• Әдебиет
  • 22 Наурыз, 2009

Қызылжарым менің!

«Айтпасаң сөздің атасы» демекші, менің айтарым бар. Ұланғайыр қазақтың даласында қалалар да болғаны анық. Соның бірі – Қызылжар қаласы. Солтүстік Қазақстан өңірінде өмір сүрген, өмірден өткен қандастарымыздың, қазіргі замандастарымыздың орындалмай жүрген асыл арманы не десе, мен айтар едім, ол ешуақытта шешуін таппаған, жүректің төріндегі әр қазақтың асыл арманы тілегі – облыс орталығының атын ежелгі өз атымен атау. Тағдырдың жазуымен, үстем ұлттың, патшалы Ресейдің өкімімен православие пайғамбарларының Петр мен Павелдің атымен аталған, облысымыздағы жалғыз қаланың атын өзгертіп, өзінің шын атын қайтару қиынның қиыны болып тұр. Қаламыздың Қызылжар қаласы екенін барлық ұлттар жақсы біледі. Ақпарат құралдары ол туралы көп жазғанмен, қандай алапат күш жол бермей тұрғанына таң қаламыз. Сонда қазақтардың намысы тапталып, жігері құм болып жатқанын неге түсінбейді? Демократия деген тек басқа ұлттың көңіліне қарап, өзіңді құрбандыққа шал деген емес қой. Өз еліңде тұрып әлі күнге дейін патшалы Ресейдің қол астында жүргендей болуға бола ма? Жетті, болды, есіміз барда елімізді табайық, халықтың орындалмаған, сан ғасыр бойы армандаған асыл арманын іске асырайық дейтін азаматтар жоғарыда бар ма екен? Билік иелері түрлі сайлау кездерінде басқа ұлттардың дауыстарына ие болу әр түрлі құйтырқылыққа баратынын көзіміз көрді. Бір ағамыз әке-шешесі қазақ бола тұра, Сенатқа сайлану үшін өмірбаянына «шешесі орыс, нағыз интернациолист» деп жазды. Сол сияқты қандай да бір сайлауда көп дауыс алу үшін қазақтар басқа ұлттың жетегінде кете бермек пе? Қазаққа қатысты тарихты қайта жазып, бұрынғы хандық дәуірді жоққа шығарып, кейін барлық жақсы-жайсаңдарды қырғанда ешкімнің келісімін сұрамаған патшалы Ресей болсын, Кеңестіктер болсын, қазіргі жаңа Ресей болсын, қиыс кетсе, басқа ұлттың құқығы тапталды деп қиқу шығарады, референдум талап етеді. Қашанғы солай болмақ? Жалтақтау мен жалпақтау қазақтың маңдайына мәңгілік жазылған ба? «Егемен Қазақстан» газетінде Жақсыбай Самырат бірнеше рет осы мәселені дұрыс көтерді, халықтың қолдауын табатынына сенеміз. Алдымен қаламыздың атын үш жүздің басын қосқан Абылай ханның атымен атасақ деген ұсыныс айтқан болатын, артынан мұрағаттан 1925 жылғы құжат табылғанын жазды, онда сол кездің өзінде қалаға өз атын беру туралы орталыққа ұсыныс жасалған, оны әлдебіреулер орталық комитетке жеткізбей «желкесін қиған». Шын мәнінде коммунистер-атеистер басқарып отырған елге православие әулиелерінің – Петр мен Павелдің есімдері айта қаларлықтай маңызды емес еді. Еліміз Егемендік алғаннан кейін өз жерімізге өзіміз ие болып, ертеде қазақ халқының келісімінсіз өзгертілген жер-су аттарын қалпына келтіріп қуанышқа кенелдік. Сөз жоқ ұрпақтар алдында біраз борыш орындалды, соған атсалысқан, мұрындық болған зиялы топ өкілдері – журналистер, «Қазақ тілі» қоғамының жетекшісі Қосыл Омаров ағамыз болды. Меніңше, ендігі кезек облыс орталығының ата-бабамыз қойып кеткен ежелгі атын – Қызылжар атын қайтару болып тұр. Ата-бабаларымыз атап кеткен Қызылжар атынан, патша өкіметінің өктемдікпен қойған Петропавл аты қаншалықты маңызды екенін кім дәлелдеп бере алады? Тағы да баса айтатын жай – ол үнемі қорланып келе жатқан қазақтардың құқығы ескерілуі керек. Жылда қала күнін атап өтеміз. Жаздың тамаша жылы, мамыражай күндері саябаққа жиналып, ән салып, би билеп, жыр оқып жатамыз, бір қызығы, қазақтар «Қызылжарым» деп жүрегін жайып салып жатса, басқа ұлттар «Петропавл» деп бой бермейді ғой. Қарап тұрсаң әркім әр түйе айдағандай, әр жаққа тартып, берекені алады. Бәрімізді біріктіретін күш – ауызбірлік болса, көпке созбай қала атын өз атымен атап, бұл келеңсіздікті біржола жою керек. Басқа ұлттарға еш қарсылығымыз жоқ, тек біз өз құқығымызды қорғаймыз. Әрқашан ел мүддесін көздеген адамдар «бүлікші» болып көрінеді. Өткенде «Бір ел – бір кітап» республика көлеміндегі шараға қатысып, әдебиет алыбы, жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» повесін оқып, Қарқара ұлт-азаттық қазақтар көтерілісін егжей-тегжейіне дейін жазған ұлы жазушыны «ол бүлікшілер туралы» жазды деген басқа ұлттардың мәлімдемесін естіп, таңғалмасқа болмады. Қаланың ежелгі аты қайтарылса ел-жұрттың алғыстан басқа айтары жоқ. Қазір өмір сүріп жатқан замандастарымыз, зиялы қауым ұрпақтар алдында жауапты. Марал Зейнел-Ғабиқызы, журналист Солтүстік Қазақстан облысы

2995 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы