- Ақпарат
- 05 Сәуір, 2012
Әскер – ел қорғаны

Қазақ елінің төл әскерінің құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Қарулы Күштердің алдында алғашқы күннен бастап жауынгерлік дайындықты нығайту мен оны одан әрі жетілдіру тапсырмалары тұрды. Қазақстан халқы бүгінгі күні өздерінің қауіпсіздігі берік қолда екеніне сенімді. Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру мемлекеттің әскери қауіпсіздік саласындағы басты тапсырмаларының бірі болып қала бермек. Әлемдік қоғамдастық соңғы жылдары айтарлықтай ауыртпалықтарды бастан кешірді. Бұл мемлекеттің ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге дер кезінде төтеп беріп, оған сындарлы жауап беру сынағына дайындық кезеңі, ел басшылары үшін дағдарыс жағдайында белсенділік пен төзімділік қабілетін көрсетуге арналған сынақ болды. Қазақстан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, прогресті дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақ әскері осы жылдар аралығында қуатты елдің құрыш қайратына айналды.
Таяуда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Күн тәртібіне сәйкес әскери және екі жақты мақсатта өнім өндіретін отандық кәсіпорындардың өткен жылғы қызметінің қорытындысы шығарылды. Оларды дамытудың келешегі талқыланып, алдағы жылға нақты тапсырмалар қойылды. Алқа мәжілісінде Қарулы Күштердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері де сөз болды. Сонымен қатар, әскерлердегі өткен қысқы кезеңнің қорытындысы шығарылып, алдағы қысқа дайындық жайы да кеңінен талқыланды. Алқа мәжілісін ашқан Қорғаныс министрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын іске асыру бойынша жұмыстардың тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Осы мақсатта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде ел экономикасына жаңаша серпін беретін қорғаныс өнеркәсібі кешенін қарқынды дамыту жалғасуда. Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшы отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеп, негізгі бағыттарды анықтап берді.
Отандық өнім өндірушілер өндірістік қуатын жаңғыртып, өндіретін өнімдердің номенклатурасын кеңейтіп, жұмыс сапасын жақсартуы қажет. Бұл іс-шаралардың іске асуы қару-жарақ және әскери техникалар паркін жаңғыртуға бағытталған.
Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске барынша назар аударылып отыр. Құқық бұзушылықтың бұл түрі бойынша түрлі жиналыстар мен кешенді іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Осының арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштерде ілгерілеушіліктер бар.
Министр әскердің басшылық құрамына жемқорлық сипаттағы фактілерді түбірімен жоюға қатаң тапсырма берді. Әскери полиция органдары ғана емес, барлық деңгейдегі командирлер мен бастықтар бұл індетпен аяусыз күрес жүргізетін болады.
Алқа мәжілісінде үшінші кезекте қысқа дайындық жайы қаралды. Ә.Жақсыбеков алдағы қысқа дайындықты қазірден бастауға тапсырма берді. Сондай-ақ, кадр саясаты, білім, әскери қызметшілерді тәрбиелеу сынды өзге де мәселелер қаралды.
– Біз үшін биылғы жыл өте маңызды, – деді алқа мәжілісін қорытындылаған Қорғаныс министрі. – Біз бұл мерейтойды жақсы жетістіктермен қарсы алуымыз керек. Бүгінде әскеріміз қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Әскери қызметтің беделі артты. Осының бәрі Жоғарғы Бас қолбасшы мен еліміздің көп ұлтты азаматтарының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы алдында жеткен жетістігі.
Жауынгерлік әзірлік деңгейі жоғары және елдің қорғаныс қабілетін сақтай білетін айбынды әскеріміздің арқасында ғана Қазақстан Республикасы әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық саясатын ұдайы қолдайтын, сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайтуды қалайтын, жаппай қырып-жою қаруларын шектейтін және оны таратпау жөніндегі келісімдерді тиімді орындауды бақылауға айрықша маңыз беретін мемлекет ретінде танылды.
С.ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

4260 рет
көрсетілді0
пікір