• Тарих
  • 03 Мамыр, 2012

Шарын шатқалы табиғаттың таңғажайып сыйы

Аралай берсең қазақтың байтақ даласын, Таңғажайып табиғатынан зор ләззат аласың. Көргенде алғаш Шарынның шимай шатқалын, Басқа ғаламшарда жүргендей боп қаласың! Мұнда ерекше таңның да тарғыл атқаны, Тіпті, өзгеше күннің де айқыш батқаны. Ежелден «Қызғылт қамалдар» атанған, Ғажап өлке – Шарынның алуан түсті шатқалы. Зор мән берсе табиғатқа адам баласы, Арта түсер еді ақыл-ой мен санасы. Шатқалында Шарынның ғана өседі Көненің көзіндей боп ерен ағашы, – деп өзіміз жыр еткен Шарын шат­қалының тарихы бұдан 300 млн. жыл бұрынғы геологиялық замандардан сыр шертеді. Мұнда көне замандардан сақталған саналуан пішінді түрлі-түсті жартасты «қамалдарды» көз алдыңызға әкеліп қойғандай көрікті көріністерді елестетеді. Дүниежүзінде дәл сондай көріністерді тек Солтүстік Американың Колорадо штатындағы «Үлкен шатқал» алқабынан ғана кездестіруге болады. Жер бедерінің мұндай көрініске ұшырауы бұдан 12 млн. жыл бұрынғы жел мен су эрозиясының және мұздану дәуіріндегі табиғи құбылыстардың әсер ету ықпалынан пайда болғанды­ғы байқалады. Шарын шатқалы Алматы қа­ласынан 193 шақырым қашық­тықтағы Алматы облысының Еңбек­шіқазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарының аумағындағы Шарын өзенінің аңғарын бойлай оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 154 шақырымдық алқапқа созылады. Шарын шатқалындағы сан­алуан бедерлі көріністерді жергілікті тұрғындар ерте кездерде «Шайтан қала», кейіннен «Қызғылт қамалдар аңғары» деп атаған. Ондағы әр түрлі мүсін пішінді жеке жартастар «Сфинкс», «Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Тас қапшық», т.б. аталады. Шатқалдағы түрлі пішіндегі «жартасты қамалдардың» өзен арнасынан биіктігі 150-300 метрге жетеді, ал өзен аңғарының ені 20-80 метрдей болып келеді. Шарын өзені Теріскей және Күнгей Алатауларынан басталып, Іле өзеніне құяды, оның ұзындығы 427 шақырым. Шарын шатқалындағы өзен аңғарында геологиялық замандардан сақталған реликті ерен ағашы шағын тоғай болып өседі. Бұл ерен тоғайы Орта Азия мен Қазақстан аумағында ғана сақталған өте құнды бірден-бір табиғат ескерткіші болғандықтан, 1964 жылы 19 наурызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №447-Р арнайы қаулысымен республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші деп жарияланады. Ертедегі геологиялық замандар­дан бері өсіп келе жатқан ерен ағашы­ның тоғайы қазіргі кезде дүниежүзінің екі аймағында ғана сақталған. Оның бірі Шарын өзенінің аңғарында болса, ал екіншісі Солтүстік Американың Невада штатындағы «Гранд» шат­қалында ғана өсетіні белгілі. Ерен ағашының қазақша атауы туралы бір-біріне сәйкес келмейтін пікірлер бар. Қазіргі кезде жарық көрген сөздіктер мен кейбір мақалаларда ерен ағашын көбіне «шаған», кейде «шетен», «шеген», тіпті, «шынар» деп те атайды. Мұның бәрі де шындыққа сәйкес келмейді. «Ерен» бұл өңірде өсетін орысша «ясень» ағашының қазақша ежелгі атауы екендігін қаламы қарымды, әрі табиғат жайлы өте құнды мақалалар мен кітаптар жазып жүрген осы өңірдің тумасы, көрнекті журналист Жанболат Әлиханұлы (Аупбаев) бірнеше рет баспа беттерінде ерен ағашы атауының бұрмаланып, басқаша жазылып жүргендігі туралы ашына отырып, биолог-ғалымдарға ескерту жасағаны да белгілі: «...Онда (Шарын шатқалында Р.С.) темір сияқты өте қатты, ыстық температураға шыдамды ағаш өседі. Оны биолог-ғалымдар Шарындағы шетен (ясень) тоғайы деп жүр. Біздіңше, бұл – дұрыс емес, қате атау. Себебі, шетен ағаштардың ішіндегі ең жасығы. Оның әлсіздігі сондай, егер қазық жасап жерге қақсаңыз, жартысынан морт кететін ол, соққы тиген сайын бой-бой болып сөгіліп, шытынап кетеді. Бала күнімізде Сарытоғайдан әкелген жоғарыдағы темір ағашты аталарымыз бен әкелеріміз: «Бұл – ерен ағашы (сызған біз Р.С.). Оны өзен көпірінің астындағы тіреуішке қой­саң шірімейді, үйдің төбесін жабарда белағашқа пайдалансаң сынбайды», – деп отыратын. Амал не, халық арасында «ерен» деген атқа ие болған оны бүгіндері біз «шетен» деп шатасып жүрміз...». Журналист бауырымыз­дың бұл жазған ескертпелері нағыз ақиқатты айғақтай түскендігіне ешбір күмән келтіруге болмайды. Жергілікті тұрғындардың да және қазіргі кезде Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының да қызметкерлерінің баспа беттерінде «ясень» ағашының қазақша атауын «ерен» ағашы деп жазып жүргендігі әрі құптарлық, әрі қуанарлық шындықты мойындай білу деп айтуға болады. Шарын шатқалындағы ерен тоғайы өскен алқап 5 014 гектар (кейбір деректерде 4 855 га) аумақты қамтиды. Ерен тоғайы Шарын өзенінің аңғарында теңіз деңгейінен 650-750 метр биіктіктегі алқапта өседі. Ерен ағашы өсімдіктердің зәй­түндер тұқымдасына жатады. Оны ғылыми тілде «соғды ерені» (Fraxinus sogdiana) деп атайды. Ол ылғал сүйгіш ағаш болғандықтан, өзен аңғарын бойлай өседі. Ағаштың діңі темір сияқты өте қатты әрі салмақты болғандықтан, суға батып кетеді. Оны балтамен ұзыннан шауып сындыру мүмкін емес, тек көлденеңінен аралап кесуге болады. Діңі тік өсіп, биіктігі 20-25 метрге дейін жетеді. Тамырлары жердің беткі тұзды қабатынан өтіп 4-5 жылда 1,5 метр тереңдікке дейін тарайды. Шарын шатқалындағы ерен аға­шы «Сарытоғай» деп аталатын алқап­та шоғырланып, тоғай болып өседі. Кайнозой заманының үштік кезеңінен бері өсіп келе жатқан көненің көзіндей жалпақ жапырақты ерен ағашы Балқаш-Алакөл су алабына жататын Іле, Жетісу Алатауларындағы, Кетпентаудағы, Талас Алатауындағы (Дәубаба, Берікқара), Қаратаудағы және Орта Азияның Памир-Алтай, Копетдаг тауларындағы өзен аңғарларында жеке-дара әрі сирек өседі. Ерен ағашының жасыл желекті көрінісі алыстан бірден көзге түседі. Ол тұқымы арқылы көбейеді, әрі өте баяу өседі де, ұзындығы 2 метр биіктікке жеткеннен кейін өсуі жылдамдап, 30 жылда 5 метрге, 70 жылда 18 метрге, ал 300 жылда биіктігі 20-25 метрге жетеді. Ең ірі ерен ағашының діңіне 7 адамның құшағы әрең жетеді. Шарын шатқалындағы ерен ағашының азаюына, негізінен, өзендегі су деңгейінің төмендеуі, мал жаю, өрт шалу және бейберекет қыр­қу жағдайлары әсер ететіні белгілі. Шарын шатқалының тарихи ландшафтылық, геоморфологиялық, эстетикалық, экологиялық құнды­лықтары мен ондағы биологиялық алуан түрлілікті сақтап қалу, қорғау және қалпына келтіру мақсатында бұл алқапта 2004 жылы 24-ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №213 арнайы қаулысымен Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы ұйымдастырылды. Оның жер көлемі алғашында 93 150 гектар алқапты қамтыса, ал 2010 жылы жер көлемі кеңей­тіліп, 127 050 гектар алқапқа жетті. Шарын ұлттық табиғи саябағы­ның аумағында өсімдіктердің 940 түрі өсетіні анықталған және оның 23 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына (1981) тіркелген. Шарын ұлттық табиғи саябағы­ның аумағында өсімдіктердің далалы, шөлді, бұталы, орманды, тоғайлы, шалғынды және батпақты топтарына жататын 70-тей табиғи бірлестіктері өседі. Мұнда эндемик және сирек кездесетін өсімдіктердің 60 түрі кездеседі. Көне замандардан өсіп келе жатқан түрлерге – тораңғы ағашын, Іле сасырын, зинаида шөлмасағын және михельсон кермегін атауға болады. Эндемик түрлерден – недз­вецкий кекіресі, сөгеті сасыры, жартас далазығыры өте сирек кездесетіндіктен, Қазақстанның Қызыл кітабына (1981) тіркелген. Шарын ұлттық табиғи саябағы­ның аумағы жануарлар дүниесіне де бай алқап саналады. Мұндағы омыртқасыздардың түр құрамы то­лық анықталмаған. Омыртқалы жануарлардан ұлт­тық табиғи саябағының аумағында балықтың – 10 түрі, қосмекенділердің – 4 түрі, жорғалаушылардың – 18 түрі, құстардың – 111 түрі және сүтқоректілердің – 32 түрі кездеседі. Балықтардан – Іле шармайы Қазақ­станның Қызыл кітабына (2010) тіркелген. Қосмекенділерден – қызылаяқ бақа мен певцов (Даната) құрбақасы өте сирек кездесетіндіктен, Қазақ­станның Қызыл кітабына (2010) тіркелген. Жорғалаушылардан – ұлттық табиғи саябақ аумағында кесірткенің – 10, жыланның – 8 түрі таралған. Олардан шұбар бат-бат кесіртке Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) тіркелген. Құстардың табиғи саябақ аума­ғында сирек кездесетін түрлеріне – қа­рақұс, жыланжегіш, сақалтай, қара дегелек, бидайық, үкі, ителгі, жұрт­шы, бүркіт, дуадақ, т.б. атауға болады. Сүтқоректі жануарлардан – Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) – қарақұйрық, ақтөс сусар, шұбар күзен, сабаншы, кәмшат тіркелген. Шарын ұлттық табиғи саябағы аумағынан геологиялық замандарда кеңінен таралған, кейіннен жойылып кеткен өсімдіктер мен жануарлардың (піл, мастодонт, мүйізтұмсық, стенон жылқысы, т.б.) қазба қалдықтарының танымдық маңызының зор екендігіне дәлел бола алады. Шарын ұлттық табиғи саябағын­да экологиялық туризмді дамытуға экологиялық білім мен тәрбие беруге және табиғатты қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлініп, көптеген игі­лікті шаралар қолға алынған. Сондықтан да қастерлі ұйық мекен, Тарих-сыр ақтарылған тұйықта екен. Шартарабын Шарынның жырға қосып, Мен де ақындық жүрекпен сүйіп кетем, – деп ақын жырға қосқандай, Шарынды бәріміз де мақтаныш етеміз, ол табиғаттың ғажап сыйы. Рысбай Сәтімбеков, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Гүлжан Бектұрғанова, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің ғылыми қызметкері

93621 рет

көрсетілді

17995

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы