• Мәдениет
  • 22 Наурыз, 2009

«Туады, туады әлі нағыз ақын...»

Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын Туады, туады әлі нағыз ақын! – деп жырлаған ақиық ақын Мұқағалидың туған жері – қасиетті Қарасаз өңірі тағы да ән мен жырдың құшағына бөленді. 11-13 наурыз аралығында Райымбек ауданының Қарасаз ауылында оқушылар арасындағы республикалық Мұқағали оқулары болып өтті. 18 жылдан бері облыс көлемінде, 4 жылдан бері республика деңгейінде өткізіліп жүрген жыр бәйгесіне республиканың түкпір-түкпірінен 28 оқушы қатысып, бақ сынасты. Үш күнге созылған жыр додасының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық білім басқармасының бастығы Ләззат Тілеубайқызы өткізілгелі отырған дәстүрлі республикалық Мұқағали оқуларының жас ұрпақ үшін берері мол екенін атап өтті. Ал ақын Темірше Сарыбай: «Бір ғана Қарасаздың емес, жалпы қазақтың қазынасына айналған Мұқағали шығармашылығы – барша халықтың дүниесі. Сол қазақ бүгінде ақындарын аспандатып жатыр. Мұқаң өз заманында қиындықты да, әділетсіздікті де көрген, бірақ бүгінде Мұқаңның оқырмандары Қазақстанның түкпір-түкпірінде оның поэзиясын көкке көтеріп жатыр», – деп ақын мұрасының құдіреттілігін паш етті. Дүбірлі додаға ақын Әділғазы Қайырбеков, Темірше Сарыбай, Болат Шарақымбай, Жарас Сәрсек, Ерғазы Манапұлы және І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы Сайлау Қожағұл мен Мұқағали мұражайының директоры Жұмаш Өтеев төрелік етті. Көктен қуат, жерден жігер алған, тумысынан тұлғалы ақын Мұқағалидың жырларын бүгінде халқы жауһардай әспеттеп, бойтұмардай сақтап келеді. «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім», – деп жырлап, поэзия пайғамбарына айналған Мұқағали жалғыз Қарасаз елінің ғана емес, бүкіл қазақтың ақыны. Мұзбалақ ақынның шығармашылығын сүйіп оқитын оқушылар жыр бәйгесінде «Менің пірім – Мұқағали», «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап», «Жыр эстафетасы», «Өлеңмен өрілген ой», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?» деп аталатын тақырыптар бойынша сайысқа түсті. Кім білсін, Қаншама әлі шырқарымды, Кім білсін, Қай күні сен қырқарымды. Мұқағали жоғалса қайтер дейсің, Жоғалтпасам болғаны ұрпағымды. – деп ақиық ақын ұрпағының үнін, қазақтың қара өлеңінің жоғалмауын мансұқ еткен. Бұл орындалды да. Алғашқы «Менің пірім – Мұқағали», «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап» тақырыптары бойынша оқушылар бірден Мұқағалидың бір өлеңін және өзінің төл туындысын оқыды. Мұнан кейінгі «Жыр эстафетасында» талапкерлер «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек» поэмаларын жатқа білуі тиіс. Додаға қатысқан 28 үміткердің 18-і осы сайыстан кейін ІІ-і кезеңге жолдама алды. Екінші кезеңдегі «Өлеңмен өрілген ой» байқауында үміткер өзіне тап келген Мұқағали өлеңінің астарын ашып, ой өрбітті. Ал «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» бойынша талапкерлер үш минут ішінде екі шумақ өлең құрап, көрерменді тәнті етсе, соңғы «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?» кезеңінде оқушылар Мұқағали мұрасы төңірегінде өз білгендерін ортаға салды. Мүшәйра соңында жиынға жиналған ақын-жазушылар ақын ескерткіші мен мұражайының алдында жыр оқып, сыр ақтарды. Ақын мұражайы бір кездері Мұқағалидың өзі айтқан жерге орнатылғанға ұқсайды. Ол жайлы мұражай қызметкері Әлия Судеева былай әңгімелейді: «БірдеЕркін Ібітанов, Қадыр Мырза-Әлі ағамыз және Мұқағали үшеуі иықтарына қармақтарын салып, Қарасуға кетіп бара жатқанға ұқсайды. Сонда ақын ағамыз сол тұста тұрған мүрдені меңзеп: «Әй, Ереке, мына мүрде кімдікі?» десе, Еркін ағамыз бұл жерде Шымырбай деген дәулетті жанның тұрғанын, сол кісінің мүрдесі болар деген ойын жеткізгенде, Мұқаң тұрып: «Мен ол күнге иә жетермін, иә жетпеспін. Ереке, сен өкшемді басып келе жатқан інімсің, тірі жүрсең көрерсің. Дәл осы жерде менің мұрағатым орнайын деп тұр», – деген екен. Сол жерге қада қағылып, 1991 жылы ақын мұражайы бой көтерген». Иә, осылайша өз болашағын болжаған қыран қанатты ақынның шығармашылығына арналған жиынға келген көпшілік қауым жыр шұбатымен сусындап, ән мен күйдің құдіретіне бөленді. Ақын ауылы жыр-әннің Меккесіне айналды. Қарасаздықтардың ақынын ардақ тұтып, сыйлайтындығын сол ауылдың табалдырығын аттағаннан-ақ байқауға болады. Көшедегі кез келген жасты не кәріні болсын тоқтатып қойып, Мұқағалидың өлеңін сұрасаң сайрап тұрғаны. Әсіресе бес жасар Талшын мен Жанардың Мұқағали өлеңдерін ерекше құлшыныспен, ықыласпен оқуы барша көрерменді тәнті етті. Осылайша талай жастың талантын таразыға салған бәйге де өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бас жүлдені «Тұйғын» бүркеншік атымен шыққан қарасаздық Қуаныш Әлімберді иеленсе, бірінші орынға алматылық Есбол Социалхан, Талғар ауданының түлегі Арман Октябрь ие болды. Ал екінші орынды Райымбек ауданынан Қадыржан Сабырақын, Талдықорған қаласынан Ажар Ерболғанова және Жамбыл ауданынан Орал Мәдениет иеленсе, үшінші орынға ақтөбелік Бағдат Төлеуғалиев, қызылордалық Серік Жасұлан және Қаратал ауданының түлегі Кенжегүл Төлеу табан тіреді. Жастардың талантына риза болған қазылар алқасының төрағасы Әділғазы Қайырбеков: «Дәстүрлі Мұқағали оқулары жыл сайын өткізіліп келе жатыр. Бұл – тек қана Мұқағалидың ғана емес, қазақ поэзиясының, қазақтың қара өлеңінің мәртебесін асқақтататын, өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелейтін ерекше мектеп деп есептеймін. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 28 үміткер бір-бірімен жарыса, тек Мұқағалидың өлеңдерін, поэмаларын жатқа біліп қана қоймай, өз бойларындағы талант ұшқындарын да байқатты», – деп жыр додасына қатысқан әрбір оқушының бойында талант пен талғамның, поэзияға деген сүйіспеншіліктің бар екенін екшеп айтты. Ал Мұқағалидың үш поэмасы мен жүзден аса өлеңін жатқа білетін дода жеңімпазы Қуаныш Әлімберді өз қатарластарының таланты мен қалам қарымына шын мәнінде риза екендігін жасырмады. Болашақта Мұқағали мұрасын насихаттауға бір кісідей атсалысқысы келетін жас таланттың бұл алар асуы әлі алда екеніне сеніміміз мол болды. «Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын, Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын», – деп мәңгілік ұрпақ жадында өлмейтін, өшпейтін жыр алыбы болып орныққан хас ақынның рухы жас ақындарға жігер беріп, шабыттарын шалқыта берсін. Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

7693 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы