• Мәдениет
  • 23 Наурыз, 2009

Жүннен доп жасайтын едік

1949 жылы бірінші сыныпқа бардым. Ес жиғалы бес-алты жыл, 55-жылдарға дейін Наурыз мейрамын тойлағанымыз бар, сосын тоқтап қалды. Заман қиын еді ғой. Неге екені белгісіз, қыс та ұзақ болушы еді. Көктемді күтеміз. Соғыстан қайтпаған көкемізді күтеміз. Тіпті 60-70-жылдарға дейін әкелерін күтіп жүрген ұрпақ болды. Әйелдер жағы бал аштырады. Әрі соған сенетін. «Шеше-ау, кеше күні-түні күттік, келмеді ғой» деп ертесіне бал ашқан үйге кіріп шығатын. «Бал айтты ғой, кешігіп жатқан шығар» деп жұбататын бір-бірін. Наурыз айттан да, Жаңа жылдан да, бәрінен де ең қызықты мереке еді. Күн мен түннің теңелетін кезі. Табиғаттың жаңаратын кезі. Ағаштардың бүршік жаратын кезі. Ауада қуаныштың, үміттің лебі бар. Көктем ылғи да бір жаңалық әкелетіндей көрінетін. Қар кетеді. Күн жылиды. Қыстыгүнгі үстіміздегі жабы киімдер тасталады, қомыт-қомыт, жыртық-жыртық ескі етіктерден құтыламыз. Жалаңаяқ балалық шақ басталады. Уыздың қуанышы. Алғашқы ақтың қуанышы. Балалық шақтың ерекшелігі сол, қандай қиындық болса да баланың аты бала ғой. Жалаңаяқ жүрсең де, аш жүрсең де шын күлетін, шын қуанатын кез. Аналарымыз да, әжелеріміз де киімдерін жаңартады, үйді әктейді, алаша, киіздерді қағып-сілкіп, кішкентай тамдарын қолдарынан келгенше жаңғыртады. Наурызда бәрі сұлу болып кететін. Қызыл орамал тартып, қыздар бөлек жүретін. Бір топ қыз-келіншектер кетіп бара жатқанда, ақ жаулықтыларды көрсек, жеңгелері деп топшылайтынбыз. Жігіттер қыздармен тілдесу үшін, жеңгелерімен сөйлесетін. Көктем бозбалаларға осындай қуаныштар әкелетін. Балаларға алаңсыз шақ сыйлайтын. Наурыз – тоқшылықтың тойы. Ол күні ел тапқан-таянғанын қырдың басына шығарып, ортаға салатын. Аулымыздан қара жол өтеді. Сол жолмен арбакештер, салт аттылар бәрі қырға жиналады. «Мәшине» сирек, бастықтардың өзі ат мінетін. Үлкендер жайғасып отырып, әңгіме-дүкен құрады. Біздер тамаққа тойып алып, ойынға шығамыз. Қазіргі хоккейге ұқсас «Қызымай», «Қойшының ойыны», «Шілдік», «Мыңатар» сынды ойынның неше түрі бар. Сиырлардың да қысқы жүні түсетін уақыт. Уысымызды толтырып-толтырып жүн алып, одан доп жасаймыз. Бірақ жаңбырға тисе, зілдей болып қалады да, аяғымызды ауыртатын. Арба, шана, «кәнки» дейсіз бе, бәрін де қолдан жасаймыз. Сонысымен қызық еді ғой. Арыстың жағасында өстім. Басқа өңірлерге қарағанда, көктем ертерек келеді. Есік алдынан Наурызторғайды көргенде, бәріміз қуанып қаламыз. Көкторғай, наурызекті біздің жақта наурызторғай дейді. Кейде қар кетпей жатып, ерте келіп қояды. Көкпеңбек, аяғы шіп-шидей. «Ау, көктемді аңсап келіп еді, енді қалай күн көреді екен?» деп аяйтынбыз. Өзіміз жалаңаяқ тоңып жүріп, торғайға жанымыз ашиды-ау. Алашаны қағып-қағып жерге жайып жібереміз де, отыра қаламыз. Ертегі айтамыз. Дала да біздікі, жер де біздікі, күн де біздікі. Құдды аспан астында біз ғана бармыз. Бәріміз көктемді күтіп жүргенде, 53-жылдың 5 наурызында Сталиннің дүниеден қайтқаны есімде. Наурыз сол жылы нашар өтті, ақырындап тойлануы да сиреп кетті ғой.

Дулат Исабеков

2846 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы