• Тіл
  • 15 Ақпан, 2012

Атауларымызды бұрмалауға арланбаймыз ба?!

d0bad0b0d180d182d0b0Ал «Караганда» деген сөз, қандай ұғым береді? Орысша аударсақ, «когда смотрел», «когда смотришь» деген сөз бо­лып «Қарағанды» сөзінің мазмұны мүлде өзгереді. Демек, «Қарағанды» де­ген сөз бен «Қарағанда» деген сөз­дің айырмасы жер мен көктей. Осылай тәптіштеп біраз мысалдарды келтіріп едім көршім ақыры түсінгендей болды. Кейін ол кездесе қалғанда «ну, как Қарағанды» деп «ы» дыбысына екпін сала айтып әзілдейтін болды.  Жалпы, орыстарда өзге ұлт сөздерін қалайда бұрмалап, бұзып айту­ға әуестік бар. Мәселен, әйгілі Д.Қонаевты орысша Кунаев деп бұзып айтқанға етіміз үйреніп кеткен. Бұл жайт, әрине, орыстардың тілі кел­мегендіктен емес, төлқұжат бергенде қазақтардың аты-жөнін қалайда бұзып жазуға әуестік болғандықтан екені анық. Әйтпесе орыс тілінде «конь» «конький» «коньяк» сөздерінде «о» қарпін «у»-ға ауыстырмайтыны белгілі. Бір қызығы орыстар өзінен басқа ұлт тіліндегі «Ж-дан бас­талатын есімдердің алдына міндетті түрде «д» қарпін қосақтайтынын түсіну қиын. Мәселен, «Жамбылды» «Джамбул» дейді. Жамбыл деп айтуға тілдері келсе де, сөзді бұзып айтады. «Жамбыл» деген сөздің екінші буыны тіпті орыс тіліндегі «был» деген сөз емес пе?! Солай болса да «бул» деп бұзады. Орыстың Жуков, Жириновский секілді есімдердің алдында «д» қарпін қосақтамайды. Ал өзге ұлт тілдеріндегі есімдерге неге «д» қосақталады? Мәселен, ағылшын­ның «Жорж» «Жон» есімдеріне де «д» қосақталып Джон, Джорж деп жазатыны неліктен екен? Мұнда қандай заңдылық бар? Менің мұндай сауал­дарыма көршім орыс тілі маманы болса да, жауап бере қоймады. Ал қазақтар үшін, әсіресе құжат­тарды орысша бұрмалаудың зардабын жою оңай болмай келеді. Мәселен, әйгілі ғалым Өмірбек Жолдасбековті білмейтін қазақ жоқ. Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бас ғимараты жанындағы студенттер сарайының төбесінде «Джолдасбеков атындағы» деп жазылып тұр. Мұндағы «д» әрпі қосақталғаны, тіпті ақындар айтысында да өткір сынға ұшырады. Алайда «д» әрпін алып тастауға ешкімнің күші жетер емес. «Өйткені ғалымның төлқұжатында осылай жазылған» деген сылтау айтылады. Ал Д.Қонаевты орысша «Кунаев» деп айтылып-жазылып келсе де оның атындағы университет «Қонаев атындағы» деп қазақша түзетіліп жазылған. Жалпы, қазақ баспасөзі Жамбылды да, Жолдасбековті де, «д» қарпін қосақтамай жазып келеді. Қазақта Қойшыбай, Мыңбай дегендей «бай» деген буынмен аяқталатын есімдер көп. Орысша Қойшыбаев, Мыңбаев деп жазылады. Алайда ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың аты-жөні орысша Сәтпаев болуы қалай? Оны да түзете алмаймыз ба?! Бір қынжылысты жайт, әлі күнге дейін қазақтардың аты-жөнін құжаттарда орысшалап бұзып жазу тыйылар емес. Газетіміздің биылғы 2 ақпан №5 санында жариялан­ған Өскемен­нен мектеп мұғалімі Ер­­кеш Ерға­ли­­­қызының редакцияға жол­­да­­­­ған хатын­­­да қазақ мектебі оқушы­­­­ла­ры­ның аты-жөнін Бектемиров, Әли­шер, Ескендиров, Султан деп орысша бұрмалап жазуға мәжбүр болып жүргенін, себебі балалардың туу туралы куәлігінде осылай жазылғанын, мұндай келеңсіздікті жоймаса, кейін төлқұжаты, өзге құжаттары осылай қате жазыла беруі мүмкін дегендей уәж білдіріліпті. Редакцияға мұндай хаттар жиі келеді. Жұртшылықтың талап-тілегіне билік орындары құлақ асуы міндет екені айтпасақ та түсінікті болса керек. Демек, мұндай құжаттарды жазып беретін мекемелердің қызметкерлеріне қазақ тілінің орфографиялық сөздігін, қазақ есімдері туралы сөздіктерді міндетті түрде басшылыққа алу туралы ережелер жасалып, нұсқаулар берілуі тиіс екен. Бұл жұртшылық талабы, уақыт талабы болып табылатынын ұғынатындай мезгіл жетті емес пе?! Сонда ғана бұрмаланған қазақ есімдерін түзетуге жол ашылар еді. Тіпті қазақ сөздерін бұзып айту­дың мұнан да өткен сорақысы бар. Мәселен, «Жаңаөзен» қаласын «Жана узен» дейді. «Озен» дегенге тілі келсе де, әйтеуір, бұзып айту керек болғаны ғой. Ал «Жаңақорған» ауданын тіпті «Яны Курган» деп атап келді емес пе?! Сонда «Жаңа» деген сөзді бірде «жана» деп бұзбай айтса, енді бірде «яны» деп мүлде өзгертетіні қалай? Ал біз, қазақтар ғой, тіліміз келмесе де орыс атауларының, аттарының әр әрпін ежіктеп айтып, бұлжытпай жазамыз. Қазақ БАҚ-тарында орыс атауларын бұзып, бұрмалап айту, жазу мүлде ұшыраспайды. Егер орыс есімдерін, атауларды қазақша сөз сап­тауға орай бұрмалап жазса, ай­тса, мұ­ның өзі сауатсыздық, қателік бо­лып бағаланады. Сондықтан, мә­се­лен, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаттары В.Киянскийді – Қыйанский, Ю.Тимощенконы – Тимешенкө, Д.Клебанованы Кілебаноба деп қазақ­шалап жазбайды, айтпайды. Орыс­ша қалай, солай айтады, жазады. Қазақстан картасына көз сал­саңыз, орысша бұрмаланған жер, су, елді мекендер атауларынан көз сүрінеді. Бұларды ретке келтіріп бір ізге салып түзетуге, әсіресе орыстілді БАҚ-тар аттан салып қарсы шыға кететінін де түсіну қиын. Мұнан біраз жыл бұрын «Алма-Ата» дегенді «Алматы» деп қазақша атауымен түзетіп жазу үшін қаншама айқай-шу болды. Сонда «ы» дыбысына тіліміз келмейді дегендей сылтау да айтылды. Ақыры олардың сылтауы дәйексіз болып «Алматы» деп қазір орысша айтып та, жазып та жүр. Кей кезде бәз біреулер­дің Алма-Ата деп әдейі бұзып айтатыны бар. Әрине, жекелеген азаматтар болса бір сәрі, Алматы-1 теміржолы бекетінде әлі күнге дейін Алма-Ата деп хабарлайтынын түсіну қиын. Жалпы қазақша атауларды орыс тілінде айту өте қиын, күрделі болса, қалай­да тіліңді бұра деп зорлық жасау­ға болмайтыны түсінікті. Алайда орыс тілінде айтуға, жазуға мүлде жатық болса да, қасарысып әдейі бұзып айту, бұзып жазу жергілікті халықты, елдің иесін сыйламаудың, тіпті басынудың, кемсітудің нақты көрінісі десек, жаңсақ айтқандық болмас. Қалалар атауын бір ізге салу мақсатында 4-5 жыл бұрын республикалық ономастика комиссия­сы Уральскіні – Орал, Караганданы – Қарағанды, Актюбинскіні – Ақтөбе, Кокчетавты – Көкшетау, Усть-Каменогорскіні – Өскемен, Боровоені – Бурабай, Шучинскіні – Шортанды деп орысша айтуға, жазуға шешім шығарған болатын. Мұны Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та құптап, орысша сөйлегенде осылай түзетіп айтатын болды. Алайда әу баста түзетіп айтқанымен кейін, әсіресе, орыстілді БАҚ-тар қасақана бұрынғыдай қалалардың қазақ атауларын бұзып айтудан жаңылар емес. Неге? Оны түсіну қиын. Тек Семипалатинск дегенді Семей қаласы деп орысша айтып та, жазып та жүр. Осындайда мына бір жайт еріксіз ойға орала береді. 1980 жылдарға дейін Эстония астанасы Талин деп бір «л» әрпімен жазылатын. Эстондар Талин деген сөзде эстон тілінде екі «л» жазылады, сондықтан қаланың аты Таллин болып түзетілуі тиіс деп ұсыныс жасаған еді. Бұл ұсыныс дереу қабылданып, бүкіл Кеңес Одағы бойынша Таллин деп айтылып та, жазылып та келді. Мынандай оқиғаны да айта кетейін. Кеңес өкіметі кезінде Қазақ радиосында диктор болып істеген едім. Бірде Мәскеу радиосынан Олжас Сүлейменов «Адамға табын, Жер, енді» поэмасын өзі оқитынын хабарлады. Сонда диктор «Олжас» дегенді «Алжас» деп айтты. Қазақ радиосы дикторларының басшысы Мәмбет Сержанов Мәскеу радиосына дереу телефон шалып «алжас» деген сөз «есінен ауысты» деген ұғым екенін түсіндіріп еді. Дастан оқылып біткен соң Мәскеу радиосынан диктор «оқыған Олжас Сүлейменов» деп дереу түзеткеніне риза болып қалдық. Кеңес заманында Олжас ақынның есімі үнемі Олжас деп дұрыс айтылып жүрді. Алайда еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстандағы теле-радиода орысша үнемі дұрыс аталған ақынның есімін бұзып айтатын болды. Сондай-ақ орыстілді журналистер, саясаттанушылар «Оспанов» дегенді «Аспанов», Ордабаевты – Ардабаев, Олжабайды – Алжабай, Орынбекті Арынбек деп бұзып айтудан жаңылар емес. Бұл не? Тілі келмегендіктен бе? Жоқ, тіпті де олай емес. Орыстарда «Орск», «Октябрь», «Отчизна» секілді сөздердегі «о» дыбысын «а» деп бұзбай, «о» деп айтылады. Демек, бұл қасақана жасалып келе жатқан әрекет болса керек. Ал «Қазақстан қалаларының қазақша атауымен айтайық, жазайық» дегенге қарсы орыс тіліндегі БАҚ-тар түгел өре түрегелетіні, ұсыныстарды да, комиссия шешімдерін де, тіпті Жарлықтар мен қаулы-қарарларды да құлақтарына қыстырмайтыны қалай? Мұндай түзетулер орыс тіліне еш зиянын тигізбейтіні айдан анық. Кейбір қисынсыз әрекеттер әсіресе еліміздегі қалалардың, өзге елді мекендер мен жер-судың тарихи атауларын қайта­руға немесе еліміздің тарихына, болмысына орай түзету мәселесінде ерекше байқалады. Мәселен, 2010 жылы күзде сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов Петропавл қаласының атын Қызылжар деп өзгерту жөнінде қазақ жұртшылығының тілегін Парламентте мәселе етіп көтерген болатын. Жарасбай бұл ұсынысқа орнықты, сенімді дәлелдер де келтірген еді. Тіпті үш ғасырдай бұрын әйгілі «Елім-ай» жырының авторы, ұлы жырау Қожаберген бұл өңір туралы «Қызылжар» деген өлең де шығарған. Бұл туындыны да жұрт әлі жатқа айтып жүр. Бұл туындыда «Көлденең көк Есілдің жарқабағын әкеміз Қызылжар деп атап кеткен» деген жолдар бар. Абылай заманында мұнда «Қызылжар жәрмеңкесі» деп аталатын сауда орындары да болған. 1925 жылы Ақмола губерниялық атқару комитетінің төралқасы Петропавл қаласының атауын «Қызылжар» деп өзгерту туралы шешім шығарған. Бұл жөнінде тіпті «Правда» газетінде де жарияланған. Жалпы, қазақтар Петропавлды әлі күнге дейін Қызылжар деп айтады, қазақ баспасөзі, тіпті «Егемен Қазақстан» газетіне дейін «Қызылжар» деп жазып жүр. Демек, Жарасбайдың ұсынысы орынды екені, ешқандай дау туғызбайтыны күмәнсіз еді. Алайда сол кездегі Парламентте депутат Тасбай Симамбаев бүйректен сирақ шығарғандай болып, түйеден түскендей етіп «қаланы Қызылжар деп өзгертетін болсақ бұл өңірдегі орыс тұрғындар «жаппай көшеміз» деп дүрлігіп жатыр, қала тұрғындары жаппай қарсы шығатын болды» деп арандатушылардың оты­на май құйғандай болды. Оны өзге депутаттар да қостай жөнелді. Сөйтіп, ақыры бұл мәселені жылы жауып қоюға Парламент мәжбүр болғандай сыңай танытты. Орыстілді БАҚ-тар да әдеттегідей бұларға қосылып мұндай өзгертуге қарсы үн көтерді. Ал, шын мәнінде, бұған кімдер қарсы? «Оларды айдап салып отырған арандатушы топтар кімдер? Олардың көздегені не? Бұл қалайда ұлт араздығын қоздыруға бейім күштердің жымысқы әрекеттері емес пе екен?» – дегендей сауалдарға ешкім жауап іздеп жатпады. Шынында да, жергілікті тұрғындар үшін қаланың тарихи атауын қайтарудың қандай зияны болмақ? Ешқандай! Ендеше, арандатушыларды іздеп тауып әшкере ету керек емес пе еді. «Албасты қабаққа қарап басады» дегендей, мұндайларды әшкерелемей, солардың ығына жығыла берген соң әрине, ондайлар есіріп-еліре бермей ме? Оларды анықтап, әшкерелеп, «ұлт араздығын қоздыратын әрекет жасады» дегендей заң бабы бойынша айыптау тағатын болса, ауыздарына құм құйылар еді. Әрине, жымысқылықпен әрекет етіп жүрген теріс пиғылдылар жоқ деп айтуға болмайды. Ондайлардың көбінесе еліміз тарихын, қазақтың мұң-мүддесін терең сезіне алмай­тындардың қолымен от көсейтіні байқалады. Егер мұндай арандатушылар қитұрқы әрекет етпесе, жергілікті орыс тұрғындар қазақ атауларына түсіністікпен қарайтынын күнде көріп жүрміз. Демек, орыстілді БАҚ-тарға қазақ тілін, қазақ мектептерін, атау­ларды қазақшалауды қолдап, насихаттау міндеттелуі тиіс. Өйткені қазақтың ұлттық мүдделеріне қарсы әрекеттер мен қитұрқы пікірлерді қоздыратындар кейбір орыстілді БАҚ-тардың ішінде кездеседі. Осы арада мынандай оқиғаны да айта кеткен жөн болар. Біраз жыл бұрын «Алма-Ата» дегенді өзгертуге қарсылар, әсіресе орыс тіліндегі БАҚ-тар шу көтеріп жатқан кезеңде Алматыда Калинин, Киров, Октябрь, Комсомол, тағы басқа көше­лердің атауын Қабанбай ба­тыр, Бөгенбай батыр, Наурызбай батыр, Әйтеке би,Төле би, Қазбек би деп бір мезгілде бірден өзгерткенде бұған қарсы шу шығарушылар үлгірмей қалған секілді. Ешқандай айқай-шусыз көшелердің жаңа атауы қолдау тауып жатты. Әрине, ескілікті тұрғындар өзара ескі атауымен атап жүрді. Бұл жаңа атауға қарсылық емес, үйренісе алмағаны екенін де түсінуге болады. Солай болса да, «бұрынғы атауын қайтар, өзгертпе» дегендей даурықпа шу болған жоқ. Мұның себебін біраз жылдардан кейін ұғынғандай болдым. Кенесары Қаптағаев деген ұлтжанды кәсіпкер азаматпен әңгімелесіп отырғанымда сөз арасында ол мынандай бір жайтты әңгімеледі: – Алматы қалалық әкімдігінде қызмет атқарып жүрген кезімде Калинин, Киров секілді көшелердің атауын Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Шапырашты Наурызбай батыр, Әйтеке би, Төле би, Қазбек би деп өзгерту туралы құжат дайындап бастығым орыс әйеліне апарып, қол қоюын өтіндім. Ол «неге бұлай» деп сұрады. «Жұртшылық осындай тілек айтып жатыр» деп едім, «әкім келіссе болды» деп, қолын қоя салды. Соңынан әкімнің де қолын қойдырып алдым. Сөйтіп, бір-ақ мезетте ондаған көше атауы өзгеріп шыға келді. Қарсылық танытқысы келгендер естерін жинағанша көше атаулары бекіп, тақтайшаларға жазылып, ілініп үлгерді. Ешкімнің қарсы үн көтеруге шамалары келмей қалды. Бұл да елді мекендер, көшелер, жер-су атауын халқымыздың тілегіне орай өзгертуге қарсы қандайда бір теріс пиғылдағылар бар екенін байқатса керек. Осындайда мынандай жайтты да ашып айтатын мезгіл жеткен секілді. Жалпы орыс тіліндегі БАҚ-тар атауларды қазақшалауды құптағанын ұшырату қиын. Ол­ар жап­пай тек атауларды өзгертуге ғана емес, қазақ тіліне, қазақ мектептері­не үнемі қарсы үн көтеруді әдетке айналдырған. Тіпті қысқа хабарларды бергенде кейде астарлап, кейде ашықтан-ашық қазақтың ұлттық мүдделеріне, қазақ тіліне қарсы ой-пікір білдіретінін жиі аңғарамыз. Қазақ тіліне қарсы әрекеттерге жол бермес үшін қала, көше атауларын өзгерту туралы заңдар мен ережелерге өзгерістер енгізу қажет екенін де қадап айта кеткеніміз жөн болар. Жалпы, «Петропавл, Павлодар секілді қалалар атауын өзгертуге қала, өңір тұрғындары қарсы» деген желеу айтылады. Осы мәселеге ойлана қарайықшы. Қала атауын өзгерту мәселесі сол өңірдегі жергілікті тұрғындардың да, мәслихаттардың да, әкімдердің де, тіпті Парламенттің де құзырына жатпайды. Ол тек мемлекет басшысының ғана құзырында болуы тиіс. Бұлай дейтініміз, қала деген сол өңірге ғана қатысты емес, бүкіл мемлекеттік мән-маңызға ие болатынын түсіну қиын болмаса керек. Қалалардың атауы, тіпті бүкіл бір елдің ғана емес, дүниежүзілік маңызға ие ғой. Президенттің арнайы Жарлығымен ғана қаланың өзгерген атауы бекиді емес пе?! Мәселен, Лениногорск қаласын Риддер деп атауды Елбасымыз Жарлық шығарды. Бұған қарсы ешкім дау көтере алған жоқ. Егер бұл мәселені қала тұрғындарына, жергілікті мәслихатқа, Парламентте талқылау жүргізілсе Лениногорск атауы әлі күнге дейін тартысқа айналып, өзгеруі неғайбылға ұшырайтыны сөзсіз. Ақмола қаласының атауын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзі ойлап тауып, Астана деп өзгерткені де баршаға мәлім.

Сондай-ақ қала атауын өзгерту мемлекет басшысының құзырында болса, көше атаулары жергілікті үкіметтің, яғни әкімнің тікелей құзырына берілуі тиіс. Бұған да тұрғындар мен мәслихаттың араласуы бітпес дауға ұласатынын өмірдің өзі көрсетті емес пе?! Екіншіден, көше деген – тұрғындардың меншігі емес, жергілікті үкіметтің құзырында. Көше тәртібіне де, көрінісіне де, тазалығына да, жолдарына да тек әкімдік жауап береді. Мәслихат депутаттары соған көмектесу үшін сайланбалы құрылым. Демек, көшелер жергілікті үкіметтікі болған соң оның атын өзгерту құзыры да соларда болуы тиіс. Әрине, кез келген лауазым иесіне, онда да әкімге тұрғындардың талап-тілегімен де, бүкіл елдің, өңірдің тарихи, рухани жағдайын зерттеп білу тұрғысынан шешім шығару міндеттелуі тиіс. Сонда елді мекендер, жер-су, көше атаулары, қазақтардың аты-жөндері оңай реттелер еді. Қуанбек Боқаев

4464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы