• Ақпарат
  • 19 Сәуір, 2012

«Бір тал кессең, он тал ек...»

Иә, әрбір ағаш қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесін саялап, кәдесіне жаратса, осының өзі үлкен сауапты іс. Ағаштың экологиялық мәселені, ғаламдық жылынуды реттеуде және топырақты бекітуде де маңызы зор екендігі баршамызға аян. Тұрмыста қолданылатын қызметі өз алдына бір бөлек әңгіме. Биыл Алматы қаласында 28000 түп ағаш отырғызу жоспарланған еді. Мәсе­лен, таяудағы ағаш отырғызу акциясына Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Асанәлі Әшімов, Әлібек Діні­шев, Ескендір Хасанғалиев, Сара Тынышты­ғұлова, Нина Жмеренецкая, Владимир Толоконников, Жәния Әубәкірова, Нұржамал Үсенбаева, Лаки Кесоғлы, Роза Рымбаева, Гүлвира Разиева, Меруерт Өтекешева мен өзге де өнер жұлдыздары және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты. Бұл күні мектептердің айналасына, үйлер­дің аулалары мен магистральді көшелердің жиектеріне барлығы 2 мыңнан астам жаңа ағаш отырғызылды. Былтыр тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, «Әр ауылдық округте 20 мың ағаш» атты үндеу аясында Алматы облысы, Басши ауылында 20 гектар жерге ағаш егіліп, бақ жасалған болатын. Биыл сол игі істің жал­ғасы ретінде, дәл осы елді мекенде тағы да 10 гектар жерге «Батыр ана» бағын жасау жоспарланып отыр. Бақтың ішіне шырша, қайың, балқарағай, самырсын, емен сынды 6000 түп ағаш егілмек. Мұнымен қоса, саябақты көркейтіп, көгалдандыру жұмыстарына аталған ауыл тұрғындары тартылатын болады. «Батыр ана» бағы 10 гектар жерді қамтиды. Осы аймақта ағаштар егу жұмыстары басталып та кетті. «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі және ауыл тұрғындарының қолдауымен 3 мыңнан аса алуан түрлі ағаш пен 3 мың қылқан жапырақты ағаш бұталарын егу жоспарланып қойылды. Ағаштарды егу жұмыстары біткеннен кейін тұрғындардың демалуына арналған орындықтар қойылады. Саябақты жасаудан өзге бақтың кіре берісіне «Батыр аналарды» құрметтеу, тағзым ету мақсатында қазіргі күні өмірде бар батыр аналардың, ал сол жағына дүниеден өткен «Батыр аналардың» есімдерінің тізімдері тасқа жазылып қойылмақшы. Таяуда «Гүл­стан» үкіметтік емес ұйымы Алматы облы­сының әкімшілігімен бірлесіп, осы Басши ауылдық округін жасыл желекке бөледі. Оған қоса, Басши ауылындағы орта мектеп ауласы 150 түрлі өсімдікпен көмкерілді. Осы тәжірибені насихаттау мақсатында аталған ауылда «Туған табиғатты аялайық!» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мектеп ауласындағы 3 жарым гектар жерге 150-ге жуық ағаш пен бұта, гүл түрлері егілді. Елімізді гүлдендіруге бағытталған ағаш отырғызу бастамасы басқа өңірлерде де жалғасын тапса құба-құп. Ең бастысы, табиғатты аялау – әрқайсымыздың төл ісі­міз екенін ұғынсақ қой. Жерге шаншылған әрбір шыбықты жүйелі түрде баптап күту керектігін кез келген адам сезінсе деген тілегіміз бар. Құлазыған қу даланы нуға айналдыру ісі өзге өңірлерде қолға алынатыны туралы ақжолтай хабарды естіп қуанған кезімізде мына бір жайт еріксіз ойға оралды. Алматы облысындай ғана жерді алып жат­қан Ұлыбританияда қазір 6000-дай бақ бар екен. Ал Ұлыбритания елі төрт елдің, яғни Англия, Шотландия, Уэльс, Солтүстік Ирландия елдерінің қосындысынан тұра­тыныны әрі жерінің біразын арал алып жатқаны белгілі. 65 миллионға жуық халқы бола тұра жазық дала тауып, ағашты егуді жолға қойғанына таң қалмауға бола ма?! Сондықтан да жері шөл мен шөлейт аймағына айналып бара жатқан Қазақстан үшін тал-дарақтарымызды жайқалтудың маңызы зор. Бұл орайда «Жасыл ел» бағ­дар­ламасының жасайтын жұмыстары да ауқымды болатыны ақиқат. Қасиетті Құранның хадисінде «ақырзаман бола қалған күннің өзінде бір ағаш егіп үлгер» дейтін сөз бар екен. Ал, өсімдіктерді күтіп-бағатын баланың болашағынан да көп үміт күтуге болады. Өйткені, ел ертеңінің жарқын боларына сенетін ұрпақ қана әрдайым өнегелі істі жалғастыра алады. Нұрлан ҚҰМАР

21969 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы