- Ақпарат
- 05 Сәуір, 2012
Жастармен болған кездесу
Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 20 жыл толып отырғаны белгілі. Осы орайда еліміздің Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштердің басшылық құрамы елордадағы жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында оқитын жастармен кездесу өткізді. Бас қосудың басты мақсаты - студент жастарды Қазақстан армиясының бүгіні мен ертеңінен хабардар ету және болашағын Отан қорғауға арнағысы келетін жастарды әскер қатарына тарту.Кездесуге әскер түрлерінің бас қолбасшылары, департаменттер мен бас басқармалардың бастықтары, бөлім командирлері қатысты. Жүздесуді ұйымдастыруға Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің бастығы Т. Мұхтаров ұйытқы болғанын айта кеткен жөн. Ол жастарға әскери ведомстводағы кадр саясаты туралы кеңірек әңгімеледі. Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да адами капиталдың сапалық өсуіне айрықша мән берілгеніне тоқталды. Осыған байланысты әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындық сапасын арттыру арқылы кадрлық әлеуетті жетілдіруге барынша назар аударылып отырғанын жеткізді. Жолдаудың негізгі талаптарын іске асыру мақсатында қазіргі таңда Қорғаныс министрінің тапсырмасымен әскери ведомствода жұмылдыру күштерін тарту арқылы кадрлық әлеуетті жақсартуға арналған кешенді шаралар қабылдануда. Бұл әскери кадрларды жасақтауға жасалған жаңаша қадам болып отыр. Қарулы Күштерге қай кезде де жоғары білімді, денсаулығы мықты, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған жігіттер алынатыны белгілі. Жаңа жүйе бойынша запастағы офицерлердің сапқа тұру тәртібі өзгеретін болады. Бұрындары олар әскери комиссариаттардың табалдырығын тоздырса, енді жағдай басқаша болмақ. Егер кімде-кім әскерде қызмет атқарғысы келсе, өзінің түйіндемесін Кадрлар департаментіне немесе Қорғаныс істері жөніндегі органдарға жолдай алады. Әрбір үміткермен дербес жұмыс жүргізіледі. Олар арнайы жасақталған іріктеу қосындарында тест тапсырады. Барлық тексерістен сүрінбей өткен үміткер 3 жылға алғашқы келісімшартын жасайды. Бұл мерзім аяқталған соң офицердің келісімшартын созуға немесе запасқа кетуге мүмкіндігі бар. 2005 жылдан бері әскери кафедраның бітіруші түлектеріне «лейтенант» әскери шенін беру тоқтатылған еді. Биылдан бастап бұл жүйе қайта қалпына келтіріліпті. Кадрлар департаментінің бастығы болашақ офицерлерге Қарулы Күштерде қызмет ететін лейтенанттардың төменгі айлық жалақысы 114 мыңнан басталатынын жеткізді. Сонымен қатар, олар қызметтік баспанамен қамтамасыз етіліп, тегін медициналық көмек ала алады. Бейбітгүл Исаева

3006 рет
көрсетілді0
пікір