп отыруымды тапсырды. Осылайша, күндіз-түні кеден бекетінің бүкіл қағаздарын мәшеңкеге баса жүріп, кеден саласындағы жұмыстарды меңгеру және тиісті құжаттарды дер уақытында оқу мүмкіндігі кәсіби кеденші болып қалыптасуыма көп пайдасын тигізді. Осыдан кейін кеден бекетінің бастығы әріптес жігіттерге сабақ өткізу мәселесін де маған жиі жүктейтін болды. Бұған қоса, кеден бекеті бастығының газеттерге мақала жазуға да бейімі бар болатын. Ол жазған мақаласын маған үстінен бір қаратып, мүмкін болса, қазақшаға аударуымды тапсыратын. Бастығымның мақалалары орыс-қазақ басылымдарында жиі жариялана бастады. Кейіннен «Дружба» кеден бекеті «Достық» кедені болып құрылған кезде бастығым маған: «Сені ұзақ сынадым. Сенімімді ақтадың. Сондықтан да автокөлік өткелі бөлімінің бастығы болуға лайық деп есептеймін» деді. Сонымен қатар, кеден саласында қызмет ете жүріп, көркем шығармалар және кеден құқы мен кеден ісі жөнінде мақалалар жазуға да уақыт таптым. Бұл талпынысым назардан тыс қалған жоқ. 2000 жылы сол кездегі Кеден комитетінің төрағасы Маратқали Нүкеновтың қолдауымен және алғысөз жазуымен «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі: сұрақтар мен жауаптар» атты оқу құралын қазақ және орыс тілдерінде жазып шығардым. Бұған қоса, баспасөз беттерінде кеден мәселелері жөнінде жарық көрген мақалаларыма байланысты 2002-2006 жылдары Кеден комитетінің төрағасы болған, қазақ әдебиеті мен өнерінің, баспасөзінің және тілінің үлкен жанашыры, бүгінгі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевтың тарапынан да көп моральдық қолдау көрдім. Ол кісі тіпті, менің мақалаларымды оқып, телефон арқылы өзінің пікірін айтуға да уақыт табатын. Ал, Кеден комитетінің төрағасы тарапынан марапат есту дегеніңіздің өзі моральдық қолдаудың жоғары түрі және жұмысқа деген ынтаңды арттырады. 2005 жылы Бердібек Машбекұлының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталдым. Міне, осылайша, кәсіпқой журналистік қызметім кеден саласында мені көп жетістікке жеткізді деп айтсам, артық болмас. — Егер сіз егер өміріңізді қайта бастар болсаңыз, өзіңізге қымбат осы екі мамандықтың қайсысын таңдар едіңіз? — 1992 жылы алғаш кеденге ауысқан кезде сол кездегі егеменді еліміздің алғашқы баспасөз министрі, белгілі саясаткер, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері, бүгінгі Сенаттың комитет төрағасы Қуаныш Сұлтанұлының мені іздеттіріп жатқаны жөнінде хабар естідім. Ел алдында, билік басында үлкен беделі бар адамның өзімді іздетуін жақсылыққа жорыдым, әрине. Қызмет бөлмесінде өте жылы қарсы алған Қуаныш Сұлтанұлы көптен бері менің шығармашылық қадамымды бақылап жүргенін, сондықтан да өзі басқаратын министрлікке жақсы бір қызметке шақырмақ ойы бар екендігін айтты. Мен болсам, өзім табалдырығын енді ғана аттаған кеден саласынан мансап қуып, кетіп қалуды жөн көрмедім. Сол кезде Қуаныш Сұлтанұлы: «Есіңде болсын, кеденге кетсең де, қолыңдағы қаламыңды тастама. Қолдан жазу келгеннің өзі Құдай берген қабілет қана емес, үлкен бақыт екенін, өз қабілетіңді көрсетудің зор мүмкіндігі екенін ұмытпа!» деді. Қуаныш Сұлтанұлының осы сөзі маған үлкен сабақ болды. Сондықтан да, кеденге кетсем де, қолымдағы қаламымды тастаған жоқпын. Яғни, қолыңнан жазу келсе, журналист болу міндетті емес деп ойлаймын. Кеден саласында қалам тербейтін мәселелер өте көп. — Сіз еліміздің кеден саласын басқарған Б.Сапарбаев, З.Кәкімжанов, Н.Тілемісов және өзіңізбен кеден саласында қызметтес әрі тәлімгер болған басқа да азаматтар жөнінде газет беттерінде бірнеше очерктер жарияладыңыз. Бұл очерктерді жазған кезде алға қойған бір шығармашылық мақсат болды ма? — Мақсатсыз адам болмайды. «Мақсатсыз адам — ол компассыз кеме тәрізді» депті бір данышпан. Сондықтан да, алдағы уақытта өмір жолында өзіме аға, ұстаз және адал жолдас бола білген кеден саласындағы айтулы азаматтар жөнінде орыс және қазақ тілдерінде очерктер жинағын шығармақ ойдамын. Осы ойымды жүзеге асыра алсам, онда ол кітап қазақ прозасына келіп қосылған тың жаңалық болары сөзсіз. Себебі, қазақ прозасында ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары қызметкерлері жөнінде жазылған детектив жанрындағы шығармалар аз емес. Ал, кеденшілер өмірі жөнінде бірде-бір шығарма жоқ. Шекаралық кеден бекеттерінде контрабандаға, заңсыз есірткі айналымына қарсы күресіп жүрген кеденшілер жөнінде кереметтей деректі-детективті шығармалар жазуға болады. Кеденшілер жайлы жазу үшін кеденшілердің жан-дүниесін түсіне білу керек. Осы жоқ нәрсенің орнын толтыру ойымда бар нәрсе. Ол енді менің болашақтағы шығармашылық жоспарларымның еншісінде. — Кеден қызметінде басшы дегенің көп ауысып жатады. Осы жылдар ішінде өзіңізге қай басшымен жұмыс істеу жеңіл болды? — Кеден саласын басқарған бірде-бір төраға жөнінде жаман сөз айта алмаймын. Әрқайсысы шама-шарқылары келгенше еңбек етті. Және де өзімнен ой-өрісі мен қызмет дәрежесі әлдеқайда жоғары тұрған адамдарға баға бере сөйлеуге моральдық құқым жоқ деп есептеймін. Сондықтан да, сіздің сұрақтарыңыздың негізгі төркіні тіл мәселесі болғандықтан, сауалыңызды «Кеден комитетін басқарған қай төрағаның кезінде мемлекеттік тілді дамыту барысында көп жұмыстар атқарылды?» деп өзгертсек жөн болар еді. Енді сөздің тоқетері ретінде осы сұраққа тоқталайын. Кеден саласының құрылғанына 18 жылға аяқ басты. Осы уақыт аралығында кеден саласын басқарған Б. Сапарбаев пен бүгінгі төраға Қ-К. Кәрбозовтың басшылығымен мемлекеттік тіл мәселесін кеден саласында дамытуда көп жұмыстар істелді. Атап айтсам, «Қазақстан Республикасы кеден органдарында іс-қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру туралы» 2005 жылдың 29 наурыздағы Кеден комитетінің сол кездегі төрағасы Б.Сапарбаевтың № 125 бұйрығы кеден саласында әбден шөліркеп қалған мемлекеттік тілдің тамырына су жүгіртті. Бұған қоса, Кеден комитетінің бүгінгі төрағасы Қ-К. Кәрбозовтың «Кедендік бақылау комитетінің іс жүргізуін мемлекеттік тілге көшіру туралы» 2007 жылдың 28 қарашасындағы № 368 бұйрығы мемлекеттік тілдің дамуына үлкен серпін берді. Жалпы, тіл проблемалары жөнінде әңгіме қозғаған кезде менің бір нәрсеге көзім жетті. Қазақ ауылында өскен, қазақтың салт-дәстүрін білетін, сондай-ақ қызмет барысында орысшаны қиналып барып үйренген азаматтардың ғана өз тіліне жаны ашиды. — Сіздің кеден саласындағы нұсқаулық еңбектеріңізді кеденшілер дүкенге түсісімен пышақ үстінен бөліп әкететін көрінеді. Бұл сала мұндай еңбектерге соншалықты зәру ме, әлде сіз оларға аса қажет нәрсені ұсынып отырсыз ба? — Расында да 3000 данамен шыққан алғашқы оқу құралы тез арада тарап кетті және де «Жеті жарғы» баспасына жап-жақсы ақшадай табыс әкелді. Бұл жерде өз кітабымды мақтап, арзан ұпай жинайын деген ойым жоқ. Ол кітаптың тез таралуының екі себебі болды. Біріншісі, 2000 жылы кеден саласының жұмысын қамтитын, оған құқықтық тұрғыдан түсінік беретін оқулықтар, оқу құралдары мүлде аз болатын. Ол кезде кеден ісі және кеден құқы жөнінде бүгінгі заң ғылымдарының докторы, профессор С.Әлібеков қана жазатын. Ал мен кітапты сұрақ-жауап тұрғысынан қазақ және орыс тілдерінде жазып, екі тілде біріктіріп шығардым. Екіншіден, сол жылдары республикамыздың көптеген жоғарғы оқу орындарында кеден ісі факультеттері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап ашылып жатты. Ал оқу орны ашылғанмен, оқулық және оқу құралдары жоқ болса, немен оқиды? Кітаптың тез таралуына осы екі жағдай себеп болды. Кейіннен кітаптағы кейбір сұрақтар тест емтихандарының, емтихан билеттерінің сұрақтарына енгізілді. Арада бір жыл өтпей жатып, баспадан кітапты қайтадан басып шығару жөнінде ұсыныс түсті. Алайда, мен жақын арада кеден заңнамасына біраз өзгерістер енетінін айтып, қайта шығаруға рұқсат бермедім. Жақында баспадан тағы бір ұсыныс түсті. Енді, Алла сәтін салса, наурыз айының екінші онкүндігінде сол «Жеті жарғы» баспасынан «Кеден ісі бойынша сұрақтар мен жауаптар» атты оқу құралы қазақ және орыс тілдерінде 2000 дана тиражбен басылып шығады. Аталмыш оқу құралының ішінде кеден ісі мен кеден құқы және кеден саласындағы халықаралық келісімдер мен конвенциялар төңірегінде 300-ге жуық сұрақ қамтылған. Көлемі алдыңғы шыққан кітаптан төрт есеге жуық үлкен. — Бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестеріміз сіздің саланы жемқорлықпен де жиі байланыстырып жатады. Осыған орай не айтасыз? — Сіздің осы сұрағыңызбен мазмұндас сауалды жақын арада «Айқын» газетінің тілшісі белгілі саясаткер, 2006-2008 жылдары Кеден комитетін басқарған, генерал-майор, бүгінгі Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымовқа қойған кезде, ол журналистке «Осы сөзіңіз үшін мен сізді сотқа беремін» деп жауап беріпті. Ал мен болсам, Ғани Есенкелдіұлының осы жауабы үшін оның алдында басымды иемін. Ғани Есенкелдіұлы Қазақстан кеденін дамыту үшін өте үлкен еңбек сіңірген адам. Оның есімі кеден тарихында алтын әріппен жазылып қалды десем артық болмас. Сондықтан да, сіздің бұл сұрағыңызбен мен де келіспеймін. Бүгінгі күні осыдан 10-15 жыл бұрынғы кеденнің жағдайын қазіргі уақытпен салыстыруға болмайды. Сыбайлас жемқорлық фактілері заң тұтқалары жетілдірілмеген және қадағалаудың тиісті тетіктері дамымаған кезде ғана орын алады. Қазіргі уақытта кеден саласының бүкіл жұмыс процесі автоматты түрде бақылауға алынған. Кеден комитетінің төрағасы Қ-К. Кәрбозовтың басшылығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесінде негізгі алгоритмдердің алғы шарты жасалды, оперативтік басқару орталығы құрылды. Тауар тасымалы тауарларды жеткізуді автоматты түрде бақылау қондырғылары, электрондық пломба және сейф-пакеттер арқылы жүзеге асырылады. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен кеденшілер арасында нақтылы байланыс болмау процестеріне жете көңіл бөлініп, әкімшілік кедергілердің барлығы алынып тасталып жатыр. Бүгінде кеден қызметкерлері бір ғана тоқтату, бір күнде ресімдеп бітіру қағидатымен жұмыс істеуде және шекаралық кеден бекеттерінде интегралды кедендік бақылау жүйесі қалыптасуда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болу үшін кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау жұмыстары барысында оңайлатылған, жеңілдетілген шараларды қолға алып,бүкіл бақылау процестері автоматты түрде жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан да, алдағы уақытта кеден саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселелері жөніндегі әңгіме азаяды, заңсыз әрекеттерге толық тосқауыл қоюға мүмкіндік туады деп айтуға негіз бар. — Сонымен қазіргі қазақ кеденшісі қандай талаптарға жауап беруге тиіс? — Кейбір адамдар кеденшілердің жұмысы шекарада арылы-берілі өткен адамдарды, тауарларды тексерумен ғана шектеледі деп ойлауы мүмкін. Жоқ, мүлде олай емес. Қазіргі қазақ кеденшісі болу үшін заңды, экономиканы, ақпараттық технологияны, психологияны, дипломатиялық үрдістерді, шетел тілдерін және қызметтік этиканы жақсы білу керек. Себебі, кеден органы — фискальдық және құқық қорғау саласының жұмысын қатар алып жүретін, кедендік тексеру кезінде адамдардың әртүрлі контингентімен қарым-қатынаста болатын, сондай-ақ күнделікті қызмет барысында халықаралық дәрежедегі келісімдер мен конвенцияларды басшылыққа алып жұмыс істейтін бірден-бір орган. Сондықтан бұл мамандыққа қойлатын талап өте жоғары болмақ. Әңгімелескен Бауыржан Омарұлы

3140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы