• Мәдениет
  • 09 Ақпан, 2012

Қола медальға қол жетті

d0b1d0b5d0bdd0b4d0b8Қазақ елінде тұңғыш рет бендиден (допты хоккей) Әлем біріншілігі өткен еді. Алматының Медеу мұзайдынында болған дүбірлі додада әлемнің 15 мем­ле­кетінің құрама командалары 3 топқа бөлініп, сайысқа түсті. Қазақстан құрамасы Финляндия, Норвегия, АҚШ, Швеция сынды тек мықтылар бас қосқан «А» тобында өнер көрсетті. Құрама командалардың ойын деңгейі орташа болып саналатын «В» тобында Канада, Латвия, Голландия, Мажарстан, Беларусь бендишілері Алматыдағы Орталық стадионда терін төгіп ойнады. Ал «С» тобында Эстония, Жапония және Қырғызстан құрамалары айналмалы жүйе бойынша өз жеңімпазын анықтады.  «А» тобында алаңға алдымен Қазақстан мен Норвегия құрама командаларының ойын­­­­шылары шықты. VII Қысқы Азия ойын­­­да­­ры­нда мергендігімен көзге түскен Қазақ­­стан командасының капитаны Рауан Исалиев матчтың 19-минутында қарсылас­тың қақпасына «әдемі» шайба ен­гізіп, көзге түсті. Ол есеп ашу барысында екі бір­дей норвег қорғаушысынан суырылып өтіп, қақпашыны қапыда қалдырған болатын. Мұзайдынындағы қазақстандық бендиші­лердің жылдам қимыл­дары мен имек ағаш­пен қызыл допты ұршықша үйіргені еріксіз қол соқтырды. Араға үш минут салып Сергей Почкунов қарсыластар қақпасын қар­қыратып, есепті ұлғайтты. Айта кету керек, бұл матчта Рауан Исалиев пен Сергей Почкуновтың әрқайсысы төрт-төрттен гол соғып, мергендігімен танылды. Қалған екі гол Вячеслав Бронниковтің еншісіне жазылды. Бір қызығы, Бронников матчтың 12-минутында пенальтиді орындау кезінде мүлт кеткен еді. Норвегиялықтардың ішінде тек Валлер ерледі.  Қорытынды есеп – 10:1. Қазақстан құрама командасының пайдасына шешілді! Бірінші турда Швеция көршілес бауыры Финляндияны аяған жоқ, есеп – 12:1. Ал Ресей болса, мұхиттың арғы жағынан келген АҚШ құрамасын 19:3 көрсеткішімен айқын басымдықпен жеңді. Қазақстан құрамасы Ресеймен кездесті. Тар­тысты өткен матчта небәрі екі доп айыр­машылығымен жеңіліп қалдық. Құрамамыздың сапында Рауан Исалиев алғашқы болып гол соқты. Ол матчтың басталғанынан небәрі екі минут өткенде гол соққан еді. Көп ұзамай Бронников көзге түсті. Алайда одан кейін хоккейшілеріміздің аяқ алысы шабандау болды. Осыны пайдаланған қонақтар мүмкіндігін тиімді пайдаланды. Осылайша, жеңілістің ащы дәмін татуға тура келді. Қорытынды есеп – 6:8, қонақтардың пайдасына шешілді. Бұл турда Финляндия-Норвегия – 7:2, Швеция-АҚШ 15:0 есебімен аяқталды. Топтық айналмалы ойынның соңғы күні Қазақстан құрамасы финдерді 10:2 есебімен тізерлетті. АҚШ-Норвегия – 3:6, Швеция-Ресей 2:6 есебімен аяқталды. Осылайша, топтық ойындарын сәтті аяқтаған Қазақстан құрамасы жартылай финалда Швециямен қайтадан кездесті. Тартысты да шиеленісті өткен матч 4:4 көрсеткішімен тәмамдалды. Төреші қосқан қосымша уақытта командалар бірін-бірі ала алмады. Тек пенальти бойынша ғана шведтер 6:5 есебімен басым түсіп финалға жолдама алды. Ал жартылай финалдағы екінші жұпта Ресей құрамасы Финляндияны қабылдады. Есеп – 6:4, орыстар ақтық сайысқа жолдама алды. Қола жүлде үшін болған матчта Қазақстан ежелгі қарсыластардың бірі – Финляндиямен кездесті. Комбинациялық қызыққа толы өткен матч 10:5 есебімен Қазақстанның пайдасына шешілді. Құрамамыздың сапында Исалиев, Маркин, Почкунов қос-қостан гол соқса, ал Бронников, Бедарев, Завидовский, Рейн бір-бірден гол соғып көзге түсті. Ал финалда Швеция құрамасы Ресейді 5:4 есебімен ұтты. Осылайша, Алматыда бендиден өткен 32-ші әлем чемпионатында Швеция – бірінші, Ресей – екінші, Қазақстан үшінші орынды иеленді. Нұрлан ҚҰМАР

2367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы