• Ақпарат
  • 12 Сәуір, 2012

Қарағандыда үй құлады... Бұл құрылыс сапасына салғырттықтан болып отыр

6 сәуір күні таңертеңгі сағат 10 мөлшерінде Қарағанды қаласындағы «Бесоба» деп аталатын тұрғын үй кешеніндегі жаңадан пайдалануға берілген бес қабатты №7 үй құлап, үйіндіге айналғанын БАҚ жарыса хабарлады. Бес қабатты 124 пәтерлік зәулім үйдегі пәтерлердің 80 пайызына адамдар қоныстанып үлгеріпті. Бұл үйдегі 35 пәтерді жергілікті үкімет сатып алып, үй кезегінде тұрғандарға беріпті. Қалғанына үлескерлер, яғни үй салмай тұрып алдын-ала ақшасын төлегендер ие болған. Үйдің құлағалы тұрғаны айқын білін­ген кезде тұрғындар жедел сыртқа шы­ғарылып үлгергендіктен, кісі өлімі болған жоқ. Тұрғындардың құжаттарын, жеңіл-желпі бағалы заттарын алып шы­ғуға ғана мұршасы болыпты. Егер үй аяқ ас­тынан қас-қағым сәтте құлап кетсе не болар еді? Жүзге жуық отбасындағы 500-600 адам үйінді астында қалып қаза табар еді. Үй құрылысын жүргізгендер осындай қауіп-қатердің болатынын білмеді ме? Әрине, білді. Үй салынып біткен соң оны қабылдап алған комиссия осындай қауіпті аңғара алмады ма? Жоқ, ол мүмкін емес. Үйдің неден, қалай салын­ғанын мұқият зерделесе, оның кем­шілігін ма­мандар таба алатыны сөзсіз. Демек, құ­рылысқа комиссия мүшелері де немқұрайлы қарағаны анық. Тіпті, үй құрылысын салып жатқан жұмысшылар да оның талапқа сай болмаған тұстарын байқауға өрелері жетсе де, жұмыстарын үнсіз жүргізіп, еңбекақысын алып кете барған деуге болады. Бір сөзбен айтқан­да, мұндай олқылықтың соңы қасіретке ұрындыратынын жұмысшыдан бас­тап үлескердің ақшасын жинап алып, құры­лысқа қажет материалдармен толық жаб­дықтамай, қаржының қомақты бөлігін қалтасына басып қашып кеткен алаяқ «Сер­виспромснаб» ЖШС басшысы Андрей Маляновқа дейін білгені күмәнсіз. Ал осы адамның алаяқ екені жөнінде БАҚ оның қылмыстарын енді ғана жарыса жазып жатыр. Нақты айтқанда, А.Малянов 2011 жылы ірі көлемде алаяқтық жаса­ған деген күдікпен Қаржы полициясы оның үстінен қылмыстық іс қозғапты. Еліміздің қалаларында жаңадан са­лы­нып жатқан көп қабатты зәулім үйлердің қаншасы Қарағандыда құла­ған үй сияқты ақаулы екенін ешкім де дөп басып айта алмаса керек. Әсіресе, зілзала қаупі күшті Алматы, Шымкент, Тараз секілді ірі қалаларда қаптап салынып жатқан көп қабатты заңғар үйлердің мықты екеніне кепілдік бар ма? А.Малянов секілді үлескерлердің ақ­ша­­­сын қалтаға басып немесе берген қаржыға сәй­кес үй салып бермей қашып жүрген алаяқ­тар қаншама?! Соңғы кездері еңбекақысын ала алмай жүрген құрылысшылардың жергілікті әкімдіктер ғимараттарының алдына жиналып, берген ақшаларын қайтарып алуды талап етіп немесе уәделі мерзімде үй салынбағанын айтып ашу-ызаға булыққан үлескерлерді жиі байқап жүрміз. Сондай-ақ, жұмысшылардан бастап шенеуніктерге дейін мұндай алаяқ­тардың қылмысын әшкерелеуде дәрмен­сіз болуы құбылысқа айналғанын әркім-ақ ашына айтады. Мұның бәрін естіп, көріп, біле тұра тиісті орындардың, әсіресе, үкіметтегілер­дің келеңсіздіктің жолын кесудің амалын іздестірмеуі қалай? Мәселен, үлескерлер ақшасын алаяқтарға бермей, жергілікті үкімет органдары жинап алып үй салып берсе, мұндай келеңсіздік асқынбас еді. Сондай-ақ, кеңес кезіндегідей құры­лысты пайдалануға қабылдап алатын мемлекеттік комиссия құру қиын ба?! Жұртшылық құрылыс жұмысы бас­тан-аяқ мем­лекет жауапкершілігінде, бақылауын­да болуы жөнінде ұсыныс айтумен келеді. Өкініш­тісі сол, мұны естір құлақ жоқ секілді. Енді Қарағандыдағы үй апатынан кейін үкімет органдары да, Парламент те ойланатын болар. Қуанбек Боқаев

2978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №46

13 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы