• Ақпарат
  • 19 Наурыз, 2009

Мәуліт

(Ей, Мұхаммед!) Біз сені бүкіл әлемге тек рахмет шуағы етіп қана жібердік. (Әнбия 107) Қала қарбалас. Қолдарына гүл ұстаған бозбалалар. Шат-шадыман. Көңілді. Бір-бірін құттықтаған тұрғындар. Бүгін — «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» аналар мерекесі. Жылына бір рет келетін осынау мейрамды әркім әл-әрекетінше тойламақ ниетте. Кеше ғана тып-тыныш көше жағалаулары аяқасты гүл сататын дүңгіршектерге толып кеткен. Кеше ғана жан-жарымен жанжалдасып жатқан көрші ағай әйелімен қолтықтасып барады. Кеше ғана жұмыстан шаршап, шалдыққан жандар бүгін бәрін-бәрін ұмытқан. Бұл — алтын құрсақты аналардың құдіреті. Нәзік жанды жарлардың, қылықты қыздардың кереметтігі. Біз бірақ бүгін бір атаулы күнді ұмыт қалдырдық. Ол — тек нәзік жандылардың ғана емес, күллі мұсылмандардың Мәуліт мерекесі. Адамзатқа сол әйел затының теңдігін алып берген Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күні. Орталық мешітте... «Талбесік қалай тербелсе, талшыбық солай бой түзейді». Осынау өсиетнаманы қаншалық түсініп, түсінбегенімізді білмеймін. Әйтеуір, қаланың тынымсыз түні тыпыршиды. Қою қараңғылық. Көктемнің соңғы ызғары ақтық қауқарымен жанды жауратады. Осы бір салқындықтан жылылықтың табын сезініп келеміз. Өйткені бүгін Хақ Тағаланың әмірін жеткізуші Хақ Мұхаммедтің (с.ғ.с) дүние есігін ашқан күн. Бұл түнде қараңғылықтың шымылдығы түрілген. Бұл түнде адамзат баласы жаңа бір өмірге қадам басқан. Бұл түнде... Рас. Бұл түнде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ардақты анасының алпыс екі тамырын иіткен... Біз ақжаулығын ары еткен ардақты аналарымызды, әпкелерімізді, қарындастарымызды құттықтап жатырмыз. Мұндай үйлесімділік мың жылда бір келуі, я келмеуі де ықтимал. Осы бір ойлар бесігінде тербеліп, Орталық мешітке қалай жеткенімізді аңғармай қалыппыз. Ақшам түскен кез. Көкжиекте маздап жанған қызыл білте ақыры сөніп тынды. Азан үні күллі мұсылман қауымын намазға асықтырып жатыр. Көптің ішінде біреу болып біз де сапқа тұрдық. Алғашқы кездескен адамымыз Нұрлан. Иық тірестіре тұрып, намаз оқыған жігітті Мәуліт мерекесімен құттықтадым. Ол да бізді құттықтады. Газеттен екенімді айтып, кейбір ғалымдар осы бір мейрамды тойлау «бидғат» (дінге енгізілген жаңалық) деп жататынын есіне салдым. Мақсатым кейіпкерімді сөйлете түсу еді. Менен мұндай сауал күтпеген ағамыз аз-маз кібіртіктеп қалды. — Білетінімді ғана айтайын. Бұл жөнінде пәтуа шығаратындай ғалым емеспін. Мәуліт алғаш 1207 жылы Ирбил қаласында кең көлемде аталып өтілген. Өзіңіз есептеңіз, содан бері тура сегіз ғасыр уақыт өтті. Бұл мәселеге көптеген мұсылман ғұламалары өз ойларын білдірді. Менің ойымша, Мәулітті тойлағанымыз жөн. Өйткені ислам ғалымдарының көпшілігі осы мерекені жақсы жаңалық деп таныған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Мәулітін атап өту шариғатқа да қарсы емес. Ол кісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жайлы танымдық әңгіме айтты. «Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келгенде, Иранда мыңдаған жылдар бойы жанып тұрған отқа табынушылардың алауы сөніп қалған. Мәдәйін қаласындағы зәулім Кисра сарайының сәулетіне сән қосқан тірек-бағандары да өз-өзінен қирап түскен. Қағба маңындағы пұтқа табынушылардың да пұттарының быт-шыты шыққан. Бұл түн сонысымен маңызды». Біз біраз әңгімелесіп, аттанып кеттік. Алматы көшелерінде мерекенің жылылығы еседі. Пенделер ерекше көңілді. Зуылдаған көліктер. Сол бір қайнаған тіршіліктің ішіне еніп кеттік. Бағытымыз — «Орбита» ықшамауданындағы «Байқоңыр» атанып кеткен мешіт. «Байқоңырда»... Тағы да түрлі ойлар өз тереңіне бойлатады. Ауық-ауық жетектескен қыз-жігіттер көңілді еріксіз өздеріне аударады. Әйелдер-ай... дейсіз! Оларсыз біздің өмірімізді елестету қиын. Жолда бір қыз қол көтеріп тұр екен. Әнас бин Маликтен (р.ғ) риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай депті. «Маған дүниеде үш нәрсе ерекше сүйкімді: әйел, хош иіс, және көзімнің нұры болған намаз». Осы бір хадис еске түсіп, жолаушы қызды діттеген жеріне жеткізіп салдық. Нәзік жандылардың мейрамы қызу түрде өтіп жатыр. Тура осындай күні «өмірі таңғажайып оқиғаларға толы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туылған күнін тойлау керек пе, жоқ па?» деген сауалға жауап іздегіміз келді. Әуелгі қойылатын сұрақ бұл емес-ті. Бірақ Мысырды Фатимидтер әулеті басқарып тұрған тұстан бастау алған «Мәуліттің тойлануы дұрыс емес» деуге де тіл бармайды. Оның үстіне Орталық мешітте кездескен Нұрлан ағаның: «Сан ғасырдан бері мұсылмандар бұл күнді тойлап келеді. Кейбір ғалымдар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тірі күнінде істемегендіктен, Мәуліт оқу бидғат немесе харам дейді. Мәуліт оқу мәкруһ немесе харам екендігіне шариғи дәлел болуы керек. Әйтпесе, бекерге бос сөз айтып, халықты шатастырмаған абзал. Мәулітті оқудың, тойлаудың сауабы, тәрбиелік, адамгершілік маңызы өте зор», — деген сөзі ойымызда. Құптан намазының уақытында «Орбитадағы» мешітке жеттік. Мүмін деген сақалды жігітпен таныстым. Біраз пікірлескеннен кейін, әңгіме ағыны Мәуліт арнасына түсті. Өткен жұмада «Тастақтағы» мешітте бір ағаймен әңгімелесіп қалғанбыз. Ол кісі: «Мәуліт «мейрамын» (дұрысы, егер мұндай мейрам бар болса деді) тойлау бидғат. Алла елшісі де, сахабалар да, әйгілі төрт имам да, хадис ғұламалары да Мәулітті тойламаған» — деген еді, — дедім Мәуліт мағынасын тереңірек түсінгім келіп. — «Мәуліт» араб тілінде «туылған күн» деген мағынаны білдіреді. Қазір рабиғұл әууал айы. Осы айда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеге келгендіктен, Мәуліт айы деп атап кеткен. Менің ойымша, Мәулітті құрметтемеу — Пайғамбарымызды (с.ғ.с) құрметтемеу. Осы айдың он екісінде, түнде Пайғамбарымыз өмірге келген. Ал сен айтып отырғандай танымдағы мұсылман бауырлар аз емес. Олар: «Ас таратып, адамдар шектен шығып, серік қосуға жетелейтін өлең жолдарын шығарып, соны Пайғамбарға (с.ғ.с) айтылған салауат деп білді. Бірақ нақты бір күнді алып, оны туған күн деп тойлап өткізу — дінге енгізілген жаңалық. Бір елдің мұсылмандары, мейлі олар көп болсын, негізі жоқ істі атқаратын болса, ол іс қабыл етілмейді» деп соғады. Қандай амал қабыл етіліп, қандай амал қабыл болмайтынын шешетін олар емес қой. Қазіргідей дінге сусап отырған тұста Мәуліт мерекесі арқылы насихат жүргізгенде тұрған не бар? — Айтпақшы, аға, үйдегі жеңгеміздің мейрамымен! — дедім қолындағы күміс сақинаға көз жіберіп. — Биылғы Мәуліт сегізінші наурызбен тұспа-тұс келіп отыр. Алла Тағала Пайғамбарымызды мейірім мен мейірмандықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылық, көркем мінез құлықтың үлгісін паш етсін деп жіберген. Өкініштісі, бүгін Алла елшісін еске алып, оған салауат айтудан гөрі, арақ шарап ішу көп болайын деп тұр. Көктөбедегі ой Біз осы бір мүбәрак түнді Алматы үстінен бақылағымыз келіп, Көктөбеге бет алдық. Мүмін бауырдың әңгімесінің аяғы мұсылман дініндегі әйелдің орны деген тақырыпқа ойысып кетіп еді. Тау басында тұрып Мүмін айтқан мына бір хикаяға тамсандым. «Уа, Алланың елшісі! Біз қараңғы дәуірде қыз балаларды тірідей жерге көметін едік», — депті бір сахаба. Күннің суықтығына қарамай қысқа көйлек киген мына бір қыздарға осы бір әңгімені айтар ма еді, шіркін?! «...Менің де бір қызым бар болатын. Бір күні мен оның анасына «Мынаны жақсылап киіндір, нағашысына алып барамын» дедім. Әрине, анасы да бұл сөздің астарын жақсы біледі. Еркелетіп, мәпелеп өсірген ботақаны құдыққа тасталып, жанталасып тұншығып өлетінін де анасы сезіп тұр. Бірақ қолдан келер не шара? Өйткені ол заманда әйел затының мұндай тағылыққа қарсы тұрар қауқары да, құқы да жоқ еді. Әйелім айтқанымды екі етпеді. Қыз шынымен-ақ нағашысына барамын деп қатты қуанды. Мен оны жетектеп алып кеттім. Алдын-ала дайындалған көрдің жанына әкеліп, оған «шұңқырға қара» дедім. Ол еңкейіп қарай бергені сол еді, артынан бір теуіп түсіріп жібердім. Ол қолымен қармап көрдің ернеуіне жабысты. Шығуға тырысып, жанталасып, «көкешім, үстің шаң болып қалды ғой» деп киімімді қағуға тырысты. Мен оған да қарамай тағы бір теуіп, ішіне түсірдім де, оны тірідей топыраққа көміп тастадым». Жүрегіңізді дір еткізбей ме? Араб сахарасында қаншама қыздар тірідей көмілді? Қаншама әйел затының ары аяққа тапталды. Өз қызын әйелдікке алу да сол заманның қасіреті емес пе еді? «Болған өмір ұқсайды болмағанға». Сол бір дәуірден ешбір белгі қалмағандай шат күлкілер естіледі. Абуллаһ бин Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Әйелдер үш топқа бөлінеді. Бірінші топтағы әйелдер қап секілді, құрсақ көтереді әрі босанады. Екінші топтағы әйелдер — жалқау әйелдер. Үшінші топтағылар көңілді, құрсақ көтеретін, иман жүзділер. Күйеуіне имани жәрдемші болады. Мұндай әйелдер күйеуі үшін қазынадан да қайырлы. Мына бір қыздарды сол үш топтың қайсысына екшерімді білмей ұзақ тұрып қалыппын. Мазар басында Ақ қар жапалақтап жауа бастады. Ызғар да үдеп барады. Біз енді Райымбек батыр кесенесіне қарай бет алдық. Осы бір мазардың басында түнде Алладан бала сұраған әйелдер түнеуші еді. Мәуліт түні мазарға түнеген жандармен әңгімелескіміз келген. О дүниеге аттанып кеткен аруақтарға құран бағыштату да ойымызда еді. Біз келгенде, шуылдақ даңғылдың өзі тынши қалған екен. Кесене ашық. Бірақ ешкім жоқ екен. Түнгі үштер шамасы. Осы бір адамзатты арамдықтан арашалаған мүбәрак түнде біздің миымызда көптеген әдемі ойлар ойнақшыды. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмірі сіз бен бізге үлгі екенін мойындап, салауат айтып келеміз. Ислам дінінің айтулы тұлғасы, халифа Омар (р.ғ) түндерде ел аралап, халқының жай-күйімен танысатыны да есімізге оралды. Райымбек бабамыздың басынан ешкімді кездестіре алмай, төте жол болғандықтан, Сейфуллин көшесінебұрылдық. Бірақ біз көрген түнгі Алматыда бәрі басқаша секілді. Анау көшенің шетінде мас болып біреу құлап жатыр. Мана ғана бір топ жігіт бір-бірімен балағаттасып тұрғанын құлағымыз шалып қалған. Түнгі клубтар мен мейрамханалар ішінде шаттанған шетелдік әуендері аттың тұяқ дүбіріндей жерді солқылдатады. Хасан әл-Басри хазірет «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Расулалланың (с.ғ.с) Мәулітін оқуға жаратқан болар едім», — депті. Осыны түсінген қаламыздағы мұсылман бауырлардың үйінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келгеніне қуанып, Мәуліт оқылып, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып жатқан шығар, бәлкім. Кім білсін? Түйінсөз: Бірінші Алматы вокзалына қарай зулап келеміз. Көше шетінде... Айтуға ауыз бармайды. Хазіретті Айша анамыздан жеткен хадис естеріңізде ме? «Хазіретті Әбубәкірдің қызы Әсма Пайғамбарымызға (с.ғ.с) денесі көрінетіндей жұқа киіммен келгенде, одан бетін бұрып: «Ей, Әсма! Әйел заты балиғат жасына толған кезден бастап мына және мына жерлердің (бет-жүзі мен білезіктен былайғы қолын көрсетіп) көрінуі дұрыс емес», — депті. Иә, білезігіңіз былай тұрсын... Жағалауға іркес-тіркес көліктер тоқтап жатыр. Ар саудасы қызып тұр. Қасірет. Алматы әлі ұйықтамапты. Тақырыпқа орай Пайғамбарымыздың дүниеге келуі • Бұл қасиетті түнді Мәшһүр шайыр Хасан ибн Сабит былай еске алады. «Ол кезде 7-8 жасар бала едім. Таңсәріде «Ей яһудилер!» деген дауыстан шошып ояндым. Айқайдың қатты болғаны соншалық, ел-жұрт әлгі айқайшының қасына жиналып қалыпты. «Бүгін Ахмедтің жұлдызы туды. Ол кеше өмірге келді», — деді көпшілікке барлай қараған күйі. Жиналғандар дабырласып кетті». • Бұл қасиетті түнді Ибн Саад былай еске алады. «Меккеде бір яһуди тұратын. Алланың Елшісі туылған түннің ертесінде құрайыштарды жинап: «Бүгін руларыңда бір ер бала дүниеге келді ме?» — деп сұрады. Құрайыштықтар «білмейміз» деп жауап қатты. «Олай болса, барып біліңдер, бүгін түнде үмбеттің Пайғамбары дүниеге келді. Жауырынында ерекше мөрі бар», — деді. Құрайыштар сұрастыра келіп, көрген білгендерін әлгі яһудиге жеткізді. «Өткен түнде Әбдімүттәліптің марқұм ұлы Абдуллаһтың жесірі Әмина босаныпты. Баланың арқасында белгісі бар екен». Яһуди мұны ести сала, жаңа туылған сәбиді барып көрді. Көрді де есі ауысқан адамша біраз қарап тұрып, айқай салды: «Бітті, пайғамбарлық Исрайыл әулетінен құрайыштарға жетті. Құрайыштың даңқы асып, батыс пен шығысты жайлайтын болады». Дәл осы кезде көк жүзіндегі самсаған жұлдыздар Алла елшісінің келгеніне шаттанғандай жайнап тұрды». Қанат ӘБІЛҚАЙЫР hair-han@mail.ru 8 705 133 25 25

3609 рет

көрсетілді

44

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы