• Білім және ғылым
  • 22 Наурыз, 2009

ҚАЗАҚТЫ ТҮСІНБЕЙ ЖҮРГЕНДЕР ТУРАЛЫ

Қазақты түсіну қиын! Мұны басқа емес, қазақтың оқыған-тоқыған зиялылары айтып жүр. Сол зиялыларымыз халыққа қаратып айтқан сөзін өткізе алмаса да немесе сол сөзі халықтың сүйегінен өтіп кетсе де әй жоқ, шәй жоқ, «бұл қазақты түсіну қиын!» деп солқ еткізеді. Рас, қалың елді түсіну үшін сол елдің ішінде болудың өзі аздық етеді. Ал енді, атақ-даңқтан адам түгілі жын-жыбыр тесіп өте алмайтын қамал тұрғызып алған, сол қамалдың шыңырау төбесіне шығып алып шұбырған жұртқа шекесінен шікірейіп қарап тұратын зиялыларды түсіну оңай ма? Әй, қайдам, оңай емес-ау! Өз басым өткен жылдың соңындағы, биылғы жылдың басындағы мерзімдік басылымдарды парақтап отырып осындай ойға келдім. «Бұл сиыр жарықтық негізі жақсы мал ғой! - депті бір газетке берген шұғыл сұхбатында біздің бір зиялы ағамыз, - Сиыр жарықтықтың жақсылығын мен өзім бала жасымда көп көрдім. Сондықтан да алдағы Сиыр жылы қазаққа жайлы болады деп ойлаймын!». Әне, зиялы ағамыз жас кезінде сол сиырды «қарасан келгір!» деп сыбағанын, астын тазалауға, жем-шөп салуға, өріске айдауға желкесі жар бермегенін айтпайды, керісінше, бір сәттік эмоцияның жетегінде тұрып, барынша өз бойына сай сөйлеуге тырысып, тұп-тура «сиыр жаман!» десе қазақ қиналып қалатындай немесе бір ауыз жылы лепесімен-ақ халқына жыл бойы жайлылық сыйлағандай сөйлейді. Әттең, есек жылы жоқ, әйтпесе, «жарықтық есек байқұстың еңбегі адал ғой!» деп жаңағы ағамыз ежіктеп тұрып-ақ есекті көкке шығарып тастар еді. «Сиыр – менің мүшел жылым. Сиыр жем-шөпті опырып жейді, жүрсе де жолындағысын жапырып жібереді. Так что, биыл менің өнерде де, өмірде де жолым болатыны анық! – деп соғады тағы бір көкеміз. Тамақты талғап жейсіз бе, жоқ әлде, жалмап жейсіз бе, ол жағы сіздің тәбетіңіздің шаруасы. Ал енді, Сиыр жылы екен деп пәлен миллион сіз секілді «сиырлардың» жолы бола берсе, басқа «тышқан», «ит», «тауық», «мешіндердің» күні не болмақ? Оны да қойыңызшы, қыбырлаған Ұлу байғұс айдалада қалмай ма?! Так что, биыл батпаққа бататын сиыр - батады, пышаққа ілінетін сиыр - ілінеді! Қазақтың өнерін де, өмірін де гүлдендіріп жібереді екен деп тілі шұбар әрбір «сиырдың» бетіне телміріп отыра алмасымыз және ақиқат... Тарихта «ҰЛЫ» деген атпен қалудан дәметіп жүрген бір композиторымыз «Сөз жоқ, келе жатқан Сиыр жылы қазаққа жайлы, берекелі болуға тиіс. Өйткені, менің алғашқы әнім осы Сиыр жылы шыққан ғой!» деп биылғы жылдың пешенесін жазыпты да беріпті. Егер әлгі ағамыздың әлгі бір әні Сиыр жылы шықпай қалғанда... қалай дегенде де, қазақ байғұстың татар дәмі таусылмапты, көрер қызығы әлі де бар екен. Оның бәрі әлгі композитор ағамыздың арқасында, әрине! Айта берсек осылай да осылай кете береді. Құдай таза сақтағанда, біздің басылымдар бұл тақырыпты терең қаузамай, бұл сауалды ілгері жібермей тоқтатыпты әйтеуір. Егерде, екі жылдың айырығында шорт кеспесе, сиыр жарықтықты жер-көкке сыйғызбай мақтап жатқан біздің зиялылар қазірде Зеңгі баба түлігін Кришнаға айналдырып, 2009-дың екінші тоқсанынан бастап бәріміз сиырға табынып кеткендей екенбіз. Бұрынғы зиялылар болашақты саяси оқиғаларға, билік басына келген саясаткерлерге қарап болжаушы еді, бүгінгілер ит-құс, жан-жануарды мақтап отырып-ақ бәрін шешіп тастайтын болды. Қоян жылғы қақаған қыста біздің ауылдың бір шалы «Аузы ырсиып өзі де оңбай отырған шығар» деп қоян жарықтықты сыбап жіберген екен. Сол сөз сүрдің сорпасына бергісіз бе деймін... Осыдан кейін қазақты түсініп көріңіз! Қанат Ескендір

2732 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы