- Тіл
- 02 Наурыз, 2012
Заңымыз қашан қазақша жазылады?
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Қазақстандағы мемлекеттік қызмет: тілдердің даму мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел басында мемлекеттік қызмет саласында тілдердің дамуы және қызметтік мәселелері кеңінен талқыланды. Десе де, еліміздегі үш тілдің: қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің бүгінгі даму ахуалын талқылаған жиынның өн бойы тек мемлекеттік тілге арналғанына іштей қуандық. Тіл жанашырлары бас қосқан алқалы жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай Елбасының «2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізу керек» деген тапсырмасын жүзеге асыру үшін бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз керектігін еске салды.«Енді біздің алдымызда тұрған мақсат мемлекеттік тіл – қазақ тілін заңды орнына көтеру керек. Ол мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік органдармен қатар білім ошақтарының да атқарар рөлі зор. Тіл мамандары «егер тілді бала кезден үйретпесе, ол ертең балаға қона алмайды» деп айтып отыр. Қонғанның өзінде фонетикалық артикуляция 5 жасқа дейін ғана қалыптасады екен де, ол шеттілге айналып кетеді» деген Қ.Сарыбай депутаттардың «тілді балабақшадан үйрету керек» деген бастамасын қолдайтынын жасырмады. Сонымен бірге Қайрат Сарыбай аударма тіліндегі келеңсіздіктерді сынға алды. «Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелерде, ғылыми ұжымдарда бірталай құжат, материал әуелі орыс тілінде дайындалып, қазақ тіліне аударылады, өзім жұмыс істеп жүрген мекемеде де, өкінішке қарай, солай. Ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылатыны бар. Бірақ аудару кезінде түпнұсқа мен аударма арасындағы алшақтық шетелдегі имиджімізге нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан қазақ тілінде дайындалатын құжаттарға тиісті мекемелер жауапты болғаны жөн». Сыртқы істер министрінің орынбасары терминология саласында да күрмеуі қиын мәселелердің бар екенін атады. Бүгінгі күні Сыртқы істер министрлігі мамандары, тіл мамандары, шет тілдері мамандары біріге отырып, үш тілде – қазақша, ағылшынша және орысша кәсіби сөздік дайындап жатқанын, алдағы уақытта терминология мәселесі түпкілікті шешімін табатынына сенімді екенін айтты. «Ең бастысы, терминологияда жүйе қалыптастыру керек. Әуелі «терминдерді қалай аударамыз, барлық терминді аудару керек пе» деген мәселені шешуіміз керек. Содан кейін ел атауларына да назар аудару керек. Әзірбайжан еліндегі әріптестеріміз өз елдерінің атауын біздің неге Әзірбайжан деп жазатынымызды сұрады. «Бұл қайдан шыққан дүние? Бүкіл әлем бізді «Азербайжан» деп айтады» дейді. Біз Европаны «Еуропа» деп айтып жүрміз, ендеше, неге Австрияны Аустрия деп айтпаймыз? Молдованың астанасы Кишинев өз атауларында – Кишинеу, неге солай айтпаймыз? Мысалы, Абай, Шәкірімдердің шығармаларында Шам, Құдыс, Мысыр деген атаулар бар, біз неге оларды Дамаск, Иерусалим, Египет деп айтамыз?» – деген Қ.Сарыбай мырза қазір Сыртқы істер министрлігінде қолға алынып отырған сөздікте осы мәселелер шешіліп, мемтерминкомда бекітіліп, қаулымен таратылатынын жеткізді. Ал Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы ханым болса, «Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаған Қазақстанда бірде-бір заң қазақ тілінде жазылған жоқ!» – деп ашына айтты. Иә, ащы да болса шындық. «Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік бір заң жобасын әзірлеп жатыр» деп естідік. Осы заң жобасындағы бір бап «мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді білуі керек» деп жазылуы керек деп ойлаймын. Өйткені заң бар, бағдарлама қабылданды. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас». Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан атқарушы биліктің, заң шығарушы биліктің, сот билігінің ісқағазы, жиналысы, негізінен, осы тілде өтуі керек. Ал дәл қазіргі жағдай қалай?» деп сауалды төтесінен қойды. Мемлекеттік тілдің мәселесін жетік білетін, жүрген жерінде қазақ тілінің жайын айтып, шырылдап жүретін тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы биыл министрлердің есепті алқа жиналыстарының мемлекеттік тілде өтпегенін сынға алды. «Биыл жылдың қорытындысы бойынша министрліктердің, агенттіктердің алқа мәжілісі болды. Тек Мәдениет және ақпарат министрлігінде ғана алқа мәжілісі мемлекеттік тілде өтті. Экология министрлігі 30 пайыз дайындады. Басқа бірде-бір министрлік, агенттіктерде жарыссөзге шыққан қазақ қазақ тілінде сөйлеген жоқ. «Орыс мектебінде оқып едім» деп ақталудың керегі жоқ» деді. Сол сияқты Парламентке келген министрлердің депутаттардың мемлекеттік тілде қойған сұрақтарына орысша жауап беретінін де сынға алды. «Қазақша сұрақ қойып жатса, еш қымсынбастан орысша жауап бере береді. «Кешіріңіз» де демейді, ал біздің Әкімшілік кодекстің 81-бабы бойынша, қазақ тілінде сауал қойған адамға орысша жауап берілсе, айыппұл салынады. Біз оларды сотқа беріп отырған жоқпыз ғой. Ар соты жетіспей тұр. Қысқасы, тіл қажеттілікке айналмаған жағдайда, он дөңгелек үстел өткізсеңіз де, одан пайда жоқ», – деп сөзін түйіндеді. Мәжіліс депутаты, белгілі жазушы Алдан Смайыл «мемлекеттік заң шығарушы және атқарушы билік «Тіл туралы» заңның тетіктерін осы күнге дейін толық іске асыра алған жоқ. Әсіресе, ең маңызды міндет – мемлекеттік тілге деген қажеттілік оянған жоқ. Бұл бағыттағы қарастырылған шаралардың бәрі де аяқсыз қалды. Тіл заңының 23-бабындағы мемлекеттік тілді қажетті көлемде білуге тиіс кәсіптердің, мамандықтар мен лауазымдардың тізімі, осыдан көп жыл бұрын – 1999 жылдың үшінші тоқсанында жасалуы керек болатын. Арада қанша уақыт өтті? Бірақ орындалған жоқ. 2001 жылы қабылданған «Тілдерді дамыту» бағдарламасында ол тізімді әзірлеу Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Мәдениет министрліктеріне жүктелген екен, жүзеге асырылмапты. Күдер үзе бастағанда 2008 жылы Премьер-министрдің жанындағы Тіл саясаты жөніндегі комиссия осы мәселені қайта қарап, тізім жасалып, заңға өзгеріс енгізілетін болған. Алайда заң жобасы осы күнге дейін Парламентке келмеген» деп атап өтті. Содан кейін өткен шақырылымның Мәжіліс депутаттары өз тараптарынан біраз әрекеттерге барған көрінеді. Тіл заңының «жолы болмай қалған» бабына өзгерістер мен толықтырулар даярлап, Мәжіліс басшылығы деңгейінде талқыланып, «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты арқылы заңның орындалу барысына ғылыми сараптама жасалған. Дегенмен нәтиже шамалы. «Сондықтан, ҚР Үкіметінен 23-бап туралы ұсынысты күтумен бірге оған ықпал жасауымыз керек. Өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік тілге деген жауапкершілікті арттыру қажет. «Тіл туралы» заңның 24-бабында «Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылуына, оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері Қазақстан заңдарына сәйкес жауапқа тартылады» делінген. Алайда осы бапты кімдердің орындайтыны анық емес», – дейді А.Смайыл. Өйткені прокуратурада осы міндетпен айналысатын жеке бөлім жоқ екен. Ол аздай жауапқа тарту мен оның жолдары мүлде айқындалмаған. «Түйіп айтқанда, талап бар, талап етуші жоқ. Заңды қалай бұзсаң да, жауап бермейсің», – дейді халық қалаулысы. Бейбітгүл Исаева

3557 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *