• Қоғам
  • 02 Наурыз, 2012

Бағаны базар реттейді

d0b1d0b0d0b7d0b0d1801Кеңес өкіметі алыпсатарлықты «қылмыс» деп адамдарды сотқа тартса да, жекеменшік сауда-саттыққа қаншалықты қарсы болса да, базарларды жойған жоқ. Базарға орындар бөліп, сауда-саттыққа ыңғайлы ғимараттар салып, ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалайтындарға қолайлы жағдай туғызуға да мән берді. Еліміз тәуелсіздік алып нарық қатынасын бағдарға алған алғашқы жылдары қалалы жерлерде базарлар күрт көбейді. Алайда базар иелері сауда жасаушыларға жағдай жасауға мән бермеді, яғни түскен пайданы бұған шығындағысы келмеді. Жазда аптапта күнге күйіп, қыста аязда дірдектеп ауру-сырқауға ұшырап жүрсе де, жұмыссыз қалған жұрт үшін базар күнкөріс көзіне айналды. Сөйтіп, сауда-саттық орындарын қолайлы етіп жасау талапқа айналды. Соның барысында бірқатар базарларда жылы, жабық орындар жасалып, асханалар, жуынып-шайынатын бөлмелер салынып сауда орындары реттеле бастаған еді. Алайда соңғы жылдары қалалардың орталығындағы базарлар жаппай жабылып, олардың орнына тұрғын үйлер, автотұрақтар, супермаркеттер, өзге де ірі құрылыстар салу белең алды. Күнкөрісінен айырылған ұсақ саудагерлер, тұтынушы тұрғындар зарлап қанша шағымданса да, Үкімет органдары оларға құлақ аспады. Әкімдер болса «Қара базарлар көше сәнін бұзады, сондықтан олар қала сыртында болуы тиіс» деген сылтау айтумен келеді. Сондай-ақ көшеде сауда жасауға қатаң тыйым салынатын болды. Мәселен, еліміздің ең үлкен қаласы Алматыда жүздеген базар осындай себеппен жабылып былтырға дейін базарлар саны 70-тей болса, жыл соңында 30-дай ғана қалыпты. Демек, енді бірер жылда Алматы орталығында базар атаулы мүлде болмайтын түрі бар. Еліміздің өзге қалаларында да жағдай осындай. Мұның нақты себебін әркім әрқалай жорып айтып жүр. Біреулер байларға көпқабатты тұрғын үйлер, өзге де нысандар салу үшін базарлардың орны қажет болды десе, екінші біреулер байлардың супермаркет деген ірі дүкендердегі тауарларын қымбатқа сатуға базарлар кедергі болды дейді. Расында да, ірі дүкендердің мың теңге­ге бағаланған тауары қара базарларда жүз-ақ теңгеге сатылады. Мұндайда ірі дүкендер банкротқа ұшырайтынын бағамдау қиын емес. Сондықтан олардың алпауыт иелері қара базарды аластатуға күш салады. Қазір еліміздің қай қаласына барсаңыз да, кеңес заманында салынған саудагерлерге де, тұтынушыларға да қолайлы тынысы кең базар ғимаратын көреміз. Ал нарыққа көшкелі жиырма жылда осы секілді бірде-бір базар ғимараты салынбағанына таңданасыз. Жаңадан базарлар ғимараттарын салу былай тұрсын, соңғы жылдары кейбір қалалардағы базарларды жаппай жа­уып тастау белең алды. Базарлардың азаюы, әсіресе азық-түліктің қымбаттауына тікелей әсер еткені айқын байқалды. Өйткені бұл жайт ауыл шаруашылығы өнім­дерін өткізушілердің жолын тарылта түсті. Онсыз да тауары өтпей жатқан дүкендер ауыл адамдарының өнімін ала қоймайды, тікелей сау­далауға олардың мүмкіндігі жоқ. Көшеде саудалауға тыйым салынған. Сөйтіп әсіресе, мал өнімдері тез бұзыл­атын­дықтан, рәсуа болып, ауыл адамдар­ы­ның жағдайы қиындай түсуде. Мұндай жайт нені аңғартады? Жергілікті үкімет орындары базар шаруашылығын дамытуға мән бермеуі – өз алдына, тіпті базарларды мүлде құртуды бағдарға алған деуге болады. Сонда қара базарлардың елімізге, халқымызға пайдасы жоқ, зияны көп болғаны ма? Еліміз тәуелсіздік алғанда социализмнен бас тартып нарық қатынасын, нарықтық экономика бағытын бағдарға алды емес пе? Ал мұндағы нарық деген сөз орысша «рынок», қазақша мәні – базар. Нақтылай түссек, нарық қатынасы дегеніміз – сауда-саттық қатынасы. Үкімет жекелеген адамдардан бастап ірі кәсіпкерлікке дейін сауда-саттық жасауға жағдай жасай алса, халықтың тұрмысы жақсарып, ел экономикасын нығайтатыны жөнінде бизнес мамандары мен ғалымдар дәлелдеп айтып, жазып жүр емес пе? Ал базар дегеніңіз – жекелеген адам­дар немесе бір топ адам бірігіп, сауда жасайтын орын. Қазіргі экономикалық сөздіктерге көз жүгірт­сек, 50 адамға дейін мүше болған кәсіп­керлік – шағын кәсіпкерлікке, 50 адамнан асқаны орта кәсіпкерлікке жатады. Шағын кәсіпкерлік дегеніміз – шағын бизнес. Сіз шағын дүкен ашсаңыз, он шақты адам бірігіп өнім өндіріп сатсаңыз да, бұл шағын бизнеске жатады. Қазіргі бюрократтық түсінік бойынша егер тіркеліп, лицензия алмасаңыз, шағын кәсіпкерлікке де, шағын бизнеске де жатпайсыз. Ал, шын мәнінде, бұл шағын бизнес қой. Осылай тәржімаласақ, базар дегеніміз де – шағын бизнес. Егер базар иесін орта бизнес өкілі десек те, базарда сау­да жасайтындар шағын бизнес өкілі болатынын ұғыну қиын емес қой. Жалпы, әр адам, әр ұжым өзінің өнімдерін еркін саудалауы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудың, жұмыссыздықты азайтудың, бағаның өсуіне жол бергізбеудің төте жолы еке­нін ұғыну қиын емес. Ал еркін сауда дегеніміз базардағы сауда емес пе? Солай болса да, базарлар көбеюдің орнына азая түсуде. Базар аз болған соң кедей-кепшіктер базардың айналасында, көшелерде сауда жасауға мәжбүр. Базардың азая түсуін пайдаланып базар иелері сауда жасайтын орындардың бағасын барған сайын өсіре түсуде. Демек, базар шаруашылығын дамытпау, базарларды азайту да шағын бизнестің жолы ашылмағанын ұқтырса керек. Сондықтан да Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев шағын бизнеске қолдау жасау қажеттігін үнемі қадап айтып келеді. Елбасымыз Қазақстан халқына арналған биылғы Жолда­уында «Жергілікті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шараларын қаперде ұстаған жөн» деп тағы да ескертіп атап көрсетті. Алайда жергілікті шенеуніктер «базар деген шағын бизнеске де, орта бизнеске де жатпайды» деген түсінікпен базар шаруашылығын дамыта қояр ма екен?! Ал қазіргі базарлар дегеннің сиқы қандай? Базар жасайтын алаңды айналдыра темір қаңылтырмен қоршап, сауда жасайтын үстелдер қойып, төбесіне жаңбыр тамшыламайтындай шатыр жасап, сауда жасайтын әр орынға – 700-1000, тіпті 2-3 мың теңге ақы тағайындап, саудагерлерден ақшаны сыпырып ала беру. Сауда жасайтындар ертеден кешке дейін аязда тоңып, ыстыққа күйіп, ауру-сырқауға ұшырайтынында базар иесінің шаруасы жоқ. Сауда жасайтын қыз-келіншектер мен тепсе темір үзетін жігіттердің бірер жылдай «базардан нәпақа табамын» деп жүріп ауру-сырқауға шалдығып, мүгедек болатыны, тіпті өлім-жітімге ұшырайтыны базар иесін де, қала басшыларын да ойландырмайтыны таңдандырады. Базар иелерінің сауда жасайтындарды құл секілді қанауы өршімесе, бәсеңдер емес. Өйткені сауда жасағысы келгендер көп те, базарда орын жоқ. Сөйтіп, базарлардың сыртында да, тақау көшелерде де ұсақ-түйек саудалауға мәжбүр болғандар жетіп-артылады. Мұндайды жұрт «жабайы базар» деп атап кеткен. Сөйтіп, «базарлар – қала сәнін бұзатын көріксіз, жиіркенішті орын» деген түсінік қалыптасқан. Ал әкімдер болса, «базар­лар қала сыртында болуы тиіс» дегеннен өзге шараны білген емес. Қала сыртына барып-келу саудагерлерге де, тұтынушыға да қолайсыз екені – өз алдына бір төбе әңгіме. Осындай жайтқа ой жүгіртсе­ңіз базарлардың қандай болатынына басшылардың да, қосшылардың да мән бермей келе жатқанын бағамдауға болады. Сонда қазіргі заман талабына сай базарлар қандай болуы тиіс? Жалпы, Шығыс халықтарында базарға қатыс­ты «киелі орын» деген түсінік бар. Базар деген қала жұртшылығының тек сауда-саттық емес, сауық-сайран құратын, демалып, көңіл көтеретін, насихат жүргізіп, ақпараттар тарататын орны болып келді. «Әкең бермегенді базар береді», «Базарға барып бағыңды сына» дегендей қанатты сөздер осындайдан айтылса керек. Демек, қазіргі заманғы базар дегеніміз қалаға көрік беретіндей сәулетті де сәнді, тынысы кең, заңғар биік ғима­раттар кешені болуы керек. Мұнда сауда жасайтындарға қыста – жылы, жазда – салқын демалыс орындары, жуынып-шайынатын кең бөлмелері, шахмат, теннис ойнайтын залдары, асханалары, саудалайтын өнімдерді дереу тексеріп отыратын санитарлық қызмет орындары, шағын емханалары, ойын-сауық, жиын өткізетін залдары секілді адамның өмірі мен денсаулығына, еңбек етуіне қолайлы нәрсенің бәрі бар, аймағы атшаптырым тұтасқан ғимараттар кешені болса, мұндай базарларды «қала сәнін бұзады» деп ешкім айта алмас еді. Мұндай базарлар қаланың көркі, мақтаны болып, тұрғындардың тұрмыс-тірлігін де байқататын халық ең көп шоғырланған тамаша орынға айналуы әбден мүмкін. Тіпті Алматыдағы Кеңес заманында салынған әйгілі «Көк базар» ғимаратындай базарлар са­лу­ға болмас па?! Алматының 7 ауданына осындай 7 базар салынса да, аздық ететіні сөзсіз. Сон­дай-ақ қаланың әр шағынауда­­нын­да да осы секілді базарлар салуға болар еді. Алматы, Шымкент, Қарағанды секілді ірі қалаларда 7 базар емес, «Көк базардай» 70 базар салынса да, көптік етпес еді. Ал қазір Алматыдағы «Шаңырақ» шағынауданының тұрғындары сан жағынан еліміздің орташа қаласы­мен теңеседі. «Шаңырақпен» ірге­лес «Ұлжан», «Әйгерім» секілді шағын­аудандар да бар. Алайда бұл маңда бірде-бір базар, тіпті «жабайы базар» да жоқ. Қалада базарлардың азаюынан, әсіресе азық-түлік бағалары өсе түсуде. Бұған тоқтау салу үшін Алматы әкімі қала маңындағы ауыл тұрғындары өнімін арзанға саудалай­тын сенбі, жексенбі күні ғана істей­тін уақытша 35 базар ашуға мәжбүр болды. Мұнда өнімін саудалайтындар әкімдіктен комиссия келсе, өнім­нің бағасын арзандатады да, олар кеткен соң қала дүкендерімен теңестіріп, қымбаттатады. Әрине, 40-50 шақырым жерден таң бозынан тұрып артынып-тартынып келген ауыл адамдарына «өніміңді арзанға сатасың» деген талап нарық саясатына қайшы емес пе? Мұндағы тағы бір одағай жайт, мұндай базарларда қала тұрғындарына сауда жасауға тыйым салынған. Базар алаңы сенбі, жексенбіден басқа күндері қаңырап бос тұрады. Жалпы, Үкіметте азық-түлік баға­сын өсіруге жол бермеу мәселесі үнемі қозғалып, түрлі шаралар алынатыны­нан жұртшылық хабардар. Солай болса да ауыл шаруашылығы өнімдерінің баға­сы жылдан-жылға өсіп бара жатқа­ны баршаға мәлім. Егер Үкімет базар шаруашылығын дамытуға мән беріп, қалаларда заман талғамына сай сәулеті мен сәні келіскен базар­ларды көбейтсе, мұн­дағы сауда орын­дарының бағасы да төмендер еді. Өйткені саны көп болған соң базарлар арасында да бәсеке туын­дап, бұлардағы сауда орындарының бағасы да төмендейтіні сөзсіз. Ең бас­тысы, ауыл шаруашылығы өнімдерін базарларға өткізуге, саудалауға даңғыл жол ашылып, олардың бағасы ешкім реттемей-ақ өзінен-өзі төмендер еді. «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзар» дегендей, мұндайда базар қашанда өнімді арзандататыны анық. Мұның өзі шетелдік қымбат тауарлардың да жолын кесуі әбден мүмкін. Ал қазір сауда орындарындағы сүт, айран, қаймаққа де­йін сонау Еуропадан әкелінетіні, жеміс-жидектер Қытайдан, Түркиядан, Ираннан тасымалданып, қымбатқа сатылатыны ұлан-байтақ жері бар, мыңғыртып мал өргізген Қазақстан үшін өрескел көрініс екенін жұртшылық қынжыла айтады. Өйткені шалғай аудандарды былай қойып, қалалар түбіндегі ауылдардағы ауыл шаруашылығы өнімдері саудалауға мүмкіндік таусылғандықтан рәсуа болып жатқанын жұрт көріп-біліп жүр. Қазір еліміздегі қалаларға – 500, тіпті мың шақырымнан өнім жеткізу қиын ша­руа емес. Шалғай аудандардағы өнім­дерді базарларға дереу өткізуге жол ашылса, шетелдік қымбат өнімдердің өтпей қажетсіз болып қалатыны кү­мәнсіз. Осындай жайттарды ой еле­гінен өткізсек, базарлар көбеймей баға төмендемей өсе беретінін аңдауға болады. Қ.Боқаев

4577 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы