• Ақпарат
  • 15 Ақпан, 2012

АҚШ-Иран: шиеленіс ширығып тұр

Соңғы жылдары АҚШ пен Иранның арасындағы саяси ахуалдың күрделеніп кеткені көпшілікке белгілі. Тіпті кейбір сарапшылар «екі ел арасындағы соғыстың болуы ықтимал» деген пікірлер де айтуда. 1979 жылдан бері АҚШ пен Еуропа елдері тарапынан түрлі экономикалық санкцияларға килігіп келе жатқан Иран үшін әскери атом бағдарламасын дамыту басты мәселе болып отырғаны анық. Ал АҚШ болса, Иранның ядролық қаруға қолы жетсе, Парсы шығанағындағы үстемдігінен айырылып қалуы мүмкін. Қалай десек те, әр елдің өз геосаяси ойыны бар екені даусыз. АҚШ үшін зұлымдық белдеуіне баланған Иран мемлекетімен ашық әскери текетіреске бару бұған дейін болған Ауғанстан, Ирактағы соғыстарға қарағанда әлдеқайда қымбатқа түсетіні ақиқат. Ресми Вашингтон Иранға саяси-экономикалық қысым көрсету арқылы Тегеранның ядро­лық реакторды дамытудан бас тартуын күткен еді. Алайда АҚШ пен Еуроодақтың түрлі санкцияларына шыдап баққан Иран аймақтағы ірі саяси ойыншы мәртебесін сақтап отыр. Бұл – бірінші кезекте, Из­раиль үшін алаңдатарлық жайт. Өйткені Палестинадағы «Хамас» және Ливандағы «Хезболла» ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан Иранның Таяу Шығыстағы жағдайға өзгеріс әкелуге мүмкіндігі зор. Сол себепті Иранға соққы беруден тайынбайтын мемлекеттің бірі – Израиль. Ресми Тель-Авив әзірге мәлімдеме жасаумен шектелуде. Екі ел арасындағы жағдайға қатысты отқа май тамызып отырғандар да бар. Мәселен, АҚШ қорғаныс министрі Леон Панетта «Washington Post» газетіне берген сұхбатында «Израиль осы жылдың көктемінде немесе жазында Иранның ядролық нысандарына әуе шабуылын жасауы мүмкін» деген пікірін білдірген. Израильдің бұл жағынан тәжірибесі баршылық десе болады. Бұған дейін 2007 жылы Сирияда салынып жатқан ядролық реакторды әуе шабуылына алып, көзін құртқан еді. Ендігі кезекте, Израильдің Америкадан сатып алынған 120 «F-15I» және «F-16I» шабуылдаушы ұшақтары Иранның ядролық нысандарын нысанаға алатыны анық. Бұдан нені түюге болады? Бұл АҚШ-тың соғысты Израиль арқылы ұйым­дас­­ты­ру мүмкіндігін меңзейтіндей әсер қал­дырады. Вашингтонның әскери сарапшылары Иранның Ирак сияқты оңай шағылар жаңғақ емес екенін жақсы біледі. Сондық­тан АҚШ-тың парсы елін бөлшектеу саясатын да қолдануы ғажап емес. Мәселен, сепаратистік пиғылы күшті Иранның оңтүстік беткейі, Күрдістан, әзірбайжандық аймақтары Иранның осал тұсы екені даусыз. Ақ үйдің ойлағаны іске асып жатса, Иран­ды ішінен ыдырату арқылы аймақ­тағы ахуалды тұрақсыздандыруға болады. Бұл өз кезегінде Израильдің аймақтық көшбасшыға айналуына жол ашады. Әзірге белгілісі – Парсы шығанағының жағалауына АҚШ пен НАТО-ның әскери кемелері мен әуе күштері тізіле бастауы. Дегенмен Тегеран да бейжай қарап отырған жоқ. Сарапшылардың айтуынша, 80 миллион халқы бар Иран 20 миллион әскер шығара алады. Мұны – бір деңіз. Екіншіден, Иран мен Қытай арасындағы әскери ынтымақтастық әлеуеті жоғары деңгейде болып отыр. Егер Иранға қатысты әскери операция жасала қалса, Қытай да қарап қалмас. Жуырда Қытай төрағасы Ху Цзиньтао «егер қандай да бір мемлекет Иранға әскери шабуыл жасаса, Қытай да бұл соғыстан тысқары қалмайды, шұғыл түрде араласады» деп мәлімдеді. Бұл жайт қос ел арасындағы әріптестіктің һәм әскери байланыстың іргесі берік екенін айғақтайды. Мәселен, былтырғы жылдан бастап Иран Қытайдың қаржылай және техникалық көмегінің арқасында кемелерге қарсы «Наср-1» зымыранын шығаруға кірісті. Ал сауда-экономикалық байланысқа келсек, қазірдің өзінде Иран­ның экспортқа шығаратын мұнай шикі­затының 20 пайызын ҚХР сатып алып отыр. Сондықтан Батыс елдері тарапынан болған экономикалық санкциялардан Тегеран айылын жия қоймас. Тіпті ирандық мұнайға енгізілген эмбарго жүзеге асқан күннің өзінде, сол шикізатты ҚХР-дың бір өзі сатып алатыны анық. Үшіншіден, Иранда соғыс бола қалған жағ­дай­да, Израильмен қоса АҚШ-қа қар­сы екі майданда соғысу керектігін жақсы біледі. Сол себепті Тегеранның Израильге «Хезболла» ұйымын қаруландырып қарсы қоюы ықтимал. Тағы бір атап өтерлік жайт, Ресей Иранның одақтасы болмаса да, әскери теке­тірес кезінде Иран жағында болуы мүмкін. Себебі Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына Ресейдің де, Қытайдың да мүше екені белгілі. Соңғы кездегі Ақ үй мен Кремль арасындағы ахуал анау айтарлықтай жақсы дей алмаспыз. Иранның ядролық реакторлары Ресей өнеркәсібімен жарақтанып жатқанын ескерсек, ресми Мәскеудің бұл жағдайда үнсіз қалуы мүмкін емес.Біз бұл мақалада АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіскен жағдайды саралап көрдік. Әл­бетте, Құдай бетін ары қылсын, бірақ екі мемлекет арасында соғыс оты тұтанған жағдайда оның салдарын күллі әлем көретіні ақиқат. Қалай болғанда да, әлемдік қауымдастық АҚШ-Иран соғысын болдырмаудың амалын қарастыруы қажет-ақ. Алдағы күннен біз осы бағыттағы шараларды күтеміз. Сұлтан Тайғарин

3977 рет

көрсетілді

39

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы