• Мәдениет
  • 15 Наурыз, 2012

«Нағыз қазақ – домбыра»

Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне елтімеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр. Мұндай жайтты өмірден көріп-біліп, ұшырастырып та жүрміз. Адамдардың бәрінің бірдей музыкалық қабілеті бола бермейді ғой. Ал қандай адам болсын музыканы сүйіп тыңдайды. Демек, музыка адамдардың рухани қорегі деуге болады. Ал өзге халықтар секілді қазақтар да өзінің ұлттық аспаптарын құрметтеп, ән-күйлерін тыңдап ләззат алады. Әсіресе, домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ. Менің бала кезімде Қазақ радиосынан Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің, Динаның күйлері күн сайын, тіпті сағат сайын берілетін. Оларды қанша тыңдасаң да жалықпайсың. Жалығу былай тұрсын өн бойың балқып тыңдағың келе беретін. Күй орындалған кезде қарттар радио дауысын күшейтіп, «жастардың зердесіне сіңе берсін» дейтін. Өкінішке қарай радиодан, теледидардан, тіпті көптеген концерттерден де домбыра үнін ести алмайтын болдық. Ертеден кешке дейін қазіргі «жұлдыз» атанған әуесқой әншілердің әндерін тыңдауға мәжбүр боламыз. Мұның басты себебі қазіргі қазақ жастарының зердесіне бала кезінен бастап халқымыздың ұлттық саздарын сіңірмегендіктен десем, жаңсақ айтқандық болмас. Ал бала күнінен ұлт аспаптарының үнін, халқымыздың саздарын тыңдап өскен азаматтар өзінің ұлты­нан, ұлттық мәдениетінен, тілінен ажырауы да мүмкін емес екені педагогика, психология ғылымдарында нақты дәлелденген. Қазақ ежелден домбыраны киелі аспап санаған. Домбырамен асқақтата ән салып, күмбірлетіп күй төккен халықпыз ғой. Сондықтан домбыраға үкі тағып, аялап төріне іліп қою қазақтың дәстүріне айналған. Әсіресе, ауылдық жерлерде қай қазақтың үйіне барсаңыз төрінде домбыра ілулі тұрғанын көресің. Қазақтың ұлт-аспаптар оркестрінде ең негізі аспап домбыра, ал домбыраға өзге аспаптар қосылғанда ерекше ғажайып дауысқа айналады. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінің концертін теледидардан, радиодан мұны айқын аңғаруға болады. Оркестрде қаптап отырған көптеген домбырашыларды көреміз. Мұнда баян, қобыз, сазсырнай ойнап отырғандар көп емес, бірлі-жарым ғана. Оркестрде домбыра үні басым болғандықтан күйлерді орындағанда әсіресе, қазақтың делебесі қозып не елжіреп рахат күй кешетінін байқайсың. Сондықтан да мектепте балаларға домбыраны ойнауды үйретіп, олардың санасына қазақтың ән-күйлерін жастай сіңірсе, олар нағыз қазақ болып өседі. Мұндай пікірлерді Тұздыбастау ауы­лындағы №31 орта мектептің музыкадан сабақ беретін мұғалімі Тәжібай Сарыпбеков ағай айтудан жалықпайды. Шынында да бала психологиясына музыканың ықпалы зор. Үйінде де, мектепте де, көшеде де, концерттерде де қазақтың ұлттық ән-күйлерін тыңдамай өскен бала есейе келе шет жұрттардың саздарын, аспаптарын ғана ұнататын болады, сөйтіп тіпті ана тілінен де безініп орысша, ағылшынша сөйлеуді мақтан етеді. – Ал қазіргі орыс мектептерінде, аралас мектептерде оқушылардың домбыра оркестрі де, қобыз үйірмесі де жоқ. Мұндағы оқушылар скрипка, баян немесе үрмелі аспаптар үйірмесіне қатысады. Таланттылары скрипкамен Батыс әуендерін орындауға бейімделеді. Мұндай балалар домбыраға да, қазақтың ұлттық ән күйлеріне де, ана тіліне де тосырқай қарайды. Қазақ тілін үйренгісі келмейді, – дейді Тәжібай аға. Тәжібай ағаның өзі 1974 жылы Алма­ты­дағы Құрманғазы атындағы Мем­лекеттік консерваторияны бітіріп, Контрабас оркестерінің солисі, оқытушысы мамандығын алған екен. 2004 жылдан бері Тұздыбастау ауылындағы №31 мектепте музыкадан сабақ берумен қатар, оқушылардың ұлт-аспаптар оркестрін ұйымдастырып балаларды қазақтың ұлттық аспаптарын үйренуге баулып келеді. – Баланың ішкі жан дүниесіне үңіле білмеген адам мұғалім бола алмайды. Мұғалімде тәуіптің көзі, ақынның жүрегі, суреткердің қиялы болуы тиіс, – дейді ол. Сөйтіп Тәжібай аға балалардың музыкаға деген қабілетін бірден аңғара қояды екен. Ол құрған оқушылар оркестрінде домбыра, баян, қобыз, прима, сазсырнай, бас домбыра, контрабас, дауылпаз аспаптарын шебер ойнайды. Себебі мұндай музыкалық аспаптарды оқушыларға үйретуден ол жалықпайды. Жалығу былай тұрсын тіпті, ләззат алатын секілді. Бұл аспаптардың бәрінде де Тәжібай аға шебер ойнай біледі. – Қазір 5-сынып оқушысы Аяулым Жаманбалаева, 7-сынып оқушысы Диана Қайрат, 9-сынып оқушысы Айша Мергенова, 8-сынып оқушысы Ая Бектұрған домбырада шебер ойнайды. Бұлардан көп үміт күтемін, – дейді ұстаз. Ол баулыған Сержан Мұсаев, Әлібек Түгелбаев, Айжан Бектұрған секілді оқушылар А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатына оқуға түсіпті. Ал Тәжібай ағаның өзінің баласы Айдын да осы интернатты бітіріп Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып, республикалық жарыста лауреат болған. Үлкен қызы Айман Қазақ Қыздар мемлекеттік университетінің музыка факультетін бітірген, қазір мұғалім. Кіші баласы Әлисасы колледжде оқып жүр. Жалпы, Тәжібай ағаның отбасын сазгерлер отбасы деп айтуға болады. Зайыбы Күлдария апай Чайковский атындағы музыка училищесін бітірген. Қазір балабақшада бүлдіршіндерді музыкаға баулып жүр. Әрине, өнерлі адамды, әсіресе жастарды өнерге баулып жүрген ұстазды халқымыз құрмет тұтады емес пе?! Бүкіл ауыл-аймақ оны тіпті, мақтан тұтады. Ал оның шәкірттері де, оркестрі де аудандық, облыстық жарыстардан үнемі жүлдемен оралатыны өз алдына бір төбе әңгіме. Талғар аудандық әкімшілігінің алғыс хаты, аудандық білім бөлімінің дипломы, аудан­дық Қазақ тілі қоғамының Құрмет грамотасы, «Нұр Отан» партиясының аудан­­­дық филиалының мақтау қағазы Тәжібай аға­­­ның өнерін, ұстаздық еңбегін бағалағаны еке­ні даусыз. Ал Тәжібай ағаны сабақтан тыс кезде қашанда домбыра ұстаған балалар­дың ортасынан көресіз. Сөйтіп балаларға киелі домбыраны үйрету оның ең сүйікті ісі еке­нін ұғына түсесіз. Мөлдір Асилова, психолог-оқытушы Алматы облысы Талғар ауданы

25578 рет

көрсетілді

12

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13465

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7803

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7433

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6811

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6760

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6547

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5322

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5314

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы