• Әдебиет
  • 22 Ақпан, 2012

Шығыс жұлдыздарының жарқылы

d0bad0b0d180d0b0d0b2d0b0d0bd-55Муслихаддин  Абу Мухаммед Абдаллаһ СААДИ (1181-1291 ж.ж.) Ұлы патша Наушаруан нөкерімен аңшылық қызығымен жүргенінде кеш те түсер болыпты. Әрі ашығып, әрі шөлдеп, қара терге малшынып келе жатып, айдалада бір қыстаққа жолықты. Нөкерлері сойды жылдам атып алған елікті, Мосы орнатып, астына от лапылдата жағылды. Құмырамен шарап, шәрбәт – бәрі мұнда келіпті, Тұз ғана жоқ! Барлық қапшық ақтарылды, қағылды! Наушаруан уәзірге тұрған жақын жанында, Қыстақ жаққа бөгелместен баруды тез бұйырды. «Тез тауып кел, – деді, – мейлі, жетсін ол бір салымға, Бірақ тегін алма – төле, аямағын тиынды!!!» Сонда уәзір деді былай: «О, қадірлі әміршім! Алла саған өмір беріп, бар ісіңді жақтасын. Мынау елге қамқоршысың, сен жердегі тәңірсің, Сондықтан да бәле-жала дейтіндерден сені әманда сақтасын! Бірақ менде бір сұрақ бар, бұйырмағын айыпқа: Барлығы да сенікі ғой! Мыңғырған мал, халқың да, Ең ақыры, жер астында кен боп жатқан алтын да, Тіпті, әрбір жүректегі ақ ниетті жарқыл да!.. Сонда саған бір шымшым тұз сатып алу лайық па?» Наушаруан деді былай сәл жымиып күлді де: «Иә, әрине, бар нәрсені тегін алу оңай-ды... Бірақ та оны бір қызметшім, әгәрәки, білді ме – Онда мына қыстақты түк қалдырмастан тонайды! Жаман үлгі қолдануға ыңғайлы әрі жұқпалы! Мысалы, мен жұлайыншы жалғыз-ақ бір алманы – Нысапсыздар қаптап кетіп, бақты түгел құртады, Дей бер онда әлгі бақта бір алма да қалмады!» * * * Әрбір ісі жағып елге, хаққа да, Мерейі асқан Наушаруан патшаға, Кеп уәзірі көңлі тасып шаттана, Сайрады бір құстай қонған бақшаға: «Сәлем саған, о, жердегі көлеңкесі Алланың, Пайғамбардың ізбасары, сүйіктісі жұртының! Тек жақсылық болсын сенің бар сыбағаң – алғаның, Қуанышты хабарменен жетті саған бұл құлың! Қас жауыңды опат қылды, жанын оның алды хақ...» Деді дағы бақты райын патшаның бет-жүзінің. Дәмеленді сыйлар ма деп сүйіншіге арғымақ, Бәлкім, берер қолындағы шешіп жауһар жүзігін. Бірақ жолы болмай қалды жаңалықтың бұл ашқан, Наушаруан жақтырмады өзіне айтқан хабарды. «Сен, шынымен, ойлаймысың, – деді патша, – растан, Мен қуанар деп «жауымнан ажал келіп, жан алды?!» Сен не, мені жүр деймісің мәңгі-бақи өлмейін, Өлеміз біз, адам біткен дүниенің қонағы. Ұят екен, ұялсайшы!.. Мұндайыңды көрмейін! Жауым емес, жаулық өлсе, қуануға болады». Абу НАУАС (756-813 ж.ж.) Бейопа болғанына ғашықтығың, Отырсың жасың төгіп, жасып бүгін. Көзің сүрт, көзе толы шарапты іш, Қайғыны басқасымен басыпты кім? Алдамшы аруға бос алданасың, Ұмытқын! Оны сүю арға да – сын. Етпейді опасыздық шарап қана, Достармен думан ғып жаз жан жарасын! * * * Сырқаттандым. Болмасын деп қауіпті. Шақырттырдым жанашыр бір тәуіпті. «Айығудың, – деді, – көп қой жолдары... Тек сүйіктің «сүйем» десе болғаны. Ал дертіңнің берем атын атап-ақ: Бір суынтып, бір күйдірген махаббат!» * * * Тағдыр деген немене өзі? Мазақ па? Осыншама неге түстім азапқа? Қапастамын оңы да жоқ, солы жоқ, Жолығудың титтей де бір жолы жоқ. Жан жағынан кірпік қақпай күзеткен, Ол да өкпелер Жаратқанға қыз еткен. Жұмсасам да білетін бар айламды, Күткен күндер шын тозаққа айналды. Қайтем енді... –Өтермін де өкініп... Мен тірімін десем оным өтірік! Абу-ль-АТАХИЯ (748-825 ж.ж.) Халифа һарун ар – Рашидтің тойына Әлемде еш теңдесі жоқ сарайда, Созылар-ау мына өмірің талайға. Жаның тыныш, қарсы келмес еш пенде, Орындалар бар тілегің қалайда. Бірақ бір күн алса, ажал алқымдап, Жүрек тулап, тұла бойың салқындап Жатқан кезде көрген қызық жирентіп, Көз алдыңа жын-ойнақ боп тартылмақ. Халифа һарун ар – Рашидке зынданнан Уа, Рашид! Танғаным жоқ сені әділ деп қараудан, Босата гөр, құтқара гөр қарғыс атқыр қамаудан. Ұлысың сен! Бірақ күншіл арамдарды көрмедің, Қолында тұр сол иттердің өмірім не өлмегім. Қол ұшын бер! Қалдырмайды мені, тіпті, бұлай жай, Құтқара гөр! Сыйынамын енді өзіңе Құдайдай. Өтіп жатыр айлар, жылдар әр сәтімді азап қып, Өлермін-ау көрместен-ақ атар таңын азаттық... * * * «Мына жұртта ең сорлы мен болғандай, Жолым ауыр. Шығармын шын сормаңдай!» – дейім де кеп, ал жылайын... Шапанмен бетім жаптым. Болсын қорған ол қандай... Достарым кеп ұялтты әрі жұбатты: «Шыда! Сілкін! Көздегі тый бұлақты!..» «Жылағам жоқ, – дедім, – көзге шапаннан шаң тиді ғой...». Жауабымды ұнатты... Омар ибн Аби РАБИА (644-712 ж.ж.) Достар да жоқ жұбататын, жүдеп бітті жүрегім, Ғашығымды аңсауменен, күрсінумен жүремін. Іздейтінім жұбаныш па?.. Мәз қылмас-ау ол да аса, Сүйіктімнің шын сүюі, адалдығы болмаса. Тыншытар кім? Мен көретін қызық бар ма өмірде? Әлде мені жай таптырар жалғыз-ақ тек өлім бе? * * * Көз ілмедім жаным жайсыз мұңданып, Таң да атты, міне, түнек түн қалып. Ол сүйікті туындысы Алланың, Бас тартса да ол мен бас тарта алмадым. Бір оңбаған мені айтса қаралап, Апты дейді нәзік жанын жаралап. Серттен тайып, безінсе де ол әрі, Жүректегі орыны әлі жоғары. Сезбесе өзі, түсірмесе мерейін, Қиянатқа қиғаш келіп не дейін... Өзіме айттым: «Бәріне де көнелік, Алла жасар пендесіне төрелік». * * * Ұйқы қашса үміттенем келер ме екен деп сені, Таң алдында көз ілінсе, көрем түсте тек сені. Сен алыста болсаң сәттің өзі – тұтас мәңгілік, Бірге болсақ мәңгілік те қысқа алмастай жан біліп. * * * Түнде келді ол! Нәзік бәден, құшағы ыстық, от тегі!.. Білінбеді ләззат толы сағаттардың өткені. Қимағанмен таң атқан соң десем оған «тұрсаңшы», «Жоқ, қимаймын!» – деді жарым, түсті көзден бір тамшы... Рабиндранат ТАГОР (1861-1941 ж.ж.) Ұшқындар Көкте бұлттар сурет салып, сөзді талай жазады, Тек аттарын көрсетпейді – бір қызығы, ғажабы. * * * Гүл өзінің көркемдігін емес елер, айта алар, Сондықтан да оңай келген көркін оңай қайталар. * * * Деді жұлдыз: «Жарқырайын, бірақ сәулем бір менің, Түре ала ма қараңғыны?.. Мұны енді білмедім». * * * Бұлт жұлдызды бүркеді де: «Жеңдім!» – деді. Әңгүдік! Жел жетті де әкетті айдап, күлді жұлдыз мәңгілік. * * * Махаббаттың қуанышы аз мерзімге шыдайды, Махаббаттың мұңы кетер өміріңе былайғы. * * * Байлық жию жайын ойлап өтіп жатыр күніміз, Ал өлерде не береміз?.. Ойладық па мұны біз? * * * Ұзақтығы өміріңнің өлімменен өлшенер Бұл фәниде «өмір жеңді» десе, деме ел сенер. * * * Қас қағым сәт ұшқан тастап мәңгілікке жалғанды, Армандады-ау, о да өзінен бір әдемі із қалғанды! * * * Туысқандар келер жанын бір-бірінің алғысы, Соғысты жүз мәртебе атсын бір Тәңірдің қарғысы! * * * Барыңды да оңдырмадың, қай ісіңде болды мән?! Тілеуіңді берсе, егер дейсің бе, оны оңдырам?! * * * Түнде жұлдыз тұрып еді бір-біріне сыбырлап, Бүгін гүлге оранғаны-ай, бүйткен емес бұрын бақ! * * * Толқын көріп көктен Күнді айқайлады тілеуін: «Тастаңдаршы маған анау допты, ей, кім бар, біреуің!» * * * Қуанышпен көріскенде көзіңнен жас үзілген, Неге енді қоштасарда көрдім күлкі жүзіңнен? БХАРТРИХАРИ (VІ-VІІ ғ.ғ.) Әйелді әлсіз, қауқарсыз жанға санап, Кей өлеңші кетіп жүр далбасалап. Әне, әлсіз кірпігін қағып қалды, Қағып қалып құлатты алыптарды. * * * Сұлу мықын ғажайып бәдендегі! Сол туралы сыр ашам. Болды, тыңда: Тәтті ләззат тап сонда әлемдегі, Бақытың да, сорың да сол мықында! * * * Сайқал сұлу өзгеден көп ілгері Болсын, мейлі, қызғалдақ еріндері, Сүймес жігіт өз-өзін қадірлейтін. Өйткені ол ерінді сілекейлеп, Кеткен түрлі азғындар, бәлекей кеп... Тағы басқа жексұрын, залым дейтін... * * * Саған, уақыт, бірдеңе дес беріп пе?! Бәрі кетті, айналды естелікке. Астана боп жайнаған қалалар да, Патша, пақыр, мырзалар, даналар да... Арулар да ай жүзді, батырлар да, Жыр сапырған арқалы ақындар да, Қала алмады ерте, не кеш келіп те... * * * Сен шәйіге малындың. Керекті ме? Мен жақтырдым жай ғана кенепті де. Місе тұтса деп жатпай «неге, нені?», Байға жарлы-жақыбай теңеледі. Нысап қылмай алмасса сағызға арды, Сол, әнеки, шын сорлы, нағыз жарлы. * * * Кәрілік дейтін әккі жолбарысты, Жеңсем деп алысумен қол қарысты. Антұрған азулы екен алдырмады, Аурумен тәнде сау жер қалдырмады. Теректей тамырының түбін кескен, Таусылар болды өмір білінбестен... Сонда да неге істейміз жамандықты, Әлде оны дейміз бе екен қамал мықты? Әл – Маарри АХМАД (979-1057 ж.ж.) Төбемізде еш қалқа жоқ, бос қармаймыз ауаны, Жамандықтың неше түрі нөсерлете жауады. Жаңсақтықтың зауалы ма? Бірақ мына қараңыз: Онымыз көп екен құмнан. Сенбесеңіз – санаңыз. Қанша тірлік етсін, мейлі, түскенінше табытқа, Ешбір патша жаққан емес, жақпайды да халыққа. Өйткені ол бола тұра мың-сан құлға ұлы да, Әлдеқашан өзі айналған қу нәпсінің құлына... Бұл фәниде ізгілігің көктей солып жатады, Ал зұлымдық таққа отырып, жерді жарар атағы. Өмір деген қорқынышты лақылдата құсады, Ал пенделер сол үрейден қанат байлап ұшады... * * * Жалған достар маған «жасың жүзге жетсін» деп алып, Өле қалсам, әй, қуанар мәз-мейрам боп, демалып. Кейде жауша жан жаралар өзім дейтін жақының, Ондайларға дауа бар ма, берсін дегін ақырын... Орысшадан аударған Арғынбай БЕКБОСЫН Тараз

4221 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы