• Мәдениет
  • 23 Наурыз, 2009

Қалыңдық ойнар кәделер

СалтҚыздың қалың малы төленіп, ата-енесінің риза батасын алған соң күйеу қалыңдығымен танысып, жақын барып, еркін күліп ойнауға есік көргелі келеді. Сонда да күйеу қыз жеңгелерінен көмек алып, оларға кәде өтеуге тиіс. «Кәде» сөзі еңбек деген мағына береді. «Мынаны кәдеңе жарат» деп бірдеме беріп жататыны сол. Күйеу қалыңдығына жақындау, бірге болу үшін жеңгелеріне кәдеақы береді. Кәдеақыға жейде, көйлек, айна, тарақ, теңге, тағы сондайлар жатады. Қалыңдыққа бөлек үй тігіледі, не отау үйдің бірін оңаша дайындайды. Ол үйге бөлек төсек салынып, шымылдық құрады. Түнде қалыңдықты алып келіп соған жатқызады. Қалыңдық ойнауға келген жігіт ойын және сый кәдесі деп екі түрлі кәде алып келуге тиіс. Ойын кәдесі Қалыңдық ойнағалы келген жігіт сол күнгі кешкі барлық ойын- сауықтың ойын кәдесіне бір ат әкеледі. Оны жігіттер көкпар ойынын ойнап, қай жеңгені алады да, жастарға кештік ұйымдастырады. Кештік ән-күй, ойын-сауықпен өтеді. Оны ұйымдастырғандарға күйеу, күйеу жолдас ризашылығын айтып, ойын кәдесін береді. Сыйкәде Кештік тарап біткен соң, күйеу бала бөлек үйде жатқан қалыңдығына келеді. Солай беттеген кезде қыздың бір жеңгесі: – Ал, күйеу, төсектеріңді салған мен едім, кәдемді бермесең олай жібермеймін, – дейді. Оған сыйкәде ұсынады. Отауға таяғанда тағы бір жеңгесі не балдызы: – Күйеу ауылдың иті қабаған, иттен қорып тұрмын, ит ырылдатар? – дейді. Оған да кәде береді. Енді бір жеңгесі тағы алдынан шығып: – Күйеу, асықпа, бақан аттап кеттің, айып кәде бер – дейді. Оған да ұсынады. Есіктің алдында қыздың ең жақын сырлас екі жеңгесі тұрады. Күйеуге есік ашып, ішке кіргізеді. Екі жеңгесі екі қолынан ұстап, бірі қыздың шашынан сипатады. Екіншісі қыздың оң қолынан ұстатады да: – Енді мәңгілік жарастық табыңдар, – дейді. Күйеу бұларға да сыйкәдесін береді. Таңертең бір жеңгесі ерте келіп, олардың жатқан үйінің түндігін ашып, тұрғызады. Қыз күйеуіне адал қосылғандығының куәсін алып шығып жеңгесіне көрсетеді. Жеңгесі оны жігіт анасына естіртіп, «пәк екен» дейді. Ол әйел жігіт анасынан сый алады. Күйеу жігіт те сол жеңгесіне пәк түн кәдесі деп береді. Егер қыз пәктігінен айырылған жағдайда күйеу қалыңдығын «талақ» етуге, құдалықты бұзуға ерікті. Бұдан дау, талас туып, екі жақтың ренішін туғызатын жайттар да кездеседі. Саян Қажыбайұлы, «Қазақ болсаң – керей бол» кітабынан Моңғолия

4420 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы