- Тұлға
- 02 Наурыз, 2012
Жезкиік жырлар, мөп-мөлдір сырлар

Әлімсақтан айтылып келген «ақын болу міндет емес, азамат болу – парызың» қағидасы мен үшін соншалықты бір терең мағыналы шыншылдығымен болмаса, орнын адаспай тауып тұрған дәл, дәйектілігі мығым ұғым-қағидадай әсер етпейді. Өйткені ақындық деп аталатын асқақ түсінікті азаматтықтан бөліп алу немесе екінші сатыға қоюдан жалпы «ақын», «ақындық поэзия» деген таным болмысын солғындатып алар бұл позиция табиғаттың таңдап, талғап қана сараң сыйлар ұлы бақытын аяқасты қалдырғандай әсерге итермелейтіні бар. Оның үстіне алдымен азамат болып алмай, ақындықтың шылбыр шылауына қол созудың да әбестік екендігін осы тұста жыға танымау жалпы адами ауқымды тұжырымдамалар жасауға кепілдік бермесін еске еріксіз салатындай. Ендеше, ақын болу үшін алдымен азамат болып ал десек, манағы қағида әлдеқайда өтімді де өткір, жүйрік те жіті ажар кескінге ие болар еді. Бұған қоса халық түсінігінде «азамат ақын» деген әдемі де айшықты асыл ұғымның да тектен-текке қалыптаспағандығын төрелікке тартар едік. Сонда біздің сөз етіп отырған «ақын болу үшін алдымен азамат болып ал» деген жаңа қағидамыздың қанаттанып жүре берері даусыз.
Ақындыққа берілер бағаның азаматтықпен орайлас, еншілес шешілерін мойындағанда ғана бүгін жас мөлшері сексеннің асуына ентікпей еркін көтерілген Кәкімбек Салықов ақынның толайым шығармашылығына өз бағасын бере аларымыз ақиқат. Өз оқушысына жеткен туындыларын таразылап, ой сүзгісінен өткізе алсақ Кәкімбек жырларынан ақынның, азаматтық үні мен табан тірер тұғырлы биігін жаңылыс-жалтақсыз айқын танырымыз тағы да – шындық.
Осыдан қырық жылға жуық уақыт бұрын жазылған бір жырында ақын:
Тірлікте шалқып кең жүрсем,
Дәрежем бар деп сенбедім.
Дәреже деген – мен білсем,
Артымда қалған еңбегім, – десе, бүгін «сексен» деп аталатын өмірдің еңселі бір белесіне көтерілген Кәкімбектің мансап-дәреже, абырой-атақтардың бәрін кейін серпіп тастап, алдымен маңдай тер, табан ақының өтеуімен келер ұлы еңбек алдындағы адалдығы, сол еңбекпен көтеріле алған өзінің азаматтық асқақ тұлға-бітімі тұрғанын байқар едік.
Міне, ақынның азаматтығы дегендегі ой желісі осынау алғашқы қадамнан өріс алып, келер күндердің асулы қия соқпақтарына сапар шегеді.
Шынында да, Кәкімбек Салықовты хатшылық мансап, мінбесі мен ақындықтың азапты еңбегі алдындағы екіұдай сезім күйге бөлер таңдауын сұрап білер бір жан болса, ақындыққа адалдығын алдымен ауызға аларына өз басым шүбәсізбін. Өйткені ақындық – ардың ісі, ал атақ-абырой, мәртебелі мансапқа ақындықтың азапты жолымен барам деу – далбасалық.
Ақындыққа бала
жастан ғашықпын,
Кенші болдым.
Өмір жолын ашарда, – деген Кәкімбек ақындықтың өз бойына дарыған тұсын тым әріден – сәбилік кезеңдерінен сыр етіп тартса, онда да өмір шындығы жатқандығын жоққа шығара алмасақ керек. Алуан-алуан жүйріктердің қадамына қуат, қиялына қанат байлаған аруақты Айыртау өңірінен өріс ашқан Орынбай мен Ақан, Үкілі Ыбырайлар думандатып өткенде пенделіктің бүгін бар, ертең жоқ, шолтаңдаған шолақ тірлігін мансұқ тұтпағандығы белгілі. Олардың әрбір отырысы бір мектеп болса, ауыздан-ауызға ауысып келіп бүгінгі ұрпаққа жеткен ұлы мұралары Кәкімбек сияқты көкірек көзі көреген, сезім қиялы алымды жастарға неге жұғысты болмасын?! Қазақтың «ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс» дегендегі айтары да осындай атадан – әкеге, әкеден – балаға, баладан болашаққа ұласып, жалғасар ұлы мұралар үрдісі екендігі ғой.
Кәкімбектің кенші болып қалыптасуы биік мансапқа жеткізсе, Кәкімбектің ақын болып қалыптасуы оны мансаптан да жоғары азаматтық асқақ белестерге жезкиіктің тұяғына, аққу құстың қияғына ілестірер қарқынды қуатпен тым шығандатып, әуелете көтеріп әкеткен еді.
Кәкімбек ақынның «өлең өрнек¬терінен өзіне ғана тән жан жылуын, жүрек лүпілін сезіне аламыз» дегенде айтылар басты әңгіме оның терең сыршылдығы мен нәзік лиризмге бай, жеңіл әзілге де шаптырып алар оралымды ой орамдары алдымен ауызға оралады. Көбіне көп табиғаттың ерке қылықты сұлу жаратылыстары – аққу құс, жезкиік, елеңдескен елік, ақ қайың, мөлдір көл, жасыл желекті тау қойнаулары ақынның ерекше ден қоя жырлар тақырыптары деп тегін таңдап алынбағандай. Осынау сұлулықтардан өзіне сарқылмас шабыт тауып, суалмас қайнар қуат алуында да заңдылық жоқ деп айта алмасақ керек. Өйткені ақынның ес білгеннен көргені, өскен ортасы – аяулы Айыртау атырабы, сырлы Сырымбет, ерке Есіл, сымбатты Саумалкөл, жауҺардай Жалғызтау, қасиетті Қоскөл, Қамсақты бойы болатын.
Осылардың бәрі ақын қиялын қанаттандырып қана қоймай, сыр мінез сұлулыққа да іңкәр етіп тәрбиелегендей, сұлулық сымбатын танып-білуге жетелегендей, жан сарайына сұлулық сырын сарқылмас сабадан қотара құйып ала бергендей ме дерсің.
О, туған жер,
Торғын тоғай Есілім.
Өр толқының – сәби күнгі бесігім.
Сен жатпасаң өлеңіме бөленіп,
Өзіме-өзім етпес едім кешірім, – деген ақын тұжырымында туған елге, өсіп-өнген ортаға деген ыстық сағынышқа оранған іңкәрлі сезім, адал ниет барлығы байқалмай қалмайды.
Тағдырыма ортақсың сен де,
Сырымбет,
Мен туған жердің желбіреп
тұрған туындай,
– деуі арқылы ақын жаңағы бір пікірімізді одан әрі биіктетіп, одан әрі терең сырларға жетелегендей. Толайым тағдырына ортақ бола алған Сырымбет ақын үшін атажұрт, асыл мекен, ән-жырына қай сәт, қай кезде де арқау бола берер басты тақырыпқа айналып кеткенін сезінгендейміз.
Ақын Кәкімбекке жез қотарған Жезқазған өңірі, бабаларға ұран болған Ұлытау баурайы, толқынды Тоқырауын бойы, базарлы Балқаш көл жағасы да жат емес. Өзінің азамат болып, ақын болып қалыптасу кезеңдерінің куәсіне айналған осынау өлкеге өгейлігі жоқ ақынның:
Кеңгір бойлап,
Ұлытауға ұл болған.
Мен жігітпін, жігітпін, – деуіне әбден сенесіз. Бұл «жақсыда жаттық жоқтың» өтеуі үшін айтыла салған жеңіл пікір емес, оның астарында бүтін қазақ жерін, тұтас Қазақстанды өз елі, өзін сол ұлы елдің ұлымын деуге саяр салиқалы ой жатқандығын қадай айтқан жөн болар.
Кәкімбек ақынның қарым қуатының тегеурінді сәтіне төрелікке жүрер тұсы поэмалары десек, «Дала» деп аталатын эпикалық қуаты ерен еңселі туындысы алдымен аталар еді. Оның да өз заңдылығы болуға керек.
Даланың ұлы өз туған даласын жырлауға қарыздар, міндетті десек те, даланы өз болмыс-бітіміне лайықты етіп еркін есіп, барынша көсілте жырлау екі ақынның бірінің қолынан келе бермеген. Осынау ұлы тақырыпқа ұрыну үшін де далаға орайлас келер ой орамдары мен қолтық сөге көсілте шабар кең тыныс қажеттігі өзінен-өзі түсінікті десем, сол қабілет қасиеттер Кәкімбек бойынан қапысыз табылған да танылған.
О, кең дала!
Көз жетпестей керілген.
Мен ұлыңмын саған шексіз берілген.
Қалай ғана сүйерімді айтпақ боп,
Қай теңеуге қияр дейсің сені мен, – деп пәрменді пафос, асқақ үнмен басталар толғау тебіреніс жолдан-жолға, шумақтан-шумаққа ауысқан сайын биіктеп, сатыдан-саты өрлеп, шырқай береді, самғап көтеріле береді.
Сұлу дала!
Менің сүйген еркемсің,
Жаным сенен жаратылған
өлкемсің.
Қандай жақсы
Қазақ болып туғаным!
О, туған жер!
Тамашасың, көркемсің! – деп шалқи толқып, шаттана тебіренер ақын ендігі кезекте:
Көкшетаудың сексен көлін
санаймын,
Баян таудың қыз кейпіне қараймын, – дейді де:
Есіл, Нұра, Кереку мен Қарқара,
Асыл туған кереметтер Арқада, – деп самғап береді.
Дала – сұлу!
Дала – кербез!
Дала – паң!
Дала – шұғыла!
Дала – шолпан!
Дала – таң!
Дала – ана мені сүйген балажан,
Содан болар,
Болғанымыз даладан.
Эпикалық ерен де еңселі шабытпен төгілер ақын, осылайша, далаға деген перзенттік махаббатын риясыз көңілден ақтара салады. Жалпы, «Дала» туындысы қазақ поэма-жырында өзінің экспрессивтік қуаты жағынан тегеурінді, сұлу сымбатты кескін-пішімі жағынан мол да кесек, соқталы сомдылығымен құнды шығарма екендігі даусыз. Әрісі – Ілияс Жансүгіров, берісі Жұбан Молдағалиев поэма дастандарының үзілмес жалғасындай өзіндік кең арнамен алға оза берер бұл шығарманың Кәкімбек Салықовты эпик ақындар санатына қосып кеткендігі даусыз.
Ақынның «Че Гевара», «Кенші жолы», «Қырандар», «Тәттімбет» сияқты басқа да ондаған поэмалары оның кең құлашты, ентікпесі жоқ, екпіні мол, еңсесі биік қаламгерлер санатына қосты десек те, Кәкімбектің ақындық болмыс-бітімін оның нәзік сыр мен мұңға толы сұлу лирикасынан танитындығымыз даусыз.
Кезінде қазақ топырағының ұлы перзенттері Ақан сері мен Үкілі Ыбырай, Тәттімбет пен Нұрғиса, Мағжан мен Сәкен таланттарын тебірене толғап, Қаныш, Евней тәрізді ғұламаларын құлай жырлаған, даласын, сол дала төсінде жүйткіген жез киігін, құлагерін, аспанында самғаған ақ тырнасы мен аққу құсын әнге қосқан Кәкімбек ағаның қазақ поэзиясының кең қолтық, желкөрік тынысты эпикалық дастан-толғауларынан бастап, сұлу лиризмге бай өлеңдеріне дейінгі аралықта талай-талай текті дүниелерімен сан сырласып, мың толғанысқа түскеніміз – өз алдына бір пара әңгіме. «Енді естір құлаққа тосын «сонет» деп аталатын еуропалықтар ішкен асын жерге қойып келген жыр жауһарының озық үлгісін ақын аға қазақи топыраққа қалай бауыр бастырмақ екен» деген сыншыл көңілдің қылаң бергенін бүкпесек керек.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ақынның өз қолымен берген «Сонеттен түзілген гүлтәждер» топтамасын құмарта оқып, қызықтағанымыз бар еді. Енді ұзақ жыл іздене жүріп ақ қағазға тізіліп түскен сонеттер бас құраған жинақты парақтап отырмыз. Петрарка мен Шекспир махаббаттарының мөлдір шықтай үзіліп түскен текті сезімдерінің өтеуіне айналып кеткен сонеттік жыр үлгісі Кәкімбек ақын қаламынан құйылып түскенде қазақи топырақтың төл тумасындай жаттығы жоқ, жақындығы мол, жылуы жоқ өлі жауҺардай суық тартпай, жаныңа шуақ қотарар қуатымен баурай түскендігін алдымен ауызға алып, ойға оралтамыз.
Кәкімбек ақынның ақындығын ғана айтып қойсақ, азамат ағаның тағы бір толымды да талантты қыры ашылмай қалатындай ма қалай?! Ендеше, оның композиторлық талантына да бірер сөз айта кету артықтық етпес.
Бұл күнде қазақ иістінің сүйсініп салар әндерінің ішінде Кәкімбектің өз әндері де, оның өлеңдеріне жазылған әріптестер әндерінің де бағы жанып тұр. Сонау «Жезкиік» әнінен басталған бір шоғыр әндер Шәміл Әбілтаев, Кенжебек Күмісбеков, Жақсыкелді Сейілов сияқты талантты композиторлардың қанаттандыруымен республика аспанында әуелей шалқып, аққу болып самғай қалқуда. Ақынмен творчестволық бірлікте туған әндердің әдемі әуез, сұлу саздылық қасиеттерін тануды музыка зерттеушілердің еншісіне қалдыра тұрып өз түйсігімізді айтар болсақ, әнге айналған өлеңдерден әнге сұранып тұрар ішкі үйлесім сұлулығы мен мазмұны байлығының қос өрімдей қатар түсіп жатар тектілігі алдымен көңілге ұялары барлығын айтар едім. Ал ақынның өз жүрегінен жарып шыққан әндерден де Кәкімбектің Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың әншілік дәстүрін терең сезінген әрі жете игерген сырбаздығы сезілмей тұрмайды. Бұл да болса бір азаматтың бойына біткен армандай асыл қасиет екендігінде дау бар ма?
Сайын дала. Сахара кеңістік. Құралайдың қоңыр салқыны қырмызы өңірден жылыстап, қиян кезіп кеткелі ұлан жазықты керімсал кербез самал бүтіндей билеп-төстеп алғандай еркелей еркін есіп, ескектей жортатынды шығарған. Қанаты қатайып, қызу қуаты арта түскендіктен бе, керім самал осынау алапат аймақтың ажарына өзіндік бір қайталанбас әр бергендей сарыала түспен толқи құлпырып, жанарды арбап, аулайды. Ақселеулі жазықтың тобылғы бүр жара бастаған сәруар шақтағы жасыл барқын кескіні тез оңып, келе-келе жез буына малынғандай жаңаша түрмен көз қытықтап, көңіл қуантарлық қалыпқа ауысқан екен.
Құлан иек құбақан төбелер мен бұралаң белдері сирек ұшырасар еңіреген еңіс, зымыран жазықтықты әлсін-әлі самал әлдиімен тербетіп, бозторғай әуенімен әсерлендіріп жатқан мамыражай мақпал тұс ән тілердей ерекше бір көрікті еді.
Міне, сол ән, тағатсыздана тосқан ән – «Жезкиік» әні бір қиырдан сызылта, сыдырта төгіліп барып, бірте-бірте қияға өрлей берген, қос қанатын тынымсыз талпынта қағып, зау биікке ұмтыла берген.
Ұлан даланың ұлы жаратылысындай көзге күйік, көңілге қуаныш болған жезкиік қой бұл. Мына даланың тұлпардың тұяғы, қыранның қияғы талар шалқар кеңістігін бір еңсерсе, «жез қанат, күміс бауыр киік» қана еңсерер дейсің.
Жез қанат,
Күміс бауыр киік көрдім.
Дәруі сол ма дерсің
Күйік-шердің.
Жез марал жүреді екен арасында,
Мыңдаған Бетпақтағы
киіктердің.
Әлденеден шошынған ақбөкен қосыны сары жазықпен еңірете жосылтып барады. Қарсыдан соққан аптапты самалға бауырын төсей жүйткіген жез қанат – жел қанат жануарлар кідірістер емес, аялдары жоқ ағынды қалыппен ұзай түскен. «Жез киік» әні де жел қанатты түз түліктерінің соңынан ілесе, ілгерілей самғап, ақын мен әншінің үміт-тілегін, күдік-арманын жалғап бара жатқандай еді. Әуесқой композитор Жақсыгелді Сейілов пен ақын Кәкімбек Салықовтың творчестволық одағынан туған «Жезкиік» әні қазақ иісті қауымның ерекше бір ықыласпен тебірене, толқи шырқатып салар әніне айналғалы да біраз жылдың жүзі болып қалды. Әйтсе де, әннің қуаты мен сөз нәрі күні бүгінге дейін тот шалмас шын асылдың өзіндей көнермеген көрікті қалпымен мыңдар мен миллиондар көңілінде.
Бұл әннің халықтық сипаты биік, көңіл төріне қонақтаған тұғырының мығымдылығын аңғартады.
Ақын Кәкімбек Салықовтың кез келген өлеңіне, оның сыртқы құрылымы мен ішкі үндестік иірімдеріне үңіле білгенге әнге жұтына сұранып тұрар ерекше, оқшау қасиеттерін байқамай қалу мүмкін емес. Өйткені ақынның өзі де музыкалық түйсік-танымы жағынан еңсесі биік, талғамы толымды екендігін жазбай танытады. Оған ақынның халықтың қалап айтар, сүйсіне шырқатып салар әндері дәлелдікке жүреді.
Қуансам бақытыма тап болардай,
Толғандым ару құсқа ат қоя алмай.
Ей, қалқа! Таң мезгілде
сырласайық,
Толқынға тербетіліп жатшы
оянбай.
Ақ айдында мамырлай жүзген ерке қылықты аққу құстың сиқырлы сипатымен астасып кеткен армандағы ару бейнесін жазбай танытар осы бір жыр жолдарынан сыр тартар болсақ, Кәкімбек ақын жүрегінің мөлдір лиризмге толы жан тебіренісін де жыға тану қиынға түспейді.
Аққу-қаздар саңқылдайды,
Қамыс, қоға ән тыңдайды
«гәккулеткен».
Осы екен ғой
Біздің көлге аққу жеткен…
Әр шумақты қайырмалай көмкеріп отырар осы бір тұстағы сұлу иірім, сылқым саз Кәкімбек-ақын, Кәкімбек-композитор арасындағы жікті жымдастырып, сұлу таспа өрімдей, қатар құлаған бұрымдай тым жіті, бір арнаға әкеліп қотарғандай болады. Әніне сөзі, сөзіне әні үйлесімді жарасым тапқан «Аққу жеткендегі» сұлу сарынның өн бойынан кіршіксіз мөлдір сезімнің шертер нәзік лүпілі жан сарайыңды оқшау бір қуаныш, жұбанышқа бөлеп, әлдилей түсері бар.
Сағыну. Аңсау. Осынау бір ұлы сезімдердің сыр-сипатын діліңмен болмаса тіліңмен жеткізем деу қиямет-қайымы мол қиын іс екендігін ежіктей дәлелдеудің қажеттілігі бола қоймас. Өзің сағынбай, өзің аңсамай, осынау құбылыстарды өз басыңнан өткеріп, жүрегің арқылы сезінбейінше, оның нендей ғаламат күш екендігін айта алдым деу де артық болар. Тілің жетпегенді бар болмыс-бітімімен жеткізер бір ғана күш бар, ол – ән әуені, күй сазы, сан мың үн мен дыбыстар тоғысынан құралар музыка тілі болса керек.
Сағынар үйде аруың,
Өзіңді есен көрсем деп.
Жаныңның дәркер дәруін,
Сұратпай тауып берсем деп…
Сағыныштар, аңсаулар, табысып-ажырасулар, сарғая жүріп тоғысулар…
«Сағыныш деген ғаламат» әніндегі Кәкімбек ақынның айтпағы адамдар арасындағы жай ғана бір іздеу, көрісу, табысу, жолығысуды армандау емес, мағыналық аясы кең, ой тұспалы, күрмеуі күрделі өмір философиясына саятын іңкәрлі сағынышта жатыр. Ана мен әке, аға мен іні, ауылдасың мен қарындасың, балаң мен жарың арасындағы сағыныштар, солардан туатын іргелі, парасатты мөлдір сағыныш, аңсаулар, табысып-тоғысулар. Адам баласының басындағы осынау жарқын сәттерді Кәкімбек музыка тілінде де шыңырау түптен тартқандай етіп шүбәсіз жеткізе алған, қапысыз ұғындыра алған.
Ақын мен композитор арасындағы әдемі бір творчестволық жарасым, түсінісу мен көңіл пернесін дөп басу сияқты қасиеттерді саралап кетер болсаң, Кәкімбек Салықов пен талантты композитор Шәміл Әбілтаев арасындағы қапысыз үндестікті бөлектей айтар едік. Оған ұзақ жылғы творчестволық бірліктен туған талай сәтті әндерді тізбектеуге болар еді. Соның ішінде «Аңсау» әнінің орны тым биікте тұр.
Кәкімбек ақынның толайым творчествосына алтын арқау болып тартылып, тарқатылып сетінемес берік тін болып кірігіп кеткен бір сезім – аңсау, сағыныш десек, Шәміл композиторлық тұрғыдан ақын сезімін қапысыз танып, дөп басқандай әсерге бөлері бар.
Адам көңілінің елжірей егіліп, ән болып төгілер тұстағы кір жуып, кіндік кескен жерді, өскен ортаны аңсау сияқты ғаламат көңіл күйін тек ән сазымен жеткізуге болар-ау дегізер осынау туындының бойында мөлдір мұңға толы ғажайып сезім селі тоғысын тапқандай. Әлдебір қаланың тылсым түн перделеген тілсіз терезесінен ауыл жаққа көз тігу, «қайтқан құстармен ілесіп елге жетіп қалсам» деп аңсау сезімдері ән тілінде бар сәтті иірім, қайырымдарымен құлаққа әрі мұңлы, әрі сырлы сипаттарымен қотарылып барып, тұла бойыңды билеп алады.
Шәмілдің «Бір ауыз сөз» әні де ақын Кәкімбектің кәдігі жоқ талантты, талғамды өлең орамдарының өресі биік тұстарымен тайталасқа түсіп шарпыспай, керісінше, терең ой иірімдерін музыка тілінде одан әрі байытып, мөлдір мұңлы күймен ғажайып үйлесімділікке жетелейді.
Бір ауыз сөз таң
Шолпанын әперер,
Бір ауыз сөз анаңдай боп мәпелер.
Бір ауыз сөз ұл туды деп қуантса,
Бір ауыз сөз әке өлімін әкелер.
Иә, бір ауыз сөздің құдіретті күші де, тас-талқан етер қуаты да, нәзік қылықтылығы да, сыршыл сиқырлылығы да қанша тізсек те, сарқылып бітпейтіндігінде болар. «Өнер алды – қызыл тіл», яғни сөз екендігін Кәкімбек ақындай жеткізе алсақ арман не?
Өмір мен өлім. Атар таң, батар күндей ақиқат шындығынан еш пенде құтылмас бұл ұғымдардың философиялық мәні туу мен өмірден өтуде ғана ма екен?! Жоқ! Оның мәні әрі терең, әрі кеңдік аясында жатыр. Ендеше, зер салып тыңдап көріңіз.
Сырғиды аққу айдында,
сырғымайды,
Жақын барып хал-жайын
кім сұрайды.
Қатар жүрген күндерді
сыйлайықшы,
Біреу – ерте, біреу – кеш бір
құлайды.
Аққу – арман, аққу – жар, аққу – серік… Бүгін бар, ертең жоқ. «Тірліктің басы сайран, соңы ойран» деген – сол.
«Аққу әнін» тыңдап көріңіз. Тірліктің болмашы күйбеңіндегі бір сәтке ғана тояттаған тойымсыздығына мәз болған пендешілік пиғылдың парықсыздығын тулақтай сілкіп кері серпіп тастар бір қуат бар ән бойында. Ән ашына дауыс көтермейді, бақырып-шақырып құлағыңды да қырмайды. Сабалы сабырға толы мөлдір мұңлы әуен іштей өксітеді, елжірете егілтеді. Қайырмалап қайыра соғар тұстардағы терең өксік сезіміңді шабақтап, көңіліңді ортайтып, жаныңды марқайтпай келген қу тірліктің мәні мен мағынасына қайыра-қайыра үңілтеді, ойлантып, толғантады.
Сырғиды аққу айдында,
Сырғымайды, – деп сұңқылдай сыңсып тұрып алар өксікті, өкінішті сарын бар болмысыңды елітіп, өзінің тұңғиық иірімдеріне бойлата сүйреп, шым-шым батырған қалпы ұзақ босатпай, өз құшағына алып әлдилей береді, әлдилей береді.
Кәкімбек ақынның әндеріндегі табиғилықтың бір сипаттары, біздіңше, оның өлең жолдарындағы табиғи теңестіру мен шендестірулерде жатқандай. Жез киікті «қызыл ішік киген қызға» теңесе, аққудың сипатынан ару бейнесін таниды. «Ұлар құс Ұлытаудағы, өзіңнен, сәулем, аумайды» дегеннен де жаңағы сөзге дәлел тапқандаймыз. Ұлар құстың сипатынан сүйіктісіне ұқсастық іздер ақын көңілі:
Еркелеп келші,
Еліктеп ерші,
Жер-көкте жалғыз құмарым, – деген әсерлі әнге ауысқанда өзің де бірге еліктей елітіп, қосыла шертер сезім қылын іздегендей, тап басып тапқандай да боласың. Ол – «Ұларым» әні болып төгілген сайын махаббат атты ұлы күштің құдіретті қуатынан жаныңа сая тапқандай ерекше бір әсерге бөленесің. Ән сазының сыршылдығы тереңнен тербер көңіл күйін қапысыз танып, жаңылыссыз тауып жатқандай болады.
Талантты композитор Кенжебек Күмісбековтің «Сүйемін сені, туған жер» әні өзінің кең тынысты, шалқар шабытты қуатымен қуантары бар. Кәкімбек Салықовтың:
Әніме ұйып, тына бер,
Төскейім төрім бар алқа.
Құлагер жортқан құба бел,
Сүйемін сені, Сарыарқа, – деп төгілте басталар өлең жолдарынан асқағы бөлек Арқаға ғана тән шырқау биіктік, көңіл құшағына сыймас ұлан кеңістік сарынын аңғарған композитор да барынша кеңге қанат сермер шабытпен шаттана, шарықтата түскісі келгендей көсіледі. Әннің тұла бойында ақынның өлең жолдарынан байқалып отырар кеңдік, биіктік, тереңдік сипаттарынан сергек сезініс, саналы түсініс қапысыз менмұндалайды. Арқаның ақиық әншілері Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай дәстүрінің жаңаша сипатын, солар салып кеткен мінсіз сұлу әндік әуездің үрдісін сезінбей қалу мүмкін емес, бұл – әннің болмыс-бітімінен.
Кәкімбек Салықовтың Көкшетау «жерінен көктей гүлдеп шыққан әннің» мәйегінен сусындап өскен, бойына Біржан, Ақан, Ыбырай әндерінің ең асыл қасиеттерін дарытып, сүйегіне сіңіре білген бірегей талант иесі екендігінде шүбә жоқ. Ол – сонымен бірге әннің Арқаға тән мектебін барынша құрмет етумен, оның тағылымдарын жете меңгерумен де даралана алған тұлға. Өз әндерінен де, өлеңдеріне жазылған әндерінен де осынау сипат терең қоныс теуіп, тұяқ тірер текті тұғырға айналған. Сондықтан да оның әндері бұл күнде Қазақстанның барлық аймағында тосырқау, тосқауылсыз жылы қабылданып, миллиондардың шырқап салар асыл қазынасына айналып барады. Композитор Кәкімбектің әндік өнері жолындағы өресі биік, өрісі кең қасиеттерін оның ақындық өнерінен бөліп қарау мүмкін еместігі – өзінен-өзі түсінікті құбылыс. Өйткені әр сөз, әр тіркес, шумақтарынан мөлдір лиризмге бай, ішкі ырғақ үйлесімі үйіріліп тұрар, әуенді әсері алабөтен, әнге сұранып тұрар поэзиясының қуаттылығы ғана сымбаты сұлу, сыршыл мінезді, мінсіз әндердің тууына тікелей себепкер екендігін шегелей айтқан жөн.
Бүгін Кәкімбек Салықов ел атасы атанған сексен жастың белесінде тұр. Оңы мен солына үңіліп, артта қалған жол сорабына сүзіле қарап, саралай бағалар болсақ, осынау ғұмырдың мол еңбекпен, азабы мен ләззаты, мазасыздығы мен рахаты мол творчестволық бақытты шақтармен қойындасып жатқандығын сезінер едік. Сезінер едік те ардақты ағаның 80 жылдық ғұмырының әр күн, әр сәті туған халқына, Отанына, еліне қалтқысыз жұмсалғандығына сүйсінер едік.
Біткен ісім аз болғанға қысылам,
Бұлтты еңсеріп,
күннің шығам тұсынан.
Содан барып жүрегімде, жанымда,
Не барымды туған елге ұсынам, – деген ақын біткен, тындырған істеріне қанағатсыз көңілмен қарағанымен сіздер, қалың жұртшылық, Кәкімбек ақынның мына тірлікте бір адамға жетерліктей іс тындыра алғандығын мойындар едік, мойындау үстінде алда да жезкиік жырлар, мөп-мөлдір сырларға бай соны туындылардың оқушы қауымға, қалың жұртқа қарап аққудай бет түзей самғап жете береріне имандай сенетінідігімізді де бүкпесіз айтар едік. Өйткені Кәкімбек ақын – ел сенімін серік еткен, сол сенімнен шыға алып жүрген ірі талант иесі, бірегей бітімді көрнекті қалам қайраткері.
Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Көкшетау қаласының
«Құрметті азаматы»

9332 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *