• Ақпарат
  • 05 Сәуір, 2012

Театр қайраткерлері бас қосты

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қазіргі заман театрларындағы дәстүрлер мен жаңашылдық» және «Театр сыны мен оның заманауи театр үрдісіндегі алатын орны» тақырыбында ХХІ республикалық практикум болып өтті. Оған алыс-жақын шетелдерден келген театр майталмандары мен сыншылар, режиссерлер мен актерлер қатысты.  Сахна өнері, біле білген кісіге, өз алдына бір ғылым. Оның да өз проблемалары мен көкейтесті мәселелері жетерлік. Мысал үшін, «бүгінгі театр сыны қандай күйде, отандық қойылымдар қай бағытта дамып келеді, режиссерлердің шығармашылығында қандай жаңашылдықтар бар, театрлардың бір-бірімен әріптестік байланысы қандай дәрежеде, өзара тәжірибе алмасу бар ма» деген күрделі мәселелерге әрбір театр өзінше жауап іздегеннен гөрі, өзара бірлесіп, білікті мамандарды шақырып, солардың ақыл-кеңестерін тыңдап, күрмеуі қиын сұрақты бірігіп шешкенге не жетсін! Аталмыш практикум театр саңлақтарын қанаттандырып тастағаны рас. Практикум жұмысына ресейлік «Театральная жизнь» журналының бас редакторы Олег Пивоваров пен танымал театр сыншысы Александр Смоляковтың қатысқаны да басқосудың мәртебесін биіктете түсті. Жиынды еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тілеуғали Қышқашбаев ашып, елдегі театр өнері саласының бағыт-бағдары мен алда тұрған жоспары туралы баяндап берді. Министрлік өкілінің сөзінен аңғарғанымыз, биыл республикамыздың театр саласында көптеген іргелі істер атқару көзделіп отыр екен. Мәселен, қыркүйек айында режиссерлік өнер­дің классигі - Әзірбайжан Мәмбетовтің және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың 100 жылдығына орай отандық театр фестивалі өткізілмек. «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық байқау жарияланып, «Қуыршақ театрына арналған ең үздік драмалық шығарма» номинациясы бойынша атаулы сыйлық тағайындалмақ. Екі күнге жалғасқан практикум аясында қонақтар режиссер Талғат Теменов сахналаған «Карменсита» мен Дулат Исабековтің «Жаужүрек» қойылымдарын тамашалады. Дәуіржан Төлебаев

3299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы