• Ақпарат
  • 15 Ақпан, 2012

«Теңіздегі» игі істер

«Теңізшевройл» ЖШС өкілдері Алматыға арнайы ат басын бұрып, БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында «Теңізшевройл» ЖШС-ның бас директоры Тим Миллер компанияның өткен 2011 жыл бойынша экономикалық-әлеуметтік негізде атқарған жұмыстарының қорытындысын баяндады. Сонымен қоса, биылғы 2012 жылға қойылған міндеттерді саралап өтті. Кездесуді «Теңізшевройл» ЖШС-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев жүргізіп отырды. Мұнай саласындағы көшбасшы компанияның 2011 жылы жеткен же­тістіктері баршылық десе болатындай. Бас директор Тим Миллер өз баяндамасында компанияның елімізде заманауи технологияларға негізделген бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатқандығын атап көрсетті. Оның ішінде қауіпсіздік техникасын сақтау және еңбекті қорғау, өндірістің экологияға әсерін азайту, өнім өндіру көлемін ұлғайту, ұлттық кадрлардың үлесін арттыру сынды еліміз үшін маңызды міндеттер бар.  «Біздің компанияның 2011 жылғы мұнай өндіру көлемі 25,8 миллион тоннаны (206,2 миллион баррель) құрады. ТШО сұйытылған газ сату көлемін 1,3 миллион тоннадан астам, ал құрғақ газ сату кө­лемін 6,9 миллиард текше метрге жеткізді. Ал ТШО-ның Қазақстанға 2011 жылы төлеген тікелей төлемдерінің мөлшері 14,4 мил­лиард АҚШ долларын құрап отыр» деген ол одан кейін ТШО-да жұмыс істейтін ұлттық кадрлардың үлес-салмағының артып келе жатқаны турасында сөз етті. Жиын соңындағы пікір алмасу барысында әріптесіміздің бірі: «Жаңаөзенде болған жағдайдан өз тәжірибелеріңіз үшін сабақ алдыңыздар ма?» – деп са­уал қойған еді. Бас директор бұл сауалға былайша жауап қатты: «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында болған жағдай бізді де қапаландырады. Өз басым, әлгі жағдайды көріп қапаландым. Біздің компанияда мұндай жағдай орын алмайды деп сенемін. Себебі, бізде жұ­мыскерлердің әлеуметтік жағдайын білу мақсатында жиі кездесулер болып тұрады. Мәселен, ТШО қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына компания тарапынан қомақты қаржы бөлініп келеді. Дегенмен Жаңаөзеннен өзімізге тиісті қорытындылар шығардық деп айта аламын». Бізге белгілісі, ТШО өзіне тиесілі міндеттерді бұлжытпай орындап келе жатқан бірден-бір компания болып табылады. 2011 жылы кәсіпорын еліміздегі ең ірі және қауіпсіз компания болып танылған еді. БАҚ өкілдерімен болған кездесуде ТШО-ның көшбасшы компания екені тағы бір дәлелдене түсті. Жиылған жұрт көкейлерінде жүрген сауалдарға нақты жа­уап алып тарқасты. Сұлтан Тайғарин

2848 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы