• Қоғам
  • 02 Наурыз, 2012

Тіркелудегі түсінбестіктер. Баспанасыздар құқығы неге ескерілмеген?

d186d0bed0bdҚазір жасалып жатқан заңдар мен ережелердегі ақшалай айып салу мөлшеріне ой жүгіртсеңіз, «қалайда азаматтардың қалтасын қаға отырып тиісті органдар тарапынан мол табыс қаратуды мақсат еткені болса керек» дегендей ойға еріксіз тірелесің. Мәселен, көшелерді белгіленбеген жерден кесіп өткенге ғана 8 мың теңге айып салуды заңдастырыпты. Сондай-ақ тұрақтаған жеріне азаматтар 15 күн ішінде тіркелмесе де, қомақты мөлшерде айып салынатын болыпты. Бұл туралы 2011 жылғы тамызда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске, «Тұрғын үй» кодексіне және өзге құжаттарға енгізілген өзгерістерді жұртшылық түсіне алар емес. Мәселен, КТК телеарнасында Қарағанды қаласының тұрғыны Александра деген келіншек басынан кешкен мынандай оқиғаны баян етті. Александра тұрмыс құрған соң күйеуі екеуі ата-аналарынан бөлек тұрмақ болып пәтер жалдапты.Жаңадан енгізілген өзгерісте «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 377-бабы бойынша тіркелген жерінде тұрмаса 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 7,5 мың теңге айып төлеуге тиіс болып шықты. Ал Александра – өз ата-анасының, күйеуі өз ата-анасының үйінде тіркеуде екен. Тіпті осы кодекс бойынша тек Александра мен күйеуі ғана емес, олар тіркеуде тұрған ата-анасы, яғни үй иесі де осындай мөлшерде айып төлеуге тиіс екен. Сонда олар мен ата-аналарының әрқайсысы 7,5 мың теңгеден айып тартатын болса, яғни өзі – 7,5 мың, күйеуі – 7,5 мың, өзінің ата-анасы – 7,5 мың, күйеуінің ата-анасы 7,5 мың теңге айып төлеуге тиіс болады екен. Ал бір жылдан кейін олардың әрқайсысы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып төлеуге тиіс. Орташа есеппен бір айлық есептік көрсеткіш былтыр 1512 теңге болса, биыл – 1618 теңге. Сонда келер жылы олардың әрқайсысы 16 мың 18 теңге айып төлеулері керек. Көп ұзамай Александраның айтқаны ғаламторда жарияланды. Алайда бұл туралы ресми органдар тыңғылықты түсінік берген жоқ. Ғаламторда Қазақстан ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Серік Сайыновтың сұхбаты жарияланыпты. Онда таныстарының не туыстарының үйінде тіркелген адамдар ғана емес, оларға үйлерінде тіркелуге рұқсат берген үй иелері де әкімшілік жазаға тартылатыны туралы түсінік беріліпті. Серік Сайыновтың айтуынша, Үкімет қаулысы бойынша құжат толтыру, тіркеу ережелері бекітілген. Ол ережелерге сәйкес, тұрғын үйлер және пәтерлермен қатар саяжай құрылыс­тарында, бағ­бан шаруа­шылықтарында, жатақ­ха­на­ларда, демалыс үйлерінде, шипажайларда, профилакторийлерде және тіпті қызметтік ғимараттарда тіркелуге болады. – Біз келісім болған жағдайда тіркелуге болатындай орындардың тізімін көбейттік. Айталық, сіз журналист болсаңыз, тіркелер жеріңіз болмаса, редакциямен келісе аласыз. Олар сізді редакцияның мекенжайы бойынша тіркей алады, – дейді Серік Сайынов. Расында, осылай ма? Заңдағы өзгерістердің мәнін ұғына алмаған азаматтардың бірқатары редакцияға келіп, не телефон шалып бұл жөнінде нақты түсінік беруді өтінген еді. Өйткені олардың айтуынша тиісті орындардың ешқайсысы түсінік бермейді екен. Мәселен, Жарас деген азамат Серік Сайыновтың айтқандарындай емес, тұрғын үйлерге тіркелу мүмкіндігі пәтердің көлеміне орай шектеулі, яғни Алматыда әр адамға бұрынғыдай 15 шаршы метр екенін айтты. Өзі Шығыс Қазақстан облыс­ынан Алматыға келіп бір айдан соң туысқанының үйіне тіркелмек болғанда 9 мың теңге, әскери билетін тіркеуге 3 мың теңге – барлығы 12 мың теңге айып төлегенін айтты. Ал Гүлжан деген әйел Алматыда тұрғын үй көлемі әр адамға 15 шаршы метр деп белгіленгендіктен, пайдалы көлемі 20 шаршы метр бір бөлмелі пәтер сатып алғанда күйеуін ғана тіркеп, өзін тіркемей қойғанын айтып шағымданды. Сонда Серік Сайыновтың кез келген жерге, тіпті саяжайға да тір­келу­ге болады дегені қалай? Осы мәселенің анық-қанығын білмек болып Алматы қалалық Ішкі істер департаментіне, қалалық көші-қон полициясына, төлқұжат тіркеумен шұғылданатын Халыққа қызмет көрсету орталығына барып едік, олардың ешқайсысы бұл туралы түсінік бере алмады. Содан соң Ішкі істер министрлігіне хабарласып едік, осы мәселеге қатысты деген жауапты қызметкер Олег Ивашенко тіркелу деген терминнің мәнін былай түсіндірді: орысша «регистрация» және «прописка» деген термин бар. «Регистрация» деген «хабардар ету», бұл төлқұжатты тіркеу емес. Серік Сайыновтың азаматтар кез келген жерге, тіпті саяжайда, шипажайда, қызметтік ғимараттарда тіркелуге болады дегені «прописка» емес, «хабардар ету» болып шығады. Азаматтардың түсіне алмай жүргені хабардар ету дегенді төлқұжат тіркеу деп ұғынғандықтан екен. Ал «пропис­ка» дегенді «тұрғын үйге төлқұжатты тіркету» деп тәржімаласақ, бұл мәселеде соңғы өзгеріс бойынша тұрғын үйге тіркелгендерді үй иесі сырттай тіркеуден шығара алатын болыпты. Басқа өзгеріс жоқ. Ал сонда «хабардар ету» деген не? Айталық, бір мекеннен екінші жерге келсеңіз 15 күннің ішінде Ішкі істер органына келіп қайда тұрып жатқаныңызды хабардар етуге міндеттісіз. Мұндай талаптың қандай мақсаттан туындағанын түсіну қиын емес. Қазір елде қылмыс жасау көбеймесе, азаяр емес. «Қылмыскерлер арасында жасырынып қашып жүргендерді осы талап бойынша ұстап алуға болады» деген оймен өзгеріс енгізілген болса керек. Ал жасырынып, бір жерден екінші жерге қашып, бой тасалап жүрген қылмыскерлердің ешқайсысы тіркелуге бармайтынын да ұғыну қиын емес. Сонда осындай оймен шетелдерден келген адамдарға арналған тәртіпті елдің барша азаматтарына қолданып, «қай жерге барсаң сол жерге, мейлі қонақүйде болсын міндетті түрде тіркелесің» деп әбігерге салу жөн бе?! Сондай-ақ мұндағы ақшалай айып салу мөлшеріне ой жүгіртсеңіз, «бұл тек азаматтардың қалтасын қағып ақша жинау мақсат болды ма екен?» дегендей ойға да еріксіз тірелесіз. Бір айлық есептік көрсеткіш былтыр 1512 теңге болса, биыл – 1618 теңге. Заң бұзғаны үшін 2010 жылы – 142 мың адам, 2011 жылы 137 мың адам заңда белгіленген мөлшерде айып төлепті. Сонда еліміздің азаматтары былтыр тіркеусіз тұрғаны үшін бес айлық есептік көрсеткіш, яғни 7 мың 500 теңге мөлшерінде айып төлеген деп есептесек, 137 мың адамнан ресми органға қыруар қаржы құйылыпты. Ал бұдан былай айып төлеушілер еселеп арта беретінін болжау қиын емес қой. Қазір ауылдардан қалалы жерлерге табыс табу мақсатында шұбырып келіп жатқандар қаншама?! Ондайлардың тұрақтап тұратын жерлерді де, жұмысты да 15 күн ішінде таба қоюы неғайбіл. Оларға айып мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіш деп белгілеу ақшасыз, жұмыссыз, баспанасыз жүргендердің қалтасын қағып тонаған іспетті емес пе? Мұндай заң бұлжымай орындалса ондайлардың күні не болмақ? Мұның өзі ауыл жастарын қалалы жерлерге келіп еңбек етуіне тыйым салумен бірдей шара екенін түсіну қиын болмаса керек. Сондай-ақ бұл қалалы жерлерде көрінгеннің есігін сығалап, пәтер жалдап жүрген баспанасыз, тіркеусіз жүргендер үшін де тоналғандай күйге ұшыратпай ма?! Енді 2-3 баласы бар, баспанасыз отбасы пәтерден-пәтерге көшіп жүргенде хабардар етпесе, отбасының әр мүшесі 5 айлық есептік көрсеткіш – 8 мың теңге мөлшерінде айып төлеп отырса, бүкіл отбасы 50-60 мың теңге төлеуге тиіс болады екен. Ал «хабардар ету» қалай жүргізі­леді? Оны қандай құжатқа белгілейді? Бұл мүлде түсініксіз. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 377-378 баптары бойынша адамдар біреудің үйінде тұрып жатырмын деп хабардар етіп, кейін ескертпей өзге жаққа кетіп қалса, үй иесі де бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, (биыл бір айлық есептік көрсеткіш 1618 теңге болды) яғни 8090 теңге айып төлейді. Мұндай жағдайда жұмыс беруші лауазым иесіне – 10, шағын кәсіпкерге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып салынады. Ал бір жылдан соң мұндай жайт қайталанса, лауазымды адамдарға – 20, заңды тұлғаларға – 40, ірі кәсіпкерлерге 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып салынады. Сонда адамдар тіркеліп алып басқа жаққа ескертпей кетіп қалса, оларды тіркеткен лауазым иесіне не кәсіпкерге 10 айлық есептік көрсеткіштен 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып салу қарастырылыпты. Мұны нақты ақшаға айналдырсақ, 10 АЕК – 16 мың 180 теңгеден, 80 айлық есептік көрсеткіш 129 мың 440 теңге болады екен. Осындай айып тартатын болса жұмыссыз, баспанасыз жүргендерді ешкім маңына жолатпайтыны анық. Мұның өзі, әсіресе ауылдан қалалы жерлерге жұмыс іздеп келген­дер­дің жолын мүлде жауып таста­ғандық емес пе?! Мұндайда егер сіз тір­кеусіз жүрсеңіз немесе басқа жақтан келсеңіз қалаларда ешкім де маңа­йына жолата қоймайтыны анық. Тағы бір жаңалық пәтерінде тіркеуде (пропискада) тұрған адамды үй иесі сыртынан тіркеуден шығара алатын болыпты. Мұның өзі қылмысқа даңғыл жол ашып беру деген сөз. Редакцияға шағымданып келгендер арасынан «мені үй иесі сыртымнан тіркеуден шығарып тастапты, енді не істеймін» деген сауал қоятындар да кездесетін болды. Көшелерде «жүз дол­ларға үйіме тіркеймін» («пропис­каға отырғызамын») деген жарнама­лар пайда бола бастады. Мұндай жарнама жасаушылар арасында сізді бүгін үйіне тіркеттіріп алып біраз уақыттан кейін сыртыңыздан тіркеуден шығара салып, басқа біреуден тағы жүз доллар алып, баспанасыздарды зарлататын алаяқтар да болады. Жаңадан енгізілген өзгеріс олардың желін оңынан туғызып қылмысына жол ашатын болғаны күмәнсіз. Сонда бұл қандай заң? Қылмыс жасаудың, баспанасыздарды тонатудың амалы ма?! Алматыда былтыр тұрғын үй көлемі әр адамға 15 шаршы метр болып белгіленгені мәлім. Мұның өзі тұрғын үйлерге деген зәрулікті одан бетер асқындыра түскенін дәлелдеу қиын емес. Қаладағы бір бөлмелі пәтерлердің бәрінің дерлік пайдалы көлемі – 18-20 шаршы метр. Сонда бір бөлмелі пәтерге бір-ақ адам тіркеле алады. Кеңес заманында тұрғын үй көлемі әр адамға 9 шаршы метрден болған. Бұған ерлі-зайыпты жас отбасылар тіркеліп, пәтер алатын. Ал енді мұндай отбасылар бір бөлмелі пәтерде тұра алмайды. Сонда «15 шаршы метр» дегенді кім ойлап шығарған десеңізші! Қазір жүздеген мың адам баспанасыз жүргені немесе пәтер кезегінде тұрғанын айтпасақ та түсінікті болар. Батыс елдерінде тұрып келгендер халықтың жүріп-тұруына қолайсыз мұндай заңдар жоқ екенін айтады. Кеңес заманында да болған емес. Ал төлқұжатсыз тұрғын үйге тіркелмесе, 10-15 сом ғана айып төлейтінсіз. Тәуелсіздік алған соң баспанаға тіркелуге, тіпті тұрғын үй көлемі ескерілмейтін болған еді. Халыққа ең қолайлысы да осы еді. Мұндай заң бабына енгізілген соңғы өзгерістер халыққа қолайсыз десек, жаңсақ айтқандық болмас. Демек, қазіргі Парламент бұл баптарды қайта қарап заңға адамдардың тіркелу мәселесін, жүріп-тұруын қолайлы болатындай өзгеріс жасағаны ләзім болар еді. Конституциямыздың 21-бабында Қазақстан азаматтарының ел ішінде жүріп-тұруына шектеу қойылмай­тыны жазылған. Бұл тұжырымның мәніне ой жүгіртсек, тіркелуге мүмкіндігі болмағаны үшін айып салу да, тіпті уақытша тұрақтаған мекенді хабардар ету де негізгі заңымызға қайшы екенін ұғынуға болады. Сондай-ақ Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «бүгінде көптеген адамдар ауылдан қалаға қоныс аударуда. Олардың жұмысқа орналасуы қиын. Әрбір жастың жұмыстан қол үзбестен мамандық пен білім алу мүмкіндігі болуы керек» деп баса көрсеткені мәлім. Ал қазіргі заңдарға енгізілген өзгерістер бо­йынша ауылдан келгендер де, қалада жүрген баспанасыздар да тіркеле алмағандықтан, мұндай мүмкіндікті түстерінде ғана көрері кәміл. Қуанбек Боқаев

3505 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы