• Қоғам
  • 05 Сәуір, 2012

Мемлекетіміздің деректі шежіресі

Жақында түркі әлеміне ортақ бір қуанышты жағдай болды. Түркия елінінің Ыстамбұл қаласында Махмұт Қасымбековтің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазған кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабының түрік тіліндегі басылымының («HALKINI SEVEN, HALKIN SEVDIGI ONDER») таныстырылымына Ыстамбұлдың губернаторынан бастап, ұлттық Парламенттің мүшелері, көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Елбасы туралы жаңа кітап шыққан сайын, оны оқып шығуға, өзіміздің ақыл-парасатымызбен зерделеуге асығамыз. Өйткені ондай кітап – санамыздың көкжиегін кеңейтіп, көреген басшының кісілік келбетін, тұлғалық қасиеттерін тереңірек тани түсуге жол ашады. Дүниежүзінде атақты адамдарға, біртуар қайраткерлерге арналған еңбектер аз емес. Солардың арасында «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабын ерекше деп айтуымызға толық негіз бар. Олай дейтін себебіміз, кітап Елбасының жанында жүрген, оны жақыннан тануға мүмкіндігі мол азаматтың қаламынан туған. Демек, бұл кітап шынайы жүректен шыққан дәлелді ойларға, салқар мазмұнға толы. Қаламгер азамат Махмұт Қасымбеков Елбасы туралы кітап жазуымен үлкен өнегелі істің бастамашысы болғандығын айта кетуге тиіспіз. Елбасы туралы кітап жазуға Махмұт Қасымбековтың қадам жасағаны құптарлық іс. Автордың өзі Н.Назарбаевпен 22 жыл бойы қызметтес болып келеді екен. Бұл - Президенттің қайраткерлік, азаматтық болмысын жете тану үшін аз уақыт емес, әрине. Демек, кітап оқыған адамның жанын өзінің мөлдір табиғатымен, тұнық ойларымен баурап алады. Елбасының дара тұлғасын авторлық позиция тұрғысынан айшықтайтын кітаптан түркі елінің оқырман қауымы өзіне қажетті, қызықты деректерді ала алатын болады. Тұсаукесер рәсімінде Түркия елінің көрнекті қайраткерлері, ғалымдары, сонымен қатар өз елімізден барған белгілі тұлғалар жаңа туынды туралы ордалы ойларын ортаға салды. ДА платформаcының төрағасы Харұн Тоқақ, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов, мемлекет қайраткері Бүлент Қарашал, Ыстамбұл қаласының губернаторы Хусейін Авни Мутлы сынды азаматтар «Елін сүйген, Елі сүйген Елбасы» кітабы туралы пікірлерін білдіріп, кітаптың мән-маңызына ой жүгіртті. Кітап авторы Махмұт Қасымбековке осындай қомақты еңбекті тарту еткені үшін екі жақтың азаматтары түгел алғыс айтты. Жиын соңында сөз авторға берілді. «Мемлекеттік қызметте, Елбасының жанында жүріп осындай кітап жазғаныма кей адам таңданыспен қарайды. Ал дұрысында мұндай кітапты біз жазбағанда кім жазуы керек? Мен Елбасының қарамағында 1990 жылдың 4 сәуірінен бері жұмыс істеп келемін. Осы күндерде оған дәл 22 жыл толады. Әуел баста Президент Аппаратын құру жайында шешім қабылданғанда қатты қиналғанбыз. Оған дейін біздің барлық тапсырмамыз Мәскеуден келетін, біз соларды орындаумен отыратынбыз. Керек қағаздарды Қазақстан жағдайына бейімдеп қана жазатынбыз. Президенттік институтты енгізу арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы елді дербес мемлекет болуға дайындай бастады. Сол тұста басшымыздың іскерлік қасиеттеріне талай рет куә болғанбыз. Менің бұл кітабым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін жасаған тең­десі жоқ ерлігін халыққа шынайы жеткізудің тағы бір талпынысы. Бұл туынды көпшіліктің, соның ішінде түрік ағайындарымыздың да көңілі­нен шығып жатса, азын-аулақ еңбегімнің ақтал­ғаны деп білемін», – деді Махмұт Қасымбеков. Дәуіржан Төлебаев

3681 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы