• Тіл
  • 22 Наурыз, 2009

ТІЛДІҢ ҚОРҒАНЫ – ОТБАСЫ

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының ұйымдастыруымен «Өнегелі отбасы: дәстүр, тіл және қазіргі заман» тақырыбында пікір алмасу өтті.  Гүлшара Әбдіхалықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: – Бүгін бізге батыстың желімен домалай беретін қаңбақ ұрпақ керек емес, пайдасын алып, зиянын бойына дарытпай, дауылға қарсы тұра алатын, тамыры ұлт рухына терең бойлаған білікті ұрпақ керек. Қазақ қыздарының нәзіктігі мен ибалылығы жоғалып барады. Жат қылықтарға әуес ұрпақ өсіп келеді. Осының бәрі қоғамымыздың ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа қаншалықты зәру екенін байқатады. Ұлттық тәрбиеден алыстаған сайын, көлденең кесапаттардан шыға алмай келеміз. Ана тіліміздің көсегесі көгермей жүргенінің бір себебі – осы ұлттық сана-сезімнің төмендігінен. Сондықтан, жас ұрпақты толыққанды қазақ отбасында тәрбиелеудің маңызы зор. Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы: – Отбасының жылуы мен берекесі ананың ақылы мен парасатында. Ұлт тұлғаларының ұжданы мен келбеті ананың жүрегі мен қан тамырының тазалығында. Кемеңгер М.Әуезовтің қазақ отбасы туралы «Ұлт болам десең бесігіңді түзе!» деген ұлағатты сөзінің қадір-қасиеті ерекше артып тұрған дәуірге келдік. Өнегелі ұрпақ тәрбиесінің ошағы – қазақ шаңырағының орны ерекше. Отбасы атқарар маңызды шаруаның үлкені – ұлтжанды, елшіл азамат тәрбиелеу. Біз сияқты ұзақ жылдардан кейін тәуелсіздік алған халыққа ең алдымен отаншыл ұл-қыз өсіру міндет. Ол үшін ең бастысы туған тілді білу. Біздің рухани көгеруіміздің негізінде ана тіліміз жатыр. Осыны жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұлағатты сөзін ең алдымен отбасымызда іске асыруымыз керек. Шәмшә Беркімбаева, Қыздар педогогикалық университетінің ректоры, педогогика ғылымдарының докторы, пофессор: – Шығыстың ұлы ғұлама ойшылы әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім қашан да қауіпті» екенін ұмытпағанымыз жөн. Сол тәрбие беруде әйел-ананың орны бөлек. Еліміздің іргесін нығайтуда, рухани әлеуетін көтеруде біз әйелдер қауымы мемлекет басшысына қолдау көрсету үшін өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алдық па? Түрлі басқосуларда байқағаным: әйел және бизнес, әйел және саясат сынды мәселелер біздерді, аналарды көбірек толғандыратындай көрінеді. Шындығына келгенде, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі төмен. Халқымыз бала тәрбиесіне ана құрсағында жатқанда мән берген. Өзінің өмірін жалғастырар саналы ұрпақ өсіруді мақсат еткен. Баланы баптап-баулуда ұлттық дәстүрдің алатын орны ешбір тәрбие орындарының қызметімен тең келмейді. Ана сүтімен ұлтжандылық, парасаттылық, мейірімділік сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өскен бала өз ұлтына, тіліне, дініне аса құрметпен қарап өседі. Бала тәрбиесінде ана тілінің қадір-қасиетін жан-тәнімен оқып білуіне мән беруіміз қажет. Сейіт Кенжеахметұлы, жазушы-этнограф: – «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ата-бабаларымыз балаларына алдымен отбасындағы тәрбие өнегесін үйреткен. Одан кейін «Е, Құдайым, бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең бір-бірлеп ала бер» деп ұрпағының санасыздығынан түңілген. Ұлттық салт-дәстүрлеріне елуден астам тәрбие үлгілерін қолданған ата-бабаларымыз, әдеп, ырым-тиым, жөн-жосық, қалып-қағида ережелерін жасаған. Дана халқымыз «балаңды бес жасқа дейін хандай сыйла, он екі жасқа дейін құлыңдай жұмса, он үш жастан кейін ақылшыңдай кеңес» деп айтқан. Бұрынғылар жастарға сенім артып, оның есеюіне, отаншыл, көпшіл, халықшыл, ұлтжанды болып тәрбиеленуіне мақал-мәтелдер арқылы ықпал еткен. Сол арқылы тәрбие мен тіл қалыптасқан. Қазір керісінше, немерелерін орыс тілінде оқытып, орыс тәрбиесін беріп, ұлын орыстың қызына үйлендіріп, доңыз етін жеп отырған қазақтың қариялары көп. Оларға тіл туралы, ұлт туралы айтсаң өзіңе қарсы сөйлейді. Мұның бәрі ұлттық сана-сезімнің, халықтық тәрбиенің жетіспегендігінен. Елдің намысын, арын қорғай білмейтін жасық, жағымпаздардың тым көбейіп кеткендігінен туып отыр. Оразкүл Асанғазы, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы: – Ұлттың да, мемлекеттің де ұйытқысы –отбасы. Біз әрқайсысымыз бір-бір отбасының өкіліміз. Сондықтан қазақ ұлтының өкілі ретінде қазіргі тәуелсіздікті нығайту кезеңінде еліміздің егемендігін сақтап қалуға, ұлтымыздың мерейін еселеуге тиіспіз. Қазақ елінің егемен ел болуы, ұлан-ғайыр кең жерді иемденуі алдымен ата-бабамыздың ерлігі мен еңбегінің арқасы екендігін ұмытпауымыз қажет. Әлемдік қарым-қатынастар мейлінше тереңдеп, жедел жүріп жатқан заманда Қазақстан деген мемлекетте отбасы ұғымы абыройлы, асқақ түсінікке айналуы тиіс. Өзіміз нағыз қазақ болмай тұрып жатты жарылқаймыз дегеніміз аянышты, өзгелер үшін күлкі. Осындай күйге ұшырамас үшін әр шаңырақта ұлы күйдің күмбіріндей, әсем әннің әуезіндей қазақ тілі үстемдік етуі тиіс. Тіл – тарих, тіл – тағлым, тіл – тәрбие. Ана тілді меңгермей, оның қасиетіне жетпей, өзге тілде өңеш жырта берсек, бірінші өзіңе, содан кейін ұлтыңа зиян. ******* Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы атамыз: – Мен үш нәрседен қорқамын. Біріншісі, өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, екіншісі, немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден, үшіншісі, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын – деп кетіпті. Сондықтан, ұлттығымызды, тілімізді, ділімізді жоғалтып алудан қорыққанымыз абзал. Тәрбиені отбасынан, ошақ қасынан, тіпті бала құрсақта жатқан кезден бастаған жөн. Тілдің қорғаны отбасы болуы керек. Бейбітгүл ИСАЕВА АСТАНА

4057 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы