• Қоғам
  • 05 Сәуір, 2012

Әнұранның бұрмалануы намысқа тиді. Оған жол бергендер жауап беруі тиіс

Тәуелсіздігіміздің басты нышандарының бірі – қасиетті Әнұранымыздың кейбір шет елдерде бұрмаланып айтылуы қаныңды қайнатады. Бұл мәселеге кездейсоқ жағдай ретінде қарап, жылы күйінде жауып қоюға әсте болмайды. Бұл дегеніңіз ел, халық атына кір келтіру. Әнұран – ел тұтастығының, халық бірлігінің айнасы. Айнамыз неғұрлым жарқырап тұрса, солғұрлым елдің мерейі де асқақтап, Тәуелсіздігіміз нығая бермек. Зады, адам баласы әрбір іске жауаптылықпен қарап, өзгелерден сұралатын нәрсені, өзінен де сұрай білуі тиіс. Кувейт жерінде спорттық нысана көздеуден жеңіске жеткен отандасымыздың құрметіне шырқалуға тиіс Әнұран басқа басқа емес, Қазақстанды айдай әлемге теріс жағынан танытқан сайқымазақ Бораттың киносындағы музыка сарыны болып шығуы жанымызға аяздай батты.Бұл не, сонда? Жарысты ұйымдастырушылардың біздің елді менсінбегені ме? Әлде, шын мәнінде олардың «қоржынында» Бораттың әуені біздің ұлттық Әнұран ретінде сақталып тұрғаны ма? Бұл жерде Қазақстан Рес­публикасы Спорт және дене шынықтыру жөніндегі агенттіктің де кінәсі барын айтқымыз келеді. Агенттік тарапынан қадағалау, бақылау болмағандығы айқын көрініп тұр. Спорттық дода шет елде өтіп жатқаннан кейін еліміздің Сыртқы істер министр­лігі де мұндай шараларды, ондағы талаптарды назарда ұстап жүруі тиіс еді. Өкінішке қарай, олай болмай шықты. Былтырғы жылы Парижде белгілі спортшымыз Зульфия Чиншанлоның құрметіне Әнұранның ескі нұсқасы орындалып, жерге қарағанымыз бар. Әнұранға байланысты келеңсіз­діктердің орын алуы жалғыз бұл емес. Өз жерімізде де осы тақылеттес жағдайлар кездесті. Қостанай қала­сында Әнұранымыздың орнына Рикки Мартиннің әні шырқалып, масқара болғанымыз бар. Тек Әнұран ғана емес, басқа да мемлекеттік нышандарымыз – Елтаңбамыз бен Туымызға қатысты да өрескел кемшіліктер орын алып жатады. Елтаңбаны кез келген жерге орналастыра салатынымыз бар. Кейде қала көшелерінен оңған, тозған Туларымызды көргенде соған жауап­ты адамдардың енжарлығына қынжыласыз. Осындай көңілге қаяу түсірер көріністердің орын алуы ешқандай да кешірімсіз. Біз елдік белгілерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, олардың өмірімізде заң талаптарына сай көрініс табуына қатты көңіл бөлуіміз қажет. Себебі, мемлекеттік нышандар – елдің абыройы, ар-намысы. Намысымызды таптатпайық, ағайын. Дәуіржан Төлебаев

2731 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы