• Қоғам
  • 15 Ақпан, 2012

Қатыгездік қайдан келді?

d0bad0b0d182d18bd0b3d0b5«Қатыгездік – адам мінез-құлқындағы жағымсыз іс-әрекет» дейді ғылым. Кеңірек тәпсіріне үңілсек, жеке адамдар немесе адамдар тобына қастандық, қиянат, зорлық-зомбылық жасауды білдіреді. Қатыгездік ұғымы термин ретінде құқықтану мен криминологияда көп жағдайда жан-жануарлар мен балаларға қатысты қолданылады. Ол – әлеуметтік-психологиялық құбылыс ретінде белгілі бір мәдениеттерде тыйым салынған жолдармен тірі жан иелеріне қарсы жүргізілетін іс-әрекеттер тізбегі. Сондықтан да барлық елдердің қылмыстық кодекстерінде кісі өлімі жасалмас бұрын ауыр дене жарақаттары және рухани азаптаулар орын алған болса, оған жай кісі өлімдерінен айырмасы бар арнайы баптар бекітілген. Бірақ оның мағынасының одан да кең екені даусыз. Оған дәйектер айтпай-ақ жеткілікті, күнделікті көріп те жүрміз.  

Қасаң тірлік, қатқыл іс Дәл бүгінгідей ақшаны пір тұтқан заманда халықтың рухани құлдырай беретіні анық. Рухани мүжілген жұрт мәдениетіне, тіліне, дініне, діліне немқұрайды қарай бастайды. Осыдан әркімнің өз жеке басынан асып еш нәрсе ойлай алмауы шығады. Осы күні көшеде жатқан біреуді көрсек, жанынан ортекедей орғып өте шығатын болып алдық. Тексерместен ызғимыз. Біле білгенге, мұның өзі көп жайдан хабар береді. Мұндайда қайсыбір аузы уәлі кісі айтқандай, «қаланың қасаң тірлігі қаталдыққа үйретіп тастады ғой» дейміз өз-өзімізді ақтап. «Жаяуға сәлем бермейтін аттылы» кө­лік жүргізушілерінің рухани-психоло­гия­лық ахуалының өзі неге тұрады?! «Жаяу Мұсаларды» айтпағанда, өздеріндей «тең көліктің иесі» жүргізушілерге деген қарым-қатынасы жағаңды ұстатады. Бұл ретте, тіпті, жол бойында сынып тұрып қалған көлікке тоқтап, моторын бірге шұқыласа кететін бағзы шопырлар бауырластығы жөнінде айтып жатудың өзі артық. Жол бойында жүргізушілердің елеусіз ғана бір қимылдарды көтере алмай, жанжалдасуға кірісетіні құпия емес. Қай көлікке отырсаң да, бір жүргізушінің бір жүргізушіні жеті атасынан қоймай боқтап бара жатқаны. Доқ көрсетіп, апатты жағдай орын алғыза жаздайды. Ол көліктің ішінде бала-шаға, қатын-қалаш, қарт кісілер, бір сөзбен айтқанда, сол өзі тістенген жүргізушіге үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын адамдар бар ма, жоқ па – қаперлеріне кіріп-шықсашы. Кімге де болса, жол бермеу – жол бойының өзіне тән табиғатынан туындайтын жайт. Алайда басқасы – басқа, науқастар таситын «Жедел жәрдем» көлігінің өзіне менмендік биігінен қараушылық бар бізде. Сірә да, бұл жердегі нәзік бір тұс – «Жедел жәрдемнің» ішінде «өзінің емес, оның» кетіп бара жатқандығы болса керек. Өйткені «онда мен емес, ол кетіп барады» түсінігі үстемдік алып тұрады. Мысалға, егер сол «Жедел жәрдемнің» ішіндегі науқас өзі болса ше? Не істер еді? Енді бір жарты сағатқа кешіксе, ана дүниелік болып кететін болса ше? Тастанды балалардың көбеюі, қарттар үйіндегі кәрілер санының артуы да жар қабағында тұрғанымызға дәлел. Қарттар үйінде тұрып жатқандардың бәрінің ұл-қыздары, немерелері бар, балалар үйіндегілердің дені – ата-анасы бар тірі жетімдер. Не деп болмайды... Бір ғана мысал, республикалық деңгейдегі қарттар үйінің бір егде қызметкері газетке берген сұхбатында «айдың» біз біле бермейтін біраз таса бетін ашқан. «Шындығын айтқанда, ата-анасын өздері іздеп келетіндері аз емес. Олар тек қана әке-шешелерінің зейнетақысына мұқ­таж болғандықтан ғана келеді. Қандай мақсатта келіп тұрғандарын жақсы білсе де, ата-ана болғандықтан, «іштен шыққан шұбар жыландарының» беттері­нен сүйіп жатады», – деп қын­жыл­ады ол. Оның айтуынша, безбүйрек ұл мен қыздары мекемедегі қариялардың бүкіл зейнетақыларын қағып алып кетеді. Бүткіл қазақ қоғамының абыройына дақ түсірген шетелге бала сату үрдісі де біздің шын келбетімізді танытып тұр. Шекара асқан балалардың тағдыры, тіпті, бұлыңғыр. «Кінәсіз, аппақ періште сәбилердің обалына қалмаңдаршы» деп айғай салғың да келеді. Шетелдіктердің логикасы да түсінікті: Ұл мен қызы қоянша балалап жатқан елдің иесіз салпаңқұлақтарын неге алып кетпес­ке?! Ал ол ел жемқорлықтың ордасы болса, міндет, тіптен, жеңілдей түспей ме? Ұлу жылының өзінде Қазақстан коррупция­лық шалығы бар ықтимал 182 елдің ішінде 120-орында. Аз ба, көп пе – өзіңіз таразылаңыз. Бүгінгі таңда лаңкестік әрекеттер – бүкіл әлемді алаңдатқан мәселе. Өкініш­ке қарай, кейінгі кездері лаңкес­тер салатын лаң Қазақстанда да бірнеше рет қайталанды. Солардың бірі – бірнеше ай бұрын Тараз қаласында орын алған қанды оқиға. Тапа-тал түсте қалайша жеті адамның қанын мойынға жүктеуге болады? Түсініксіз. Тағы да Құдай атымен. Дінді сылтауратып жасалатын қатыгездік пен қанішерлікті дінге қарсы бағытталған қылмыс ретінде бағалау керек-ақ. Ақтау, Ақтөбе оқиғалары да бұдан шет емес. Қатыгездік пен өзімшілдік, өзге үшін бас ауыртпау пиғылдары қанымызға сіңіп бара жатыр. Бұл мінезіміздің айқын көрінісі, бір әріптесіміз жазбақшы, кешегі Жаңаөзен оқиғасы болғанда да айқын көрініс берді. Жасыратыны жоқ, бар қазақтың басына түскен қайғы емес, сол аймаққа ғана келген кеп секілді сыртынан немқұрайды қарағандар да кездесті. Ал, осылайша, адамға адамның жаны ауырмауының ақыры қайда апаруы мүмкін? Адам адамға деймін ау, қаймана қазақ түгілі әке – балаға, бала – анаға, бауыр бауырға қасқыр болған ғасырдың табалдырығын аттаған сыңайлымыз. Бұрын да ондай келеңсіздіктер болды дерсіз, бірақ дәл бүгінгідей бұқаралық сипатта еместігіне бәс тігуге болады. Боямасыз дәйектер «Қоғам» деп аталатын алып жүйедегі трагикомедия барған сайын шиыр­шықталуда. Ал оның ішкі сыртқы бұтақтары мен арналарында қандай азалы сценарийлер ойналып жатқаны бір Аллаға ғана мәлім. Ақпараттық заманның арқасында ондай-ондай сұмдық жаңалықтарға тойып, кекірік атып отырған жайымыз бар. «Атып кетіпті», «шауып кетіпті», «ұрыпты», «сабапты», «зорлапты», «тонапты» – айта берсең, таусылмайды. Әйткенмен, осының бәрін естіп, біліп, көріп отырғанымызды «коммуникациялық технология­ның кесірі» деп қатқыл сөйлеуге де итермелейді. Өйткені осының бәріне етіміз үйренді. Үйретті. Құлағымыз дағды­лан­ды. Дағыландырды. Көзімізге үйреншікті жағдайға айналды. Айналдырды. Селт етпейтін болдық қой. Жүрек құрғыр да толассыз апатиялық ақпарларға қарсы иммунитет қалыптастырып алды. Қала берді, цунами, тайфун мен торнадоларды жаңалықтардан үзбей көруге машықтанып алдық па, қалай өзі? Кішкентай бүлдіршіндерге зорлық жасайтын педофильдердің өзі жаңалық, масқарашылық болмай қалды қазір. Қалыпты жағдайдай қабылданады. Анасын өлтіріп, жертөлеге көміп тастаған қанішердің сюжетін жаңалықтар қызметі қанша айналдырса да, «сұмдық-ай» деген бастамашыл топтарды көрмедік. Яки «диірменде туған тышқан тарсылыңнан қорықпайдының» кері ме? Осыдан келіп немқұрайдылық, немқұрайдылықтан – немкеттілік, немкеттіліктен – бәрібірсіну, одан қатыгездік шығып тұр. Шәкәрім қажы айтып кеткен «бірінен-бірі туады, жоғалар, сөйтіп адамдықтың» қиюы. Әйтпесе, ол хабарлардың ішінде жантүр­шігер­лік оқиғалар қаншама?! Айталық, жуырда еліміздің ақпарат кеңістігін бөтелкелес күйеуін балталап өлтірген әйел туралы ақпар жайлап кетті. Солтүстік Қазақстан облысы Қызыл­жар ауданына қарасты елді мекенде орын алған оқиға 34 жастағы әйелдің бақыт­сыз тағдырына әшкере. Аймақтың ІІБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйел бірге спирттік ішімдік ішіп отырған азаматтың басынан балтамен екі рет ұрыпты. Әлгі әйел бұл әрекетін «жиі таяқ жей беруден қажып кеттім» деп түсіндірген. Балтаны жуып, қанға бөккен киімдерін өртеп жіберген ол ертеңінде ғана полицияға хабар берген. Осыдан көп ұзамай-ақ, Көкшетауда айдың күннің аманында күйеуі құдай қосқан қосағын ұрып өлтірді. Басты себеп, келіншектің үйіне кеш қайтуы. Оның бұл қылығына қызғанышпен қараған ері оны аяусыз ұрып-соққан көрінеді. Отыздан енді ғана ас­­қан келіншек ауыр дене жара­қаты­­нан тіл тарт­­пай кетті. Ал ойраны шыққан отбасында шиеттей екі жас сәби жылап қалды. БҰҰ-ның есірткі және қылмыспен күрес жөніндегі баяндамасына қараған­да, 2008 жылы республикамызда 1680 кісі өлтіру оқиғасы болып өткен. Ал бұл дегеніңіз – 100 мың тұрғынға шаққанда 10,7 кісі өлтіру. Республикада осыдан бір жыл бұрын, яғни 2007 жылы 1677 кісі өлімі болған. Өсім бетке ұрып тұр. Ал қазір қаншасыншы жыл? Теледидар қосыңыз, аулаға шығыңыз. Біздің дәуіріміздің 2012 жылы емес пе? Сандардың тек қана өскені анық. Егер ауыр қылмыс туралы айтар болсақ, 2007 жылы олардың саны 29 049 құраған екен. Ал ағымдағы жыл­дың қаң­тары­нан бері 137 789 қылмыс тір­кел­іп, 38 353 адам қылмыстық жауапкершілік­ке тартылған. Өткен жылы, ҚР статис­тика агенттігінің хабарлауынша, қаңтар мен қыркүйек аралығында қылмыс 38,3 пайызға өсіп, 137 789 қылмысты құра­ған. Ал алдыңғы жылдың бірінші тоқ­санында қылмыс 2009 жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,2 пайызға өсіпті. Міне, кісі шошынарлық деректер, жүйке шыдат­пас зорлық-зомбылық актілерінің статистикасы осындай. Бірақ осыған мән беріп, аттан салған жан бар ма? Кісі жалдап адам өлтіру фактісі де жиілеп кетті. Түркістан қаласында өз әпкесін өлтіруге кісі жалдаған қаныпезер іні ұсталды. Ал киллерлері тоқсаныншы жылғы балалар болып шықты. Өлтіру ақысы – 20 мың теңге. Арық-тұрық бір тоқтының бағасы адам құнымен шендесіпті... Күні кеше жұбайын өлтіруге кісі жалдаған тағы бір әйелдің ісі айдай әлемге жария болды. Қарабайыр тілмен айтқанда «туған» күйеуін «туған» зайыбы нысанаға алғызып отыр. Қорқынышты емес пе? Бұған не деуге болады? Ерлі-зайыптылықтың киелі­лігі қайда қалды? «Қатыгездік зұлымдыққа тән таби­ғатына сай, мотивке зәру емес, оған тек сылтау болса болды», – депті белгілі ойшыл Джордж Элиот. Түптеп келгенде, бір-біріне жау болып шыққан әлгіндегі ерлі зайыптылардың қайғылы тағдырлары, әпкесін өлтіруді көздеген інінің ісі осыны ұқтырады. Сезіміне жауап бермеген қыздың анасын өлтірген ақтөбелік жігіт де сыныққа сылтау табушылардың қатарында. Махаббатқа көзі байланған 25 жастағы жігіт сезіміне жауап бермеген аруға қиянат жасамақ болған. Осы оқиға тура­сында ел телеарналары жарыса сю­жет те дайындаған болатын. Бақсақ, пышақ­пен қаруланған ол жаңа жыл қарсаңында сүйіктісі мен атасын жаралап, қыздың анасын о дүниелік етіпті. Соңы қайғылы аяқталған бұл махаббат хикаясы миға қалай салмақ түсіреді? 25 жастағы Евгений екі жыл жүрген қызының оған ата-анасы қарсы болған себепті тастап кеткеніне шы­дамай, қызғаныштан қылмыс жасауды ұйғарған. Ата-анасы қарсы болды екен деп, осыншама қатыгездік көрсетуге бола ма? Иә, адамнан өзге бірде-бір тірші­лік иесі қатыгездікке дәл адами артистік­пен, тапқырлықпен, көркемдікпен келе алмайды. Бұл мыңжылдықтардың аксиомасы болса керек. Соңғы екі жылда ғана оннан астам бүлдіршін өз анасының қолынан ажал құшты. Ал анасын өлтірген безбүйректер қаншама? Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы Ералиев ауылында 40 жастағы әйел өз анасын туған қызының көзін­ше өлтірген. Қылмыс күдіктінің 14 жасар қызының көз алдында орын алған, кішкентай куәгердің полиция қызметкерлеріне хабарлағанындай, сол күні кешке анасы мен әжесінің арасында ұрыс шығып, ашуға салынған анасы асүй пышағын алып әжесіне бір-ақ салған. Республиканы жан түршіктірген 11-сынып оқушылары соққыға жығып өлтір­ген қызылордалық Медет Жасым­байдың мысалы да атап өтерлік. Төмен­арық ауылындағы 14 жасар оқушы он екіде бір гүлі ашылмай қыршынынан қиылды. Оның да артында аңырап анасы, бауырлары мен туыстары қалды. Құқық қорғаушылардың пайымдауынша, оқушы бүйрек пен өкпе тұсынан алған жарақаттардан ғана емес, жүрек тұсынан тиген ауыр соққыдан оқиға орнында жан тапсырған. Осыдан соң Медетті ұрған сегіз баланың ішкі әлеміне кім тұтқа бола алады? Рейдерлікті әдетіне айналдырған мықтылардан алған тәлімдері тәрізді. Бұлар – көше тілімен берсек, «азулы қояндар». Саясаттанушы Мұхит Асанбай айтқандай, алдындағы «аға», «көкелерінен» алған үлгілері бойынша, осы заманның ойынын жақсы меңгеріп алғандығы. Балғындығын сақта баланың! Бәрі де балалық шақтан бастау алады. Негізі қалай қаланды, қабырға да солай кетеді. Философтарша айтсақ, бала санасындағы жаншылған көбелек кейін ғаламат құбыжық салдарға соқтырмай қоймайды. Ғалымдардың зерттеуінше, қылмыскерлердің 80 пайызы – балалық шағында зорлық құрбаны болғандар. «Балаға деген қатал қарым-қатынас оның психикасына ауыр жарақат салып, келешегін тұмшалайды» деседі. Мысалы, А.А.Реана редакциясымен шыққан «Адам психологиясы: тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кітапта мәселенің осы қырына аса мән берілген. «Негізгі мақсат – емдеу емес, алдын ала ескерту жасау. Кеш қалып, салдарымен күрес жүргізбес үшін балдырғандарға уақтылы көмектесу» делінген кітаптың алғысөзінде. Біз де соны қайталаймыз. Балабақша, мектеп – бәрі жақсы ғой. Алайда балаға ата-ананың махаббаты, аялы алақаны керек. Соңғы кездері, әсіресе нарыққа байланысты қалып­тасқан өмірлік адами-моральдық қарым-қа­тынастардың күрделенуіне орай, жасөспірімдер мен балалардың да тәрбиесі қиындай түсті. Сөйтіп, қоғамымызда «қиын бала» және «қиын ата-ана» деген ұғым-түсінік қалыптасты. Осы түйткілді шешу кезек күттірмейді. Болмашы қылықтары үшін жазалау, «таз ашуын тырнаудан» – яғни бөбегінен алу, отбасында қаталдық климатын орнату оң емес. Бұлар бала сана­сының деформациясына себеп болады. Біз көбіне балалардың өз ашуын жан-жануарлардан, құстардан алатынына куә болып жүрміз. Бірақ мән бермейміз. Былай қарағанда ойын көрінгенімен, ол үлкендердің өзіне жасаған зорлығын қайталап қана отыр. Сондықтан да 5-6 жасында торғай балапандарының басын жұлып, көгершіндерді мысық, итке тастайтын балалардың болашағынан қорқу керек. Шұғыл түрде сол баланың сана саулығымен айналысқан абзал. Көрнекті ғалым Жерар Бернарден: «Жануарларға қатыгездік жасау – адамдарға да дәл солай жасау жолындағы алғашқы тәжірибе», – депті. Сөзінің жаны бар. Бұған, бір жағынан, «менікін қаласаң, ал» деп ұрандатқан теледидар мен ғаламторды қосыңыз. Ондағы қатыгездікті насихаттайтын өнімдер ағыны қауіп ойлатады. Адас­тырушы арналар мен ібіліс иектеген сайттардың гипнозына түскен қаншама баланың ертеңіне бейсаналық деңгейде балта шабылып жатыр десеңізші! Рим императоры Юлиан «мен гладиаторлар шайқасын жеке көрем. Олар адамдарды аң-құс деңгейіне түсіреді. Алайда мен өзгелердің әуесі үшін бір-бірін өлтіруге мәжбүрленген бейбақтар туралы айтып отырған жоқпын. Мен көрермендер хақындай айтып тұрмын» деген екен. Ал белгілі бір деңгейде құбыжықтарға толы мульт­фильмдер мен анайы боевиктер арқылы тәрбиеленіп жатқан жас толқын туралы да дәл солай деуге болады. Неге бала жүрегінің тазалығы, пәктігі үлкейгенде өзгереді? Оны ғылыми дәлелмен айтпай-ақ, қарапайым тілмен қазақ атам «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп айтып кеткен. түйін орнына Қазіргі заман ойшылы Антоний Ходоровский «ну орманда жақсы қасқырға кезіккен абзал ма, әлде қатыгез қоянға ма» деп сұрау тастапты. «Қасқырдың жайсаңы, қоянның қатыгезі болушы ма еді» деп өре түрегелерсіз. Алайда мұны сөздік экспрессия, символдық эпитет деп түсінген ләзім. Не десе де, бұл – оның аллегория арқылы қатыгездік дейтін әрекеттің қорқақтық пен әлсіздіктен, қорқыныштан күш алатынын астарлағаны. Психолог ғалымдар қатал адамдардың психологиялық ауытқушылығы болатынын атап өтеді. Онда да ол психикалық жарақаттардан, өзгелердің оларға деген қатыгез қарым-қатынасынан туындайтын көрінеді. Қазақ ертегісіндегі қоянның «бәрі маған тиісе береді, суға батып өлем» деп, өзенге ұмсынатыны бар емес пе? Бірақ су жағасында өзінен үріккен қойларды көріп, «менен де қорқатындар бар екен» деп, бағытынан қайтатыны болушы еді ғой. Сол сияқты тәмсіл бұл. Бұрынғы-соңғы ойшылдардың да дені қатыгездікке «қорқақтықтың анасы» деп бір ғана сөзбен анықтама беріпті. Шындап келсек, қаша-қаша «жауыз» болған, қамыстан «өліп- тірілген» ондай мінездің әрқайсысымызда болуы кәдік. Тірлік кешу қиын, айнала толған әділетсіздік болса да, адами бейнені жоғалтпау – парыз. Ендеше, ыңғайсыз сұраққа бәрінен де оңды жауапты өмірдің өзі беретінін ұмытпайық. Өйткені тіршіліктің өзі – таразы. Қатігездік пен сенімнің күйреуі – соғыс психологиясынан, адамның адамға жасаған айуандығынан бастау алады. Ал қазір бәрінің бәріне қарсы соғысы жүріп жатқандай әсер қалдырады. Еліміздегі ғана емес, бүтін дүниедегі күрделі рухани ахуал содан ба екен? Рухани құлдырау өз шеңберінен асып, өзін өзге тіршілік иелерінен биік санайтын адамдар қатыгездіктің түпсіз шыңырауына, тоғышарлыққа, тіпті барлық болмыс-бітімімен бейсаналылыққа беттеп барады. Соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі адамдар көңіл күйінің алақұйындығы, бейбіт өмірге бой үйрете алмауы соғыстық шығармаларда ащы көрсетілген. Керек десеңіз, соғыстан кейінгі адамдар санасында жүретін ішкі қопарылыс қан майданнан бірде-бір кем емес. Әлде біз атышулы тоқсаныншы жылдардың екпінінен әлі арыла алмай жатырмыз ба? Тоқсаныншы жылдардағы «алдындағыны тістеген, артындағыны тепкен» сананың сарқыншағының еріксіз тұтқындарына айналдық па? «Азалы қоңырау кімге соғылды» демеңіз. Ол – баршамызға қағылған дабыл. Қатыгез пенделерге ескерту. Болатынымыз, яки бордай тозатынымыз өзімізге байланысты.

Абылай МАМЫРАЙХАН

16162 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы