• Тіл
  • 22 Наурыз, 2009

Ыңылдың естісі бар, есері бар

Біздің жерімізге аяғы тиген басқа ел зерттеушілерінің бәрі дерлік ата-бабаларымыздың көбі өте шешен болғанын жазды. Оны оқып-білдік. Шешендік өнер туралы ауызды ашып, көзді жұмып тыңдайтын қызықты әңгімелер қаншама. Соның мөлдірлігіне Кеңес одағы жылдарында кіреуке түскені анық. Соған қарамастан, халық жады көп жайтты сақтап қалды. Ғасырлар бойы сүзгіден өтіп, інжу-маржандай сақталған қазынамыз қазір қайта өркендей бастады. Жұрт енді қазақша ойлап, айтар ойын ана тілінде жеткізуге жүз елу градус шамасында бет бұрды десем, артық айтқандық бола қоймас. Солардың арасында бағзы заманның билерінен бір елі кем түспейтін, бүгінгі күннің өлшемімен алсақ, тіпті көп жағдайда асып түсіп жатқан кешегі Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Тоқпанов, қазір арамызда жүрген Аманкелді Айталы, Амалбек Тшан, Бекболат Тілеухандарды және басқа аузына құс тістеген шешендерді орынды мақтан ете аламыз. Осы сөз ұсталарының ой тазалығын сөздерінен аңғарып, айтқандарына кәдімгідей ұйи қалатынымыз өтірік емес. Шешендік өнер бұлардың ата-бабаларында бар болуы да ықтимал. Соны жалғастырып жүруі де мүмкін. Шындығы сол, осы азаматтардың ойы терең, оқығаны көп. Ал тоқығаны тіпті көл-дария. Құйып алар құлақ болса, айтары шексіз мол. Тек сусындап, сіміре бер, сіміре бер. Бұларға керісінше, қазақ сөзін быламық етіп жүргендер аз ба? Бұл топтағылар өзге ұлттың сөзін араластырып сөйлейді. «Кешегі заманның ықпалы ғой» деп оларға кешіріммен қараймыз. Кеңес одағы кезінде, ауыл, аудан деңгейіндегі коммунист басшылардың дені сөз арасында «ызнашыт», «воот» деген қыстырманы жиі қайталамайтын ба еді? Құдайға шүкір, сол «ауру» едәуір азайды. Алайда, Кеңестік кезде жиі қолданылған «жаңағы» қыстырмасының жаны сіріден де берік екен, әлі ойдан кетпей, тілден түспей келеді. Сол сияқты, сөйлеу тіліндегі созылмалы сырқаттың бірі – ыңылдап сөйлеу. Мұның екі сипаты бар. Бірі – айтар ойына мағыналық жағынан дөп келетін сөз іздеп, ыңылдап тоқтап қалу. Мысалы, тіл өнерінің асқан шебері, ғазиз аға Зейнолла Қабдолов лекция оқып тұрып, сөйлем жартылай айтыла бергенде ыңылдап тоқтап қалатын. Сонда біз, тыңдаушы студенттер: «Япыр-ай, әлгі сөзге мынадай сөз өзінен өзі іштей қабысып тұрған жоқ па? Соны жалғастыра салса ғой, ағайымыз біздей талғампаз шәкіртінің назарын өзіне мұншалық аудармас еді» деп шарпып өткен ойымызды жинап үлгергенше ұстазымыз жаңа тың сөзді айтып, бәрімізді таңқалдыратын. Оның сөз тапқырлығында шек жоқ. Және соған әуезді үнін қосып көріңізші. Бұл өзі мәтінін атақты ақын жазып, өзара үйлесімін тапқан Шәмшінің әніндей бойды балқытып кете баратын. Осы Шәкең бізбен өткізген кездесулерінде «Ауылдың алты ауызын» айтып, «О шиқыл бұ шиқылға ұқсамайды» дегеніндей, өзгелердің ыңылдауы мен сөз зергері Зейнолла Қабдоловтың ыңылының арасы жер мен көктей болатын. Біреуіне тыжырынсаң, екіншісінен тояттап, ләззат алатынсың. Қазір теле-радиода тікелей эфир, тікелей хабар жиі беріледі. Бұл жақсы. Сен рингке шыққан боксшыдайсың. Тілдік шеберлігіңді, сөйлеу өнеріңді барынша пайдаланасың. Төрешің – тыңдаушың. Мен де солардың бірімін. Ұтымды айтылған тың сөз, сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді жадыма сақтап қалуға тырысам. Қайсыбірін қойын дәптеріме түсірем. Содан екі мысал келтірейін. Орталық сайлау комиссиясының сол кездегі төрағасы Оңалбек Жұмабеков 2006 жылы қызметіне байланысты телеэкранына жиі шықты. Оңекеңнің «ің» деп жиі тоқтап қалатынын бұрын да байқайтынбыз. Осы жолы да сол әдетімен сөйлейтін шығар деп, таза қағаз алдым да соның бетіне әр ыңылдаған сайын таяқшаны қоя бердім. Бұл 2006 жылдың 26 қарашасындағы хабар еді. Обалына не керек, Оңекең жиырма минөттік қазақша сөйлеуде 147 рет «і» деп шықты. Кейбіреулер жіңішке «і» мен жуан «ы-ны» алмастырып, жарыстыра қолданады. Оңекең болса, ондай «винегретке» бармады, тек «і» дей берді. Бұған дейінгі сөйлеушілердің «ыңыл» саны қанша көп болса да жүзге жете қойған жоқ еді. Оңалбек болса, солардан асып түсті. Бұл «ерекше» көрсеткішті қалай жазсам екем деп жүргенімде арада екі жыл өтті. Өткен жылы «Көкпардан» кейін орысша хабар берілді. Тақырыбы Президенттің Жолдауына қатысты. Студияға министр Бердібек Сапарбаев, депутат Ахан Бижанов, сондай-ақ Фарид Галимов және Қаржы министрі Болат Жәмішев шақырылыпты. Айтатындығы жоқ, бәрі де Президенттің Жолдауындағы өз салаларына қатысты жайттарды көрермен-тыңдаушыларға қолға таяқ ұстатқандай әп-әдемі әңгімелеп берді. Ахаң мен Бекең жан-жақты білімгер екенін, өз саласына байланысты мәселелерді терең білетінін қарапайым, жатық тілмен жеткізді. Еш ыңылдаған да жоқ, мүдірген де жоқ. Тікелей эфир болғандықтан көрермен тарапынан сұрақ беріліп жатты. Солардың дені Қаржы министріне бағытталды да Бөкең өзге экрандастарына қарағанда бірер минөттей артық сөйледі. Ойы таза. Жауап беруі нақпа-нақ. Жолдаудан туындайтын біраз мәселені қамтып, бас-аяғы он бес минөттей сөйлеген Болат Жәмішевтің «ы-ы» дегені шамадан тыс өте көбейіп кетті. Ақ қағазға таяқшаны қаздай тізіп отырғам. Артынан санап қарасам – 182! Егер бұл спорттық сипаттағы жарыс болса, жандайшаптар «Жаңа рекорд!» деп айқайлап, Гиннестің кітабына енгізіп те жіберер еді. Иә-иә, спорттағы рекордқа бәріміз де қол шапалақтап қуанамыз. Ал әр ісінен халықтық, мемлекеттік, ұлттық нәтиже күтетін марқасқа асыл азаматтарымыз мың-миллион тілекшілерінің алдында айтар ойын ағызып-тамызып, ыңқылдап-мыңқылдап отырса, мұны ел жақтыра қоймайды. Мен мұны олардың өз олқылығы деп те санамаймын. Оның түп тамырын мектептегі ұстаздардан, әсіресе қазақ (орыс) тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдерінен, ата-аналардан іздеймін. Олар өз шәкірттерін (балаларын) шебер сөйлеудің нәрімен суармаған, сөйлемді қарапайым құрып, айтар ойын дәл де дұрыс жеткізуге, салмақты да салиқалы сөйлеуге машықтандырмаған. Енді сол ұстаздар аса лауазымды қызмет атқарып жатқан шәкірттерінің ел алдында бір сөйлемді дұрыс құра алмай, мыңқылдап тұрғанын көргенде: «Оңалсын мен Болатты мен оқытып едім!» деп мақтана алар ма екен?! Әй, қайдам. Нақ осы жерде тұңғыш Президентіміздің кез келген сөзін көз алдыңызға елестетіңізші. Нұрекеңнің «і», «ы» деп, бір рет мүдіргенін көрдіңіз бе? Шешен сөйлеудің, қауып сөйлемей, тауып сөйлеудің нақты дәріс-сабағы емес пе бұл!? Халық алдына жиі шығып, атқарып жатқан жұмыс барысын баяндайтын басшы азаматтарға жетпіс пен сексен арасындағы тура жолда келе жатқанымды, яғни жасымның егделігін пайдаланып, «Ұйымдастырғыш қабілеті мол, білімді, білікті, іскер екендіктеріңізді ел мақтан етеді. Енді айтқан сөздеріңізбен де жұртты ұйытатын сөйлеу шеберлігін жетілдіре түсіңіздерші!» дер едім лауазымды іні, қарындастарыма. Сұлтанғали Қаратайұлы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы

3550 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы