• Тіл
  • 15 Ақпан, 2012

Бір сөздің беймәлім тарихы

Тіл – ғасырларға куә тарих тә­бә­рі­гі. Ел болып ұйысу, жұрт болып жұ­мы­лу жолында бастан кешкені мен құлақ естіп, көз көргені тіркелген халық жады. Оның әр нүктесіне жазылған сөз тұтас бір оқиғаның, кезеңнің, тіпті бір дәуірдің ізі болуы мүмкін. Сондай сыры жұмбақ сөздердің бірі – қалың нөпір тіркесі. Бір қарағанда түсінікті көрінетін тіркес құрамындағы нөпір сөзі қайдан шыққан? Астарында қандай шындық бүгілген? Осы орайда төменде филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәлидің зерттеу деректерін ұсынып отырмыз. «Көштер үздік-создық болмай топтанып иіріліп алып, қалың нөпір боп қозғалады (М.Әуезов. «Абай жолы»). Бұл тіркес «қаптаған қалың топ, мол жиын» деген мағынаны білдіреді. Ал осы тіркестегі нөпір сөзі жеке алып қарағанда қандай мағы­наны аңғартатыны қазіргі оқыр­ман­ға күңгірттеу көрінеді. Бастапқы мағынасы көмескі тартқан бұл сөзде уақыт бүркемелеген өзіндік бір сыр бар деуге болады. Сөз тарихындағы мұндай құпияны айқындау үшін оны туыстас тілдердің дерегімен де салыс­тыруға болады. Қазақ тіліндегі «нөпір» түрік тілінде «керней» деген мағынаны білдіретін «нефир» (араб тілінен енген. Турецко-русский словарь. М., 1977, 647-б.) сөзімен дыбысталуы ұқсастық қана емес. Түрік тіліндегі «керней» мағынасын білдіретін «нефир» мен қазақ тіліндегі «топ», «топыр», «жиын» дегенді білдіретін «нөпір» сөздерінің арасында мағыналық-тари­хи байланыс бар. Олай дейтін­і­міз, ерте­рек­те «нөпір» (нефир) әскери жорықтарда жиі қолданылатын дабыл құралдарының бірі болған. Белгілі бір жағдайда, мысалы, шеруге аттанарда әскерлерге нөпір немесе керней (бұлар негізінен мүйізден жасалады) үнімен түрлі белгі береді. Әскерлер тартылған кернейдің немесе нөпірдің үнін естіп, жан-жақтан топ-топ болып жинала бастайды. Батырлар жырындағы мына бір көрініс осыны көзге айқын елестетеді: Қараман шықты қаладан, Кернейлері бақылдап. Байрақты тулар көтерген, Алтыннан қалған жарқылдап, Сыбызғы, сырнай шақылдап. * * * Екі жүз жігіт жиып ап, Керней-сырнай тартады. Мұндағы керней-сырнай тарту жай ғана сауық-сайран емес, әскери дабыл (тревога) болса керек. Ерте кездерде керней, сырнай, сыбызғы, нөпір (нәфір) тәрізді аспаптар халық шығармашылық өне­рінде кеңінен қолданылған. Туған халқы­ның этном­әдени мұрасын терең білетін жазушы Сапарғали ақса­қал Бег­алин­нің ертеректе Жамбылдың өз аузынан естіген мынадай естелігі бар екен: «Сарыкемер тобы үлкен топ болуы керек, Баран деген ұлық келіп, Сұраншының бұлағында шатыр тігіп жатыр, мен сол шатырда едім, бір уақытта: «Сүйінбайды алып жүр, екі өлеңші келді», – деді. Байқасам, жалайыр Жантай ақын екен. Екі ұртына екі қамысты тығып, қобыз тартып, осы үшеуіне үнін қосып айтады өлеңді. Үшеуінің үні бір жерден шығады және өзінің де дауысы зор кісі екен, үнінен шошып кеттім. Шатырда қашып жатып алып едім, Сұраншы ақырған соң, амалсыз бардым, әлгі ақын: Көзімізді қарасаң көрер емес, Көздің құнын мына көп берер емес. Өлеңіңді қосып айт бірдемеге, Бақырғаның Сүйінбай өлең емес, – деп үнімен тұншықтырып әкетті». Сонымен әуелде түркі тілдері «керней» дегенді білдіретін «нөпір» (нефир) сөзі «топ», «жиын», «көпшілік» деген ауыспалы мағынада да жұмсала бастаған. Мағынасы бірдей сөздің (нөпір/керней) жарыса жұмсалуы – әрине, тіл үшін «басы артық» қолданыс. Тіл қашан да болсын ондай «артық» элементтерден арылып, өзін-өзі «рет­­теп» отыруға тырысады. Бір­ақ бұл – «артық» қолданыс «тіл майданынан мүлде ығысып қалады» деген сөз емес. Жарыса жұмсалатын ондай сөздердің бірсыпырасы қолданыла келіп, басқаша реңге ие болуы немесе нөпір тәрізді өзгеше дербес мағына алып кетуі ықтимал. Сонымен «нөпір» сөзінің қазіргі тілімізде қалыптасқан мағынасы – «топ», «топыр», «жиын». М.Әуезовтің бұл сөзді осы мағынада қолданғанын байқаймыз: «Дом болып жарап алған есік пен төрдей ұзын торы ат көлденең тұр. Қос құлағын қамыс­тай шаншылтып, арттағы нөпір­ге «бассаңдаршы» дегендей қара­ды» (М.Әуезов «Абай жолы»). «Нөпір» сөзі тілдегі мағынасына сай тіркес құрайды, мысалы, қалың нөпір. Кейде бұл сөзді «топ» дегенге қосақтап, нөпір топ деп те қолдана береді екенбіз. Мұндай тіркестің дұрыс­тығына күмәніміз бар. Өйткені нөпір сөзінің өзі топ дегенді білдіреді ғой. Салыстыра айтсақ, бұл тіркестің де «мәуелі жеміс» деген селкеу сөзбен «сорты» бір. «Мәуе» дегеннің өзі жеміс қой. Ендеше, нөпір топ дегеннің де жемісті жемістен ешбір айырмасы жоқ. Тегінде, бұл тәрізді құрғақ қай­талауға (плеоназм) жол бермес үшін әр сөздің тілдегі өз мағына үйлесіміне сай тіркес құрайтынына да назар аударғанымыз абзал. Сондай-ақ «мол», «аса көп» деген мағынаны білдіре­тін аткөпір тұрақты тіркесі, біздің ойымызша, «атнөпір»-дің дыбыстық жаңғырығы болуы ықтимал. Әдетте, мағынасы көмескі тартқан сөздердің дыбыстық жамылғысы әртүрлі нұсқада қайта жаңғырып жатады. Дегенмен біз бұл жерде сөз талғау, сөз таңдауы кезеңде «аткөпір» емес, «атнөпір» тіркесіне артықшылық беру қажет деп білеміз. Нұргелді УӘЛИ, филология ғылымдарының докторы, профессор

9301 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы