• Әдебиет
  • 23 Наурыз, 2009

Тұлпардың тұяғынан

ТулпарЕртеде Түркістан өңірінде Ақжан, Көбей деген ағайынды аталарымыз өмір сүріпті. Өткен ғасырдың елуінші жылдары біздің бала кезімізде сол Көбей атамыздың кіші баласы Дағмырзаның тоқсанға жақындап, екі көзін бірдей шел басып, көрмей қалған кезі еді. Шамагүл әжеміз атамыздың жағдайын жасап бәйек болып жүретін. Біз сол кісілердің айналасында ойнайтынбыз. «Әй, Шамажан (Шамагүл дегені), маған бидай қуырып берші, тісім қышып отыр», – дейтін. Әжеміз қуырып әкелген ыстық бидайды рахаттанып, қытырлатып жеп отыратын. Тістері түгел еді. Бірде үлкен баласы Бейсен жұмыстан атпен келіп, бастырманың астында отырған әкесінің алдынан өтіп, атын байлап, сәлем береді. Сәлемін алып болғаннан кейін атамыз «балам, мына мініп жүргенің есек сияқты шобыр ат қой» –депті. Енді бірде астындағы асыл тұқымды айғырмен жұмыстан келіп әкесінің алдынан және өтеді. Сәлемнен кейін таспиқ тартып отырған әкесі: «Балам, мына мініп келген атың аяғын мақтана басып келді ғой, тегі жүйрік болар», – дейді. «Япырай, бұл кісінің көзі көрмейді, қалайша аттарға осындай сын тағып отырады», – деп айналасындағылар таңғалады екен. Ол кісі айтады екен: «Жақсы ат пен жақсы әйел салмағын жерге салмай жүреді», – деп. Бұл жерде «жақсы» деген сөздің ішінде сұлулық та, әдептілік те, сұңқарлық та, тұлпарлық та, ақылдылық та түгелдей сыйып жатқан сияқты. Отызыншы жылдары ашаршылық кезінде бір топ ағайын үдере көшіп Өзбекстанға барып паналайды. Сол қиын-қыстауды басынан өткізіп жатқан ағайындар «Ел тойынып па екен, егіннің өсімі қалай екен, жағдайды біліп кел» деп жыл сайын елге «елші» жіберіп, жағдайды біліп отырған. Мақсат – жағдай жақсарса елге қайту болған ғой. Кезек Дағмырза атамызға келсе керек. Атамыз «ақбоз» бәйге атымен жолға шығып, күн бата «Қауыншы» деген жерге келсе, өзбек ағайындарда той болып, көкпар тартып жатады. Көптің арасына кіріп, жағдайды байқап, әрі-бері ойланып (бөтен елде қолға түсіп қалса, қауіпті ғой), тәуекел деп көкпарды алып қашуға бел байлайды. Осы кезде додадан суырылып бір шабандоз көкпарды тақымға басып шыға келеді. Реті келгені осы болар, нар тәуекел деп қатарласа кеп көкпарды ұстап, екі жұлқығанда көкпар алып келе жатқан кісі аты-матымен омақаса құлайды да, көкпарды Дағмырза атамыз алып кете барады. Көкпар ауыр, байқаса, бұзау екен. Бабында келе жатқан жараулы ақбоз әне-міне дегенше, Қаратау қайдасың деп, қарасын ұзатып кете барады. Алды түн. Өзбектер: «көкпарды қазақ алып кетті», – деп шуласып, қуғыншылар біраз жерге шапқылап, жете алмасына көздері жетіп, көкпардан күдер үзіп қала береді. Ал Дағмырза атамыз көкпарды елге әкеліп беріпті... Өскенбай Құлатайұлы

2903 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы