• Мәдениет
  • 22 Наурыз, 2009

Тымболкызы

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті Ғылыми кеңесінің ұсынуымен профессор Салқынбай Анар Бекмырзақызының «Тіл. Таным. Білім» және «Қазіргі қазақ тілі» атты екі бірдей еңбегі жарық көрді. Бүгінгідей тіл тағдырына үлкен мән беріліп отырған уақытта тіл ғылымын ұлттық дүниетаным тұрғысынан оқыту білім беру жүйесінің басты талабына айналып отыр. Демек, жаһандану үрдісіне жұтылып бара жатқан кезеңде өзіңді-өзің тану, ұлтқа тән қасиетті құндылықтарды құрметтеу, қазақы танымды заманауи жетістіктермен жаңартудың, жасартудың ауадай қажеттігі туындап отыр. Олай болса, осындай мақсаттарды көздеп жазылып жатқан еңбектердің лайықты бағаларын алулары да заңды шығар деп ойлаймыз. Ғалымның «Тіл. Таным. Білім» атты еңбегінде осы тіл мен мәдениеттің байланысын ыждаһаттылықпен саралап, оның өзіндік ерекшелігін, қазақ мәдениетінің әлем мәдениетінен ойып алар орнын, яғни қазақ мәдениетін әлем мәдениетімен шендестіре қарастыру арқылы тілде көрініс табатын рухани мәдениеттің маңызы мен рөлін жан-жақты зерттеуі ұлтымыздың өркениет көшіндегі орнының нығая түсуіне ықпалын тигізері анық. Автор «Қазіргі қазақ тілі» деп аталатын екінші оқулығында бұрынғы жарық көріп келген «Қазіргі қазақ тілі» еңбектерін соңғы ғылыми тұжырымдар арқылы толықтырып, бүкіл тілдік жүйеде қалыптасқан заңдылықтарды ұлттық дүниетаным тұрғысынан жаңаша сипатта зерделеуге тырысады. Егіз жарық көрген екі еңбектің зерттеу нәтижелерін ұлт тілінің ғылыми және танымдық болмысын тануға ұмтылатын барлық тіл мамандары тұтына алады. Сонымен «Ертеңгі маманның ойында, санасында тіл арқылы берілетін білім, білік, ұлттық таным қалыптасады. Бүкіл мәдениет теңізінің негізгі қайнар бастауы саналатын тілдің қазіргі даму жүйесі мен желісін меңгереді. Ал мұның өзі болашақ тіл маманының білімін ғана емес, білігі мен парасатын да айқындай алады» деген автордың өз сөзіне еңбектері толық жауап береді деп ойлаймыз. Алтынай Тымболқызы, ҚазҰУ-дың доценті

2556 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы