• Тарих
  • 13 Наурыз, 2012

Мейірім шуағы

Shabal«Ауылға ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев келе жатыр» дегенді естігендер оны «қайда күтеміз, қалай күтеміз» дегендей сауалдар төңірегінде абыр-сабыр бола қалды. Мұндай қадірлі мейманды елге танымал ақсақалдың үйінде күтетін бұрынғы ата салты еске түсті. Сөйтіп, Қанекеңді Бейсенбек ақсақалдың ақбоз үйінде күтетін болып келісілді. Енді тек мейманды күтіп алу керек. Көп күттірген жоқ. Жағалай тігілген ақбоз үйлердің ортасын ала тоқтаған полуторкаға үлкен-кіші түгел ағыла келіп, алдынан шықты. Көліктің оң жақ есігінен еңсесін тік көтеріп түскен еңгезердей кісі де ауыл адамдарына құшағын жая қолын созып, қуана сәлем беріп, қауқылдасып жатыр. Арнайы тігілген Бейсекеңнің үйінің алдына келгенде шаңыраққа сәлем берді. Келін-кепшіктер иіліп сәлем салды. Бұрынғы-соңғының жолын көргеніне риза болған Қанекең қаумалап отырғандарға:

– Салт-дәстүрден ажырамапсыздар, рақмет сіздерге! Жастарға өнеге көрсеткен дұрыс, — деп ризашылығын білдірді.  Ауылдағы сыйлы адам Бейсекең екенін сырттай естіп келгенін де жасырмады. Терісаққан бойындағы бұрынғы-соңғы ескі әңгімелер мен тарихы жайлы тың деректерді сұрастырып, қайсыбіреулерін қолындағы кішкентай қағазға түртіп алып қояды. Ауылға ғалым келгеніне шаттанған жастардың да қуанышында шек жоқ. Қанекеңе арнап сойылған малдың еті буы бұрқырап ақ дастарқанға келіп, онымен табақтас болған ауыл адамдары шүкіршілік етіп, тәубе дейді. Ас ішіліп, дәм қайырылғаннан кейін сөздің бір ретінде Қанекең: – Осы ауылда өнерпаз жастар бар ма? Әнші, күйші, термешілер бұл жақта көп болады деп ес¬туші едім, — деп жан-жағына қарай отырып, сұ¬рап қояды. Бұл сөзге әдепкіде ешкім де жауап бере қой-маса, да іле-шала қатар отырғандардың ішінен: – Е, Қанеке, бар ғой, бар, — деп өздері айтып, өздері қоштап қоя берді. Осыны күтіп отырғандай ғалым: — Онда тыңдап көрейік, — деп оң жағына қарай бұрыла қарады. Сол сәтте Бейсекеңнің қасында отырған ауылдасы: — Бейсеке, Шабалды шақыршы, Шабалды, — деп қалды. Оның бұл сөзін басқалар да қоштады. — Иә, иә, Шабалжан келсін. — Шабалдың әнін тыңдайық, — дегендерге Бейсекең: — Ол әлі бала емес пе? Анау үлкендері айтсын, — деп тоқтау айтқандай болып еді, Қанекең де: — Ау, Бейсеке, сіздің балаңыз болса, әнін тыңдайық, шақырыңыз, — деді. Қанекең сөзі екі болмады. Ортаға Бейсекеңнің мектепте оқып жүрген Шабалы шақырылды. Талдырмаш келген жас бала үлкендерге иіле сәлем беріп, «не үшін шақырдыңдар» дегендей отты көзімен отырғандарды бір шолып өтті. Жас баланың жігерлі де ширақ екені байқалып тұр. Бәзбіреулерге ұқсап, қыз бала болып жасып, жасқаншақтамайды. Сәлемі де, сөзі де нық. Тақ-тақ етіп тұр. Көпшіліктің сұрауы бойынша, ән айту керектігін естігенде «не айтамын» деп төмен қараған жоқ. Өзіне тән майдақоңыр дауысымен халық әнін баяулата бастап, бірте-бірте жоғары өрлетіп, тыңдаушының құлақ құрышын қандырғандай әдемі сазды төгілдіріп жіберді. Терісаққан бойының кешкі тынық ауасы әнмен тербелгендей. Алты қырдың ар жағына асқан әнге отырғандар дән риза. Әсіресе Қаныш аға мәз. Ән аяқталғанда ерекше ықыластанып: – Атың кім, балам? — деді. Шабал да мүдірмеді: — Шабал Бейсенбекқызы, — деп тақ еткізді. — Әнді жақсы айтады екенсің. — Ауылда менен де жақсы айтатыңдар бар. — Мектеп бітірген соң қайда барасың? — Алматыға. — Әнші боласын ба? — Жоқ, аға. Ұстаз боламын. — Дұрыс екен. Жолың болсын, қарағым. Ұстаздық деген – үлкен іс. Ұстаз ұлтты тәрбиелейді. Ұлағатты мамандық. Өркенің өсіп, өмірің ұзақ болсын, қарағым. Алматыға барсаң, маған кел. Қай шаруаң болса да, қысылма? Кел, айналайын, — деп Қаныш Имантайұлы Шабалға сол жерде қолын жайып, батасын берді. Терісаққан бойындағы Бейсенбек ауылына Қаныштың келгені, онда Шабалдың ән салғаны келесі күні-ақ елге жайылып сала берді. «Қанекеңнің батасын алған қандай бала екен» деп таңқалғандар да аз емес. Бір ауылдың қадірлі ақсақалының көзінің ақ пен қарасындай болған Шабал орта мектепті бітірсімен бірден Алматыға тіке тартты. Ұстаз болу мақсатымен 1954 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институт¬ы¬ның тарих, филология факультетіне құжаттар тапсырды. Мектепті үздік бітіріп келген Шабал емтихандарды өте жақсы бағаға тапсырып, жоғары оқу орнының студенті атанды. Студенттік күндер өз қызығыменен ауыл баласын тез баурап алды. Институттың қоғамдық жұмысына да белсене араласты. Шабал салған әдемі ән қатарластарын да таңқалдырды. Қатар құрбылары үздік студент, үлгілі студент Шабалды қадірлеп, құрметтеді. Өз кезегінде бұл да құрбыларының жай-жапсарына, жағдайына қарайласып тұрады. Қасындағы құрбысының жатақхана жоқтығынан қиналып жүргенін көрген Шабал бірде оған: — Жүр, кеттік, Ғылым академиясына барамыз — деді. — Оу, онда кіміміз бар? — Онда біздің әкеміз бар. — Қандай әке? — Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. — Оны қайдан білесің? — Біздің ауылда болған. Мен ол кісінің алдында ән салғам, — деп құрбысын қасына ертіп Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қабылдауына келді. Хатшы қыздың «кімсіңдер» дегеніне аты-жөнін айтып: — Жезқазған, Ұлытау, Терісаққаннан келіп тұрмыз, – деді. Қанекең көп күттірген жоқ. Құшағын жайып қарсы алып: — Кәне, бір ән салып жібересің бе? — деп бұған өтініш айтты. Баяғы Терісаққан бойындағы әнді тағы бір төгілтіп салған Шабалдың үні академия ішін шарлап кеткендей. Риза болған Қанекең жағдайын сұрады. Өз жағдайының өте жақсы екенін айта келіп, қасындағы құрбысының жатақханадан орын ала алмай жүргенін, осыған көмек керегін де бүкпесіз ашық айтты. Еркін, байсалды, байыпты айтылған сөзді мұқият тыңда¬ған Қанекең екі сөзге келген жоқ. Аты-жөнін сұрап, жазып алып: — Бара беріңдер. Жатақхана болады, — деп шығарып салды. Үлкен кісінің сөзі жерде қалмады. Бұлар келгенде институтта құрбысына жатақхана берілгенін естіп, шексіз қуанышқа бөленді. Институттың берген білімі болашаққа жол бастайды. Оны әрі қарай тереңдетіп жетілдіре түсу керек. Институт басшылары мен ұстаздары да Шабалға: — Аспирантураға қал. Ғалым боласың. Бізге сендей білімі терең жастар керек, — деп ақыл айтты. Бірақ Шабал: — Менің ауылымда ұстаздар аз. Жоқтың қасы деуге болады. Жас жеткіншектерге білгенімді үйретіп, білімімді беруім керек. Алдыма қойған мақсатым – сол, — деп институтты үздік бітір¬ген дипломы қолында тұрса да, жолдаманы ауылға – Жезқазғанға сұрады. Елге қызмет етуді туған жерден бастағысы келген жастың бетін институттағылар қайтармады. Сүйген жары Мүзараф та кен инженері мамандығын алып, «Жезқазған» кенішіне жұмысқа тұруға жолдама алған. Осылай, 1959 жылы екі жас қол ұстасып, Жезқазған кенішіне келді. Бірі – мектепке мұғалім, бірі – өндіріске кен инженері болып жұмысқа орналасты. Қаныш аға іргесін қалаған қаланың болашағы қалыптасуына екеуі хал-қадерінше елеулі үлес қосты. Еңбектері еленіп, елдің құрметтісі атанды. Шабалдың жолдасы Мүзараф Ақанұлы кен өндірісі саласындағы қажырлы істердің басы-қасында жүріп, осындағы алып шахталардың пайдалануға берілуіне белсене араласты. Жер астында кен өндіретін алып техникаларды пайдаланудың тың тәсілдерін ұсынып, мол өнім алудың тәжірибелерін толықтырды. Кеншілер бір сөзді, пайымы мен түсінігі мол инженер Мүзарафты өте қадірледі. Басшылар да оны бағалады. Елі қолдап, басшылар бағалап, бүгінгі Сәтбаев шаһарын, сол кездердегі Никольский қаласы атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындады. Осы қызметте он шақты жыл халықпен қоян-қолтық бірлесе еңбек етті. 1959 жылы №7 қазақ орта мектебінде, кешегі өзі бітірген орта мектепке жоғары білімді ұстаз болып келіп еңбекке араласқан Шабал Бейсенбекқызының өзгелерден үйренгені де, басқаларға үйретері де мол болды. Тәжірибесі толысып, басқару ісіне жаңа үлгі қалыптас¬тырды. Оқу тәрбие жұмысының заман талабына сай өркендеуін басты назарда ұстады. Білікті, білімді, талапты ұстаз 1967-1995 жылдары аралығында қаладағы №10 мектепті басқарса, одан кейін табан аудармай 30 жыл бойы №27 қазақ орта мектебінің директоры қызметін атқарды. Мектептегі оқу ісінің халықтық үлгі-өнегемен, әдет-ғұрыппен, салт-санаменен ұштасуына көп көңіл бөлді. Нәтижесінде 1975 жылы ол басқарған №27 қазақ орта мектебі ұлттық мектеп ретінде республикаға танылды. Республикалық Білім министрлігінің қолауымен аталған мектепте «Елім-ай» оқу-эстетикалық бағдарламасы бойынша жұмыс атқарылды. Осының бәрі жас жеткіншектердің жүйелі білім алуына елеулі ықпал етті. Осынау жылдар ішінде сан мыңдаған шәкірт Шабал апасынан тәлімді тәрбие, сапалы білім алды. Тәжірибелі ұстазды үлгі тұтқан жас ұстаздар да оны үнемі ақылшы санап келеді. Әріптестерін өнегелі істің ұйытқысы болуға бағыттай білген Шабал Бейсенбекқызы басқарған ұжым бірнеше рет мақтау-марапаттауларға ие болды. Алматыда өткен мыңдаған оқушы қатысқан тұңғыш республикалық білім фестивалінде Шабал басқарған №27 қазақ орта мектебінің өнерпаздары бірінші орынды жеңіп алып, мектептің өзі лауреат деп танылды. Республикалық мұндай байқаулардың кейінде де өткен жарыстарында аталған мектеп 16 рет жеңімпаз болған. Осының бәрі ұйымдастыру мен басшылық ісінің жүйелі жүргізіліп отырғанын аңғартады. Көп жылдық еңбегі үшін Шабал Қазақ¬стан Республикалық Білім Министрлігінің «Ха¬лық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі¬мен марапатталды. Сәтбаев қаласының «Құр¬метті азаматы», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері және Ыбырай Алтынсарин атындағы белгінің иегері Шабал Бейсенбекқызының білім беру саласында еңбек етіп келе жатқанына биыл, міне, 50 жыл толды. Жарты ғасыр бойы жас жеткіншектерді тәрбиелеуде тамаша табыстарға қол жеткізген Шабал Бейсенбекқызы отбасының ұйытқысы, ардақты ана. Мүзағаң екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары Қазақстанның сан-саласында табысты еңбек етіп келеді. Олардың арасында ақ халатты дәрігер де, жер байлығын игерген инженер де, ғалым да, өнерпаз да бар. Бір сөзбен айтқанда, Шәкең мен Мүзекеңнің ұл-қыздарының барлығы да заманауи талапқа сай мамандықтардың түр-түрін толық меңгерген. Ардақты ана мен абыройлы әкенің тәрбиесін алып өскен ұл-қыздары көктемнің алғашқы аптасындағы 8 наурыз күнін асыға күтеді. Шабал 1937 жылы 8 наурызда туған. Бұл күн – ақжарқын аналардың халықаралық мерейлі мерекесі. Қос қуанышты отбасында емен-жарқын қарсы алу Шабал апайдың да мерейін өсіріп, мәртебесін асыра түседі. Батырбек МЫРЗАБЕКОВ Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы

4980 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы