• Тұлға
  • 05 Сәуір, 2012

Кәсіпорынның тілге ықыласы ерекше

svetlanaШетел инвесторын тартудың тиімділігін алғашқылардың бірі болып дәлелдеген «Теңізшевройл» кәсіпорнына үстіміздегі жылдың 6 сәуірінде 19 жыл толады. Осынау жылдар ішінде жас тәуелсіз мемлекетпен қатар дамыған кәсіпорын еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Мәселен, кәсіпорын өз жұмысын бастаған 1993 жылдан бері негізгі қуаттарын әлденеше есе арттыра отырып, ел экономикасына 60,1 млрд. АҚШ доллары көлемінде пайда әкелді. Атап айтсақ, бұған қазақстандық қамтушылардың тауарлары мен қызметтеріне, қазақстандық серіктес «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамына тиесілі табыс үлесіне сай төлемдер, үкімет бюджетіне аударылған салықтар мен роялтилер, мемлекет меншігіндегі кәсіпорындардың тарифтері мен қызметтерінің өтемдері және компания қызметкерлерінің жалақылары кіреді. Табыс көзін молайтқан кәсіпорын өз кезегінде қазақ елінің рухани мәдениеті мен өнерін дамытуға да үлес қосып, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің де өрісін кеңейтуге атсалысып келеді. Біздің «Теңізшевройл» ЖШС-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің кеңесшісі Светлана Шектібайқызы Қайырғалиевамен сұхбатымыз да осы тақырыпта өрбіді. – Светлана Шектібайқызы, мү­йізі қарағайдай «Теңізшевройл» кәсіпорны туралы баспасөз беттерінен тек мұнай мен газ өндіру және өндіріс тақырыбы туралы көбірек оқи­тынымыз жасырын емес. Бұл жолғы әң­гімені өнерді насихаттау, тілге деген жанашырлық тұрғысынан өрбітсек... – Әлбетте, кәсіпорынның басты міндеті жер қойнауындағы қара алтынды игеріп, оны ел қажетіне жарату болғандықтан, өндірістің осы бағыттағы жайы, өндірістегі қауіпсіздік техникасының сақталуы, жаңа технологияларды енгізу, экологиялық шараларды жүзеге асыру сияқты сан-сапат жұмыстардың баспасөз беттерінде көбірек бой көтеретіні рас. Дегенмен, бұған қарап, кәсіпорын елдің мәдени- әлеуметтік дамуынан сырт қалған деп ой түюге болмайды. Кәсіпорын өзі құрылған күннен бастап, қазақтың мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген сан ұлт өкілдеріне түсіндіруге ерекше мән берді. Біздің бұл бағыттағы жұмысымыз өнер сүйер қауымның, мәдениет жанашырларының көз алдында өтіп, тиісті бағасын алып та келеді. – Еліміздегі көптеген іргелі кәсіпорын­дар Наурыз мерекесін керней­летіп, сырнайлатып өткізіп, «Біз қазақтың өнерін насихаттап жүрміз» деп айтып жатады. Ал Сіздердің тараптарыңыздан еліміздің төл мәдениетінің дамуына қандай жұмыстар жасалуда. – Әрине, Наурыз мерекесі біздің кәсіпорында ғана емес, өндірісі шоғырланған Жылыой ауданының орталығында, Теңіз кенішінде өте мазмұнды мағыналы өткізіледі. Өнерді насихаттау тек мерекемен ғана шектелмесе керек. Сондықтан біз арнайы бағдарлама жасап, Наурыз арқылы ғасырдан ғасырға ұласқан мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің жаршысы болып келеміз. Өздеріңізге белгілі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң іле-шала дүниеге келген, шетелдіктермен бірлесіп ашылған тұңғыш кәсіпорын – Теңіз кен орыны. Ол біздің бәріміздің көз алдымызда өсіп, тамырын тереңге жайған, жан-жағына қамқорлық сәулесін түсірген, жайқалған алып бәйтерекке айналды. Теңіз кен орыны – еліміздің елгезек жастарына жаңа заманның тынысын дөп басып түсінуіне, әлемдік бизнесті меңгерулеріне жол ашып келе жатыр. Егемен ел тарихында елеулі орыны бар еңселі кәсіпорынның әрбір қызметкері ертеңгі күнге үлкен сеніммен қарайды. Кәсіпорында қызмет істейтін біздің отандастарымыздың, шетелдік қыз­меткерлердің ел табысын ны­ғайтудағы ересен еңбегін айтып, қанықтыра жырлап, өскелең жас ұрпаққа Елбасы ұстанған сарабдал саясатты нықтап түсіндіру – бүгінгі зиялылардың, өрелі өнер иелерінің, қолына қалам мен домбыраны қатар ұстаған ауызының желі бар, арқалы айтыскерлердің негізгі парызы. Сондықтан да біз соңғы үш жылда облыс ақындарының айтысын өткізуге бастамашы болдық. Биыл да сәуір айының он төртінде Қазақстан Жазушылар Одағы­ның облыстық филиалымен бірлесе отырып, облыс орталығында үлкен айтыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Кезінде ұлы Абайдың, жыр алыбы Жамбылдың шығармашылық келбетін ашатын арнайы шаралар өткізіп, қазақ поэзиясының парасат биігін кәсіпорындағы өзге ұлт өкілдеріне паш еткенбіз. – Кәсіпорынның жылма-жыл облыс орталығында айтыс өткізуді дағдыға айналдырғанын айттыңыз. Мұндағы мақсат не? – Айтыс өткізудегі негізгі мақсат – туған еліміз, өскен жеріміздің жыл сайын жаңа белестерден көрінуіне көрнекті үлес қосып келе жатқан Теңіз кен орынының, қазақстандықтардың, шетелдік қызметкерлердің ел экономикасын өркендетудегі келбет-кескінін көркем тілмен кестелеу, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу, руханият саласында дәстүрлі өнерді насихаттау, халқымыздың қанына сіңген айтыс өнерін одан әрі дамытуға үлес қосу, ел ішіндегі жас таланттардың көзін ашу. Мәселен бұрын өткізген екі айтыс та дүркіреп өтті. Жыр додасы көптеген жас таланттарды жарыққа шығарды. Жасыратыны жоқ соңғы жылдары облыста тұралап қалған айтыс өнеріне үлкен серпіліс берді. Жыр сайысына сусап қалған көрермен ұлттық мәдениетіміздің мәйегі болған айтыс өнерінің дамуына қамқорлық танытқан кәсіпорын басшылығына алғыстарын білдірді. – Насихат тек айтыс өнері­мен шектел­меген болар... – Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің экономикасымен қатар, мәдени, рухани саласында да елеулі қиындықтар болды. Сол тұста облыстық филармониямен бірлесе отырып, көптеген игі шаралардың көрермен жүрегіне жол табуына септігімізді тигіздік. Жалпы кәсіпорын қандай да көпшілік шараны қолға алмасын, оның ұлттық нақышта көрініс табуына мән береді. Бір ғана мысал келтіре кетейін. Өзі құрылған кезден бері кәсіпорын үлкен форматпен күнтізбе шығарып келеді. Былай қарағанда «Мұндай күнтізбені барлық мекемелер шығарады, онда тұрған не бар» деген сауал туындауы мүмкін. Біз әр жылғы күнтізбе халқымыздың бай табиғатын, салт-дәстүрін, ауыз әде­бие­тінің құндылықтарын көрсетіп келеміз. Бір қуанарлығы, қандастарымызбен қатар, шетелден келген мамандар да біздің күнтізбені іздеп жүреді. Бұл осы жердің суын ішіп, ауасын жұтып, нәпақасын тауып жүрген шетелдіктердің осы елдің тарихын, мәдениетін, өнерін білуге деген құштарлығын аңғартса керек. Ең бастысы біздің күнтізбелер ағылшын тілін үйренем деушілерге де, қазақ тілін үйренем деген шетелдіктерге де көрнекі құрал іспетті. – Кәсіпорындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы жөнінде әңгімелеп берсеңіз... – Қазақстанға шетел инвесторын тартудың тиімділігін алғашқылардың бірі болып дәлелдеген «Теңізшевройл» кәсіпорны өзі құрылған күннен бастап-ақ, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің кәсіпорында кеңінен пайдалануына ерекше мән берді. Теңіз кеніші Жылыой ауданы аумағында орналасқан. Қыз­меткерлер­дің дені жергілікті тұр­ғындар. Сондықтан да болар, кәсіпорын қызметкерлерінің дені қазақ тілінде сөйлейді. Мемлекеттік органдардан, жекелеген адамдардан келген хаттарға да жауап хат тіліне сәйкес жазылады. Тілдерді дамыту туралы Үкіметтік бағдарламаларға сәйкес, арнайы комитет құрылды. Комитет құрамына кәсіпорынның барлық бөлімінен өкілдер қамтылған, арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Компьютерлерге қазақ әріптері енгізілді. Кәсіпорынның үш тілде шығатын «ТШО жаңалықтары» деп аталатын газеті бар. Бұған қоса, ТШО қызметін баяндайтын ақпараттық басылымдар да үш тілде шығады. «Қазақтың киіз үйі» атты кітапты да үш тілде шығардық. Қазір бұл кітап әлемнің көптеген елдерінің кітапханаларында, елшіліктері мен мұражайларында тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің кәсіпорын Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген геологы, шын мәніндегі тіл жанашыры, ғалым ағамыз, марқұм Таумыш Жұмағалиев бастаған ғалымдар мен мамандар күшімен шыққан «Мұнай және газ геологиясы терминдерінің түсіндірме сөздігінің» жұмысшы тобының қызметіне демеушілік көрсетті. «Теңізшевройлда» тілдерді үйретумен, дамытумен айналысатын арнайы оқу орталығы жұмыс істейді. Орталық қатысушылардың тілегіне қарай, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін оқытып келеді. Қазір қызметкерлеріміздің арасында қазақ тілін үйренуге деген ықылас ниет бұрынғыдан да артып отыр. ТШО қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қызметтік міндеттерін орындауға қажетті деңгейде меңгеруі үшін жағдай туғызуға, мемлекеттік тілдің әлеуметтік-байланыс қызметін кеңейтуге және нығайтуға, қазақ тілін оқыту мамандары мен аудармашыларға біліктілігін көтеру мақсатында түрлі курстар мен семинарларға қатысуына жағдай жасалған. Аудармашылар арасында кәсіпорын ішілік байқаулар ұйымдастыруға, республикалық, об­лыстық және қалалық тіл саласын­дағы әлеуметтік мәні бар жобаларға қатысуға, қазақ тілі кабинетіндегі кітап қорын молайтуға, тіл, дәстүр мен ұлт­тық тәрбие бағытындағы насихат шараларды көбірек өткізуге ерекше мән береді. – Әңгімеңізге рақмет! Әңгімелескен  Өтеген НӘУКИЕВ, Атырау облысы

2551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы