• Әдебиет
  • 22 Наурыз, 2009

«Жеті атасы нар болса...»

Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамбетов Алаш жұртшылығына аяулы есімдердің бірі. Бөкей Ордасының қазақ қоғамындағы алатын орны мен арғы бергі тарихын індете зерттеген оқымыстылар А.Жұбанов, С.Зиманов, ғалым-жазушылар М.Смағұлов пен Р.Отарбаев та жарықтық Мақаштың сырт көзге қаһарлы патшаға қызмет еткенімен, кіндік қаны тамған атамекенінің тағдырын жадынан ешқашан да шығарып көрмеген, ұлтының жақсылығына сүйсініп, жаманшылығына күйінген үлкен жүректі азамат еді деген пікір білдіреді. Мақаштың атасы Бекмұхамбеттің кезінде Петербор университетінің заң факультетін тауысқанын, кейіннен Жәңгір ханның кеңесшісі ретінде ақ патшаның алдына дейін барғанын Әбу Атшыбаевтың «Шеркеш шежіресі» атты кітабынан оқығаным бар еді. «Қасқа айғырдан қасқа құлын тумаса да, төбел құлын туады», - деген қазақ даналығына осыдан кейін қалайша сенбейсің. Маңдайы жарқыраған жақсының жанында қашанда жақсы жүреді екен. Солардың бірі Аманжол Айдаболұлы Төлемісов. Ол Мақаш 8 жыл әкім болғанда оның бас кеңесшісі болған екен. Тіпті ел ішіндегі арагідік болып тұратын түрлі дау-дамайларды әділ шешуімен бір өңірге атағы шыққан Аманжол келешектің кілті оқу, білімде екенін анық сезген. Мақаштың жанында жүріп, қолындағы азды-көпті билігін пайдаланып, осы адам болады-ау деген бір топ баланы Орынбор, Қазан, Уфа секілді ірі діни ошақтарда білім алуға ықпал жасаған көрінеді. Сол көкөрім жастардың арасында бала кезінен ауыл молдаларының айтқанын қағып алатын алғыр бала Ақдраш Аманжолұлы да бар еді. Діни білімді тереңірек игерген Ақдраш ауылы Кетешағылға имам-хазірет болып оралады. Ауыл адамдарына Алланың ақ жолын насихаттап, ел қатарлы ғұмыр кешіп жатқанында иығын жұлып жеп кеңес өкіметі де келіп жетеді ғой. Қызыл көз кеңес өкіметінің қазақтың асын ішіп, аяғын теуіп, ойына не келсе, соны істеп, елді қан қақсатып кеткенін артық сөз шығарып, арам тер болып дәлелдеудің де онша қажеті жоқ. Бай мен молдаға алабөтен шүйліккен өкіметтің ұзын құрығынан Ақдрашта қашып құтыла алмайды. Кейбір тарихи деректерде 1930-1950 жылдар аралығындағы саяси-қуғын сүргін кезінде бүкіл кеңес одағы бойынша 3 778 234 адамның репрессияның қанды тырнағына ілінгені айтылады. Оның 786 098-і ату жазасына кесілген екен. Мұның да қаншалықты ақиқат екендігі бір Аллаға ғана аян. НКВД жендеттері 1930-1937 жылдар аралғында Ақдраштың соңынан бір емес, екі мәрте түсіпті. Алғашында «байдың тұқымысың», - деп шүйлігеді. Ақдраш болса, «Алла тағала да байлықты сүйген құлына беретін шығар. Әкемнің маңдай терін сорғалатып жүріп жиған бар дәулетін талан-тараж еттіңдер. Артының қайырын бергей», - деп ашуын сабырға жеңдіріп жауап қайтарады. Араға уақыт салып, репрессия саясатының солдаттары «Партияның айтқанынан гөрі, Алланың айтқанына үндейсің халықты. Дінге қаттырақ берілгенсің», - деп айыптаған екен. Соңғысында, яғни 1937 жылы «Халық жауы» деп тұтқындап, жазықсыз жанды ит өлген жердегі Сібірге айдап жібереді. Ақдраштың артында аңырап әйелі мен жалғыз ұлы Шияп қала береді. Он жасқа толар-толмастан «Халық жауының ұрпағы» деген қасіретті атақты иеленіп шыға келген Шияп ақсақал тағдырдың қанша теперішін көрсе де, морт етіп сынбай ұрпағын өрбітіп, ақарлы-шақарлы ғұмыр кешіпті. Осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден озған екен. Өткен жазда Ибрагим Шияпұлы екеуміз Атыраудан келе жатып, Доссорға кіре берістегі қалың қорымға соқтық. Маңғыстаудың ақ тасынан еңселі етіп көтерілген кесене Шияп ақсақалдыкі екен. Құлсарыға жеткенше Ибрагим замандасымыз әкесінің өткені туралы ақтарылып әңгіме айтты дерсің. «Әкем марқұм бала жастан қиыншылықты көріп өскесін бе, артынан ерген 7 ұлы мен 2 қызына «тек қана адал еңбек етіп, қатарға қосыласыңдар», - деп үнемі қайталап айтып отыратын. Атамыз «Халық жауы» атанып Сібірге айдалғанда он жасар ойын баласы нені ұқсын. Есейе келе «халықтың алдында абыройы зор, бес уақыт намазын қаза қылып көрмеген, пенде атаулыға сауаптан басқа ештеңе істемеген әкем неге «халық жауы» болуы керек», - деген сауал әкемді мазалай бастайды. Содан бастап, аяғының жеткен жеріне дейін арызданып, осы сауалдың жауабын іздейді ғой. Мәскеудің Лубянкасында орналасқан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне талай мәрте хат жолдағаны есімде. Цензура салтанат құрған қоғамдағы бірден-бір жабық тақырып болып келген «Халық жауы» мәселесіне КГБ қызметкерлері бас қатырып не қыламыз деп ойлайтын болуы керек, әкеме жөні түзу жауап жазбайтын. Салымыз суға кетіп, енді қалай болар екен деп жүргенде Тәуелсіздігіміз жарияланды. Үміт оты қайта жана бастағандай болды. 1992 жылдың наурызында отбасы мүшелері ақылдаса келе, Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының атына барлық жағдайды баяндап хат жазу керек деп шештік. Әкемнің бас болуымен, мұқият жазылған хатты Елбасының атына жолдап та жібердік. Сол екі ортада, 1992 жылдың шілдесінде ызғарлы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитеті деген жаңа атауға ие болды. Енді жолымыз болатын шығар деп үміттеніп қоямыз. Айтқандай-ақ, сол жылдың қыркүйек айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы құрылымынан әкемнің атына жауап хат келді. «Аманжолов Ақдраш 1939 жылы Комсомольск на Амуре қаласындағы жазасын өтеу лагерінде жүргенде ауырып қайтыс болған». Әрі осы бір ондаған жылдарға созылған қасіретті хабарлаған тілімдей хатта отбасымызды керемет қуанышқа бөлеген мына мәліметтер де бар еді. «Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1938 жылғы 30 мамырдағы әділетсіз шешімінің күшін жойып, Аманжолов Ақдраштың іс әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан, толықтай ақталған». Содан бір малды құрбандыққа шалып, ғазиз сүйегі Сібірдің ну орманының қай пұшпағында қалғаны белгісіз атамның аруағына бағыштап, ас бергенбіз. Ондаған жылдар белгісіз болып келген жайттың ашылуы, әкеме қанат бітіргендей болды. Содан республикалық «Жұлдыз» журналының 2000 жылғы бір санында «Ұлағатты ұрпақтар жалғасы немесе қуғын-сүргін құрбандары» атты мақала жазып, әулетіміздің бастан кешкен тақсіретін ашып көрсетіп еді», - дейді Ибрагим Ақдрашев. Леонид Млечиннің «КГБ. Председатели органов госбезопасности. Рассекреченные судьбы» деп аталатын кітабынан Сталинге қатысты мына жайтты оқығаным бар еді. Коминтерннің атқару комитетінің бас хатшысы Георгий Димитров 1937 жылдың 7 қарашасында, репрессияның қанды қылышы жалаңдап тұрған уақытта Мәскеуге келіп, Ворошиловтың дастарханынан дәм татқан ғой. Сондағы айтқан Сталиннің сөзін күнделігіне түртіп қойыпты. «Мы не только уничтожим всех врагов, но и семьи их уничтожим, весь их род до последнего колена». Өзін жарты Құдаймын деп есептеген «мұртты көсемнің» осы пікірін қанша ұмытайын десем де ойыма орала береді. Есіме түскен сайын, денем түршігеді. Шияп тағдырлас жүздеген мың отбасылардың, қулығы мен сұмдығына құрық бойламаған Сталиннің қаһарынан аман қалып, бір сүрініп, бір құлап, қатарға қосылып кетуі, әділдікті қашаннан жаны сүйген бір Алланың арқасы екен ғой деген ойға табан тіреймін. 150 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен Шәкәрім қажының пәлсапалық еңбегінде төмендегідей ой бар. «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ». «Өмірді – күрес немесе бәсеке», «бизнесті – соғыс» , - деп қабылдайтын көзқарастар алдыңғы шепке шығып тұрғанда, адал етіп жаратылған қарапайым жандар бақытты ғұмыр кеше алар ма екен? Әй қайдам!.. Шәкәрім қажының «адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл», - деуінің түп мәнісі осында жатқан сыңайлы. Соғыстан кейін қираған қалаларды тұрғызған да, ыстық, суыққа қарамай мал өсіріп, елдің дәулетін көркейткен де, адал еңбегіне ғана сүйенген Шияп секілді мың-миллион жандар еді-ау. Сарықамыс, Жаңа Өзен, Мақат, Доссор, Құлсары секілді ірі мұнай кәсіпорындарында Шиекең түрлі лауазымдардың тұтқасын ұстап, көпшіліктің құрметіне бөленді. Басшылықтан марапат, орден дәметпепті. Материалдық игілік үшін жанын қоярға жер таппай, тіпті сәбиінен қаралай безінетін кей замандастарға «дәулетті қолдың кірі» деп санаған қара шалдардың мүсіркей қарауы да түсінікті. Ауыр жұмысқа жегіліп жүрсе де, баянсыз ғұмырдың мәні – соңымнан ерген ұрпақ деп білген солардың азға қанағат тұтатын шүкіршілігі, қазіргі алашапқын кезде ауадай қажет. Өмірден өткен сол жақсылардың адалдығын аңсағаннан кейін, осы эссені жазу туралы ой келіп еді. «Өсіңдер, өніңдер, көбейіңдер. Қиямет күні артымдағы үмбетімнің көптігін айтып мақтанамын», - деген Мұхаммед пайғамбардың хадисінде ғажайып ақиқат бар ғой. Шиекең өмірлік жары Зылиха екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере де сүйген. Түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүрген олар «Шияптың балалары» деген атаққа кір келтірген емес. Аты есімде қалмапты, Батыстың тиыннан теңге құраған бір ірі кәсіпкерінің былай дейтіні бар. «Ақшаны табу үшін сәттілік, ұстап тұру үшін ақыл, көбейту үшін талант керек». Осы үшеуі жиылып келгенде, Шәкәрім айтқан адал еңбекке тәуелді. «НСС» (Теңізмұнайқұрылыс) компаниялар тобы, тек Атырау облысына ғана емес, батыс аймаққа түгел белгілі. «НСС» компаниялар тобының негізгі құрылтайшысы әрі бас менеджері Ибрагим Ақдрашев өзінің компаниясы туралы аз-кем әңгіме айтып берген болатын. «Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, табиғи байлықтарымызды игеру мақсатында алғашқы жылдары жүзден жүйрік шыққан шетелдік фирмалар елімізге келе бастады. Солардың бірі – Американың атақты «Шеврон» компаниясы еді. 1993 жылдан бері елімізде мұнай өндірумен айналысып жатқан осы компания бірсыпыра фирмалардың өмірге келуіне әсер етті. Соның бірі біздің компания. 1997 жылы «НСС» атты фирманы құрғанымызда 1 УАЗ көлігіммен, өзіне мықтап сенген 10 маманым болды десем, біреулер сеніп, біреулер сенбес. «Ведепсер» атты венгриялық фирмамен келісім-шартқа отырдық. Жүктелген сенімді ақтау үшін, уақытпен санаспай жұмыс істедік десек те болады. Кезінде шағын вагонда түтін түтеткен фирмамыз бүгіндері төрт аяғынан нық тұрып кетті деп айта аламын. «НСС ЛТД» компаниясы заңдық тұрғыда барлық құжаттармен толық қамтамасыз етілген іргелі ұжым. Сонымен қатар, өндірістің түрлі саласына бейімделген бірнеше мекемеміз бар. Компаниямызда негізінен өзіміздің қандастарымыз жұмыс істейді. Олардың кәсіби білімін жетілдіріп отырмаса, өндірісіміз зиян шегетінін ескеріп, 2002 жылы мемлекеттік лицензиясы бар оқу орталығын аштық. Мұндағы оқу бағдарламасы қазақ, орыс, ағылшын, венгр тілдерінде жүреді. Қазіргідей бүкіл әлемдік қаржы дағдарысы кезінде отандық тауарларды көптеп өндіру қажет. Осы мақсатпен пенопласт, темір қаңылтыр шығаратын цехатрымызды іске қостық. Ауқымы 150 шаршы метр болатын тұрғын үйлерді өзіміз тұрғыза бастадық. Қарамағыңдағы қызметкерлердің жағдайын жасамай тұрып, олардан сапалы нәтиже дәметудің өзі артық. Жұмысшыларымыз жатақханамен қамтамасыз етілген. Сапалы асханамыз және бар. Мейрамханаларымыз, фитнес орталықтарымыз, азық-түлік дүкендеріміз тұрақты жұмыс істейді. Мәдени шаралар компанияда үзбей өткізіліп тұрады. Шағын домбыра оркестріміз аудандық байқаулардан жүлдесіз оралған емес. Хақ дінімізді уағыздау мақсатында мешіт аштық. Құрбан айт, Ораза айт мерекелерін ұжым болып атап өтуді дағдыға айналдырдық. Жаз айларында Кавказ, Симферополь, Алматы секілді ірі қалалардағы шипажайларға жұмысшыларымызға тегін жолдама береміз. Компанияда жұмыс істейтін ата-аналардың жоғары оқу орындарына түскен ұл-қыздарына төленуге тиісті қаражаттарын фирманың жанынан төлеу бұрыннан жалғасып келеді. Осындай қамқорлықтардың барлығы, жұмысшылардың жұмысқа деген ынтасын арттырып қана қоймайды, нәпақаларын айырып отырған мекемесіне деген құрметтерін де арттыра түсетіні де жасырын емес. Батыс Қазақстан өңіріндегі құрылыс-монтаж компанияларының арасында көшбасшылық деңгейге жету – алдымыздағы тұрған негізгі міндет». «Арманның ең ауыры – бала жоғы», - деп күңіренеді Естай ақын. Нақақтан-нақақ «Халық жауы» атанып, жат жерде қалған Аманжол Айдаболұлын, артында атын өшірмей, ұлықтап отырған ұрпағы болғаны үшін де емес, өле-өлгенше хақ дінімізді уағыздаумен өткен аса діндарлығы үшін де, бақытты деуге болар. Кім мұнайшы болып, қара алтынды еселеп өндірмеді, кім қойшы болып, жусанды қырдан ақтылы қой өргізбеді дерсіз. Тіпті кімнің әкесі сол замандарда «Халық жауы» атанып, жазықсыз күймеді дерсіз. Шияпты әкесін ақтап алу үшін жанын сала әрекет еткен табандылығы үшін ғана емес, дүлдүл жырау Нұрым Шыршығұлұлының басына төрт құлақты кереге там салдыруды баласы Ибрагимге көзі тірісінде аманаттап кеткендігі үшін де, құрметтеуге әбден болар. ...О дүниеде тіршілік кешкен кезіңдегі барлық әрекетіңе жауап бересің, әр нәрсенің сұрауы болады дейді. Құдіреті күшті Алла Тағала пендесіне байлық беріп те сынайды екен. Ибрагимді тоқсаныншы жылдардың ортасында, заманның қысылтаяң кезінде кәсіпорын ашып, талай жанды жұмысқа қабылдағандығы үшін де емес, Адай ата, Қосай ата, Сүйіндік аталардың кесенелерінің сымбатты болып бой түзеуіне қаржылай көмек қолын созғаны үшін де, бақытты деуге келер. Мұның сыртында Ибрагим достың қаншама дарынды жастардың қолтығынан демеп, жанашырлық танытқаны, түрлі жобаларға демеушілік жасағаны және бар. Мұндай жайсаң азамат туралы неге қалам тербемеске? Демеушілікті жарнамаға айналдырып, ұпай жинағысы келетіндерге қарап, көп шаруаны үндемей тындырған Ибрагим секілді марқасқа азаматтар ойыма оралады. Қосқұлақ Қияқбай деген де ақын өтіпті өмірден. Бүгіндері біреу білсе, біреу білмейді оны. Мынау соның айтқаны. Ителгінің баласы, Ит алады демеңіз. Қаршығаның баласы, Қарға алады демеңіз. Жеті атасы нар болса, Әуелден Алла оңдаса, Жерде қалар демеңіз. Кенжебек Тұманбайұлы

2700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы