• Ақпарат
  • 05 Сәуір, 2012

Қазақ қайтсе көбейеді?

1-1-15

«Балалы үй – базар». Кез келген отбасының қызығы да, шыжығы да – бала. «Бала – өміріңнің жалғасы, өзеніңнің арнасы» деп жатамыз. Қазіргі таңда еліміздегі бала туу көрсеткіші осы сөзімізге жауап бере ала ма? Халқымыздың демографиялық өсімі қай деңгейде екен? Бұл жайында айтылып та, жазылып та жүр. Бала тууды арттыру арқылы халқымыздың санын 2030 жылға дейін 20 миллионға жеткіземіз деп алдымызға меже қойдық. Бүгінде демографиялық ах­уалды жақсарту, бала туу көрсеткішін арттыру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Ал дүйсенбі күні Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың Қазақстандағы халық саны 2020 жылға қарай 18,7 млн. адамды құрайтыны болжанып отырғанын мәлімдеуі, біздің көңілімізге сәл де болса қуаныш ұялатты. Бірақ күмән де жоқ емес. Статистика агенттігі төра­ғасының айтуынша, соңғы 20 жылда еліміздегі ха­лық санында үлкен оң өзгерістер байқа­ла­ды екен. Үкіметтің тууды ынталан­ды­ру, өлім-жітімді төмендету, миграциялық тасқынды реттеу, оның ішінде шет елден келген қандастарымызға арнал­ған жыл сайынғы квота санын арт­тыру секілді бірқатар маңызды шаралар­ды қамтуы нәтижесінде ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша халық саны 16 млн. 675 мың адамды құраған. Бұл – 2000 жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,6 пайыз немесе 1 млн. 773 мың адамға артық көрсеткіш. Мұн­дай мәліметті біздің статистеріміз жыл сайынғы халық санының өсімін шамамен 200 мың адамға есептеп келті­ріп отыр. Бұйырса, болжам бо­йынша 2020 жылға таман халқымыздың саны 18,7 млн. адамды құрайтын болады. Әрине, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарымен салыстырғанда жағдай біршама жақсарды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, халықтың санын арттыру үшін әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылардың мөлшерін көбейткенмен, жас отбасылардың көпбалалы болуға құлшынып отыр­ғандары шамалы. Мынадай аумалы-төкпелі заманда бір-екі баланы өсі­ріп, жа­нымызды бақсақ та жетер дейтін­дер аз емес. Расында 2020 жылға таман жиыр­ма миллионға жетеміз бе? Бұл орай­да, халқымыздың санын көбейту­дің жолын іздегеніміз жөн секілді. Мұнан кейін, еліміздің мемле­кеттік статистикасының дамуы, 2011 жылдың қорытындылары және 2012 жылғы жоспарлары туралы депутаттар алдында баяндама жасаған Әлихан Асханұлының біраз уақыт терлеп-тепшуіне тура келді. Өйткені оның келтірген басқа деректеріне байланысты депутаттар күмәнмен қарайтындарын жасырмады. Мәселен аудан мен ауыл деңгейіндегі жұмыссыздармен өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың саны қаншалықты екенін білгісі келген депутат Гүлмира Исимбаева статистикалық мәліметтерден өзінің іздегенін таба алмағанына налыды. Ол статистика мамандарында аудан, ауыл көлемінде жұмыссыздар санын анықтаудың әдіснамасы жоқ екенін, бұл облыстар деңгейінде ғана жүргізілетінін әріптестеріне құлаққағыс етті. Депутат сауалына Статистика агенттігінің төрағасы да тұшымды жауап бере алмады, тек, «біздің зерттеуіміз 21 мың шаруашылықты ғана қамтиды. Бұл – барлық шаруашылықтың 0,3 пайызы ғана. Ал аудан мен ауылдарды қамту үшін 210 мың шаруашылық қамтылуы қажет. Ендеше, бұған қаражат та, штат та керек. Әдістеме бар, мәлімет жоқ» деп қана шектелді. Ал, халық қалаулысы Майра Айсинаның еліміздегі кедейлік деңгейінің ахуалы жөніндегі сауалына, еліміздегі кедейлік 2001 жылмен салыстырғанда 2 есе, ал 2006 жылмен салыс¬тыр¬ғанда 3 есе төмендегенін атады. Әйтсе де ауылдағы кедейлер саны қалаға қарағанда 3 есе көп болса, аймақтар арасындағы кедейшілік көрсеткіші бойынша 5 еселік айырмашылық бар екен. «Дегенмен жалпы алғанда кедейлікке қарсы оң өзгерістер байқалуда. Мысалы, Қазақстандағы халықтың арасындағы ең бай және ең кедей адамдардың арасындағы табыс айырмашылықтары соңғы 10 жылда 1,5 есеге төмендеді. Осының өзі жұртшылықтың жағдайының жақсарғанын көрсетеді», – дейді Ә.Смайылов. Төрағаның айтуынша, Қазақстандағы кедейлер көрсеткіші 6,5 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Беларуста 5,2, Ресейде 12,6 пайыз. Алайда, әр елде өзінің мемлекеттік кедейлік шегі әрқалай. Мысалы, Қазақстанда бұл шек 13487 теңгені құрайды. Ал ресейде бұл 2 есе жоғары - 27587 теңге болса, Қырғызстанда 1314 теңге екен. Статагенттік төрағасы өзінің келтірген мәліметтеріне қаншалықты сенетінін кім білсін, десе де еліміздегі кедейшілік төмендеді деген бекер сөз. Егер ол айтқандай халықтың жағдайы жақсарса, жұмыссыздықа шектеу баяғыда қойылған болар еді. Депутат Мұхтар Тінікеев болса тіптен шалт кетті. «Мен гидрометцентр секілді статистикаға да сенбеймін. Сіздің мәліметіңіз барлық мембағдарлама үшін база. Мәселен, шахтеррегресниктерді алайық. Олардың ең төменгі жалақысы 200 мың. Мұндай көрсеткішті мүгедектерге әлеуметтік төлемдерді әдейі төмен төлеу үшін көрсетілген деп білемін. Сонда бізге мұндай статистиканың қажеті қанша? Статмәліметтің барлығы шындыққа сәйкесе бермейді. Сіздің жауаптарыңыз нақты өмірден алшақ», деп кесіп айтты. Атақты ойшыл, ХІХ ғасырдағы неміс әдебиетінің кемеңгері Иоганн Гете статистиканың айтарлықтай рөлі туралы «Цифрлар әлемді басқарады дейді. Жоқ, олар әлемнің қалай басқарылып жатқанын ғана көрсетеді» деген екен. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтің сөзімен түйіндесек, ресми статистика ең алдымен, ел экономикасының әлеуметтік-экономикалық үрдістерінің объективті және нақты бейнесі бола білуге, сондай-ақ жүргізіліп жатқан статистикалық деректерге қоғам сенімінің деңгейін арттыруға тиіс. Дәйектілік, сапа және сенімділік – міне, статистикада қамтылуға тиіс негізгі талаптар. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

3790 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы