• Тіл
  • 22 Наурыз, 2009

Тараз – қыру, қашау...

Тіліміздегі сөздердің бір парасы бірігіп, қосарланып жасалатыны белгілі. Ал осы жолмен жасалынған атаулардың сыңарлары кей жағдайларда көмескіленіп әуелгі мәнін жоғалтып алады. Соның салдарынан қарапайым оқырманға түсініксіз болып келеді. Тіліміздегі осындай сөздердің кейбіріне тоқталмақпыз. Шаштараз. Шашы түсінікті. Ал тараз сөзіне келетін болсақ, парсы тілінен енген. Қыру, қашау, жону деген мағынада. Парсы, тәжік өзбек тілінде сар тарош, қазақша - шаш тараз. Мұндағы сар сыңары бас мағынасында жұмсалынады екен. Яғни бас қыру. Ал бас қыру, шаш қыру Орта Азия халықтарында атам заманнан бар. Тарош сөзі тілімізде тараш (тарану, сылану) формасында сақталынған. Мәселен еліміздің Батыс өңірінде, Хамза Есенжановтың «Ақ жайық» трилогиясында кездеседі. Үйлі-баранды. Белгілі ғалым Шора Сарыбаевтың айтуынша баран сөзі қазақ пен монғолдың түбі бір туыстас екендігін анықтайды. Мәселен баран Монғол тілінде «үй ішіндегі зат, жиһаз» мағынасында айтылады. Яғни үй-жайы бар дейтін мағына білдіретін қос түбір. Аққала. Аққала сөзі бізде екі мағынада айтылады. Біріншісі қардан жасалынатын адам бейнесі. Әдеттегі қарды ойып, басына шелек танауына сәбіз шаншып орнатып қоятын балалар ойыны. Екіншісі ықтасын. Аққаланың әуелгі мағынасы да осыдан пайда болған. Себебі қалың жауған қарды үю арқылы үйдің айналасына ықтасын орнату солтүстік өңірдің қазақтарында әлі де бар. Ескі түркі тілдерінде қала атауы қорған мағынасында айтылатыны да белгілі. Мәселен, Ер Тарғын жырында «Қырым деген қаланың жел жағына қаласың, ық жағына панасың» деген жолдар бар. Сонымен қатар еліміздің шығыс өңірінде күзде талдан мал қамайтын шарбақ тоқып қояды. Және оны аққала деп атайды. Бәрекелді. Қолдау, қолпаштау мағынасында айтылатын бұл сөздің арғы тегі араб тілінен келген. Ғалым Шора Сарыбаевтың түсіндіруінше «Барака Алла хо». Мағынасы – саған Алла береке берсін. Алайда уақыт өте келе тіліміздің фонетикалық заңдылығы бойынша «Бәрекелді» формасына ауысқан. Еңсесі түсу. Синонимі ретінде – ұнжырғасы түсу тіркесі түрінде қолданылады. Кейбір түркі тілдерінде желке мағынасында. Су қараңғы. Қазіргі мағынасы мүлдем көрмеу, бір сөзбен айтқанда соқыр. Көне түркі жазба ескерткіштерінде қара сөзі түн мағынасында пайдаланылады екен. Қазіргі какас тілінде де дәл осы мағынада айтылады. Яки қараңғы сөзі түңгі мағынасында. Ал су сыңары көне түркі тілінде өте, тым күшейткіш шылаулары мағынасында қолданылған. Шілде. Ай аты. Көбіне көп «қырық күн шілде» формасында айтылады. Бұған қарап ел ішінде шілде айы қырық күнге созылған екен дейтін де түсінік бар. Ал шындығында шілде сөзі қырық сан есімінің парсы тіліндегі нұсқасы. Мәселен шілдехана тойының нәресте дүниеге келгеннен кейін қырық күн өткен соң аталып өтілетіндігі осының айғағы. Сондай-ақ тілімізде «Қысқы шілде де қу сақта, жазғы шілде де су сақта» дейтін мақалдың да айтары осыған саяды. Жазғы ыстық пен қысқы суықтың қырық күнге дейін созылатындын айтса керек. Тіліміздегі тағы бір жиі қолданылатын атау –қарындас. Бүгінгі күні қызға қаратылып айтылатын бұл атау о баста ер адамға да қатысты болған дейді қазіргі ғалымдар. Нақтылап айтқанда бір «қарыннан шыққан» дейтін мағынаны білдірген. Уақыт өте келе мағынасы тарылып, бір жақты, қыз балаға қатысты айтылатын болды. Н.Жарқынбек

5076 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы