• Тіл
  • 22 Наурыз, 2009

Тіл мәртебесі – бәрінен қымбат

Қарағанды – еліміздегі өнеркәсібі мен экономикасы кең құлаш жайған іргелі облыстардың бірі. Орталық Қазақстанның демографиялық көрсеткішіне назар аударатын болсақ, 2005 жылы облыстағы қазақ ұлтының өкілдері бар болғаны 41%-ға зорға жетті. Мұның өзі облыстағы тіл саясатының жүзеге асырылуына толық мүмкіндік бермесе де біршама септігін тигізді. Алда әлі де едәуір қиындық бар екені ақиқат. Дегенмен, «Көш жүре келе түзеледі» демекші, тілдік ахуалдың беті бері қарағандай. 1990 жылдардан бері сырттағы қандастарымыз көшіп келіп жатыр. Қарағанды қаласының өзіне, бір кездегі қаңырап қалған Абай, Саран, Шахтинск сияқты қалаларға ауыл-ауылдан қазақтар келіп қоныстанды. Қазақтілді ортаның сандық көрсеткіші арта бастады. 1997 жылы «Тіл туралы» Заң жарық көрген тұста жергілікті ұлт өкілдері басым Жезқазған Қарағанды облысына қосылды. Сол тұста осы екі облыс аумағындағы Қарқаралы, Шет, Ұлытау, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандарында іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу туралы қазақша жазылған өкім шығарылды. Ол кезеңде облыста қазіргідей басқарма я басқадай мекеме болмады. Сайып келгенде, жоғарыдағы өкімнің өзі іргелі облыстағы басқару тілін мемлекеттік тілде қалыптастыруға бағытталған алғашқы қадам болатын. Қарағанды облысында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген мақсат-міндеттерді іске асыруға бағытталған нақты шаралар жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығына сәйкес облыс әкімінің аппаратында, облыстық департаменттерде, басқармалар мен бөлімдерде аудан мен қалаларда іс жүргізуді, есептік-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттаманы кезең-кезеңмен мемлекеттік тілде жүргізуге көшірудің кестесі қолға алынып, жүзеге асырылуда. Қазір Ақтоғай, Жаңаарқа, Қарқаралы, Шет, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Сәтбаев, Приозерск қалалары, облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, білім беру, мұрағаттар және құжаттама басқармалары мемлекеттік тілде іс жүргізуге ресми түрде көшті. Қазақ тілін басқару тіліне айналдыру төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Алғаш рет 2006 жылы басқару тілін қалыптастыру үшін Бұқар жырау ауданы мен Балқаш қаласына қатысты қаулы қабылданды. Облыс әкімдігінің 2006 жылғы 15 маусымдағы қаулысымен Қарағанды облысы әкімінің аппаратында, облыстық басқармалар, департаменттер мен бөлімдерде іс жүргізу 2006 жылдың соңына дейін мемлекеттік тілге толық көшіріліп, облыс аумағындағы жергілікті атқарушы органдарда басқару тілін мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшірудің 2006-2008 жылдарға арналған кестесі бекітіліп, онда облыстың барлық мемлекеттік мекеме басшылары мен әкімдеріне бұдан былай әкімдіктің барлық отырыстары тек қана мемлекеттік тілде жүргізілсін деген талап қойылған болатын. Бұл қазақ тілін мемлекеттік басқару тілі ретінде жүйелі түрде қалыптастыруға жасап отырған алғышарттардың бірі еді. «Кең байтақ қазақ даласының қақ ортасында орналасқан қазыналы Қарағанды облысы – өткені мен бүгіні де тарихқа аса бай өлке» деп Елбасы баға бергендей, жер көлемі 428 мың шаршы шақырымға созылып жатқан, тіршіліктің базары қайнаған облысымыздың жер-су атауларының өзі жатқан бір тарих. Еліміз тәуелсіздік алысымен, топонимикалық зерттеу жұмыстары республикада бірінші болып қолға алынған болатын. Бүгінде осы бағытта облыстық тілдерді дамыту басқармасының жоғарғы оқу орындарының ғалымдарымен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, филология ғылымдарының докторы А.Жартыбаевтың «Орталық Қазақстан аймақтық топонимиясы» атты монографиясы жарық көрді. Бұл монографияда облыстың жер-су, елді мекен атауларының тарихи-лингвистикалық, этимологиялық, этномәдени негіздері жүйеленіп, ономастикалық жұмыстардың өзекті мәселелері көрсетілген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары топонимикалық зерттеу шараларына тартылды. Бүгінгі таңда Бұқар жырау, Осакаров, Нұра, Абай, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарындағы елді мекендер мен жер-су атауларының тарихи негіздемесі туралы және Ұлытау – Жезқазған өңірінің жер-су атауларына қатысты кітаптар жарық көрді. Зерттеу жұмыстарына облыстық бюджеттен жыл сайын қаржы бөлініп тұрады. Атқаратын істің көлемі де ұлғайды. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастамасымен «Болашақ» университетімен бірлескен «Орталық Қазақстанның топонимиясы» атты ғылыми-практикалық конференция, Нұра ауданында «Қазіргі кезеңдегі топонимикалық зерттеулердің өзекті мәселелері: Нұра ауданының топономикасы» атты облыстық семинар ұйымдастырылды. Облыс аумағының топонимикалық картасы жасалып, ономастика саласы бойынша елді мекендердің 3 ғасырлық тарихы зерттелді, бірнеше елді мекен қазақша атауға ие болды. Қарсылықтар да кездесті, талай кертартпаның тосқауылы да болды. Бұрынғы Дружба – Байдалы би, Озерное – Бұқар жырау ауылы, Хорошевское – Белағаш ауылы, Осакаров ауданындағы Скоболевка – Сұңқар ауылы, Богучар – Шұңқыркөл ауылы болып тағы басқа толып жатқан елді мекендер бастапқы, ата -бабамыз қойып кеткен атауларымен қайта қауышты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Сәтбаев қаласының (бұрынғы атауы – Никольский), Абай, Бұқар жырау аудандарының (бұрынғы атаулары – Мичурин, Ульяновск), қалалық Қазыбек би ауданының (Советский), 12 кенттің, 18 ауылдық округтің, 38 ауылдың, 1 ғылыми-зерттеу институтының, 1 жоғарғы (Е.Бөкетов атындағы университет), 50 арнаулы орта оқу орнының, 26 орта мектептің, 1 музыка мектебінің, 4 мәдениет мекемесінің, 1 әскери бөлімшенің, 1 көркемөнер-өндірістік комбинатының атаулары өзгертілді; 1 қала, 5 кенттің, 32 теміржол станциясының орыс тіліндегі транскрипциялары қалпына келтірілді. Аталған өзгерістер, дау жоқ, батыл қадамның жемісі. Дегенмен, шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Біздің облыстың көптеген қала мен аудандарында біршама көшелердің атаулары моральдық тұрғыдан ескірген. Қазіргі жаңа талаптарға сай алаңдардың, даңғылдардың, бульварлардың, көшелердің, парктер мен скверлердің, көпірлер мен қаланың басқа да бөлімдес құрылымдарының атауларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасын» басшылыққа ала отырып, өзгерту шараларын қолға алу қажеттілігі туындап отыр. Өткен жылы мемлекеттік орган қызметкерлерінің ілеспе аударма жасау біліктілігін арттыру мақсатында «Туран-Профи» халықаралық кәсіптік академиясының мұрындық болуымен мемлекеттік мекемелерде аударма саласында қызмет істеп жүрген 40 аудармашы-маманға ілеспе аударма бойынша біліктілігін арттыруға арналған 60 сағаттық курс ұйымдастырылды. Аудармашылардың кәсіби біліктілігін арттыру, қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру мақсатында жылда «Үздік аудармашы» байқауы өткізіледі. Елеулі жаңалығымыз – өткен жылдың соңғы айында ілеспе аударма жасайтын «BOSCH» шетелдік фирмасының «Конференц-синхронщик» аппараты алынды. Жақында іске қосылады. Тілдерді дамытудың басты бір бағыты – қазақ терминологиясын жетілдіру. Қазақ терминологиясын жетілдіру мақсатында ұлттық терминологияның негізін салушылардың бірі, ғалым-қайраткер, Ісләм Жарылғаповтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Ұлттық терминологияны қалыптастыру және дамыту жолдары» атты халықаралық ғылыми- практикалық конференция өткізілді. Бұл игі шараны Тіл комитетімен бірге жүзеге асырдық. Терминологияға қатысты кемшіліктер іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруде бірқатар қиындықтар туғызып келеді. Осыған орай, тілдерді оқыту орталығы ғылыми-әдістемелік кеңесінің жанынан терминологиялық комиссия құру жоспарланып отыр. Мемлекеттік тілді оқытуға байланысты біздің облысымызда республика көлемінде болмаған бір іс тәжірибеге енді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру ережесін бекіту туралы» ҚР Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы №145 Жарлығы бойынша облыс әкімінің келісімімен 3-4 жылдан бері мемлекеттік қызметшілерді өндірістен қол үздіріп оқытуды қолға алып жүрміз. Өндірістен қол үздіріп оқытудың тиімділігі сол – тіл үйренушілердің зейіні тұтастай сабаққа ауады. Жұмысына байланысты алаңдаушылық болмайды. Оқытушымен күн сайын бірнеше сағат үздіксіз қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде ауызша және жазбаша тіл мәдениеті жетіледі. Уақытша болса да тілдік орта қалыптасып, тыңдаушының сөйлеу дағдысы қалыптасады. Германияда оқытудың осы жүйесі жолға қойылған екен. Егер аталған жүйе тиімсіз болса, әр тиынын есеппен жұмсайтын немістер бұны қолға алмаған болар еді. Әрине, айтуға ғана болмаса, іс жүзінде бұндай жобаны жүзеге асыру оңай тиген жоқ. Әйтсе де «Не бітіріп, не тындырдым?» деп өзіңе-өзің есеп бергенде, тілге тиек ететін дәйегіңнің болғанына не жетсін. Менің өмірімдегі ең бақытты сәтім – облыс әкімінің қолдауымен басқарма жанынан облыстық тілдерді оқыту орталығын ашқаным. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді оқыту мәселесі қолға алынғанымен, өз жемісін бермей, нәтиженің ауылы алыс болатын. Шешілмес мәселенің түйіні шешіліп, тілдерді оқыту орталығы ашылғанда, игілікті істің басы қайырылғандай еді. Орталыққа білікті әрі тәжірибелі мамандардарды жинап, оқу-әдістемелік кешен шығару жөнінде тапсырма берілді. Сөйтіп осылайша «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешені дүниеге келді. Ол жөнінде тыңдаушылар, тіл мамандары тарапынан жақсы пікірлер айтылуда. Әдістемелік кешеннің тұсауы әуелі Астанада, артынша облысымызда кесілді. Бір кездері оқу құралын әзірлеу деген арман ғана болса, енді тәтті арманымыз өңіміздегі нәтижелі іске айналып, тілді оқыту үрдісі жолға қойылып отыр. «Мың сөзден бір іс жақсы» демей ме атам қазақ. Нақты мәселенің нақты шешімін тапқаны қатты қуантады. Оған арқау болған 2007 жылы Мемлекеттік қызмет жөніндегі Агенттіктің келісімімен Тіл комитетінің бекіткен – Тұжырымдама, Стандарт, үшдеңгейлі оқыту бағдарламасы. Аталмыш құжаттардың авторлары белгілі ғалымдар Біржан Байғараұлы мен Несібелі Жәкенқызының мемлекеттік тілді оқытуда бірізділікті, жүйелілікті қалыптастыруды басты міндет етіп алғаны үлкен жаңалық болды. Республикаға танымал әдіскер-ғалым, «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» кітабының авторы Қарлығаш Қадашева өзгетілді аудиторияға қазақ тілін аударма тілдің көмегіне жүгінбей оқыту керектігін баса айтты. Бұл жаңадан қабылданған стандарттың басты талабының бірі. Жалпы, Қарағанды облысында мемлекеттік тілді дәнекер тілдің көмегінсіз оқыту әдістемесі жүйелі түрде жүзеге асуда. Негізі, қазақ тілін оқуға ниет жыл сайын артып келеді. 2005 жылы облыс бойынша 1872 қызметкер, 2006 жылы 2872 қызметкер оқытылса, 2007 жылы 4503 қызметкер қазақ тілін оқыту курстарында қамтылып, 2008 жылғы оқыту курсында 4955 әр саланың қызметкерлері оқытылды. Сонымен қатар, мекеме қызметкерлерінен басқа мемлекеттік тілді үйренуге ықылас білдіруші әр ұлттық орталықтардың өкілдері және жеке тұлғалар да қазақ тілін оқыту курстарына өз өтініштері бойынша қамтылуда. Тіл мамандары мен тілдерді оқыту курстарынан өткен тыңдаушылар үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып отырады. «Қазақ тілі - тірегім» атты облыстық тілдерді оқыту орталығы тыңдаушылары арасында ұйымдастырылған байқау, мемлекеттік мекемелердегі жалғастырушы деңгей тыңдаушылары арасында «Мен – қазақпын жаныммен, жүрегіммен» атты байқау, «Қазақ тілін оқытуда ақпараттық технологияны қолдану мүмкіндіктері және атқарылған жұмыстар» атты облыстық семинар-тренинг, «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенінің мемлекеттік тілді жеделдете деңгейлік оқытудағы мақсаты мен міндеттері» атты тіл мамандарына арналған оқу-әдістемелік курстары ұйымдастырылды. Мемлекеттік тілден сабақ беретін оқытушылардың әдістемелік сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық “Қазақ тілінің үздік оқытушысы” байқауы өткізіліп тұрады. Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін оқытудың нақты нәтижесінің бірі – Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы, «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенінің авторларының бірі Динар Жұмагелдина республикалық “Қазақ тілінің үздік оқытушысы” байқауында жүлделі І орынды жеңіп алды. Түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерін, ән-жырларын насихаттау сайыстарының қолға алынуы – «тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» жандардың ынтымақ пен бейбітшілікте өмір сүріп жатқанының айғағы. Осыған орай, облысымызда «Славян жазбалары» күні, ұлттық-мәдени орталықтар жанындағы жексенбілік мектептерде «Үздік жексенбілік мектеп» байқаулары ұйымдастырылды. Басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ынта-ықыласын қолдау бағытында жыл сайын «Мемлекеттік тіл – менің тілім» және Абай мұрасы арқылы әдеби шығармашылыққа баулу, тіл мәдениетін қалыптастыру өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу мақсатында «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты Абай оқуларын өткізу жақсы дәстүрге айналды. Абайдай дананың құдіретті поэзиясы, қарасөздері орысша, немісше, полякша, тағы басқа тілдерде үн қатып, жүректерден жол табуда. Жыл сайын «Қазақстан халқы тілдері күні» аясында мемлекеттің тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған фестиваль өткізіліп келеді. Былтырғы жылы еліміздің жүрегі – Астананың 10 жылдығы құрметіне орай Қазақстан халқының достығы мен бірлігін, Отанға деген сүйіспеншілігін нығайту мақсатында қолға алынған шараның бірі – барлық ұлттық-мәдени орталықтар қамтылған «Астана–достық мекені» атты облыстық фестивалі. Астана қаласының 10 жылдығы қарсаңында «Тілдің үштұғырлығы» мәдени жобасы аясында үш тілді: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастар арасында «Тілдарын – 2008» олимпиадасы өткізілді. Облыстағы 13 жетім балалар үйінің 8-інде республика көлемінде тұңғыш рет қазақша тәрбие беру ісі қолға алынған болатын. Ұлтына қарамай, сандаған бүлдіршіндер қазақша тіл сындырып, осы күні қаладағы қазақ мектептерінде оқып жүр. Ал нәтижесі айта қаларлық. Талай қарагөздеріміз балалар үйінде тілі тұрмақ, тегін ұмытып, ұлттық болмысынан айырылап жатқан қазіргі таңда талайға үлгі боларлық-ақ жаңалық. Өзге ұлт өкілдері арасында тіл саясатын насихаттаудың ұтымды құралы – жастар қызығып тамашалайтын сайыстар өткізу. Қазақша КВН-ымыз – осының дәлелі. Көктемде болған сайыста бір орыс қызының жауабы әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Құрбысының: «Сен неге сап-сарысың?» - деген сауалына: «Қазақтар қашан қазақша сөйлейді деп сарғайып кеттім», - деуі мақтамен бауыздаған сияқты. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп Сара қыздың айтқанындай, өзіміздің қазағымыздың бетін бұру оңай шаруа емес. Қазақ жастарына ой салайық, түрткі болайық деп «Мен неге қазақтықтан сақтанамын?» атты телехабар ұйымдастырдық. Қазақ халқының сан ғасырлық мол қазынасын кеңінен насихаттау мақсатында жастар арасында «Таза мінсіз асыл сөз...» атты облыстық жыршылар байқауы мен «Қайып Айнабеков атындағы» жас термешілер байқауын ұйымдастырдық. Қазір өзге ұлт өкілдері деп жүргенде өзіміздің қарагөздеріміз назардан тыс қалып жүр. Олқылықтың орнын толтыру үшін орыс мектептерінде оқып жүрген қазақ балаларының арасында «Ана тілі сұлтаны» сайысы өткізілді. Бұл бастамаға республикалық «Ана тілі» газеті ой салды. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында бірқатар жұмыс орындалды деп арқаны кеңге салуға әлі ерте. Алдағы жоспарымыз – оқытудың электрондық жүйесін қолға алмақпыз. Екіншіден, қарағандылық жергілікті қаламгерлер еңбектерін басқа тілдерге аударуға күш салғымыз келеді. Бұл ойдың қалай туғанын айтып берейін. Маған жергілікті жерде тұратын грузин қаламгері келіп жолықты. Көлемді шығарма жазғанын және онда ұлтаралық татулықты, қазақ халқының кеңпейілдігін арқау еткенін айтты. Әңгімелесе келе таяуда Грузияға барғанын, туған жерінде жан жадыратар ештеңе көрмегенін, көргенін саралай келе өзінің Қазақстанда тұратынына шүкіршілік ететінін жеткізді. Егер Қарағандыда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің немесе қазақ қаламгерлерінің шығармалары аударылып жатса, тілді насихаттаудың бұл да бір сәтті жолы болып қалар деген ойдамын. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тарапынан жүзеге асырылған ұтымды жобаның бірі – шешендік өнер сайысы. Көмейіне бұлбұл ұялаған, шаршы топта бет қаратпаған ділмарларымыздың, қазақтың біртуар Төле, Қазыбек, Әйтеке бабаларымыздың мұраларын насихаттау мақсатында қолға алынған жобаның берері мол. Сарыарқа топырағы – Қазыбек, Жанқұтты, Сеңкібай, Жидебай, Байдалы тәрізді қызыл тілдің майталмандары дүниеге келген топырақ. Биыл үшінші жыл өткізілген үлкен дода талай жас таланттың бағын ашып, қиялына қанат бітірді, қасиетті қызыл тілдің киесін ұқтырды. Өткен жылдан бастап облыстық деңгейде ұлттық болмыс, ұлттық рух төңірегінде өрнекті сөз бен парасатты ойды темірқазық еткен шығармаларды насихаттап, жаңа есімдерді анықтау мақсатында Ғабиден Мұстафин атындағы жазушылар байқауын өткіздік. «Қазақ мектептері азайып барады, қазақ балалары көбінесе орысша оқиды. Қазақ бола тұра әке мен бала орысша сөйлесетіндер аз емес», - деп дабыл қағып, ана тілінің жоқшысына айналған ақсақалымыздың: «Бір кезде ұлтшылдықпен күресіп едік, енді ұлтсыздықпен күресу керек» - деуі нағыз ұлтын сүйген ұлы жүректен шығатын сөз. Осындай кесек ойдың иесі Ғабеңдей жерлес жазушымыздың құрметіне мазмұнды шара өткізіп жатсақ, орынсыз деп кім айтар? Қазақ тілі – ең асылымыз, ардақтымыз. Сондықтан да мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы оң жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. Бақытқали Мұсабеков, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы

4448 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы